Қазір әртүрлі саясаткерлердің, партиялар мен эстрада жұлдыздарының мезгілдік рейтингілерін түзіп тұру үрдіс пен сәнге айналды. Ал біз бұл сараптамалық мақаламызда еліміз өңірлерінің коммуналдық қызмет тарифтері бойынша бағалар рейтингін анықтауға талпынып көрдік. Мұнда өлшем коммуналдық қызметтің су, жылу және электр қуаты секілді негізгі үш түрі бойынша түзілді. Бағалар байымы Табиғи монополияны реттеу агенттігінің үстіміздегі жылғы 1 маусымда қосымша құн салығын есепке алмай ұсынған мәліметтерінен алынды.
Біз ұғымға жеңіл болуы үшін тізімдегі барлық 16 өңірді көрсеткіштеріне орай екіге бөліп алып, жоғары жағын – қымбатшылыққа ұрынған, төменгі жағын арзаншылық ауылына аялдаған аймақтар ретінде қарастырдық.
Бірінші талдау “өмірдің нәрі” атанған судың төңірегінде болсын. Бұл додада өзінен шығып жатқан ауыз су тұрмақ, аяқ суы да жоқ Ақтау абаты алдына жан жолатпайды. Кәрі Хазар жағасынан жай тапқан бұл қалада бір текше метр судың ақысы Қызылорда қаласында сатылып жатқан бір кило күріштің бағасынан да құнды. Мұнда ол артық-кемі жоқ тура 157,21 теңгеге тең. Бұдан кейінгі қымбатшылықты Көкшетау еншілеп отыр. Ақмола облысы орталығының тұрғындары әр текше метр су үшін 89,28 теңгеден ақы төлейді. Ал үшінші орынды көмірлі астанамыз – Қарағанды қаласы талассыз алып тұр. Себебі, одан кейінгі қатарға қонысын сайлаған басқа өңірлерге қарағанда, мөлшерлі суға жіберетін шығыны біраз артық (44,55 теңге) болып көрінетін шахтерлер мекеніне қалғандарының жуыр маңда жете қоюы қиын сияқты. Дегенмен, сол салынған ізбен қымбатшылық қамытын кигендер санатына кіріп кеткен аймақтарды санамалап өтсек, бұдан соңғы лекте Шымкент (36,53), Талдықорған (31) және Қостанай (30,92) қалалары сап түзейді. Көштің аяғын сулары бұлардан гөрі арзан көрінгенімен, өзінен кейінгілерден қымбат болып шығатын екі қала – Қызылорда мен Петропавл тиянақтайды. Бұл екеуінде су тиісінше 24,77 және 23 теңгеден сатылуда. Мұнда Ақтаудың жағдайы түсінікті, ал Шымкентте судың неге соншама жоғары болып отырғанын түсіне қоюымыз әсте қиын.
Арзаншылық көшіне келсек, күллі Қазақстан бойынша ең төлемі аз су Өскеменде екен. Алтай аясындағы қалада оның текше метрі 15,61 теңгеден ғана. Бұдан кейінгі арзаншылық Орал мен Павлодарға қатар қонған. Оларда судың бағалары тиісінше 16,3 және 17,17 теңгеге телінген. Сегіздікті бұдан әрі Алматы (19,17), Атырау (20,14), Тараз (22,05), Ақтөбе (22,08) және Астана (22,59) қалалары толықтырады.
Енді аймақтардағы судың биылғы тамыздағы бағасының өткен жылдың желтоқсанындағы тарифімен салыстырғандағы өсімін де қарастырып көрейік. Бұл жерде су салқын және ыстық болып екі түрге бөлінеді. Соның “салқын” деп аталатын бөлігін қымбатшылық бойынша Ақмола облысы бастайды. Ол 2009 жылдың соңғы айынан бері 314,1 пайызға көтерілген! Мұның есесіне Көкшетауда осы кезең аралығында ыстық су 92,2 пайыз көрсеткішімен қайырымын қайтарыпты. Бұдан кейінгі қымбаттаудың үлкен үлесі Қостанай қаласына тиесілі – мұнда ол 114,5 пайызға жеткен. Қалған қалаларда аздаған пайыздық өлшеммен ғана құн қосылған немесе бұрынғы өлшемдері сақталып қалған. Ал Сыр бойының басты қаласында төлем жүдә төмен де түсіпті – 96,0 пайыз. Келер кезекте ыстық судың жайына келсек, баға өсімінің ең биік белдеуі Ақтөбеден көрінеді. Онда бұл көрсеткіш 120,4 пайызды тоқайлаған. Алматы қаласында 106,3 пайыздық баға өсімі бар. Оның есесіне өзге өңірлердің барлығы бұрынғы деңгейдің негізінен көп ұзай қоймапты. Сонымен бірге, салқын судан арзандау бағытын ұстанған Қызылорда қаласында ыстық су бағасының өсімі 100,0 пайыз етіп көрсетілген екен. Ал бұл қалада ең соңғы рет қашан ыстық судың болғанын онда баяғыдан бері тұрып келе жатқандардың өзі қазір ұмытып қалған шығар.
