• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Адам мен атом

560 рет
көрсетілді

АДАМ МЕН АТОМ АРАСАЛМАҒЫ  НОРВЕГИЯ АСТАНАСЫНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ӘҢГІМЕ АРҚАУЫНА АЙНАЛДЫ “Түптің түбінде адамзат атом қаруынан ат құйрығын кесіседі. Жаппай қырып-жоятын қару кел­меске кетеді. Ол күнді біз көр­ме­сек те, балаларымыз көреді. Ба­лала­ры­мыз көрмесе, немерелеріміз көреді. Сол кезде осы қасиетті іс қазақ даласында басталғанын еске алады адамзат. Сол кезде осы қасиетті істі қазақ баласы бастап бергенін де еске алады адамзат. Осыны ұмытпайық”. Еуропа жаққа жол жүрердің дәл алдында ғана дабылдық дана­сы қолымызға тиген “Қашаған құрықтаған Қазақстан” атты кіта­бы­мыздағы “Қазақ даласында басталған” деген мақалада осылай жазған екенбіз. Ойлап отырсақ, сонда тым таусыла сөйлеген де сияқтымыз. Кейінгі кездегі оқи­ға­лар адамзаттың жаппай ажал ша­ша­тын сол сұмдық қарудан құты­лар күні соншалықты ұзаққа со­зылмауы мүмкін деген үмітті оятатындай да көрінеді. Өзіңіз-ақ қараңызшы. Бұл салада едәуір өзгерістер жүріп жатыр. 2009 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіп­сіздік Кеңесінің саммиті болды ма? Болды. Онда әлем көш­басшылары ядролық қарудан ада дүниені қалыптастыруға деген ұм­тылысын қуаттады ма? Қуаттады. Биылғы сәуірде Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөнінде жаһандық саммит өтті ме? Өтті. Дәл сол саммиттің қарсаңында Прагада АҚШ пен Ресей басшы­ла­ры Барак Обама мен Дмитрий Медведев стратегиялық шабуыл­дау­шы қару-жарақты қысқарту жөніндегі келісімге қол қойды ма? Қойды. Соның артынша, мамыр айында Ядролық қару-жарақты таратпау жөніндегі шарттың Шолу конференциясы ұйымдастырылды ма? Ұйымдастырылды. Айналдырған бір жыл үшін осы жұмыс аз ба? Аз емес. Тіпті де аз емес. Норвегия астанасында кеше ашылған “Ядролық қарудан ада әлем: ядролық қарусыздану, таратпау және экспортты бақылау стратегиялары” тақырыбындағы халықаралық конференция осы салада қол жеткенді бағамдауға, жаһандық қарусыздану мен тарат­пау ісіндегі келешекті айқындауға арналған. Конференциядағы алғашқы ар­нау сөзді Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б.Сау­да­баевтың сөйлеуі Қанат Бекмыр­заұлының ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы екендігімен ғана байланысты деуге әсте болмайды. Бұл арада, біздіңше, ол ең алды­мен Нұрсұлтан Назарбаев бас­қаратын елдің, адамзат тарихында атом қаруынан өз еркімен алғаш бас тартқан елдің – Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі ретінде осындай құр­метке бөленіп отыр. Норвегия ха­лықаралық қатынастар инсти­ту­тының директоры Ян Эгеландтың кіріспе сөзінен кейін конференция қатысушыларына арнауында Қанат Саудабаев біраз жайды қо­пара қозғады. Еліміздің Мемлекеттік хатшы­сы конференцияға қатысушы­лар­дың баршасы осында ядролық қару­сыз әлемге қол жеткізудің ізгі миссиясына өз үлестерін қосу үшін жиналғанын, бүгінде Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі Вашинг­тон саммитінің және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың іс-әрекетін қарау жөніндегі шолу конференциясының қорытынды­лары бойынша ядролық қарусыз­дану үдерісінде төбе көрсеткен оң үрдістерге қолдау білдірудің өте маңызды екендігін, бұл жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев өзінің “Бейбітшілік эпицен­трі” атты кітабында атом қаруы сөз­сіз бәленің өзі, сондықтан да ол жойылып бітпейінше, өзінің шынайы “жын-шайтандық” бей­несін көрсететін оқиға табылмай қой­майды, деп жазғанын, үстіміз­дегі жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бұ­рынғы полигонның дәл кіндігіне барып, әлем мемлекеттерінің бас­шылары мен жұртшылығын  Қа­зақстан өнегесімен жүруге шақы­рып, Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың полигонды жауып, ядро­лық қарудан бас тартуда