• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Иран үшін жаппай қырып-жоятын қару – харам дейді осы ел Парламентінің Төрағасы Ә.Лариджани

503 рет
көрсетілді

Елімізде ресми сапармен жүрген Иран Ислам Республикасы Парламентінің Төрағасы Әли Лариджани бірқатар кездесулерден кейін кешкісін отандық және ирандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан Парламенті Се­наты Төрағасының шақыруымен келген мәртебелі мейман Аста­наның көркіне көңілі толғанын жеткізді. Ә.Лариджани өз сапа­ры­ның қыс­қалығына қарамастан, еліміздің лауазымды тұлғалары­мен болған кездесулерінің нә­ти­желі аяқ­талғандығын алға тарт­ты. Қа­зақстан мен Иран ай­мақтағы үлкен де маңызды елдер. Біз әрқашан халықаралық арена­да, не болмаса аймақтық ұйым­дарда Қазақстанның ұстанымына қолдау білдіріп келеміз. Өйткені, ол ұстанымдардың қаншалықты дұрыс та салмақты екендігін бі­леміз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы барысында үлкен іс­тер­дің басында жүр, алдағы Ислам Конференциясы Ұйымына төр­ағалығы кезінде де әлемдегі және аймақтағы бейбітшілікті сақтау, ынтымақтастықты арттыру жө­ніндегі көптеген жаңа баста­маларға мұрындық боларына сенеміз, деді Меджлис Төр­ағасы. Иранның бейбіт ядролық бағдарламасының жайына тоқ­тал­ған Төраға өз елінің ядролық қаруға қарсы екендігін алға тар­тып,  рухани көсем Хомейнидің жаппай қырып-жоятын қаруды “харам” деп бағалағанын жет­кіз­ді. Олай болса, Иран МАГАТЭ тара­пы­нан бақылаудың болға­нына қарсы емес, алайда кейбір елдер тарапынан күш көрсету тұрғы­сы­нан мәселені қарастыру орынсыз. Тіпті, аймақтағы ел­дердің ішкі мәселесіне араласу да дұрыс емес. Иран елімізді бейбіт атом бағдарламасын дамыту саласында стратегиялық әріптес санай ма деген сауалға Қазақстанның бейбіт ядролық бағдарламамызға де­ген көзқарасы біз үшін қабыл­данарлық, деп санайтындығымен бөлісті Меджлис Төрағасы. “Біз­дің елдеріміздің ұстанымдары ұқсас: екі ел де ядролық қаруға қарсы, бірақ елдеріміз атом энер­гиясын бейбіт мақсатта қолда­нуды қолдайды. Міне, бұл ұқсас­тықтар екі ел арасындағы ынты­мақтастыққа негіз болып та­былады”, деді Ә.Лариджани. Каспий теңізінің мәртебесіне қа­тысты сөзінде Иран Парламенті­нің басшысы ұзақ келіссөздердің болғандығын айта келіп, осы мәселенің созбалақтап кеткеніне қынжылысын жасырмады. Әйтсе де, келіссөздер арқылы ғана ортақ ұстанымға келуіміз керек, деді ол. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.