Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы М.Кротовты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Сенат Төрағасы ТМД елдері арасында парламентаралық үнқатысудың дамуына қанағаттанғандық білдірді және “Парламентаралық Ассамблеяның елеулі беделі бар және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдар жүйесінде жетекші орындардың бірін иемденіп отыр”, деді. Ол ТМД елдері парламентшілерінің халықаралық бірлестіктер аясында өзара тығыз іс-қимылы қажеттігін де айтты.
Өз кезегінде М.Кротов Қырғызстандағы парламенттік сайлау нәтижелері туралы хабардар етті. Оған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының миссиясы қатысқан болатын. Ол сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне арналған, “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен келешек” тақырыбы бойынша 2010 жылғы 28 қазанда Санкт-Петербургте өткізу жоспарланып отырған халықаралық парламенттік конференцияға әзірлік барысы туралы әңгімеледі.
Әңгіме барысында Бас хатшы Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы – ТМД ПА Кеңесінің төрағасы С.Мироновтың Достастық аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін Қазақстанға алдағы сапары туралы хабардар етті.