КОМИССАР КАТАНИ КЕРЕК ЕКЕНДІГІ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАҒАН ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫ МӘЖІЛІСІНДЕ ҚАДАП АЙТЫЛДЫ
Сицилия аралынан жолдаған алғашқы мақаламызда мафия мәселесі мұнда өткен күндер еншісі дегенді айтып едік. Жалпы, комиссар Катани қай елге де, қай кезде де артықтық етпейді дегенімізбен, сицилиялық мафия деген жаман атымен жаһанға аты жайылған бұл аралда қанды қылмыстың құрықталғаны талас тудырмайды. Ондай болмаған жағдайда 55 ел парламентарийлерін шақыруға Италия үкіметінің де тәуекелі тұрмас еді. Әйткенмен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы күзгі мәжілісінің күн тәртібіне трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері басты тақырып етіп қойылғаны әлемге әйгілі осы аралда бұл бағытта біраз тәжірибе жинақталғанымен бірге мұнда өзге жерлерге қарағанда, алаңдатарлық жайлардың көбірек екенін де көрсетері күмәнсіз. Италия Сенатының төрағасы Ренато Скифанидің сенбі күнгі конференцияны ашарда сөйлеген құттықтау сөзінде ел үкіметі мен парламентінің екі басты бұл айдаһармен айқасуға бел шеше кіріскені ашық айтылды. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтимиу мен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның сөздерінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ерекше сәтті болғаны, Қазақстан жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді екіжақты, көпжақты талқылаулар барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізілгені айтылды. Әлемдік деңгейдегі екі қайраткер де өз төрағалығы тұсында Қазақстанның керемет белсенділік танытып, түйінді мәселелерді шешуге ұмтылысын жоғары бағалады. Қазақстанның тәжірибесі мен белсенділігі арқасында ЕҚЫҰ қызметі жаңаша серпін алып, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу басты қағидатқа айналды.
Күзгі сессияға қатысып жатқан қазақстандық парламентшілер трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылауға белсенді түрде қатысты.
Бұл тақырыпқа арналған конференция барысында сөз алған Қазақстанның парламенттік делегациясының басшысы Қуаныш Сұлтанов “барлық елдерге әсер ете бастаған сыбайлас жемқорлық әлеуметтік қатер” екенін айта келіп, “бұл әлеуметтік қауіп қазіргі жағдайда мемлекет ішіндегі проблемадан жаһандық мәселеге айналып отыр”, деді.
Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы заңнамаларды мақсатты түрде және бірте-бірте жетілдіріп келеді. Біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып белгіленді.
Сыбайлас жемқорлықтың жаһандық сипаты тұтастай халықаралық қоғамдастық ауқымында лайықты шаралар талап ететінін атап өте келіп, Қ.Сұлтанов сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен өзара белсенді әрекет етіп отырғанын айтты.
Пікірсайыс барысында Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова да сөз алды. Ол Қазақстан беделді халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, елдегі және аймақтағы адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі кезек күттірмейтін кешенді шаралар қабылдайтынын айтты және парламенттік форумда адам саудасына қарсы іс-қимылға назар аударды.
