• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Қазмырыш – халық қамқоры

690 рет
көрсетілді

Сейсенбі күні Шығыс Қазақ­стан облысына “Нұр Отан” ха­лық­тық-демократиялық партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин келді. Партия же­текшісін әуежайда Шығыс Қа­зақ­стан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алған соң, ол “Нұр Отан” ХДП Шығыс Қазақ­стан облыстық филиалының ке­зектен тыс ІХ коференциясы жұмысына қатысты. Конференциядан соң Н.Нығма­ту­лин бастаған меймандар “Каз­цинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне атбасын бұрды. Бұл жерде алғашқы таныстық “Жаңа металлургия” жобасынан басталды. Биыл аталмыш кәсіпорын екі зауыт­ты іске қоспақ. Балқыту цехы іске қосылғаннан кейін жылына 70 мың тонна катодты мыс шыға­рылатын болады. Келген қонақтар мыс балқыту зауытының метал­лургтерімен пікір алмасты. – Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танылып отыр. Елбасының сарабдал саясаты нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудеміз. Жел­тоқсанда өтетін Астанадағы Сам­мит­ке Ұйымға мүше барлық елдер­ден мемлекет басшыларын қоса алғанда, жоғары лауазымды адам­дар келеді деп күтілуде. Ал  сіздер­дің жұмыстарыңызға келсек, метал­лург мамандығы маған жақсы та­ныс.  “Казцинктің” атақ-даңқы да қазір дүние жүзіне белгілі. Елбасы жақындағы сапары кезінде сіздер салған алты теннис корты мен 280 орындық балабақшаны аралап көр­ді, ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да биік белестерге жете бе­ріңіздер, – деді “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары. Облыс әкімі Кенді Алтайдағы өркенді өзгерістер жайлы айтып берді.  “Су тасқынынан 23 елді ме­кен­де 600-ге тарта тұрғын үйдің, мек­тептер мен жолдардың істен шыққанын білесіздер. “Казцинк” басшылары қаржы жағынан демеп жіберді, әлеуметтік ғимараттарды салып беруде. Су апаты толығымен жойылды, енді бірер күнде зардап шеккендердің барлығы жаңа үйлерге қоныстанатын болады”, деді өңір басшысы. Кеше меймандар “Азия-авто” кө­лік зауытында да болып, жаңадан құрастырылып жатқан темір тұл­пар­ларды көрді. “Азия-авто” зауы­ты президентінің бірінші орын­ба­сары Е.Сағымбаев қазір көліктердің еліміздің барлық облыстарына са­тылып жатқанын айтып өтті. Көлік жасаушылармен пікір алмасқан партия Төрағасының  бірінші орын­басары олардың жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. ---------------------------------- Суретте: “Казцинк” металлург­терімен кездесу кезінде.