• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Сүйер ұлың болса...

729 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңындағы қи­ыншылыққа қарамастан хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы республи­ка­мыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы бет-беделінің арқасында кеңінен аталып өтілгені, сол дүбірлі тойдың басты бір естелігіндей болып қасиетті Жидебайда Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылғаны баршамызға мәлім. Сол тұста Елбасымыз “қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі” деп өзінің лайықты бағасын берген данышпан ақынға құрмет бұдан кейінгі жерде де толастамаған. С­о­­ның айғағындай, Астана мен облыс орта­лығы Өскеменде ақын ескерткіші бой кө­терген. Абайдың әр жылдағы туған күнін кең көлемде атап өту дәстүрге айналған. Айталық, тамыз айында Өскеменде “Шы­ғыс шынары” деген атпен халық­ара­лық ақындар мүшайрасы, ал Семей мен Қарауылда әдеттегідей дәстүрлі шаралар көптеп өткізілді. Сол шаралар өткен аптада кең көлемде жалғасын тапты. Оған өткен жылы Абай ескерткішін Өскеменде орна­туға мұрындық болған облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев белсенділік танытты. Жә­не осы той аясында еліміздің шығыс өңі­рінен шыққан қас таланттар Еркеғали Рах­мадиевтің – 80, Қалихан Ысқақтың – 75, Сейіт Қасқабасовтың – 70, сондай- ақ Несіпбек Айтұлының, Дидахмет Әшімха­­новтың және Нұрдәулет Ақыштың алпыс жылдықтары аталып өтілді. Мұны күні кеше ғана 75 жылдығы аталып өтілген Қа­зақ­стан Жазушылар одағының барша мү­шелеріне көрсетілген құрмет деп түсінсек те артық емес. Сонымен Семейде өткен аптаның сей­сенбі күні хакім ақынның 165 жылдығына арналған шара жыр кешімен ашылды. Тамсандырған жыр кеші Абай атын­дағы сазды-драма театрында халықаралық Жамбыл және Мұқағали Мақатаев атын­дағы сыйлықтардың лау­реаты, “Алтын тамыр” журналының бас ред­акторы, ақын Несіпбек Айтұлының “Да­риға, дәурен” деген атпен шығарма­шы­лық кеші өткізілді. Ақынның өзі айт­қан­дай, бұл кеш те Абайдың құрметіне ар­на­лып өткізілді. Кештің кей кездегідей ле­пірме мақтаудан тыс өткізілуі оның мә­ні мен сәнін арттыра түсті. Оның есесіне Не­сіпбек ақынның өл­ең­дері мен дастан­дары молынан оқылды. Осы орайда се­мейлік кө­­рермендер көркем­сөз оқудың майталман ше­берлері, белгілі актерлар Болат Әбділ­­манов пен Саят Ме­рекеұлына дән риза бол­ды. Осы шараға арнайы кел­ген жезтаң­дай әншілер Еркін Құжыманов пен Гүл­мира Сарина да шырқата салған тамаша әндерімен кеш көркін әрлей түс­ті. Бір дем­де өткізілген жыр кешінің тар­тым­ды да мазмұнды болуына белгілі ре­жиссер Сәу­ле­­бек Асылханұлы да аз еңбек сіңірген жоқ. Белгілі абайтанушыға құрмет көрсетілді Абай тойының аясында өткен бұл ша­ра, сонымен бірге алда келе жатқан ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына да ар­налды. Ал оның себебі де жоқ емес. Өйт­кені, белгілі абайтанушы ғалым, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұха­мед­хановтың егемендік жолындағы күрес­керлік жолы өз алдына бір әңгіме. Оны қыс­қартып айтсақ, Кәкең 1945 жылы Қа­зақ Кеңестік Социалистік Республи­ка­сының әнұраны авторы болғандығына қа­рамастан, елуінші жылдардың басында 25 жылды арқалап Карлаг пен Гулагтың “дәмін” татып келген. Бар саналы өмірін Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың өлмес, өшпес мұрасын зерттеуге, алаш арыстарын арашалауға арнаған Қайым Мұхамедханов, әсіресе еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң өндірте еңбек етіп, “Абайдың ақындық мектебінің