Конференцияның ашылуында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Қазақстан төрағалығын табанды түрде қолдағаны, Ұйым жетекшілігіндегі өткен кезең ішінде сындарлы және жемісті ынтымақтастығы үшін Парламенттік Ассамблея мүшелеріне шын разылығын білдірген Іс басындағы төраға осыдан 10 жыл бұрын Палермода Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының қабылдануы бұл іске соны серпін қосқанын атап айтты. Мұның өзі Орталық Азия өңірінде ерекше көкейкесті болып отыр. Қазіргі таңда өңірдегі қауіпсіздік ауған мәселесіне ғана емес, Қырғызстандағы тереңге тартып тұрған саяси дағдарысқа байланысты да елеулі сынға түсуде. Ауғанстаннан әлі де біздің елдерімізге есірткі көптеп жеткізілуде, сөйтіп ұйымдасқан қылмысты өршітуге жағдай жасалып, өңірлік тұрақсыздық қоздырылуда. Сондықтан да Ауғанстанға көмектесу Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы маңызды бағыты болып саналады, біздің төрағалығымыздың күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі де осы. Өзінің жаһандық ауқымдағы теріс салдарына орай ауған мәселесін біз 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті қарастыратын негізгі тақырыптардың бірі деп белгілеп отырмыз. Мемлекет басшыларының деңгейінде Ұйымның өз мандаты шеңберінде халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстандағы соғыстан соңғы қайта жаңғыртуға қатысуын жандандыра түсуді көздеудеміз. Барлық елдерге ортақ осынау міндетті шешуде ілгерілеуге қол жеткізу, яғни Ауғанстандағы лаңкестікке, қылмыс пен есірткі трафигіне қарсы тұру үшін біз ЕҚЫҰ аясында Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының қаржы барлауы мен құқық қорғау органдарының Ауғанстаннан ауысатын есірткі трафигімен байланысты заңсыз қаржы ағындарының жолын кесу жөніндегі күш-жігерін едәуір ұлғайту бастамасын қолдауды маңызды деп білеміз. Бұл ыңғайда Қазақстан төрағалығы аясында биылғы 8-9 шілдеде Венада есірткі бизнесіне қарсы тұру жөнінде халықаралық конференция өткізілді, ал таяуда, 14-15 қазанда Астанада ЕҚЫҰ-ның лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі конференциясы ұйымдастырылады. Екіжақты негізде Қазақстан Ауғанстанда медициналық және білім беру мекемелерін, жолдар салуда, тұрғындарға қомақты гуманитарлық көмек көрсетуде. Президент Н.Назарбаевтың білім беру бастамасын жүзеге асыру үшін ауғандық мың азаматты бейбіт мамандықтарға оқытуға Астана 50 миллион АҚШ долларын бөліп отыр. Жақында ғана ауған жастарының алғашқы тобы елімізге келіп те жетті.
Қанат Саудабаев Қазақстан төрағалыққа кіріскен кезде көршілес және бауырлас Қырғызстанда осындайлық ауыр саяси дағдарыс болады-ау деп ешкім де болжамағанын айтты. ЕҚЫҰ бұл дағдарысқа алдымен назар аударды. Ұйымның Іс басындағы төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуроодақтың шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Бас өкілі баронесса К.Эштонмен келісе отырып, қақтығыс болған күннің ертеңінде-ақ Қырғызстанға арнаулы өкілдер жіберілді. АҚШ, Ресей және Қазақстан президенттері Б.Обаманың, Д.Медведевтің, Н.Назарбаевтың үйлесімді күш-жігерінің арқасында Қырғызстанды азамат соғысының шыңырауына құлаудан сақтап қалудың сәті түсті. Осынау бірлесе атқарылған істер ЕҚЫҰ-ның бойында дағдарысты жағдайларды қолда ұстау мен қақтығыстан кейінгі кезеңде қалпына келтіруге қажетті үлкен әлеует бар екенін сенімді түрде көрсетіп берді, деп қадап айтты Қанат Саудабаев.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы сенбі күні сөйлеген сөзінде жексенбіде Қырғызстанда өткен парламент сайлауы елдің одан әрі дамуы үшін қандайлық мәнді екендігіне назар аударып, Ұйымның биік мінберінен көрші елдің билік орындары мен барлық саяси күштердің халықтың еркін барынша демократиялық тұрғыдан танытуын қамтамасыз етіп, сайлаудан кейінгі кезеңде жауапкершілік, даналық танытуға шақырды. Палермодағы сол сөзден кейін біз Қанат Бекмырзаұлымен осы тақырыпта қысқа-қысқа болса да бірнеше рет тілдесе алдық. Іс басындағы төраға ретінде де, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі ретінде де, қырғызбен төскейде малы, төсекте басы қосылған халықтың бір перзенті ретінде де көршілердегі сайлаудың қалай өтетіндігіне қатты алаңдаулы екендігі жүзінен де, сөзінен де байқалып тұрды. Кешелі-бері Еуропадағы телеарна атаулының бәрінен Қырғызстандағы сайлау түспеуде. Сайлаудың мына жақта біз естіп жатқан алдын ала қорытындылары Қазақстан төрағалығының Қырғызстандағы саяси ахуалға оңды да нақты ықпал жасағанын көрсетіп тұрғанына бәріміз шүкіршілік айтудамыз. Бұл істе Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сайлау алдында Қырғызстандағы белді саяси күштердің жетекшілерімен кездесіп, оларды ел мүддесі үшін жауапкершілік танытуға шақырғанының да өзіндік көмегі тиді деп ойлаймыз.
