• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Тіл мәселесін тұғырдан түсірмей отыр

566 рет
көрсетілді

Қызылжарлық азаматтардың қазақ тілі­нің мәртебесін көтеру бағытында атқарып жатқан кейбір істері атап өтуге тұрарлық. Әсіресе, облыс басшылығы мен мәслихат депутаттарының ономастикалық комиссия қорытындыларын қолдап отырғаны қуантады. Ал оның жұмысын жандандырып жүрген елжанды азамат, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы – Кемел Оспанов. Бұл өзі қызық тағдырлы адам. Ол – Кеңес Одағының Батыры, елімізге белгілі қайраткер, өмірі­нің негізгі бөлігі Қызылорда қаласында өткен атақты Жәлел Қизатовтың бауы­рын­да өскен туған жиені. Оның бой­ындағы қайтпас қайсарлық пен ұлтжанды, өрісті мінез, бәлкім, осы батырдан жұққан шығар-ау. Ол облыс әкімі Серік Біләлов­тің қолдауымен мемлекеттің тілдің өрісін кеңейту жолындағы шараларды жиі ұйымдастырып жүреді. Енді ономастикалық комиссияның (төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов) соңғы уақыттардағы жетістіктеріне тоқталып өтейік. Облыста өткен жылы ғана Айыртау ауданындағы Наследниково селосы – Баян ауылы, Тимирязев ауданындағы Степной селолық округі Құртай ауылдық округі, Ақжар ауданындағы Совхоз селолық округі – Ақжарқын ауылдық округі, ал ауылдың өзі Ақжарқын атанған. Жақында осы ауылға жолымыз түскен еді, халықтың жаңа атауға деген жалынды серпілісін көрдік. Ауылда ЖШС басқа­рып, шаруасы гүлдеп отырған Мұхамед­жан Лұқ­панов ағамыз да әсем атаумен мақтана­ты­нын байқатты. Осының өзі ауылдас­тары­мыздың ашық-жарқын мінезін көрсетіп тұрған ерекше атау болды, дейді ол қуаны­шын жасыра алмай. Ал биыл Қызылжар ауданындағы Элитное селосы Бәйтерек, Уәлиханов ауданындағы Чехов селосы Ақбұлақ ауылы және т.б. болып өзгерген. Осындай әдемі атаулар облыс өңірін өзгеше түрге ендіріп, оның шын мәнінде қазақ ұлтының ұйысуынан туындаған Қазақстан мемлекетінің жері екенін көрсете бастады. Жер-сумен байланыстырылған тарихи атауларын алған мекендер қа­тарында Ақжар ауданындағы Куз­басс селосы да бар, оған елдің ежел­гі Ақсай атауы қайтарылыпты. Бірақ кейбір қияс пікірлі адамдардың кесірінен әлі де көптеген атаулар қазақы болмысқа тартыл­май келеді. Кезінде бұрмалай атаудың салдарынан солтүстік өңірде жүздеген елді мекен атаулары қазақы мағынасын жойып, белгісіз “бірдеңе” болып тұратын. Мәселен, біз бұрын “Акчок” деген ауыл атауының не сөз екенін біле алмай дал болатынбыз. Сөйтсек... ол қазақтың Ақшоқы деген әп-әдемі атауы екен. Маңдайына “Акчок” деп жазылып қойған соң, халық мағынасын түсінбей, ұзақ жылдар бойы солай атап келіпті. Міне, осы Акчок қазір Ақшоқы, Чаглинка – Шағалалы, Якши-Янгизтау – Жақсы Жалғызтау, Бурлукское – Бұрлық, Шукурлюк – Шүкірлік, Ульгули – Үлгілі, Кызылтуское – Қызылту, Даут – Дәуіт және т.б. болып өзгертілді. Қызылжарлықтар өмірден өткен ерен ер­лерінің есімдерін ұмытпау ісінде де көп жұ­мыстар атқарып жатыр. Мәселен, биыл Жұма­бек Тәшеновке арналып ескерткіш тақта орнатылды. Оның бірнеше жыл бойы осы облыста еңбек еткені белгілі. Сондай-ақ Мамлют қаласында құрт ауруына шал­дық­қан отбасы балаларын емдетіп әрі оқы­татын санаторий-мектепке оның ұзақ жыл­дар бойы директоры болған, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, марқұм Григорий Кубраковке және т.