Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз
Соңғы уақыттағы соны серпілісті іс-шаралар туған тіліміздің толғағын тоқыраудан алып шығатындай берік сенім ұялатуда. Соның бір үлкен айғағы халық талқысына “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жобасының ұсынылуы болып отыр. Жұртшылықты жүрекжарды ойларға жетелеп, көпшіліктің құптауына ие болып жатқан осынау сындарлы қадамды қуанышпен қарсы алғандардың бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің профессоры Ахмет МҰса десек, еш қателеспейміз. Себебі, бұл кісі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырумен, қазақ тілін жоғары оқу орнында оқытумен тәуелсіздік жылдарының өне бойында нақты айналысып келеді. Сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесін көтере түсуге аса мүдделі, тіл үшін табанды күрестің алғы шебінде, ыстығына күйіп, суығына тоңған, осы ретте мол тәжірибе жинақтаған білікті маманның ой-пікірлері, бұған дейінгі жұмысының тағылымдары бағдарламаны талқылау барысында да бағалы болар деп безбендедік.
– Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекеттік тіл туралы айтылып-жазылып жүрген пікірлерді жинақтасақ, талай томдардың шаңын қағар едік,– деп бастады әңгімесін Ахмет Оспанұлы. – Жиналыс, конференциялар да аз болған жоқ. Ал Парламент қарауына ұсынылар нақ осы бағдарлама біздіңше, кейінгі 20 жыл бойғы қазақ тілі, оның болашағы туралы тіл безеуді қойып, нақты іске кірісуге шақырады. Жобада жөн айтылған тұжырымдардың бірі Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың көзделуі дер едік. Аталмыш жүйе бойынша мемлекеттік тілді меңгеру мен оқытудың бірыңғай стандарттары әзірленіп, бекітілуі, сонан кейін олардың білім беру жүйесінің барлық деңгейіне – мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына енгізілетін болуы өте маңызды. Біз өз студенттерімізге қазақ тілін үйретуде жиырма жыл бойы осындай бірыңғай стандарттардың жоқ болуынан зардап шегіп келдік емес пе. Сондықтан да тіл үйрету, әсіресе, жоғары оқу орындарында орыс тілді отандастарымызға қазақ тілін оқыту-үйрету проблемаларын шешу жөнінде Тілдер заңы дүниеге келгеннен бері еңбектеніп жүргендердің қатарынан болғандықтан, бас газеттің үндеуіне үн қоспай отыра алмадық.
– Олай болса, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің өзіңіз көп жыл басқарған, бүгінде құрметті профессоры болып отырған “Қазақ және орыс тілдері” кафедрасының осы орайдағы іс-тәжірибесінен баян ете отырсаңыз.
– Өздеріңізге мәлім, 1986 жылғы желтоқсандағы жастар қозғалысынан кейін, 3 ай өтпей-ақ 1987 жылдың 5 наурызында бір күнде қатарынан екі қаулы шықты. Олар Министрлер Кабинетінің “Қазақ тілін үйрету-оқытуды жақсарту” және “Орыс тілін оқыту-үйретуді жақсарту” атты қаулылары еді. Осыдан бастап тілшілерге күн оңынан туып, олар 1921 жылғы “Тіл заңын” қайта тудыру мәселесін қоя бастады. Ақыры 1989 жылы ол “Тіл заңы” болып дүниеге келді. Оның төңірегінде талай айтыс-тартыстар болып жатты. Бірақ бір нәрсе анық еді. Ол қазақ тілін жандандырып, оны орыс тілді отандастарға, тіпті қазақтардың өздеріне оқыту-үйретудің уақыты туды, соны қолға алу керек деген тұжырым болатын.