Қанат Саудабаев көршілеріміздегі жаңа биліктің негізгі назары қордаланып қалған мәселелерді шешуге, қираған нәрсені қалпына келтіруге аударылуы керектігін атап көрсетті. Бұлай дегенде Іс басындағы төраға елдің оңтүстігіндегі мекендерді ғана емес, мемлекеттік биліктің бүкіл құрылымын, сондай-ақ этностар арасындағы қоғамдық келісім мен сенімді қалпына келтіруді де айтып тұрғаны түсінікті. ЕҚЫҰ-ның дағдарысты реттеуге нақты үлесі Полицейлік кеңесші топтың елге жіберілуінен де танылды. Қырғыз басшылығымен уағдаластыққа сәйкес ЕҚЫҰ полицейлерін елде орналастыру парламент сайлауы өтісімен-ақ басталатын көрінеді. Палермодағы биік мінберден Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Қырғызстанның экономикалық қайта дамуының бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны да айтылды. Біздің үкіметіміз көрші елдегі кезек күттірмейтін шаралар үшін 11 миллион АҚШ долларынан артық қаржы бөліпті. Қанат Саудабаев келер жылдың басында Президент Назарбаевтың қамқорлығымен өткізілетін халықаралық донорлық конференция да осы мақсатқа арналатынын айтып өтті.
Іс басындағы төрағаның сөзінде Астана Саммитінде қаралуы жоспарланып отырған тақырыптар қозғалғаны да орынды шықты. “Біздің ойымызша, Саммиттің күн тәртібіне пәтуаға келуге болатындай барынша маңызды да көкейкесті тақырыптардың аз аясы қосылуға тиіс”, деп нақты айтты Қанат Саудабаев. Бұл ұстаным, әрине, дұрыс. Дүниеде не көп – дау көп. Олардың бәрін бір жылда, бір Саммитте шешіп тастау мүмкін емес. Оның үстіне ЕҚЫҰ-да барлық шешімдер тек толық консенсус бойынша ғана қабылданады.
Сонда Қазақстан ұстанымы бойынша алдағы Астана Саммитінде қандай мәселелер қаралуы мүмкін дейсіз ғой? Ең алдымен Ұйым шеңберінде бұрын қабылданған міндеттемелердің бәрі қуатталуы қажет. Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы талқыланғаны жөн, оған “Корфу үдерісі” мен Еуропа қауіпсіздігі шартының жобасы да кіреді. Содан кейін жаңа сынақтар мен қатерлерге қарсы тұрудың ұжымдық күш-жігерін арттыру мәселелері қаралғаны дұрыс. Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайдың Астана Саммитінде қаралуға тиістігіне ешкімнің таласы бола қоймас дейміз. Саммитте адамның құқығы мен бостандықтары, басқа да әмбебап құндылықтар, сондай-ақ толеранттылық пен кемсітпеушілік мәселелері де қаралғаны орынды. Саммитті ұйымдастырушы ел ретінде Қазақстан оның күн тәртібін осы ыңғайда бекітуді дұрыс көретіндігі мәлімделді. Аталған тақырыптар бойынша Ұйымға мүше елдердің көшбасшылары ортақ құндылықтар, қағидаттар мен міндеттемелер негізінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте тұтас та бөлінбес қауіпсіздік қоғамдастығын құру үдерісін бастап беретіндей жалпысаяси декларацияны қабылдай алар еді.
ЕҚЫҰ алдағы кезде де Еуроатлантикалық және Еуразиялық алып кеңістікте қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің түйінді тетігі болып қала береді. Қазақстан өз төрағалығы тұсында біздің Ұйымымыздың нығаюы мен дамуына, оның қауіпсіз әрі қастерлі дүниені жасаудағы игілікті рөлін арттыра беруге лайықты үлес қосуға ұмтылып келді, алдағы кезде де солай етеді, деді сөзінің соңында Іс басындағы төраға.
Қуаныш Сұлтанов бастаған Қазақстан парламенттік делегациясының Парламенттік Ассамблеяның төрағасы Петрос Эфтимиумен кездесуінде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сессия аясындағы пікір алмасу барысында конференцияда талқыланған трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күрес мәселелері маңызды екені аталып өтілді.
Қ.Сұлтанов биылғы 30 қарашада Астанадағы Ұйым саммиті қарсаңында болатын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бюросының отырысына әзірлік туралы П.Эфтимиуды хабардар етті.
ЕҚЫҰ ПА басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық ету барысын жоғары бағалады және алдағы Астанадағы жоғары деңгейдегі кездесулердің табысты өтетініне сенім білдірді.