айрықша көшбасшылық көрсеткенін атап өткені жөнінде айта келіп, бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы жаһан­дық ядролық қатерді азайтуға және Ядролық сынақтарға бар­шаға ортақ тыйым салу шартын іске асыруға деген ерік-жігерін танытып отырғанын атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның Мемле­кеттік хатшысы аталған Шартты АҚШ Президенті ел Сенатының бекітуіне ұсынғанын  және Ин­донезияның осы Шартты рати­фикациялау жөніндегі шешімін жоғары бағалайтынын айта оты­рып, бірқатар елдердің Шартқа қол қоюдан және ратифи­кация­лаудан әлі күнге дейін бас тартып отырғанына өкініш біл­дірді. Қанат Саудабаев Баршаға ортақ тыйым салу туралы Шарттың күшіне енуі Ядролық қаруды таратпау туралы Шартты  тиімді іске асырудың шешуші бір бағытына айналатынын атап өтті. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ядролық қарусыздану саласында халықаралық-құқықтық мәселеде жаңа, әлдеқайда табанды қадамдар қажет екенін айтты. Солардың бірі ретінде Бөлшектенетін материал­дар өндірісіне тыйым салу туралы Шарттың жедел әзірленуі қажет­тігін мәлімдеді. “Барынша жедел түрде ядро­лық державалардың ондай қаруы жоқ елдердің қауіпсіздігіне кепіл­дік беруі жөніндегі халықаралық құқықтық тұрғыда міндеттейтін құжатты әзірлеуге кірісуді өте ма­ңызды деп санаймыз”, ­– деді Қ.Б.Саудабаев. Тек осындай ке­піл­діктер жекелеген ядролық қаруы жоқ мемлекеттердің, сондай қару­ды өз қауіпсіздігінің кепілдігі ре­тінде қарастыратын мемлекет­тердің ұмтылысына тиімді түрде қарсы қойылар еді дегенді жеткізді ол. Өз сөзінде Қанат Бекмырзаұлы ядролық қарудан ада жаңа аймақ­тар құруға мұндай қадамның қажетті серпін беретінін айта оты­рып, Орталық Азиядағы осындай аймақтың құрылуына Қазақстан­ның бастамашы болғанын жет­кізіп, Қазақстан өнегесі елдің өз дамуына қолайлы жағдайды және әлдеқайда тиімді қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін қадап айтты. Осынау мәртебелі мінберден, – деді Қанат Бекмырзаұлы, – Қазақстанның Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың Ядролық қарусыз әлемнің баршаға ортақ деклара­циясын әзірлеу жөніндегі бас­тамасының өзектілігі мен уақыт талап етіп отырғандығын тағы да қуаттағым келеді. Қазақстан ашықтықты сақтай отырып, МАГАТЭ-нің қатаң бақылауы жағдайында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пай­далануға әзір екендігі де, Ядро­лық отынның халықаралық бан­кін өз аумағында орналастыру жө­ніндегі ұсыныспен МАГАТЭ-ге қайырыл­ғаны да атап ай­тыл­ды. 2010 жыл, деді Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы ­– Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, халықаралық қауіпсіздік саласын­да  оқиғаларға толы болды. Мұ­ның өзі барлық мемлекеттер мен олардың лидерлерінің проблема­лар­ды бірлескен күш-жігермен шешуге, сөйтіп біздің әлемді бұ­рынғыдан гөрі қауіпсіз де тартым­дырақ етуге деген табандылы­ғының тағы  бір дәлелі болып та­былады. Норвегия Сыртқы істер ми­нистрі Йонас Гар Сторенің арнау сөзінен кейін конференция пленарлық мәжілістерде жалғасты. Түске дейінгі “Ядролық қарусыз­дану стратегиялары” аталған 1-ші пленарлық мәжіліске қатысушы­лар Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының осы саладағы ынтымақтастығына лайықты баға берді, Қазақстанның тажал қаруынан өз еркімен  бас тартуын үлгі ете сөйледі, сонымен бірге, ирандық және солтүстік­ко­реялық бағдарламаларға алаңдау­шылық білдірді, Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарттың іске қосылуы мәселелерін талқылады. Мәжілісте ядролық қарудан азат аймақтар құру қозғалысының қарқыны (солардың бірі Орталық  Азияда, Қазақстан бастамасы бойынша құрылған, ол құжатқа Семейде қол қойылған), сондай аймақтарды әлемнің басқа өңірлерінде құру жайын қарастырды. Мәжіліске Норвегия халықаралық қатынастар институтының бұрынғы дирек­то­ры