шәкірттері” деген жалпы тақырыппен бірнеше томдық еңбегін жарыққа шығарды. Мұның сыр­тында Абайдың 150 жылдық тойы қарса­ңында ақын шығармаларының текстоло­гиясын қайта қарап, дұрыс шығуына бір кісідей-ақ еңбек сіңірді. Міне, осындай асыл азаматқа Абай кө­шесінің бойында, Абай атындағы кітап­ха­наның жанында ескерткіш-бюст орна­тыл­ды. Осы ескерткіш панораманың екінші бір бөлігінде алаш арыстарының да кес­кін­дері бейнеленген. Осы орайда бұл игі­лікті шаруа қала әкімі Мейрамхат Айна­бековтің жеке өзінің бастамасымен атқа­рылғандығын айта кеткеніміз жөн болар. Бұл кісі қала тізгінін қолына алғаннан бергі үш- төрт жылда Семейде, Шәкәрім, Әлихан, Әміре сынды халқымыздың аяулы азаматтарына да ескерткіш орнатылғаны екінші кезектегі әңгіме. Солайша ол қасиетті Семейдің қайта түлеуіне қай жағынан болсын қызу атсалысуда. Ал осыдан кейін Абай атындағы сазды- драма театрында белгілі абайтанушы ғалым өмірі мен шығармашылығына арналған тартымды кеш өткізілді. Кеште Қайым туралы қала әкімі Мейрамхат Айнабеков мазмұнды баяндама жасады. Ол бүгінгі ша­ра тек Семей өңірі жұртшылығы үшін ғана емес, ел өміріндегі айтулы оқиға дей келіп, Абайға араша түсіп, Мұхтармен мұң­­дасқан оның тоқсан жылға жуық өмі­рінің соңғы күндеріне дейін алаш арыс­тарына деген адалдықтан таймағандығын айғақты сөзбен тереңнен қозғады. Тартымды кеш барысында қайсар Қай­ым туралы, сондай-ақ ғалымның шәкірті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Семей қаласы мен Абай ауданының құр­мет­ті азаматы, ел ағасы Хафиз Матаев, “Оты­рар” кітапханасының директоры, абай­танушы ғалым Тұрсын Жұртбаев, ор­ыс мәдени орталығының директоры, бел­гілі ғалым Михайл Панин және басқалар жүрекжарды сөздерін айтты. Қайымға ар­нал­ған кеш негізінен Абай әндерімен өр­нектеліп жатты. Ән демекші, осы күні “Ән­ді сүйсең менше сүй” деген тақырып­пен Абай әндерін орындаушылар арасында конкурс, сондай-ақ ақындар мүшайрасы өт­кізілді. Ал мерейтой иелері болса, қала­да­ғы жоғары оқу орындарында болып, сту­дент жастармен кездесті. Оның тәрбиелік мәні өте зор болғандығы айтпаса да түсі­нік­ті. Мерейтой иелеріне жоғары оқу ор­ын­дарының құрметті профессоры атағы берілді. Сүйер ұлың болса... “Бәріміз де Гогольдің шинелінен шық­қанбыз” демекші, қазіргі қазақ қаламгер­ле­рінің ұстазы да, табынар пірі де ха­кім Абай емес пе? Бірақ, сол көрнекті қа­лам­герлердің бірі Қалихан Ысқақ айтпақ­шы, әлі де Абайға тек табынып, тамсану­мен ғана келеміз, ал оны танып, білуімізде кемшін көп. Сондықтан данышпан ақынға арналған құрмет ешқашан көптік етпесе керек. Айтқандай-ақ, ақынға арналған бей­сенбі күнгі басты шара таң атпай жатып басталып кетті. Яғни, осы күні таңғысын Семейге Алматыдан “Абай” ұшағы келіп қонды. Осы орайда оқырманға түсініктеме ретінде айта кететін болсақ, бұдан жеті жыл бұрын Елбасы Жарлығымен елімізді индустриалық-инновациялық дамыту стра­тегиясы бекітілген болатын. Соған орай, “Ертіс” әлеуметтік корпорациясы “Семей­Авиа” акционерлік қоғамының әуе ке­мелерін жаңарту мақсатындағы жоба­мен айналыса бастаған-ды. Соның нәти­же­сінде шетелдік 49 орындық “Эмбраер -145” ұша­ғына қол жеткізілген екен. Жоғарыда атал­ған авиакомпания Орталық Азия бойынша сондай ұшаққа ең ал­дымен қол жеткізсе, оған данышпанның аты беріліп отырса, қайтіп шаттанбассың! Семейге осы жолы “Абай” ұшағымен ұш­ып келген Қазақ­стан­ның халық жазу­шы­сы Әзілхан Нұр­шайы­қов пен белгілі қа­ламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Ораза­линнің ерекше толғаныста жүргендігі байқалып-ақ тұрды. “Абай” ұша­­­­ғын, оны­мен ұшып келген қадірлі қо­нақтарды об­лыс, қала басшыларының қар­­сы алуы да ізеттіліктің белгісі деп білеміз. Ал одан кейінгі шара Абай атындағы алаңдағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасып жатты. Бұл шақта қадірлі қонақтарды осындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік универси­тетінің оқытушы-студенттері, жалпы қала жұртшылығы асыға күтіп отырған-ды. Мұнда “ Абай мұрасы – адамзаттың асыл қа­зынасы” деген атпен халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оның жұмысын облыс әкімі Бердібек Са­парбаев өзі ашып, жүргізіп отырды. Кон­фе­ренция барысында Қазақстан Жазу­шы­лар одағы басқармасының төрағасы Нұр­лан Оразалин, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің про­фессоры Николай Анастасьев, академик-сенатор Ғарифолла Есім, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының ди­­­ректоры Сейіт Қасқа­ба­сов және Шәкәрім ат­ын­дағы Семей универс­и­­теті гумани­тар­лық фа­куль­­те­тінің де­каны, Арап Ес­пен­бетов хакім ақын ту­ра­лы сын­дарлы сөз қозғады. Мұнан кейін қонақ­тар Сәтбаев көшесінде болды. Ал оның да себебі жоқ емес-ті. Бұрнағы жылдары қайта жөндел­ген Абай, Шәкәрім, Әуе­зов көшелерінің күндері өткізілген еді. Енді сол дәс­түрмен Сәтбаев кө­ше­сінің күні өтті. Алыс, жақыннан келген қонақ­тар бұл тұрғыда қала бас­шылығына риза­шы­лық­та­рын білдіріп жатты. Шын­дығында бұл бүкіл ел көлемінде үлгі болар­лық­тай игі бастама. Сол күні Абайдың 165 жылдығына арналған негізгі шара түс ауа ақын атындағы театрда өткі­зіл­ді. Онда басты сөзді об­лыс әкімі Бердібек Са­пар­­баев айтты. Әкім өз сөзінде хакім ақын­ның есімін асқақтату мақсатымен еліміздің шығысында атқарылып жатқан оңды ша­раларды айта келіп, енді Абай ескерткіші Нью-Делиде ашылғалы жат­қанын зор қуанышпен мәлімдеді. Ол сөзінің соңында жиналған қауымға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен республика Парламенті Мә­жілісінің спикері Орал Мұхамеджановтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, Мәде­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құт­тықтау хатын вице-министр Ғазиз Те­лебаев оқып берді. Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Са­парбаев сахнаға мерейтой иелерін шақы­рып, оларға облыс жұртшылығы атынан сый-сияпат жасады. Ал халқымыздың айтулы ақыны Тұманбай Молдағалиев мерейтой иелерін құттықтай келіп, Абайға арналған өлеңін оқыды. Абай ұрпақтары атынан сөз алған ақынның жиені, респуб­ликалық Абай қорының директоры Бал­табек Ерсәлімұлы облыс, қала басшы­лығына рахмет айтты. Осы орайда бұл тойға Абайдың тікелей ұрпақтары Ишағы мен Ғазел әжелер, Данияр бауырымыз, Ом­быдан Көкбай ақынның ұрпағы Аман­гелді келгенін айта кеткеніміз жөн болар. Мұн­дағы мазмұнды жиын да Абай әнде­рімен өрнектеліп жатты. Жұма күні қонақтар Абай ауданында бол­ды. Олар жолай тарихи орындарға соқ­ты. Ал Қарауылтөбеде ат жарысы, балуан­дар күресі өткізілді. Қонақтар Абай елінің атақты “Қаламқас” халық ансамблінің кон­цертін де осы арада тамашалады. Қа­рау­ылтөбеде жиырмаға жуық киіз үй тігілді. Солайша той қонақтарын күтісуге абайлықтармен бірге, Аягөз, Бесқарағай және Бородулиха аудандары да өз үлес­терін қосты. “Абайдың өлген күнінен қан­ша алыстасақ, рухына сонша жақын­дар­мыз” деп Міржақып бабамыз айтпақшы, осындай мерекелі де берекелі шаралардан соң шындығында да Абай рухына жақын­дай түскеніміз анық. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. ----------------------------- Суретте: той көріністері.