Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігі тағының мұрагер ханзадасы Филиппті қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда, индустрия және инвестиция мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Ханзада Филипп – қазіргі Бельгия Королі Алберт ІІ-нің үлкен баласы. 1992 жылы әкесі таққа отырғанда оған Брабатант герцогы деген ресми атақ берілген. Ханзада Оксфорд университетінің колледжін, артынан АҚШ-тың Стэнфорд университетін бітірген. 1988 жылы осы университеттің саясаттану мамандығы бойынша магистрі дәрежесін алған.
Ханзада Филипп елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерге тығыз араласып тұрады. Ол 1988 жылы Бельгиядағы түрлі тілдер арасындағы кикілжіңдерді өзара реттеуді көздейтін қор ашқан.
Кешегі кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тақ мұрагерінің Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырғанын атап өтіп, осы жолғы сапарында өзімен бірге бір топ бельгиялық іскерлерді ала келгеніне ризашылығын білдірді. Өзара байланыстарды тереңдету мен ынтымақтастықты арттыра түсуде олардың келулерінің маңызы зор, деді Қазақстан басшысы. Одан әрі Президент өзінің 2006 жылы Брюссельге жасаған сапарын, онда Король Альберт ІІ-мен кездескенін еске алды. Сол сапарында Елбасына Бельгияның жоғары наградасы тапсырылған еді. Президент сол ілтипатты да ризашылықпен есіне түсірді.
“Сіздің сапарыңыз менің 25-26 қазанда Бельгияға жасайтын ресми сапарымның қарсаңында болып отыр. Сіз осында және Алматыда жоғары лауазымды адамдармен, іскер топ өкілдерімен кездесіп, екіжақты қарым-қатынасты тереңдете түсудің перспективаларын қарастыратын боласыз”, – деді Елбасы осы орайда.
Өзінің жауап сөзінде ханзада Филипп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Бельгия Королі Альберт ІІ-нің сәлемін жеткізді және жылы жүзді қабылдауға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, ол бельгиялық іскер топтардың Қазақстан экономикасына қызу араласқысы келетінін мәлімдеді. Біз Қазақстанның даму қарқынына қызығушылықпен қараймыз. Сондай-ақ біз Президент Н.Назарбаевтың ел экономикасын әртараптандыру мен индустрияландыру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалаймыз. Біздің кәсіпкерлеріміз Қазақстан экономикасына араласуға мүдделілік танытып отыр. Олар, әсіресе, денсаулық сақтау мен зиянсыз энергетика салаларына араласқысы келеді, деді тақ мұрагері.
Жақсыбай САМРАТ.