Сверре Лодгаард модераторлық жасады. Норвегияның радиация­дан қорғау басқармасының бас директоры Уле Харбитцтің моде­ра­торлығымен өткен “Таратпау және экспорттық бақылау” тақы­рыбындағы пленарлық мәжілісте ядролық энергетикаға қызығушы­лықтың артуы бүкіл әлемде та­ратпау режіміне кәдімгідей қатер төндіре бастауы мүмкін деген қауіп ортаға салынды. Әсіресе, ядролық материалдармен сауда жасау мен экспорттық бақылауға көп көңіл бөлінді. Бұл мәжілісте бізден “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы акционерлік қоғамының президенті Владимир Школьниктің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы агенттігінің төраға­сы Тимур Жантикиннің қатысып, сөз сөйлегені орынды болды. Қа­лай дегенде де бүкіл әлемдегі уран қорының ширек бөлігі бізде екені белгілі. Қалай дегенде де бүкіл әлем Қазақстан уранына көз қы­рын салып отыр. Ел өкілдерінің Қазақстанның бейбіт атом энер­гетикасын дамыту жөніндегі сөз­дері салмақты шықты деуге болады. Сыртқы саясат саласына қызы­ғушылық танытатындар Қазақ­стан-Норвегия қарым-қатынас­тарының қар­қынына да, сипатына да  назар аудар­май тұра алмайды. Солтүстік полюске жа­қын жерде, бір қиырда жатқан Норвегияның (Қанат Бекмыр­за­ұлының өзіне айтқызса­ңыз, “біздің елдеріміз бір-бірінен онша алыс емес, екі елдің арасында бір-ақ мемлекет бар”) Қа­зақ­стан тәуелсіз­дігін жарты айдың ішінде (1992 жылдың 2 қаң­тарында) танып, жарты жылдың ішінде (1992 жылдың 5 маусымында) бізбен дип­ломатиялық қарым-қа­тынас орна­тып үлгеретін­дей не жөні бар екеніне таң­дануға да болатындай. Ал дұрысында таң­дана­тын түгі жоқ. Әлемдегі аса ірі мұнайлы мем­лекеттердің бірі ретінде танымал (елдің Мұнай қорында 400 мил­лиард долларға жуық ақша қордаланып тұр!)  Норве­гия Қазақстанның көмір­сутектері байлығын салған беттен-ақ білген, бағала­ған. Президент Н.Ә.Назар­баевтың Норвегия Король­дігіне 2001 жылдың 2-4 сәуір күндері жасаған ресми сапарынан бері екі елдің ынтымақтастығы жаңа сатыға көтерілді. Бұған бір жарқын мысал ретінде 1993-2009 жылдар аралы­ғында Қазақстан экономикасына салынған норвег­тік инвестиция көлемі 82,5 мил­лион АҚШ дол­ларына тең екенін айтудың өзі жеткілікті болар. Кейінгі кездегі қарқын тіпті бө­лекше. Журна­листерге осындағы дипмиссия қыз­меткерлері (дип­миссия демек­ші, сауда айналымы жаңағы айт­қан санның ширегіне де жақын­дамайтын кей елдерде құрылып жататын елшіліктің осындай қуатты елде, әлемдік саясатқа баға беруде өз орны бар елде әлі күнге құрылмай келе жатқанына таң­данатынымызды сөз арасында болса да айта кете­лік) дайындап берген анық­та­малық  материалда биылғы бірінші тоқсанның өзінде 15,1 миллион долларлық норвег инвестициясы елімізге келгені жазылыпты. Бір жақсы жері – Мемлекеттік хатшы – Сыртқы іс­тер министрі Қ.Саудабаев Норве­гия­мен жан-жақты байланыстарға тиісінше көңіл бөліп-ақ келеді. Алдыңғы жылы, 2008 жылдың 14-17 мамы­рында осы Ослоға Қанат Бек­мырзаұлының ресми сапарын газет бетінде көрсетуге келгенбіз. Мемлекеттік хатшының Король Харальд V-пен, ел үкіметінің бас­шысымен, сыртқы саясат ве­домствосы жетекшісімен кез­дес­кенін көргенбіз. Қанат Саудабаев Нор­вегияға өткен жылы да келіп кеткен, “Ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық ынты­мақтастықты нығайту” аталған Қазақстан-Норвегия семинарында сөз сөйлеген. Биыл, міне, тағы келіп отыр. Осындай сапарлардың арқасында Норвегия Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қол­даған елдердің де алғы тобында бол­ды. Қазақстанда ЕҚЫҰ Сам­ми­тін шақыру идеясын қолдаған елдердің де алдынан табылды. Норвегия Стортингінің (ел Пар­ламенті) президенті Д.Андерсен­мен, Қорғаныс және халықаралық қатынастар комитетінің мүше­лерімен пікір алмасудың нәтижелі болатыны да, тақ мұрагері – Кронпринц Хоконмен (король қазір науқас) кездесудің екі ел арасындағы ынтымақтастықты да­мытуға соны серпін қосатынды­ғына сенетініміз де сондықтан. Норвегия Сыртқы істер министрі Й.