“Қазақстан Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады”, – деді П.Эфтимиу. Ол сондай-ақ қазақстандық парламентшілердің ортақ мақсатқа жетуде “Ассамблеядағы ең белсенділердің бірі” екенін атап өтті.
Халықтық-демократиялық “Нұр Отан” партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөнінде ауқымды жұмыс жүргізуде. Партия елдің барлық өңірлерінде әлеуметтік тұрғын үйдің бөліну үдерісін бақылауға алып отыр. Қуаныш Сұлтанов Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен осы істе де бірлесе әрекет етіп отырғанын айтып өтті. Біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2003 жылғы 31 қазанда қабылдаған конвенциясын ратификациялаған. Қуаныш Сұлтанов Қазақстан алдағы кезде де сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіріп, бұл бағытта белсенді мемлекеттік саясат жүргізе беретінін, осы орайда қол қойылған іргелі халықаралық келісімдер мен конвенциялар бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді басшылыққа алатынын айтты.
Жерорта теңізі форумы аясында болған мәдениет және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған пікірсайысқа қатысқан сенатор Әділ Ахметов жоғары білікті мамандарды даярлау мен адам капиталын дамытудағы өзара университетаралық қатынастардың маңызды рөлін атап өтті.
“Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары туралы айта келіп, депутат Қазақстан қазіргі кезде Болон үдерістеріне қосылғанын және біздің еліміздің көптеген жоғары оқу орындары Ресей, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия университеттерімен тығыз байланыс орнатқанын атап өтті.
Сенатор Ә.Ахметов сондай-ақ президенттік “Болашақ” стипендиясы желісі бойынша шетелде маман даярлауға да тоқталып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда құрылған халықаралық институттардың рөлін атап өтті.
Депутат ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер университеттерімен ынтымақтастық деңгейі бұдан былай да арта беретініне сенім білдірді.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кеше жабылған күзгі сессиясында Парламенттік Ассамблеяның Тұрақты комитетінің отырысы болды.
Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитіне әзірлік және биылғы 30 қарашада жоғарғы деңгейдегі кездесулер алдында Ассамблея бюросының отырысын өткізу болды.
Отырыста сөз алған Қуаныш Сұлтанов парламенттік делегациялар басшыларын Қазақстан төрағалық еткен кезде атқарылған жұмыстар барысы туралы хабардар етті.
Палермоға сапар кезінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұйым Парламенттік Ассамблеясының төрағасы П.Эфтимиумен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен кездесті.
Кездесулер барысында ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қазақстанның атына жылы пікірлер айтылды. Соның ішінде белсенді іс-әрекет пен тәжірибенің негізінде Қазақстанның көптеген бастамаларды өмірге келтіргені атап көрсетілді.
Жексенбідегі қорытынды мәжілісте адам саудасының мәселелері қаралды. Парламенттік Ассамблея делегаттары мафияның қолынан қаза тапқан құрбандарға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Осы мақала газетке шығатын күні Астана Саммитінің ашылуына 51 тәулік қалады екен. “Күн” демей әдейі “тәулік” деп жазып отырмыз. Әр күн тұрмақ, әр сағат санақта тұратындай сын сәті туды енді. Көп мәселе Саммиттің күн тәртібіне байланысты. Қанат Саудабаев Сицилия аралында өткен осы мәжіліс барысында талқыланып отырған тақырып бойынша ел ұстанымын жеткізумен қатар, Қазақстан жерінде ұйымдастырылатын жиынның жөн-жобасы жөніндегі ойларын да ортаға салды. Төраға елдің төріндегі Саммиттің ұтымды ұйымдастырылуына осы сапардың да септігі тиеріне сенгіміз келеді. Сөздің ыңғайы келіп тұрғанын пайдаланып, Қанат Бекмырзаұлына Палермода бізге ЕҚЫҰ-ның негізгі құрылымдарының басшылары – Ұйым Парламенттік Ассамблеясының төрағасы П.Эфтимиумен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен сұхбаттасуға көрсеткен көмегі үшін алғысымызды айтып алмақшымыз. Алдағы кезде осы мақсатпен Еуропаның басқа да қалаларына барып қайтуды ойластырып отырмыз.
Ертең Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің жолы Ослоға түспек. Қанат Саудабаев ол қалада ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған халықаралық конференцияның жұмысына қатысады.
Парламенттік делегация мүшелері енді Астанаға оралады.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Палермодан.