• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Төрағалықтың тоғыз айы

446 рет
көрсетілді

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетіне кірісер алдында Ұйым­ның барлық үш өлшеміне бірдей баса мән беру қажеттігін мәлімдеген бо­латын. Бүгінде еліміз жауапкершілігі жоғары сол мақсат-міндетті абы­рой­мен орындап келеді. Ал “екінші өл­шем” аталатын экономикалық-эко­логиялық өлшемге келетін болсақ, оның маңыздылығы ЕҚЫҰ аясында өткен көптеген халықаралық жиын­дарда, сондай-ақ “Корфу үдерісін” жүзеге асыруға қатысты басқосуларда жиі аталып жүр. 2.Экономикалық-экологиялық өлшем бойынша Қазақстан Республикасы өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымның үш өлшемінің екіншісі – экономика­лық-экологиялық өлшемге байланысты өткізілетін негізгі шаралардың бірі ре­тінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет­тер­дің 18-ші Экономикалық-экологиялық форумын ұйымдастыруды қарастырған бо­латын. Форумның күн тәртібіне ЕҚЫҰ кеңістігіндегі шекара бекеттері­нен өтетін жерүсті көліктерінің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуді күшейту, халық­аралық автокөлік және темір жол көлік­тері қатынастары қозғалыстарын жеңіл­дету мәселелері енгізіліп, бекітілген еді. Еліміз осынау халықаралық ауқымды шараны өткізуді ЕҚЫҰ төрағасы “үш­тігінің” қатарына енген 2009 жылы-ақ қолға алды. Сөйтіп, Қазақстан 2009 жыл­дың 12-13 қазанында Ұйымның 18-ші Экономикалық-экологиялық форумына дайындықтың бірінші конференциясын өткізді. Ал 18-ші Экономикалық-эколо­гиялық форумның бірінші бөлігі 2010 жылғы 1-2 ақпанда Вена қаласында Қа­зақстанның төрағалық етуімен өткізілді. Онда қатысушы елдердің өкілдері жа­һан­дық қаржы дағдарысы кезінде авто­көлікпен халықаралық жүк тасымал­дау­дың тиімділігін арттыру, шекаралардан көлік түрлерін өткізу тәртібін оңайлату, өңірлік ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Орталық Азияның Ауған­станмен шекараларындағы өту-өткізу бекеттерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық шараларын қарастыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, форумда қатысушылар на­зарын ауғанстандық өкілдердің пікір­лері мен ұсыныстары ерекше аударды. Ауғанстандық өкілдер өз елдеріне кіретін халықаралық көлік жолдарының қазіргі қиын жағдайынан хабардар ете келіп, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді алдағы уақытта Ауғанстан Ислам Респуб­ли­ка­сының экономикасын орнықтыру бойынша ынтымақтастыққа шақырды. Өйткені, бұл елдегі халықаралық жол­дарды былай қойғанда, ішкі көлік жолдары да сын көтермейді. Оның басты себебі, саяси тұрақсыздықта жатыр. ЕҚЫҰ аясындағы 18-ші Экономи­ка­лық-экологиялық форумға дайындықтың екінші конференциясы осы жылдың 15-16 наурызында Минскіде өтті. Бұл жи­ын­ның жоғарыда атап өткен экономи­калық жиындардан айырмашылығы, онда темір жол қатынасын жандан­дыру­ға байланысты өзекті мәселелер тал­қыланды. Мысалы, темір жолдармен жүк тасымалдауда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің шекара­ларында темір жол көліктерін өткізу тәр­тібін жеңілдетуге баса назар аударылды. Конференцияға қатысушылар, сондай-ақ жерүсті көлік құрылымдарында лаңкес­тікке, басқа да апатты жағдайларға соқ­ты­ратын іс-әрекеттерге қарсы күресті жандандыру бүгінгі күнгі негізгі ба­сымдықтардың бірі болып табылатын­дығын атап көрсетті. ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық қызметін үйлес­тіруші Г.Свилановичтің конфе­рен­цияның жоғары деңгейде ұйымдас­тырылғанына, онда талқыланған мәселе­лердің өзектілігіне жоғары баға бергенін де айта кетейік. Ұйымның 18-ші Экономикалық-экологиялық форумының қорытынды жиыны 2010 жылдың 24-26 мамырында Прага қаласында өткен еді. Оның жұ­мы­сына БҰҰ Бас хатшысының орынбасар­лары С.Диарра мен Я.Кубиш, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.Бришамбо, ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық қыз­метін үйлестіруші Г.Свиланович қатыс­ты. Осының өзі Қазақстан төрағалы­ғының кезінде өткен бұл жиынның аса ауқымдылығын, онда талқыланған мә­селелердің жалпыға ортақ өзекті екендігін көрсетіп берді. Ал жиынға қазақстандық делегацияны Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов бастап барды. Форум алты пленарлық отырысқа бөлініп жұмыс істеді. Оларда негізінен Еуропа мен Азия арасында транзиттік жүк тасымалын дамытудың перспек­тивалары, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшемінің міндеттемелерін жүзеге асырудың барысы, халықаралық жүк тасымалын басқаруды қамтамасыз ету, Орталық Азия мен Ауғанстанда қауіпсіздікті нығайту, тағы басқа да мәселелер жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, форумда еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің “Климат ауытқушылығы: Қазақстанның энергетикалық-экологиялық қауіпсіздігі” деген тақырыптағы арнайы шарасы таныстырылды. Қатысушылардың баға­лауынша, форум жоғары