Біздің кафедра, міне, осы дүрбелең толқынмен 1990 жылдың наурыз айында бүкіл Қазақстандағы жоғары мектептерден бұрын (әрине, филфактар емес) дүниеге келген болатын. Кафедра құрылды. Бірақ о баста біз неден бастарымызды білмей дал болдық. Өйткені, қазақ тілін жоғары мектептердің орыс тілді студенттеріне үйрету әдістемесі жоқ болып шықты. Оқулық атымен жоқ. Бағдарлама дегенді ел естімеген. Министрлікке бардық, басқа оқу орындарымен хабарластық, таппадық.
– Содан бұл тығырықтан қалай шықтыңыздар?
– Айналып келгенде, өзіміз ізденіп, өзіміз бағдарлама ойластыру керек болды. Сүйенгеніміз – шет тілін оқыту-үйрету, орыс тілін орыс еместерге үйрету әдістері. Өйткені, бұлар баяғыдан қалыптасқан, талай жылғы тарихы бар әдістемелер ғой. Сөйтіп, әлгі айтылған әдістерді арқау етіп, өзіміздің алғашқы бағдарламамызды жасадық. Біздің оқыту-үйрету нысандарымыз күндізгі және сырттай оқитын студенттер болған соң, олардың әрқайсысына бөлек-бөлек бағдарлама жасалды. Бірақ бұл кезде бүкіл Қазақстан бойынша тіл үйрету мәселесі үлкен дағдарысқа ұшырап, біздің алғашқы жасаған бағдарламамыз кемінде 20 рет өзгертілді. Тілдер заңы 1995 жылы қайта қабылданды. Ақтаңдақтар тарихта өз орындарын ала бастады. Нарықтық экономика және оған байланысты жаңа атаулар, терминдер пайда болды. Ол аз болса, біздің сол кезде академия аталған мекемеде тіл үйретуді неше жылға созуымыз керек дейтін мәселе туып, әуелі күндізгілерді екі жыл, тіпті 4 жыл оқытатын болдық. Бағдарламамызды жедел өзгертіп отырдық. 1999 жылы “Қазақ тілінің типтік бағдарламасын” жасап, онымыз бүкіл елдің оқу орындарына таралып, кәдеге асты. Білім министрлігі ондай бағдарламаны тек 2002 жылы ғана дүниеге әкелді. Кафедра жоғары оқу орындарының орыс бөлімшелерінде арналған алғашқы “Қазақ тілі” оқулықтарын, оқу құралдарын жариялады. Олар да бүкіл республикадағы оқу орындарына тарады. Әсіресе, экономика мамандарын даярлайтын институттарға, колледждер мен лицейлерге арналған оқулықтарымыз осы күнге дейін сұранысқа ие.
Осы жылдары кредиттік технология дейтін үрдіс пайда болып, ақыры осы технология бойынша, мемлекеттік стандартқа сай қазақ тілін оқыту-үйрету мерзімі бір жылға келіп тірелді. Ал сонда орыс тілді студенттерді бір жыл оқытып-үйреткендегі нәтижесін сұрасаңыздар, жағымды жауап бере алмасымыз хақ.
– Бұл далаға кеткен еңбек, құмға сіңген қаражат емес пе. Неге олай болды?
– Бұның себебі көп. Біріншіден, алғашқыда 3-4 жыл оқытып-үйреткенде әжептәуір нәтиже көрген болатынбыз. Ол жылдары бізде бітірген мамандар қазір үлкен-үлкен қызметтерде жүр.
Екіншіден, сонау 1998 жылдың 5 қазанында Елбасы Жарлығымен бекітіп берген “Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында” “Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін оқытуға арналған сағаттар санын көбейту...” делінсе (24-бап), қазіргі таңда бұған әр оқу орны әртүрлі қарайды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі 2002 жылы бекітіп берген “типтік бағдарламада” қазақ тіліне 270 сағат, яғни 6 кредит берілген. Бірақ министрлік 5 кредитті өздері беріп, қалғанын беру-бермеуді оқу орны басшылығының құзырына қалдырыпты. Осындай босаңдықтан кейбір жоғары оқу орындарында 270 сағатты 120 сағатқа дейін қысқартып, 6 кредитке “размазать” етіп жүр. Әдейі орысшалап отырмын. Қысқасы, “қой да түгел, қасқыр да тоқ”.