Екінші талдау жылудан өріс алады. Коммуналдық қызметтің бұл түрі бойынша қымбатшылық көшінің басында Қостанай қаласы тұр. Тобыл жағасындағы шаһарда жылудың 1 адам үшін бір шаршы метрге төленетін төлем 92,43 теңге. Алдыңғы тараудағы қымбатшылық көшінің басында тұрған Көкшетау мен Шымкент мұнда да еселерін жібере қоймайды. Екі тізімде де екінші болған астаналық облыстың орталығы жылу ақысын 82,25 теңгеден алмақшы. Ал алдыңғы төртінші орыннан бұл жолы үшінші позицияға жылжып жеткен шымды қалада баға 77,35 теңгеден қайырылады. Басқа-басқа, күні жылы, қысы қысқа оңтүстік өлке астанасында неге мұндай алабөтен қымбат тариф белгіленіп отырғаны тағы түсініксіз. Ал оның екі жағындағы Тараз бен Қызылордадағы баға бұған қарағанда біраз имантаразылау. Олардың жайына сосын келеміз, әзірге бұл керуен келесінің төртінші тұғырынан 71,55 теңгемен Орал қаласының ойып тұрып орын алғанын айтар едік. Содан кейінгі орындарды Атырау (66,46) мен Петропавл (64,78) меншіктеп алыпты. Көш соңын Қарағанды (60,33) мен Астана (59,43) тұйықтайды.
Жылу бағасы жөніндегі ең арзан қала Талдықорған болып отыр. Мұнда ол бар-жоғы 31,25 теңгеден сатылады. Ақтау мен Өскеменде де баға тым жоғары емес, олардың біріншісінде бұл қызмет түрі үшін 37,87 теңге қаралса, екіншісінде 38,21 теңгеге таман барады. Содан соңғы арзаншылық Павлодар мен Алматы жылу орталықтарында тіркелген. Бұл бағалар 41,61 және 45,16 теңгеден хабар береді. Арзандар тізбегінің 6-8 орындары бұдан әрі Қызылорда (50,51), Тараз (55,61) және Ақтөбе (55,66) сынды қалаларға бұйырады.
Бұл бағаларды былтырғы жылдың желтоқсан айындағы төлемдер өлшемімен салыстырып көрсек, алдымыздан мынадай көріністер шығар еді. Ақтөбеде содан бері тариф 120 пайызға көтерілген. Одан кейінгі жоғары өсімге Өскемен (109), Атырау (107,9) және Павлодар (107,5) ұрынған. Сонымен бірге, қалалар арасында жылу пұлын арзандатуға тәуекел еткендері де бар. Оның біріншісі 74,2 пайыздық көрсеткіші бар Көкшетау болса, екіншісі 99,7 пайызға қазық байлаған Қызылорда болып табылады. Осы жерде жоғарыдағы көрсеткіштерге қайыра бір көз салсақ, көкшетаулықтар үшін бұл төмендеу үдерісі төлем мөлшерін бәрібір айтарлықтай азайта алмағанын аңғарар едік.
Келесі талдау электр қуаты төңірегінен түйін тарқатады. Бірден айтып қоятынымыз, еліміздің өңірлеріндегі электр энергиясы төлемдеріне байланысты біржақты әңгіме айту қиындау. Себебі, бірқатар қалаларда оның тарифі біртұтас болса, тағы бір кенттерде керісінше жылдың әртүрлі мезгілдері мен тәуліктің уақытына қарай түрліше бағалар белгіленген. Біз кестесін пайдаланып отырған агенттік те осының жайын тарқатып айта келіп, мұндағы бағалардың электр плиталарын пайдаланбайтын жеке тұлғалар үшін белгіленген тарифтер бойынша алынғанын ескертеді.
Бұл бағыттағы қымбат бағаны мұның алдындағы көшті бастаған Қостанай қаласы көрсетіп отыр. Еліміздегі ең астықты өңірдегі тұрғындар әр киловатт-сағат электр энергиясы үшін 12,29 теңге ақша шығарады. Екінші орындағы Алматы одан сәл ғана кейін – 12,19 теңге. Ал үшінші орынды тағы да құрметті Шымкент шаһары алады. Мұнда жарыққа төленетін пұл 11,04 теңгеге теңеседі. Осыдан соңғы үш орынға жайғасқан Талдықорған, Көкшетау және Қызылорда қалаларының көрсеткіштері бір-бірінен тым алшақ кетпейді. Айталық, бұлардың алдыңғысында ол 10,91 теңге болса, кейінгі екеуінде тиісінше 10,69 және 10,66 теңге болып белгіленген. Көштің соңын жабатын Астана мен Таразда тиісті төлемдер 9,38 және 9,24 теңге болып бекітілген.
