Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде алты мәселе қаралса, соның бесеуі қорытынды әзірлеуге қатысты болды. Бұл жолғы депутаттық сауалдар балалар болашағы мен қазіргі жағдайына қатысты аландаушылықпен ұласып жатты.
Премьер-Министр атына жолдаған сауалында Сағынбек Тұрсынов баршаға ортақ орта білім алуға құқық берілген Ата Заңның нормасы сақтала бермейтіндігіне назар аудартты. Депутат мектеп табалдырығын аттамаған балалар санының арта бастағандығына алаңдаушылық білдірді. Ол келтірген ресми деректерге қарағанда, қазір Алматы қаласында 1100 бала, Шығыс Қазақстан облысында – 64, Ақмола облысында – 50, Тараз қаласында 23 бала мектеп партасына отырмаған. Бұл әзірге тек ресми мәлімет қана, ал бейресми ақпарат көздері мектепке бармайтын балалар санының бұдан да көп екендігін көрсетіп отыр. Екінші сауалында депутат телеарналарда көрсетіліп жататын эротикалық және зорлық-зомбылыққа құрылған фильмдердің балалар санасын улап жатқанына қынжылыс білдірді. Темекі мен ішімдікті жарнамалауға заңмен бізде тыйым салынғанымен, ол өзге елдер телеарналарын ретранцляциялау арқылы ашық көрсетілуде. Сондықтан заңның орындалуын бақылайтын қоғамдық комиссия қажет, деп санайды депутат. Гүлмира Исімбаева “Балапан” бағдарламасы бойынша бюджетте қарастырылуы тиіс нысандар құрылысының саны қысқарып қалғанын ортаға салды. Депутаттың мәліметінше, 2011 жылға арналған республикалық бюджетте 55 нысанның, кейбір дерек көздерінде құны 36,5 миллиард теңге болатын 88 нысанның құрылысына қаржы бөлінуі тиіс екен. Алайда келесі жыл бюджетінде тек құны 9 миллиард теңге болатын 33 нысан құрылысына ғана қаржы қарастырылған.
Отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерді орналастыру және оларға қызмет көрсету шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарады. Ол бойынша Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбеков баяндама жасады. Белгілі болғандай, еліміздегі Ресей Елшісінің резиденциясын салуға арналған жер телімінің орналасқан жерінің, сондай-ақ РФ дипломатиялық өкілдігі алып жатқан алаңның өзгеруіне байланысты хаттамаға 2008 жылдың 22 мамырында Астана қаласында қол қойылған. Бұл құжат жақын көршіміздің елімізде дипломатиялық өкілдігінің болуын және жұмыс істеуін тиісті жағдайда қамтамасыз етеді. Депутаттар сұрағына орай жауабында жауапты хатшысы Қазақстан елшілігіне қажетті жер телімі Мәскеу әкімшілігі тарапынан әлі шешімін таппағандығын, алайда бұл мәселенің көтеріліп отырғандығын ортаға салды. Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, бірауыздан мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.