САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ СЫН ДА ЖЕҢІЛ ЕМЕС
Қырғызстанда көптен күткен сайлау өтті. Біраз адам сол науқан қарсаңында қақтығыстар болмағанына қуанды. Енді жұрттың көңілі сайлаудан кейін не болар екен деген оймен күпті.
Бұл ел парламентаризмді қалады. Парламент атқарушы билікті тағайындайды. Сол үкімет елде тыныштық орнатып, күйзелген халықты ынтымаққа бастай ала ма – жұрт соған жауап күтіп отыр.
Осынау шағын елде 150 партия тіркеліп, сайлауға оның 29-ы қатысқаны да жұрттың саяси белсенділігін аңғартқандай. Сол белсенділікті біреу демократияның көрінісі деп шаттанса, сол демократияң күйзелістен басқа не әкелді деп күйінетіндер де бар. Қалай десек те, бұл сайлауға елдегі саяси күштер толық қатысып, парламентке бес партия өтті – “Атажұрт”, ҚСДП, “Ар-намыс”, “Республика” және “Атамекен”.
Жалпы алғанда, бұл тізім елдегі саяси күштердің ара салмағын көрсетеді. Рас, осыдан біраз бұрын бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің жақтастарын біріктіреді дейтін “Ата- жұрт” партиясы жетекші орынға шығады дегенге біраз адам сенбес те еді, тіпті оны сайлауға қатыстырмас деп те ойлаған. Бірақ партия көсемі Қамшыбек Тәшиевтің Бакиевті қайтаруға уәде беруі де жұртты дүр сілкіндірген. Ашынған халық, сәуір революциясы кезінде туыстары қаза болғандар бұл партияның кеңсесін өртеуге дейін барды.
“Атажұрт” сөйтсе де бірінші орында. Оның енді парламентте 28 орны бар. Бұл да қырғыз ағайындардың ерекшелігі. Сайлау алдында бұрынғы премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың социал-демократиялық партиясы үкімет құру құқына ие болар деген пікір көбірек айтылған. Қазіргі президент те сол партияның мүшесі. Бірақ олар бар-жоғы екінші орында, 26 мандаты бар. Кешегі сәуір революциясында көсем болып көрінген, бұрыннан билікпен текетіресте жүрген Өмірбек Текебаевтың “Атамекен” партиясына бәс қойғандар баршылық еді. Сірә, олардың парламентке өткен партиялардың соңғысы болғанын жеңіс деу де қиын-ау. Оларға бар-жоғы 19 орын ғана бұйырып отыр.
Феликс Куловтың “Ар-намыс” партиясының ойып тұрып үшінші орынға шығуын олар үшін үлкен жеңіс деп бағалауға болар. Мәскеуге барып, қолдау көріп қайтқан партия көсемі сол қадамымен елдегі орыс тілді сайлаушылардың ықыласын аударды. Тіпті ел ішінде оның Мәскеуге арқа сүйегенін, сондай-ақ РФ-нің Қырғызстандағы сайлауға ықпал еткенін айыптаған әңгімелер де айтылды.
Бизнесмен Өмірбек Бабановтың “Республика” партиясының 23 мандатқа ие болуы да көп адам күте қоймаған жетістік. Оның есесіне көптен бері ауызға ілініп жүрген Темір Сариевтің “Ақ шұмқар” партиясының бес пайыздық белестен өте алмағаны да партияның бағдарламасынан емес, сірә, науқан кезіндегі белсенділігінің жетпегенінен болды-ау деген ой келеді.
Сайлау негізінен таза өтті, орынсыз бұрмалаушылық болған жоқ деген пікір қалыптасып отыр. Сайлаудың негізгі жетістігі де осы шығар.
Енді үкіметті құру кезекке келіп тұр. Осы мәселе, сірә, қиынға соғар. Жеке-дара алға шыққан партия жоқ. Бәрі деңгейлес. Коалицияға бірікпей іс бітпейді. Біріккенде де кемінде үш партия бірігуі керек. Біріге ала ма? Партия көсемдерінің әрқайсысы – бір қошқар. Бастары бір қазанға сыя алмас. Осы жерде Молдавия парламенті ойға оралады. Онда қайта-қайта сайлау өтіп жатады. Егер мұнда да коалицияға бірігіп, көпшілік орны бар блок құрылмаса, жаңа сайлау өтуге тиіс.
Қырғыз ағайындар үлкен бір сыннан өтті деуге негіз бар. Ал алда күтіп тұрған сындар да көп. Биліктің жаңа түріне көшу қашанда оңай болмаған.