Жоғарыдағы бағаларға қарағанда, арзандар көшін бастап тұрған қалалардағы тарифтерді тіпті сутегінге бағалауға болар еді. Мәселен, Ақтау, Атырау және Қарағанды қалаларындағы төлем төркіндері туралы осыны айтқан ләзім шығар. Оларда электр қуатының бір киловатт-сағатына төленетін ақы 4,19-4,46 теңге аралығынан қайтады. Бұлардан гөрі көтеріңкі көрінетін Орал мен Өскемендегі бағалар, жоғарыда қымбаттар қатарын қайыстырып тұрған қалалардағыға қарағанда, әлдеқайда әлхам-шүкір. Себебі, бұлардың бірінде жарыққа 6,14 теңгеден төленсе, екіншісінде 6,59 теңгемен есеп айырысады. Оның арғы жағында 6,89 теңгемен – Петропавл, 7,27 теңгемен – Ақтөбе және 8,65 теңгемен Павлодар қалалары тұр.
Өткен жылдың желтоқсанынан бері электр қуатын қатты қымбаттатып жіберген аймақ ретінде Қызылорданы атаймыз. Мұнда ол пайызға шаққанда 118,2 өлшемін көрсетіп тұр. Екінші орынға 117,2 пайызымен Алматы қаласы орналасады. Үшінші орындағы Қостанайда жарық пұлы 116,5 пайызға өскен. Ал арзаншылықты, яғни желтоқсандағы деңгейді Атырау мен Орал ғана ұстап қалған. Еліміздегі ең арзан электр қуаты бар Ақтауда да тариф былтырғы мөлшерден көп көтеріле қоймаған. Мұндағы пайыздық өлшем 102,3 цифрын көрсетіп тұр.
Сонымен, жоғарыдағы кестелер үш қызмет түрі бойынша еліміздегі ең қымбат және арзан қалалардың аттарын атап берді. Ол төмендегідей көрініске ие болды.
“Су” көрсеткіші бойынша ең қымбат қалалар: 1. Ақтау, 2. Көкшетау, 3. Қарағанды, 4. Шымкент, 5. Талдықорған. Ең арзан қалалар: 1. Өскемен, 2. Орал, 3.Павлодар, 4. Алматы, 5. Атырау.
“Жылу” көрсеткіші бойынша ең қымбат қалалар: 1. Қостанай, 2. Көкшетау, 3. Шымкент, 4. Орал, 5. Атырау. Ең арзан қалалар: 1. Талдықорған, 2. Ақтау, 3. Өскемен, 4. Павлодар, 5. Алматы.
“Электр қуаты” бойынша ең қымбат қалалар: 1. Қостанай, 2. Алматы, 3. Шымкент, 4. Талдықорған, 5. Көкшетау. Ең арзан қалалар: 1. Ақтау, 2. Атырау, 3. Қарағанды, 4. Орал, 5. Өскемен.
Сөзіміздің түйінінде аймақтардың айбынын көрсете алатын жоғарыдағы көрсеткіштерге орай ойымызды жинақтап көрейік. Үш кестеде де қымбатшылықтың қынасынан шықпаған Көкшетау (2 рет – екінші, 1 рет – төртінші) мен Шымкент (2 рет – үшінші, 1 рет – төртінші) және екі рет көш бастаған Қостанай қалалары алдарына жан салдырмай тұр. Сол сияқты үш кестеде де арзан қалалар бестігінен табылған Өскемен жөнінде ерекше жылы сөз айтуға болады.
Енді ежелден келе жатқан классикалық тәсілмен әрбір қызмет түрі бойынша арзандар тобы басындағы бірінші қалаға 16 ұпай жазып, одан кейінгілеріне орындары төмендеген сайын бір ұпайдан кемітіп, кесте соңындағы ең қымбат қалаға 1 ұпай бергенше есептеулерді жалғастырып шықсақ, үш көрсеткіштің жиынтығы бойынша олардың рейтингілері анықталады.
Қорытынды кесте төмендегідей болып шықты:
1. Өскемен – 42
2. Павлодар – 36
3. Ақтау – 32
4. Орал – 32
5. Атырау – 32
6. Тараз – 29
7. Ақтөбе – 29
8. Алматы – 27
9. Талдықорған – 26
10. Петропавл – 25
11. Астана – 24
12. Қарағанды – 24
13. Қызылорда – 24
14. Шымкент – 10
15. Көкшетау – 8
16. Қостанай – 8
Бұл жерде баллдары бірдей қалалардың орындарын ажыратуда олардың кестелерде жекелеген көрсеткіш бойынша жоғарырақ орын алғандары алдына қойылды. Ал түзілген кесте, тұтастай алғанда, еліміздің қай қаласында коммуналдық қызметтің негізгі түрлері арзан екенін нақты көрсетіп бере алады.
Серік ПІРНАЗАР.
Астана.