Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлидің 75 жылдық мерейтойынан кейінгі ой
Қадыр ақын жыл басында, қақаған қаңтардың алғашқы күндерінің бірінде дүниеге келген. Биыл ол кісі аман-есен екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін, жазыла бермейтін жетпіс бес деп аталатын өмірдің асқар, қия бір шыңына көтерілді. Оның осы мерейжасына орай газетімізде “Құбылыс” деп аталатын материал жарияланды. Қадекең о бастан тойдың емес, ойдың ақыны екені белгілі. “Сондай бір жасқа келіп қалған екенмін, ендеше, оны неге атап өтпейсіңдер. Соған мені шақырмайсыңдар ма?” – деп елге емеурін таныту біз білетін Қадыр Мырза-Әлидің қанында жоқ қасиет.
Керісінше, мұндай ұсыныс Қадекеңе туып-өскен топырағы, Ақжайық-Жымпиты өңірі жұртшылығы және осы елді басқарып отырған азаматтар тарапынан айтылды. Мұны, әрине, ол аяқсыз қалдыра алмады. Сөйтіп, осы аптаның басында Қадыр Мырза-Әли туып-өскен жеріне ат басын бұрды. Жалғыз келген жоқ. Кенже ұлы Ғазиз бен бүгінде қазақ әдебиеті мен өнерінің белді өкілдеріне айналған бір топ қаламгер інілерін ерте келді. Олардың арасында жазушылар Қажығали Мұқамбетқалиев пен Мереке Құлкенов, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Көпен Әмірбек, Тұяқберді Шәмелов және Бигелді Ғабдуллиндер бар.
Менің көзім айқын жеткен жайт, – дер еді Қадыр Мырза-Әли. – Мың жерден пайғамбар болсаң да, халықтан үлкен емессің. Менің басты қағидам осы. Халықтың сәлемінен, олардың ықыласы мен пейілінен артық ештеңе жоқ. Сол маған жетеді. Міне, облыс орталығында зиялы қауыммен болған кездесуде, ертеңіне кір жуып, кіндік кескен жері Жымпитыда болған кезінде де ақын осындай қысқаша қайырым жасаумен шектелді. Бұдан басқа артық ауыз сөзге барған жоқ. Елмен кездесулер кезінде Қадыр ақынның осылайша қысқа да нұсқа сөйлеуі де орынды ма деп қаласың. Өйткені, ол бәрін де бұған дейін өз туындылары арқылы айтып қойған. Қадекең қай тақырыпты қозғаса да, бетінен қалқымай түбірімен қопара жазып келеді.
Сол дүниелердің жазылған күйінде қалмай оқылатыны қандай ғанибет. Халқымыздың бүкіл болмыс-бітімі, қилы-қилы тарихы мен асқақ рухы ақын шығармашылығының басты өзегі. Ақын бақыты – елінің, ұлтының жүрегіне жол тапқаны деп атап көрсетті Ақжайықта өткізілген “Дарабоз” атты мерекелік шаралар кезінде ақын Қайрат Жұмағалиев. Рас сөз. Бұдан кейін сөз алған қаламгерлер де ақынның шығармашылық жолын әр қырынан байытып, кескіндей білді.
Қадыр туындылары туралы әңгіме қозғалғанда ешкім де ұшқары пікір айта алмайды. Өйткені, ол сол бойда-ақ сезіліп қалады. Бұлай болатын себебі – жоғарыда айтылғандай, Қ.Мырза-Әли нені жазса да, соның бәрі түгелдей дерлік оқылуында. Яғни, оның шығармашылық бет-бейнесі әркез иісі қазақ оқырмандарының көз алдында. Жазушы Қажығали Мұқамбетқалиев өз сөзін “Қадыр халқына несімен қымбат?” деген сауалдан бастады. Сөз жоқ, ең алдымен ешкімге ұқсамайтын, терең де тағылымды, мәнді де мағыналы, ойлы да орамды шығармашылығымен қымбат. Бұған қоса шынайылығымен, жалған сөз қоспауымен, нені, қай тақырыпты жазса да, оны боямаламай, ашық айтуымен қымбат.
Кешегі кеңестік кезеңде шындықты айту оңайға түскен жоқ. Цензура шындықты айтқысы келген ақындардың аузын аштырмай қойды. Сонда Қадекең қайткен дейсіз ғой. Бұл сауалға бүгінгі мерейтой иесінің өзінің екі жол өлеңімен жауап қайтарсақ: “Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне”. Өтірік айту шариғатта күнә болып табылады. Әйтсе де бұл арада ақынның қосқан өтірігін ақтап алуға әбден болады. Яғни, ол өтірікті айтайын дегендіктен айтпаған. Басқа амалдың жоқтығынан айтқан.