Сторенің ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сын­дағы төрағасы, Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың құрметіне берген кешегі қонақасы кезінде Қазақ­станның Ұйымға төрағалығына жоғары баға берілді, екі елдің қарым-қатынастары барлық салада жаңа биікке шығатындығы жө­нін­де айтылды. Норвегияның ресми қабылдау­лар үйінде екіжақты құжаттарға – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Норвегия Корольдігі Үкіметі­нің арасында тұлғалардың  Риад миссиясы  (мемлекеттің өз азама­тын  депортациялауға келісім бе­руі) туралы, сондай-ақ диплома­тиялық паспорт иелерін виза алу талабынан босату туралы келі­сімдерге қол қойылды. Қол қою рәсімінен кейін жур­налистер үшін ұйымдастырыл­ған шағын брифингте Норвегия Сыртқы істер министрі Й.Сторе Қазақстанның қарусыздану үдері­сін­де түйінді рөл атқарып отыр­ғанын атап өтті. “Астана Сам­митіне 49 күн қалды. Норвегия Саммитті ойдағыдай өткізу үшін Қазақстанға қолдан келген көмек­тің бәрін де жасайды. Саммит Қа­зақстанның табысты төрағалығын тамаша түйіндейті­ніне сенемін. Қазақстан төраға ретінде өзіне өзі ерекше тест ойлап тапты. Енді сол тесті мү­дір­мей тапсырғалы отыр. Нор­вегия 1999 жылы, Ыстамбұл саммиті  өтетін жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен ел. Сондықтан да біз бұл мәселенің қандайлық жауапты екендігін жақсы біле­міз”, деді Й.Сторе. Норвегия – қай жағынан да бөлекше құрметтеуге лайықты мем­лекет. Ежелгі ер викингтер ұрпақтарының сыртқы саясаттағы дербестігінің өзі-ақ қызығар­лықтай. Екі нәрсені ғана айтайық­шы. Біреуі – Палестина-Израиль текетіресі, екіншісі – Ауған­стандағы ахуал болсын. Норвегия Израиль әрекеттерін агрессия деп сипаттап, келіссөздерде ымыраға келуге ұмтылмайды деп санаумен шектеліп қана отырған жоқ, Нор­вегия Палестина автономиясына тұрақты түрде көмектесіп келеді – биылғы ақпан айында кезекті 50 миллион доллар көлемінде транш төлемін жасаған. Норвегия Сыртқы істер министрлігінде әлем мемлекеттеріне гуманитарлық, материалдық және техникалық көмек көрсетумен айналысатын арнаулы ведомство бар. Сол ведомство Ауғанстанға жыл сайын 121 миллион АҚШ долларын ауда­рып отырады. Мақаланың орта тұсында елдің Мұнай қорында 400 миллиард доллардай ақша жина­лып тұрғанын жазғанымызға қа­рап, Норвегияны қаржысын қайда шашарын білмей жүрген мемлекет санап қалмаңыз. Байлығы Нор­вегияны бірнеше орап кететін кей елдер тарапынан да мұндай ірілікті көре қоймаймыз. Мәселе норвег­тердің мына жаһандану заманында бүкіл әлем тағдыры тұтасып кет­кенін сергек сезінуінде, дүние дүбірлеп тұрса, оның дүңкілі Скан­динавия түбегіндегі бақуатты бұл елге де жетерін білетіндігінде. Қанат Саудабаевтың екі күндік ресми сапары, ядролық қарусыз­дану қарқынын қарастырған халықаралық конференция қоры­тындылары  қазақ даласында бас­талған, қазақ баласы бастаған ұлы іс нақты жалғасын тапқанын көрсетіп отыр. Бұл істің шын бағасын, лайықты бағасын Уақыт беретініне, оның игілігін  Болашақ көретініне біз күмән келтірмей­тінімізді дәл осы күндерде, дәл Норвегия астанасынан жолдаған мақалада қадап айтуды қажет деп білеміз. Атом қаруын адам ойлап тапқан. Өзі ойлап тапқан қаруды адам өзі құрта алады.  Солай бо­лады. Қазақ елінің басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жарлығы­мен ядролық полигон жабылған күн – 29 тамызды дүние жүзінде ядро­лық қаруға қарсы күрес күні ре­тінде атап өту жөніндегі тікелей Қазақстан Президентінің ұсыны­сына Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдау білдіріп, сол күнді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауы солай болатынына тағы да сендіре түседі. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Ослодан.