Елімізде ресми сапармен жүрген Иран Ислам Республикасы Парламентінің Төрағасы Әли Лариджани бірқатар кездесулерден кейін кешкісін отандық және ирандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының шақыруымен келген мәртебелі мейман Астананың көркіне көңілі толғанын жеткізді. Ә.Лариджани өз сапарының қысқалығына қарамастан, еліміздің лауазымды тұлғаларымен болған кездесулерінің нәтижелі аяқталғандығын алға тартты. Қазақстан мен Иран аймақтағы үлкен де маңызды елдер. Біз әрқашан халықаралық аренада, не болмаса аймақтық ұйымдарда Қазақстанның ұстанымына қолдау білдіріп келеміз. Өйткені, ол ұстанымдардың қаншалықты дұрыс та салмақты екендігін білеміз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында үлкен істердің басында жүр, алдағы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы кезінде де әлемдегі және аймақтағы бейбітшілікті сақтау, ынтымақтастықты арттыру жөніндегі көптеген жаңа бастамаларға мұрындық боларына сенеміз, деді Меджлис Төрағасы.
Иранның бейбіт ядролық бағдарламасының жайына тоқталған Төраға өз елінің ядролық қаруға қарсы екендігін алға тартып, рухани көсем Хомейнидің жаппай қырып-жоятын қаруды “харам” деп бағалағанын жеткізді. Олай болса, Иран МАГАТЭ тарапынан бақылаудың болғанына қарсы емес, алайда кейбір елдер тарапынан күш көрсету тұрғысынан мәселені қарастыру орынсыз. Тіпті, аймақтағы елдердің ішкі мәселесіне араласу да дұрыс емес.
Иран елімізді бейбіт атом бағдарламасын дамыту саласында стратегиялық әріптес санай ма деген сауалға Қазақстанның бейбіт ядролық бағдарламамызға деген көзқарасы біз үшін қабылданарлық, деп санайтындығымен бөлісті Меджлис Төрағасы. “Біздің елдеріміздің ұстанымдары ұқсас: екі ел де ядролық қаруға қарсы, бірақ елдеріміз атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануды қолдайды. Міне, бұл ұқсастықтар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа негіз болып табылады”, деді Ә.Лариджани. Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты сөзінде Иран Парламентінің басшысы ұзақ келіссөздердің болғандығын айта келіп, осы мәселенің созбалақтап кеткеніне қынжылысын жасырмады. Әйтсе де, келіссөздер арқылы ғана ортақ ұстанымға келуіміз керек, деді ол.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.