Ақын кеңестік дәуірде жазған көптеген өлеңдерінде ақындық, батылдық таныта білген. Міне, қараңыз, тыңдаңыз. “Азандағы мал үні, атамыздың гимні”. Өзге ақындар кеңестік герб пен туды мадақтап жырға қосып жатқанда Қадекең осылай депті. Кеңестік идеология атеистік ілімді, яғни Құдайға, Құранға қарсы айтылатын үгіт пен насихатты кеңінен өрістетті. Сондықтан да бұлайша айтуға тыйым салынатын. Өйткені, бұлайша жырлау оны көксегендік болып естілер еді. Батылы жетіп, құдайсыз заман деп айтқан да өзге емес, нақ Қадыр Мырза-Әли. Сондай-ақ негізгі шығармашылық жолы кеңес дәуірімен тұспа-тұс келген Қадыр Мырза-Әлидің поэзиясынан партияға арналған бір өлең таба алар ма екенсіз. Жоқ, таба алмайсыз. Рас, Қадекеңнің “Алматыдағы Ленин ескерткіші түбіндегі ой”деген өлеңі бар. Алайда, бұл жалғыз өлеңнің өзі де коммунистік саясатты дәріптеуге емес, жеке адамның кісілік келбетін көрсетуге құрылған.
Бүгінгі той бұған дейін шалқытып өмір сүріп келген шығармашылық иесінің тойы емес. Керісінше, осыған дейінгі саналы ғұмырында еш қызық көрмеген, жиын-тойға барудан саналы түрде бас тартып, жыр азабын тартудай-ақ тартып келген жанның жетпіс бес жылдығы, – деп түйін жасады бұдан әрі Қ.Мұқамбетқалиев.
Бұл ойды Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек одан әрі дамытып, ақындық адамның миы жете бермейтін азапты құбылыс екенін айтып берді. Қағазын құрғатпай, қаламын тоқтатпай, өлеңмен күнде бетпе-бет келіп, алысып-жұлысып, ауырып-сырқап келген ақынның бірі де, бірегейі де Қадекең деді ол. Бір күн емес, бір жыл емес, ол ғұмыр бойы осы ақындық азабынан құтыла алатын емес. Бұл жеке бас мүдденің азабы емес, ұлтының мақсат-мұраттарын жыр жолымен кестелеп, оның кешегісі мен бүгінгісін образға бөлеп айта алған үлкен жүректі суреткердің азабы. Бұл азап “Ой орманынан” басталып, әрі қарай жалғасып кете береді.
Иә, ақынның жанын, оның ішкі жан сарайын тек ақын ғана түсіне алатын болса керек. Бұдан әрі ол Қадыр Мырза-Әли қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс екендігі жөніндегі ойын шегелей жеткізді. Қадыр ақын езіп айтпайды, кесіп айтады. Өңменіңнен өткізіп, мірдің оғындай қадап айтады. Қадыр жырлары – ұлттың баға жетпес рухани құндылығы болып табылады. Осы ақиқатты бәріміз де мойындай білуге тиіспіз. Мен өз басым, дәл Қадыр Мырза-Әлидей жеріне жеткізіп, түбіне түсіре айтқан ақынды есіме түсіре алар емеспін, – деді одан әрі ол.
Бұған қоса айтайын дегеніміз, таяуда Қадыр Мырза-Әли шығармаларының жиырма томдығы оқырмандар қолына тимек. Мұның сыртында оның он томдық көркем аудармалар жинағы және бар. Бәрін қосқанда отыз том рухани қазына. Қазақ әдебиетінде, оның арғы-бергі тарихында осыншама мол әдеби еңбек жазып, оны оқырмандардың рухани сұранысына айналдыра білген суреткер табыла қояр ма екен? Осы баға жетпес еңбектерді толық игере алар болса, қазақ қауымының таным-түсінігі, ой деңгейі мен парасаты, жазба әдебиетке деген ықылас-пейілі бүгінгісінен де тереңірек болатынына шек қоя алмаймыз. Әрі мұндай рухани қазынаның қадір-қасиеті бүгінгідей ғаламтор, компьютер дәуірінде одан әрі биіктей бермек.