Үшіншіден, алғашқы жылдар студенттері мен қазіргілерді салыстыруға келмейді. Алғашқылардың мектептен алып келген білімдері молырақ, тіл үйренуге деген құштарлықтары артығырақ болатын. Қазіргі студенттердің психологиясы мүлде басқа: оқыдым-үйрендім-тапсырдым-құтылдым, міне, олардың қағидалары. Ендігі жерде бірінші курста 270 сағатпен бір жыл оқытқан күннің өзінде, қалған үш жылда олардың лексикасында қазақ тілінен үш сөз қалмайды. Олар баяғы өздерінің орыс тілді ортасына барады да, қазақ тілін ұмытады...
Сондықтан да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалған жаңа Тіл бағдарламасындағы “Жоғары оқу орындарында қазақ тілін пән ретінде оқытудың жүйесін жетілдіру. Осы мақсатта тиісті салалар бойынша және мамандықтарға қарай бейімделген тиімді оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құралдары, басқа да көмекші құралдарға деген қажеттіліктер толық өтелуі тиіс. Ең бастысы, ертеңгі мамандардың тіл үйренуі бос схоластикаға айналмай, жоғары оқу орнын бітірген әрбір жастың мемлекеттік тілді еркін біліп шығуына толық мүмкіндік туғызу” делінген тұжырымды қуана қолдадық.
– Ахмет Оспанұлы, осы істі тікелей атқарып жүрген маман ретінде айтыңызшы, бұл бағыттың толық орындалуына не қажет, нені ескерген жөн? Осы сауалға жауап іздеп көріңізші?
– Өткен 20 жылда жинаған табыс-тәжірибемізді ескере отырып, мынадай қорытындыға келдік. Орыс тілді студенттерді бір жыл қанша сағатпен болса да қазақ тіліне үйретіп-оқытқанның берер пайдасы шамалы. Сондықтан оларды төрт жыл бойы баптау қажет. Төртінші курста мемлекеттік емтиханда олардың білімін бағалаған абзал. Не болмаса соңғы 3-4 курстарда оқытып-үйретіп, бәрібір мемлекеттік емтиханмен аяқтау керек. Әрине, бұл жерде біздің пікірімізге қарсы шығатындар табылады. Олардың айтатыны – біз еуропалық оқу жүйесіне көштік. Онда тілді бірінші курста, бір-ақ жыл оқиды. Ол рас, Еуропа, Америка, т.б. елдерде тіл пәнін бір жыл оқитыны бар. Бірақ ол жақтарда өз тілін (ағылшын, француз, т.б.) мектепте оқып келген студент университеттерде оқымайды. Оқитындар – сырттан, шетелден баратындар. Оларды бір жыл бойы үйретіп, оқытып (басқа пәндермен бастарын ауыртпай), бірінші курсқа дейін баптап, барған елінің тілінде дәріс тыңдап, сөйлеуге, жазуға, тыңдауға дайындайды. Өйткені, ол елдерде сабақ тек өз тілдерінде ғана жүргізіледі. Біздің елде ондай мақсат қойылып отырған жоқ қой.
Екіншіден, қазіргі уақыт тіл үйретудегі толып жатқан технологиялар, техникалық құрал-жабдықтар, компьютерлер заманы дейміз. Оның бәрі құптарлық. Әрине, орнымен қолданса, керегінде пайдаланса. Бірақ олар оқытушыға көмекші құрал ретінде, өз орнында ғана пайдаланылуы керек. Ал негізгі оқу үрдісінде оқытушының алатын орны ерекше болғаны жөн. Яғни, оқытушы жыл бойы ақ тер – көк тер болып студентті сөйлеуге, жазуға, оқуға, аударуға баулып, үйретіп, нәтижесін компьютер, не болмаса тест арқылы анықтау жөнсіз. Түйіп айтқанда, жыл аяғында өз жұмысының нәтижесін, студенттің жетістігін, яғни сөйлеу, жазу, оқу, аударудағы жетістігін мұғалімнің өзі бағалағаны абзал.