* * *
ПАЛЕСТИНА МӘСЕЛЕСІН ИЗРАИЛЬСІЗ ШЕШУГЕ БОЛМАЙ МА?
Таяу Шығыстағы жағдай әрқашан әлем назарында. Ондағы шиеленіс жарты ғасырдан астам созылып келеді. Жұрт әркез Палестина-Израиль келіссөзіне үміт артады. Үміт ақталмайды. Биыл да ол Израильдің Палестина аумағындағы қоныс құрылысын тоқтатпағандықтан үзіліп қалды.
Бұл сұрақ бұрын да қойылып жүрген. Бірақ шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөніндегі парасатты ой әрқашан бірінші кезекке шығатын да халықаралық қауымдастық қарсыластарды келіссөзге жетелер еді. Сол келіссөздер кейде үміт отын да жағатын. Сонда жұрт екі жақтың келісімімен шиеленіс шешіліп жатса, дұрысы сол ғой дер еді. Бірақ екі жақта да келісімге қарсы күш бар. Жеме-жемге келгенде, солар араласып кетеді де, үмітке жетелеген келісім үзіліп қала береді.
Қарсы күштер дегенде, Палестина жағында соңғы кезге дейін Израиль мемлекетін жою басты мақсат саналып келді. Палестинаны азат ету ұйымы да, оның көсемі Ясир Арафат та көп уақыт осынау жүзеге аспайтын бағдарламаны ұстанды. Тек халықаралық қауымдастық пен қоғамдық пікірдің белсенді ықпалы арқасында өз бағдарламаларынан бұл талапты алып тастаса да, палестиналықтардың бір бөлігі, атап айтқанда, ХАМАС тобы райларынан қайтпаған. Израиль жағында да жағдайды өзгертуге, арабтардың мемлекетін құруға қарсылар жеткілікті.
Жоғарыдағы сұрақ осындай жағдайда туындаған. Оны ресми түрде араағайындық сапармен қазір Израильде жүрген Франция сыртқы істер министрі Бернар Кушнер айтса, оның испандық әріптесі Мигель Анхель Моратинос қолдады. Айтты дегенде, Кушнер Палестина мемлекетін құру туралы тікелей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шешім қабылдауы мүмкіндігін білдірді.
Бұл әзірге ұсыныс қана, Израиль жағына ескерту ғана. Бұл ұсынысты Кушнер мырза жақсы негіздеді: “Палестина мемлекетін құру – бейбіт болашақтың кепілі” деді ол. Бұл жөніндегі келіссөздер тұйыққа тіреле берер болса, мәселе БҰҰ-да қаралуы мүмкін. Мәселенің бұлай қойылуы Израиль жағын мықтап ойландыратыны анық, соған орай оларды келіссөзде басқаша бағыт ұстауға мәжбүрлейді. Араағайындыққа жүретін АҚШ-ты да ойландырады.
Жағдайды сауықтыруға қызмет ететін бұл ұсынысты Кушнерге таңа салуға болмайды, әрине. Ол өз елінің басшылығымен келіспей, мұндай қадамға бармайды. Мұнда Франция президенті Николя Саркозидің пікірі жатқанын да аңғарасың. Бұл елде бес миллиондай мұсылман өмір сүреді. Солардың да тілек-ойы жатыр.
Бір бұл елде ғана емес, палестиналықтардың тағдыры толғандыратындар Еуропаның басқа елдерінде де бар. Біраз жердегі исламдық терроризмнің ұшы палестиналықтардың күйкі жағдайына барып тіреледі. Сондықтан Палестина мемлекетін құру мәселесінің маңызы айрықша. Ол халықаралық ахуалды мықтап сауықтырар еді.
Жалпы жаңа мемлекеттердің құрылуы, оларды БҰҰ-ның тануы таңсық емес қой. Оған мысалды алыстан іздемейміз. КСРО-ның, Югославияның күйреулерінен кейін пайда болған мемлекеттер қаншама! Олар екінші жақтың келісімін сұраған жоқ, өздерінің тәуелсіздігін жариялап, онан соң олар БҰҰ қатарына қабылданды.
Әрине, Палестина автономиясының ерекшелігі бар. Бірақ сол ерекшелікті ескергенде де, палестина халқының өз мемлекеттігіне ие болатын кезі әлдеқашан жеткен. Сірә, халықаралық қауымдастық та бұған енді басқаша қарайтын болар.
Мамадияр ЖАҚЫП.