Әрине, мәселе санда емес, сапада ғой. Әзірге Қадыр Мырза-Әли жасық дүние жаза қоймағанына басты төреші қалың оқырман қауымның өздері болмақ. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін “Қадыр мына бір өлеңді нашар жазыпты немесе мына бір өлеңі маған ұнамады” деп пікір айтқандарды да естімеппіз. Ендеше, Қадыр Мырза-Әлидің отыз томдық толық шығармалар жинағы сан мен сапа толық үйлесім тапқан туындылар екеніне талас жоқ.
Халқымыздың жақсылығын айтсақ та, тіпті қай халықтың да болмыс-бітімінен табылатын жаманын тілге тиек етсек те Қадыр жырларына жүгінеміз. Қазақ ретінде мақтанғымыз келсек те, дәл осылайша тағы да Қадекеңе арқа сүйейміз. Бейнелей айтқанда, Қадыр мен қазақ, ел, халық ұғымдары тұтасып, бітісіп кеткендей әсер туады. Қадыр туындылары әркез қазақ халқының тұтастығы мен ауызбірлігіне үндеп келеді. Қадыр өлеңдерінің өміршеңдігі де осында. Жазушы Мереке Құлкенов мерейтой иесінің осындай ерекшелігіне тоқталды. Қадыр өз замандастары Жұмекеннің, Мұқағалидың, Төлегеннің жазбай, жазып үлгере алмай кеткен жырларын жазды. Сол үшін де біз бәріміз оны әркез құрметтей білуіміз керек, – деді ол.
Сондай-ақ, қазақ сатирасының бүгінгі көрнекті өкілдерінің бірі Көпен Әмірбек мерейтой иесі бүгінде Алаш поэзиясының абызы деңгейіне көтеріле білген тұлға екенін жеткізді. Бұл арада ол шал, қария, ақсақал және абыз ұғымдарының әрқайсына айрықша тоқталып, оның бәріне біржақты көзқарас қалыптастыру дұрыс емес екеніне тоқталды. Айталық, шал деп өзгеде шаруасы жоқ, тек өзінің қара басының ғана қамын күйттеп жүрген кәрі адамды айтсақ, қария оған қарағанда иманжүзділеу келеді. Ал ақсақал деп белгілі бір ауыл-аймаққа сыйлы, айтқан сөзін өзгелерге тыңдаттыра алатын адамды айтады. Абыз деп бүкіл бір халықтың абыройын асқақтатқан, сол халықтың қамын көксеген, мұң-мұқтажына ортақтаса білген, тұла бойы парасат пен ақыл-ойдан жаратылған жанды айтсақ керек. Осы тұрғыда Қадыр Мырза-Әлиді бүгінгі Алаш поэзиясының абызы десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Бүгінгі күнге дейін поэзия абызы шеккен азапты атан түйе тарта алмайды. Ненің азабын тартсаң, соның рақатын көресің деген тәмсіл бар. Ендеше, бұған дейін жыр азабын тартудай-ақ тартып келген Қадыр ақынның оның рахатын көруіне де толық моральдық құқығы бар.
Бұдан кейін сөз алған ақын, “Алаш” сыйлығының иегері Есенғали Раушанов Қадыр Мырза-Әли алпысыншы жылдардың бас кезінде қазақ әдебиеті мен поэзиясына ешкімге ұқсамайтын жаңа леп ала келгенін айта келіп, дәл осы кезден қазақ поэзиясының да жаңа, соны бір кезеңі басталды деп санауға болатынын жеткізді. Сондай-ақ ақын Ақұштап Бақтыгереева “Қадыр ағадай халқының шексіз құрметі мен ыстық ықыласына ие бола білген ақынның бүгінгі күні аман-сау ортамызда отырғаны – бәріміз үшін бақыт” деген жүрекжарды тілегін ортаға тастады.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза-Әлидің шығармашылық жолы бірсарындылық пен таптаурындылықтан ада. Бұл жол суреткердің ойламаған жерден тосын әдеби тактикалар мен шешімдер қабылдай алуымен ерекшеленеді. Облыстағы “Дарабоз” атты мерекелік шаралар кезінде оның осы қырлары жөнінде де жан-жақты айтылды. Атап айтқанда, Қадекеңнің эссе жанры сипатында жазған туындыларын да жұртшылық өте жақсы қабылдады. Оның айқын айғағы “Иірім” және “Жазмыш” кітаптары. Бұл кітаптар жарық көрген кезде әртүрлі пікірлер айтылды. Соған қарамастан, бұл кітаптар қазақ әдебиетінде эссе жанрында жазылған тұңғыш туындылар болуы арқылы оның тарихына кірмек. Ең бастысы, бұл дүниелер барынша шынайы жазылуымен, әдеби өмірдің ақиқатын барынша шынайы ашып көрсете алуымен құнды болмақ.