Қазақ мектебінде орыс тілін 11 жыл оқып келген студенттің университетте ол тілді қайталап оқуында қандай логика бар? Ол студент орыс тілінде сайрап тұр. Ал оны барып орыс мектебінде қазақ тілін шала біліп келген шала қазақ – шала орыстарды орыс тілінде сайрап тұрған қазақтармен жарыстырып не керегі бар. Мысалы, қазақ мектебін бітіріп келгендер орыс тілімен қатар өз тілдерін неге пысықтамайды? Бұл жерде орыс тілі керек емес деген ой тумаса керек. Тек қазақ мектебінің түлектері өз тілдерін жоқ дегенде бір семестр пысықтап, сауаттарын шыңдағандары артық болмас еді.
Қазір екінің бірі оқулық жазғыш болып, дүкен сөрелеріндегі қазақ тілі оқулықтарынан көз сүрінеді. Оқулықтың көп болғаны жақсы шығар. Бірақ оларды мұғалімдер мен оқытушылар қажеттеріне жаратып жатуы керек қой. Оқушыға, студентке қайсысын ұсынарыңды білмей қиналасың. Сондықтан, басқа пәндердікі секілді, қазақ тілі оқулығының классикалық бір не екі түрі ғана болғаны дұрыс секілді. Әрине, олар сарап-сындардан өткен, бағдарламаға сай болсын.
– Іс қағаздарының қазақша жүргізілуі жөнінде айтылып жүрген сын-пікірлер аз емес. Айтыңызшы, оның шешімін қайдан іздеуіміз керек? Неге осы күнге дейін толып жатқан бағдарлама, нұсқауларға қарамастан, заңдар және басқа да іс қағаздар қазақ тілінде жазылмайды? Неге осы күнге дейін, 1998 және 2001 жылғы бағдарламаларға қарамастан Қазақстанның бір де бір облысы іс қағаздарын толықтай қазақ тілінде жүргізуге көшпеген?
– “Егемен Қазақстандағы” осы жылғы 24 ақпанда “Заң қай тілде жасалып жүр?” деген мақаласында Д.Омашұлы заң мәтінін жаза алады-ау деген адамдарды қазіргі Парламент мүшелерінің, Үкімет басындағылардың арасынан іздейді, бірақ бұл мәселенің түп-тамырын анықтап айта алмаған. Біздіңше, бүгінгі таңда бұл мәселеге байланысты “неге?” деген сұраққа жауапты қазіргі іс басындағы үлкенді-кішілі шенеуніктерден күту орынсыз деп білеміз. Өйткені, олардың ешқайсысы арнайы дайындықтан өтпеген. Әр құжаттың өз тарихы, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктері бар. Соларды меңгермейінше, орындаушыдан дұрыс құжат жазуды талап ету орынсыз. Ал оларды оқытып-даярлау әрбір жоғары оқу орнының міндеті болу керек. Және маңызды пән ретінде жоо-ның оқу жоспарында маңызды орын алу керек. Мұны біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Ресейде бұл мәселе арнайы пән ретінде ертеден жолға қойылып, ондаған оқулықтар, монографиялар жарияланған. Пәннің жалпы аты “Документоведение” (“Іс жүргізу”), шартты түрде дербес екі пәннен тұрады: “Іскерлік лингвистика” және “Іскерлік терминология негіздері”. Ресей ғалымдарының тәжірибесін ескере отырып, біздің кафедра бұл пәндерді оқытудың өзімізше алғашқы бағдарламасын жасап, 3 жыл бойы “Іс жүргізу” мамандығының стандартына сай дәріс оқылып, практикалық сабақтар жүргізілді. Әр пәнге 100 сағат бөлінген болатын. Өкініштісі – пәндер тұрақтамады, қысқартылып қалды.