деңгейде ұйым­шылдықпен өткен. Біз мұны Қазақстан төрағалығына берілген оң баға деп қабылдауымыз керек. Экономикалық-экологиялық өлшем аясында ұйымдастырылған іс-шаралар мұнымен шектеліп қалмайды. Екінші өлшемнің басымдықтарын жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың 29 қаң­тарында Алматыда “Еуропа – Азия жолындағы логистиканың рөлі” деген тақырыпта тағы бір халықаралық кон­ференция болды. Конференцияны Қа­зақстан мен Литва республикаларының көлік министрліктері мен сыртқы істер министрліктері бірлесіп өткізді. Еске сала кетейік, 2011 жылы ЕҚЫҰ төр­ағалығын Қазақстаннан Литва қабылдап алады. Конференцияның мақсаты – көлік­тік-логистикалық озық тәжірибелерді пайдалану арқылы соған қатысты са­лаларды дамыту және бірнеше мем­лекеттің шекараларымен өтетін транс­құрлықтық жүк тасымалын оңтай­ландыру. Өйткені, аталған мәселелерде шешімін күткен проблемалар жетіп жатыр. Жиын барысында Еуразия кеңістігінде көлік логистикасының қазіргі жағдайы, оны дамы­тудың проб­лемалары, сондай-ақ көліктік-логис­тикалық дәліздерді ұйымдастырудағы еуропалық елдердің тәжірибесі ортаға салынды. Егер бұл проб­ле­ма­лар жолға қойылатын болса, ол трансқұрлықтық жүк та­сы­малы қозғалысын жедел­дете түседі. Конференцияда қатысу­шы­лар Клайпеда теңіз портының мүмкіндігімен, жұмыс тә­жі­рибесімен және Халықаралық автокөлік одағының жобасын жүзеге асыру жайымен де танысты. Сонымен қатар, Шығыс Еуропа, ТМД кеңістігінде және Азияның бірқатар елдерінде қазіргі кезде пай­даланылып жүрген автокөлік дәліздері­нің көліктік-логистикалық мүмкіндік­теріне талдау жасап, Қытайдың көлік логистикасын дамыту тәжірибесіне назар аударды. Қорытындысында, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің үкіметтеріне көлік ло­гистикасын дамытуды көтермелеу маз­мұндалған қарардың жобасы қабыл­данды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйым аясында жаһандық қар­жы-экономикалық дағдарыс тақырыбы алғаш рет 2010 жылы шілдеде өткен ІІІ Астана экономикалық форумында көте­рілген болатын. Сол форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Бонн құжаты мен Ма­астрихт стратегиясы жағдайдың өзге­руіне байланысты икемді бейімделу үшін жаңа “Маастрихт+” құжатын әзірлеуді бастау қажеттігін атап көрсеткен еді. Бұл құжатта әлемдік дамудың орта және ұзақ мерзімді перспективалары көрініс табуы тиіс. Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев осы Астана форумында, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемін нақты және мазмұнды етіп толықтыру жөнінде жаңа бастама көтерген еді. Ол үшін Еур­азиялық интеграцияның негізгі қағи­даттары мен бағыттары қамтылған кең ауқымдағы біртұтас құжат әзірленуі қажет. Ал Қазақстан Республикасының төрағалық етуімен 16-17 шілдеде Алма­тыда өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер ми­нистр­лерінің бейресми кездесуінде еліміз Ұйымның төрағасы ретінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер талқылауына Еур­азиялық интеграцияның мәселелеріне арналған арнайы құжат – “Ойласуға – азық” құжатын ұсынған болатын. ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемінің атауы көрсетіп тұрғандай, Қазақстан өзінің төрағалығы барысында Ұйымның мүм­кін­дігін іске қосу арқылы қоршаған ор­та­ны қорғау, оны орнықты дамыту са­лаларында да белсенділік танытып ке­леді. Оның ішінде Арал экологиясына қатысты проблемалар да бар. Осыған бай­ланысты халықаралық  Аралды құт­қа­ру қорының атқарушы дирекциясы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығымен ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде аталған құжатқа сәй­кес Аралдың қазақстандық бөлігінде эко­ло­гиялық және су қауіпсіздігіне ба­ғыт­­талған бірлескен жобалар жүзеге асы­ры­лып жатыр. Бұған қоса 2010 жылдың со­ңында Арал бойынша арнайы донор­лық конференция өткізу жөнінде іс-ша­ралар қолға алынуда. Бұл конферен­ция­ға халықаралық Аралды құтқару қо­рының, БҰҰ Еуропалық экономикалық комис­сиясының, Ашғабадта орналасқан БҰҰ өңірлік орталығының, тағы басқа да халықаралық ұйымдардың жетек­ші­лері мен жауапты өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Төрағалық барысында Қазақстан экономикалық-экологиялық өлшемнің ауқымдылығын және оның рөлінің ерекше маңызды екендігін ескере келіп, Іс басындағы төрағаның Көлік жөніндегі жеке өкілі және Экологиялық мәселелер жөніндегі жеке өкілі қызметтерін құрды. Бұл лауазымды қызметтерді Литва Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі В.Науду­жас пен Ұлыбританияның Еуропар­ламенттегі депутаты С.Стивенсон ат­қарады. Екі тұлға да сенімнен шығып жүр. Мысалы, В.Наудужас Ұйымның 18-ші Эконо­ми­калық-экологиялық фо­румы­ның жұ­мысына белсене қатысты. С.Стивенсон Орталық Азияның бірқатар елдерінде болып, ондағы көлік, энер­гетика және табиғат қорғау сала­ларындағы проб­лемалармен танысты. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.