ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің міндеттемелер шолуынан басталды
Варшавада 30 қыркүйек пен 8 қазан аралығында соңғы он бір жылдан кейін өткелі отырған Ұйым Саммитіне ресми әзірлік аясында ЕҚЫҰ Шолу конференциясының бірінші бөлігі өтті. Әдетте шолу конференциялары осындай үлкен саммиттер қарсаңында ұйымдастырылады. Онда қатысушы мемлекеттер Ұйым аясында өздеріне алған міндеттемелердің орындалу барысын қарайды.
Сыртқы істер министрлері Кеңесінің шешіміне сәйкес биылғы жылы шолу конференциясы қазан мен қарашада Варшавада, Вена мен Астанада өтеді. Онда Астанада 1-2 желтоқсанда болатын Саммитке әзірлік мәселелері қарастырылады.
Варшавада өткен шолу конференциясының пленарлық мәжілісінің ашылуында сөйлеген еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі Константин Жигалов 1975 жылы Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылған сәттен бері елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін атап көрсетті.
“ЕҚЫҰ өңіріндегі адамдар бүгінде бұрынғыдан әлдеқайда ашық саяси және экономикалық жүйелерде өмір сүреді және әскери-саяси шиеленістер, Хельсинки үдерісінің бастауында болғанындай, оларға салмақ түсірмейді”, деді ол.
Алайда, өкінішке орай, Қорытынды актінің қағидаттары мен ЕҚЫҰ міндеттемелері бүгінде толық мәнінде сақталып, жүзеге асырылып отырған жоқ. Күш қолдану бұрынғысынша дауларды реттеудің мүмкіндігі ретінде қарастырылады, сондықтан да осы күнге дейін мемлекеттер арасындағы қақтығыс қаупі жойылып біткен жоқ. Тіпті жай қару-жарақты бақылау үдерісі тығырыққа тіреліп қалды.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу айтқанындай, шолу конференциясының мақсаты “бір мәселеге келіп тіреледі: біздің үкіметтер ЕҚЫҰ-ға қатысушы басқа мемлекеттерге және біздің бәрімізге – азаматтарға қатысты өздері қабылдаған міндеттемелерді ұстана ма?”.
Варшавада өткен шолу конференциясының бірінші бөлігі аясында адами өлшемдер саласындағы міндеттемелер – адам құқықтарын сақтау, демократиялық басқару және толеранттылықты ілгерілету мәселелері қаралды. Ал 18-26 қазанда Венада мөлдірлік және ынтымақтастық деңгейін арттыру секілді әскери-саяси өлшемдегі және экономикалық-экологиялық өлшемдегі ақылға сыйымды басқаруды ілгерілету мәселесі қарастырылады. Ал Астанада 26-28 қарашада өтетін шолу конференциясының соңғы бөлігінде тағы да адами өлшемдерге айрықша назар аударылмақ.
ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо ЕҚЫҰ ұсынған басқару моделі сәтті болып табылатынын, алайда тұрақты назарда ұстауды талап ететінін мәлімдеді. “Ұйымның негізіне алынған мақсатты ой-ниеттерді жүзеге асыру ісінде ЕҚЫҰ әр мемлекеттің белсене қатысуын және олардың саяси ізгі ерік-жігерін қажет етеді. Бұл жанды жоба ынтымақтастықты негіз ететін теңдік және қауіпсіздік рухы қағидаттары негізінде тұрақты жетілдіріліп отырады”.
Польша мемлекеттік хатшысының орынбасары Гражина Бернатович шолу конференциясы кезінде атқарылуға тиіс жұмыстар Астанадағы Саммиттің ерекше әлеуетін көрсететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Астанадағы ұлы жиын “мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру үдерісіндегі, сондай-ақ Ұйым беделін нығайтып, оның қызметін жандандырудағы маңызды кезең” болады.
Шолу конференциясына төрт жүзге жуық үкіметтік емес ұйымдар қатысуда. Олардың жұмыс сессияларына толық қолжетімділігі қамтамасыз етілген және үкіметтер өкілдерімен тең жағдайда өзекті проблемаларды талқылай алады.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.