– Ендеше, осы тәжірибелеріңізге кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Онда әуелі ХVІІІ ғасырдан бастап қазіргі кезеңге дейінгі іс қағаздарына зер салғанбыз. Қазақ даласындағы қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларға, сол кездегі қазақ тілін, қазақ ресми іс қағаздар тілін сипаттайтын нұсқаларға, ресми іс қағаздары стилінің ерекшеліктеріне байланысты дәріс тақырыптарын кезең-кезеңге бөліп қарастырдық. Олар “ХҮІІІ ғасырда қазақ даласында қолданылған ресми іс қағаздар тілі”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әкімшілік орындарының бұйрық, жарлықтары”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған қазақша заң жинақтары мен ережелер”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы эпистолярлық стиль материалдары”, “ХХ ғасырдың басындағы ресми іс қағаздар тілі”, “1920-30 жылдардан кейінгі ресми іс қағаздар тілі”, “Қазіргі ресми іс қағаздар тілі” деген тақырыптар болатын.
Аталған кезеңдердегі ресми іс қағаздары қандай болған, тілдік ерекшеліктері қандай деген мәселелермен студенттерді таныстыру мақсатында тарихи дерек, тілдік материал ретінде сол кезеңдердегі іс қағаздардың нұсқалары беріліп отырды. Әр тақырыпта берілетін оқу ақпараттарының көлемі – лексикалық, грамматикалық, коммуникативтік, фонетикалық және етістік минимумы келесі тақырыпта әрі қайталанып, әрі күрделене түсіп отырды. Сонымен қатар бағдарлама құрылымында баршаға мәлім лингводидактикалық аксиома – тіл қызметінің барлық түрлерінің (өнімді түрлері – сөйлеу және жазу, рецетивті түрлері – тыңдау және оқу) өзара тығыз байланысты оқылуы ескерілді.
Екінші пән “Іскерлік терминология негіздері” деп аталған болатын. Жалпы алғанда, 100 жылдан аса тарихы бар қазақ терминдерінің қалыптасу жолы қазақ тіл білімінде өте аз зерттелген, ал іскерлік терминдердің қалыптасу, даму мәселесіне мүлде көңіл бөлінбеген. Сондықтан да, студенттерге арнап бұл пәннен бағдарлама жасау өте қиын. Дегенмен де, азды-көпті әдебиеттерге, кейбір қазақ ғалымдарының, әсіресе орыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, алғашқы оқыту бағдарламасын жасаған болатынбыз. Негізгі мақсат тіл мәдениетін игерген, мемлекеттік мамандық лексикасын пайдалана алатын, алдына келген әртүрлі құжаттардың мән-мағынасын сараптап, іскерлік терминдерді өз орындарында пайдалана білетін мамандар дайындау.
Тілсіз әдебиет жоқ, әдебиетсіз тіл дамымайды десек, студенттердің әдебиеттен, өнер, мәдениеттен білімдері өте тайыз. Бұл қатты ойландырып жүрген мәселенің бірі екені анық. Олардың машығы теледидар, компьютер, интернет екені жасырын емес. Бірақ осы толып жатқан технологиялардан қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің нұсқаларын іздеп тауып оқып, бойларына сіңіріп, жадыларына сақтап қалса қандай ғанибет болар еді. Осылар тіл жөніндегі жаңа бағдарламада айқынырақ көрініс тапса, құба-құп.
Қорытып айтқанда, біз бірер мәселенің төңірегінде кәдеге асар-ау деген ұсыныстар айтуға тырыстық. Оларымыз тіл бағдарламасын жасаушылардың назарына ілігіп, шешімін тапса, жалпы білім саласына зиян болмас еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.