б. ескерткіш тақта ор­натылыпты. Петропавл қаласындағы көше атаулары да Қазақстанмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, сырттан таңылған атаулардан арылып, қазақстандық атаулармен, соның ішінде елге ерен еңбек сіңірген ерлер есімімен аталуда. Соның ішінде бұрынғы “Осипенко” көшесі қазір “Егемен Қазақстан” атын алып, анадайдан көзге оттай басылады. Мәслихаттың шешімінен кейін де кейбіреулердің өрекпігеніне қарамастан, қала әкімі Нұржан Әшімбетов оған тиісті жаңа атауын ілгізіп, жайнатып қойыпты. Сол сияқты Гиннестің рекордтар кітабына есімі енген атақты мұрапшы, саланың одақтық тресін 17 жыл басқарған Қаттай Кеншінбаевтың есімі де көше атына беріліп, қаланың сәнін арттыра түскен. Төңкерістік батыр, украиналық А.Пар­хоменко атындағы көшені қазақ батыры Батыр Баян алмастырса, осы жердің пер­зенті, белгілі кинорежиссер Аяған Шәжім­баевтың есімі К.Либкнехт деген германия­лық социалистің орнын алған екен. Тілді насихаттау мен таратуда БАҚ-ты тиім­ді пайдалану ісі де мұнда ұтымды жолға қойылған. Соның ішінде жергілікті теле­арнадан аптасына үш рет “Теле-тіл” бағдар­ламасы беріліп тұрады. Қазақ тілділерді айтпағанда, орыс тілді газеттердің бетінде “Престиж языка – престиж народа”, “Го­сударственный язык – консолидирующий фактор”, “Судьба языка – судьба народа”, “Изучаем казахский язык” айдарларымен мақала, репортаж, оқулар тұрақты түрде беріліп тұрады. Абай, Мағжан, С.Мұқанов оқу­лары да тұрақты түрде өткізіледі. Ал мемлекеттік тілді үйрету ісіне облыстық бюд­жеттен 17 млн. теңге бөлінген. Соның ар­қасында қазір Мемлекеттік тілді үйрету орталығында 67 топ ұйымдастырылып, онда 899 мемлекеттік қызметкер тіл үйренуде. Облыстың кәсіпорын-мекемелеріндегі тіл үйренушілердің жалпы саны 13 мыңнан артық. Оқу жылы аяқталған соң олардан “қаз­тест” жүйесі бойынша емтихан алынады. Осындай нақты істер тынымсыз ізденіс­тің, кейде алған беттен танбайтын табанды ұстаным жемісі екені даусыз. “Жуырда Қа­зақстан халқы тілдері күніне арнап “Біздің Отанымыз – Қазақстан. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі” атты фестиваль өткіздік, – дейді Кемел Қарашаұлы. – Оған облыс әкімі Серік Біләлов өзі қолдау көрсетіп, жұмысына бастан-аяқ қатысып отырды. Бұрынғы әкімдер қанша шақырсақ та мұн­дай шараларымызға қатыспайтын, соның кесірінен төменгі сатыдағы шенеуніктер оның маңызына мән бере қоймайтын. Биыл бірінші басшының өзі қатысқан соң бәрі де зыр жүгіріп, белсенділік көрсетті”. Өрелі бастамаға “Жас Отан” жастар қанатының өкілдері де қатысып, қызу бел­сен­ділік танытыпты. Сөйтіп, бес номина­ция­дан тұратын бәйгелер қызу додаға түс­кен. Оған, әсіресе, орыс тілді отандастары­мыз арасынан ынталылар мол болыпты. Сөйтіп, мемлекеттік тілді насихаттаудағы “үздік аудан” сыйлығын Уәлиханов ауданы, “үздік мекеме” сыйлығын экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, “үздік кәсіпорын” сыйлығын “Альянс банк”, “үздік ауылдық округ” сыйлығын Мағжан Жұ­мабаев ауданындағы “Авангард” ауылдық округі, “тіл мәдениетін насихаттағаны үшін” сыйлығын С.Мұқанов атындағы қазақ театры жеңіп алыпты. Бәріне де бағалы сыйлықтар беріліп, ынталандыру шаралары мейлінше өтімді болған. Тынымсыз ұмтылыс пен ізденгіштіктің нәтижелері республикалық деңгейдегі жетіс­тіктерге де ұласып жатыр. Жуырда, елордада болған республикалық Абай оқуларында солтүстіктің қызы – Ксения Аплеснина (мұ­ғалімі – Бақыт Басы­ғари­на) 14 үміт­кердің арасынан үздік шығып, бас жүлдені қанжығасына байлап кетті. Бұл да орыс тілді ағайындардың үлесі көбірек болып отырған облыс үшін үлкен жетістік. Міне, қысқаша айтқанда, солтүстікте елді мекендер атауларын қайтарып, туған тілдің туын асқақтату бағытында осындай шаралар жүзеге асырылуда. Жақсыбай САМРАТ.