Қадекеңнің әдеби үрдістегі тағы бір тамаша қыры ұшқыр оймен жазылған, кез келген адамның санасына сәуле түсіре алатын, айқын да айшықты афоризмдері. Әрқайсысы сом алтынның сынығындай осы кесек-кесек, қысқа да нұсқа нақылдар бүгінде халықтың аузында жүр. Оның бірқатары кездесулер кезінде де келтірілді. Соның бірі “Мансапқордың кеңсесі биік, еңбекқордың еңсесі биік” делінеді. Қадекеңнің афоризмдерінде осындай дәл айтылған сөз тіркестері қаншама. Істі шаруаны ширатудан гөрі, зәулім сарай, кеңсе салудан бастайтындар бүгінде жетерлік.
Дертті дер кезінде сылып тастамаса, ол кейін асқынып, жазылмас кеселге душар етеді. Қоғам дерті бұдан да қауіпті. Осы дертке қарсы күрес майданында Қадыр Мырза-Әлидің афоризмдері де от ойнатып, ат ойнатып жүргені кәміл. Бүгінгі әдебиетте тыңнан түрен салып, осы афоризмдердің басын қосып, кітап етіп шығарған да Қадыр Мырза-Әли. Халық жазушысының тағы бір қыры мысал жанрына да қалам сілтеп жүргендігі. Оның бірқатары жеке кітапша күйінде де баспа бетінен жарық көрді.
Облыс орталығында басталған абыз ақын тойы ертеңіне оның туып-өскен жері Жымпитыда жалғасты. Аудандық мәдениет үйінде өткізілген кеште Сырым ауданының әкімі Ерлан Нысанғалиев халқымыздың салт-дәстүріне сай Қадыр Мырза-Әлидің иығына шапан жауып, астына сәйгүлік сыйлады. Жүгенінің тізгіні мерейтой иесіне ауыса бастаған сәтте ауыздығымен алысып, тұяғымен жер тарпыған текті тұлпар кісінеп қоя бергені. Жылқы тұлпары – жыр тұлпарына осылай құрмет көрсеткендей, талантына тәнтілік танытқандай әсерде қалды сол бір сәтте ақын тойына жиналған қалың қауым.
Иә, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, біртуар ақын Қадыр Мырза-Әлидің өзі де, сөзі де бүгінде халқымен бірге жүр. Ақын бақыты дегеніміздің де бір мысалы осы шығар, бәлкім.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.
----------------------------------
Суреттерде: мерекелік шаралардан көріністер.
Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.
* * *
* * *
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДЫРЫ
Қадыр аға,
Мен саған тәнтімін:
Апыр-ай,
Қарсы келгенді
Адым жібермей
Найзағай сияқты
Қақ айырып
Тіліп түсетінің-ай,
Не нәрсені де
Жұдырықтай ғана
Қаршыға құсап
Көзді ашып жұмғанша
Апалаң-топалаң еткізіп
Мамығын
Қардай бұрқыратып
Іліп түсетінің-ай.
Кейбір кездерде
Қағылған қазық болып
Айтқаныңнан қайтпай
Табандап
Тұрып қаласың!
Ондай сәттерде
Ұстаған жеріңді
Тырнағыңның көбесі
Бырт-бырт
Сөгіліп жатса да –
Айрылмастан! –
Уысыңды толтырып
Жұлып аласың!
Білемін,
Өзіңмен
Небір ғұлама,
Небір данаңыз
Санасып бағады.
Өйткені
Сенің алдыңда
Адам түгілі
Перінің өзі адасып,
Сайтанның өзі
Шатасып қалады.
Сен қашанда
Жұрт ұқпағанды
Ұғынып,
Жұрт түсінбегенді
Түсінесің.
Өңмендеп келгенді
Өңменінен итермей-ақ
Тобықтан қағып –
Қалауыңша! –
Бірде етпетінен,
Бірде
Шалқасынан түсіресің!
Қай бір кезде де
Кеудеңді
Кернеп кетеді-ау
Қатыгез мына өмірдің
Алай-дүлейлі
Сан торап сұрағы.
Содан да
Өлеңдеріңнен
Қазақтың мұңы мен зары
Күзгі жаңбырдай
Дірдектеп
Сорғалап тұрады.
Сен бүгінде
Мына өмірдің
Бөлек бір ағынысың.
Сен бүгінде
Жанталаста
Айдары болған
Айқаласса
Айбары болған
Қазақтың Қадырысың!
Темірхан МЕДЕТБЕК.