• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2010

Дін, Отанды сүю және ынтымақ пен бірлік

2455 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы қарсаңында Әлемге танымал тұлғалардың дәл осынша­лық кең ауқымда басын қосатын алқалы жиын тарихта тұңғыш рет елордада өткелі отыр десек, әсте асыра айтқандық емес. Сонымен әлем­ге әйгілі ғалымдар, саясат пен қоғам қай­рат­керлері, мәдениет пен өнер майталмандары, жалпы бас-аяғы 500-ге жуық рухани көсемдер қа­тысатын Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы 18-20 қазанда ғаламдық мәселелер жай­ында ой толғап, адамзат өркениетіндегі дағ­дарыстар мен рухани-мәдени құндылықтар төңірегіндегі түйінді байламдарды бірлесе байыптамақ. “Мир через культуру”, “Рухани келі­сім конгресі” сияқты Қазақстан, Ресей және Еуропаның басқа да іргелі елдерінің ха­лық­аралық ұйымдары мұрындық болуымен қолға алынған шара барысында пленарлық және бөлімдік мәжілістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, екі және көпжақты кездесулер ұйымдастырылып, шығармашылық тағы да басқа жобалар ұсынылмақ. Рухани мәдениет мәселесін әркім өз білге­нін­ше танып, өзді-өзімен томаға-тұйық қала бере­тін кешегі заман қайта айналып келмеске кетті. Бүгінде барша адамзат баласы ортақ қиындықпен бір­лесе күреспесе білек талатынын ұғынуда. Ол үшін не істеу керек? Ақыл-ой иелерін алаңдатып отыр­ған негізгі нәрсе не? Өзімшілдік пен өкте­м­ші­л­дікті жоюдың қандай жолдары бар? Қысқасы, ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында өтетін әлемдік фо­рум­да өзара кеңесіп, келісіп пішетін іс жетіп артылады. Жалпы мұсылман үмбеті ешқандай этнос­тық шектермен бөле-жарылмайтын бір бүтін әлеуметтік және мәдени құ­бы­лыс. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлт­тар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қа­ра­май, бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есеп­теу­ге де болады. Алайда, бұл ақиқат мұ­сыл­ман баласы өз ұлтынан бас тартсын, хал­қынан безсін, отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениеті­нен қол үзсін дегенді біл­­дірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз бол­мы­сын сақтағанын, олардың бір-бірімен тә­жі­рибе мен дәстүр алмастырғанын құп­тай­ды. Құран тәлімі адамдарды кез келген жұмыр басты пендеге, жақын туыстар мен достарға, жолаушыларға, танысқа және бейтанысқа бірдей әділет көзімен қарауға, оларға жақсылық жасауға үйретеді. Тағы бір айта кетерлігі, Исламдағы адам ақысы мәселесін мұқият зерделеп қарасақ, онда мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақын туыстары мен көршілерінің алдында міндеттерінің көп екендігін байқаймыз. Демек, мұсылманның өз туыстарының, жақындарының, халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, терең түйсінуі Исламдағы отаншылдықтың негізі болып саналады. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кі­сіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асы­ра­тын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс. Дін және діндарлар үшін де Отаннан артық, Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы ар­ман­дап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аң­сап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қа­ра­шы­ғын­дай сақтау жүректе жатталуы тиіс ұғымдар. Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, Отанын қас­тер­леуі керек. “Отанды сүю иманнан” деген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз­дың мағынасы терең хадисі бар. Өйткені, иман­ды адам өз Отанын сыйлап, қас­тер­лей алады. Имансыз адам Отанның қадір-қа­сиетін білмейді. Отанымыз – ­­­­­­тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып та ала алмайды. Сол себептен де еліміз, жұртымыз біз үшін өте қым­бат. Сондықтан қашан да Жаратқан Ие­мізден ары тарт та бері тарт, яғни, фит­наға, алауыздыққа жол бермей, Отанның аман­дығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейміз. Ал ынтымақты, иманды ел­ді жау ала алмайтыны белгілі. Данышпан, дана, ойшыл әз Төле би: Бұл қазақтың баласы Тегінде нені көрмеген. Неше бір жайсаң данасы, Шешен де болған сөзбенен. Көсем де болған ойменен, Бірақ соның бәрі де. Ыдырап жатқан қазақтың Қоса алмады бастарын. Мен боламын дегендер Ақтамады сенімді. Көкірек қаққан хандарың Лауазымға таласып, Быт-шыт қылды елімді. Береке-бітім келместен, Аз дұшпаннан жеңіліп, Қайыстырды белімді. – деп, аһ ұрып өтті дүниеден. Одан кейінгі Абылай хан да, басқалар да қазақтың басын қоса алмай зарлап кетті. Қа­зақ алауыздықтан езілген, жаншылған, тапталған, көрмегені жоқ халық. Талай рет тарих сахнасынан жойылып та кете жаз­дады. Міне, осындай қасіреттен жұрт­тың басын қосып құтқарған, ел етуді, мем­лекет болып, өзгелермен терезесі тең тұ­руды іске асыруды Алла тағала Нұрсұлтан Назарбаевқа нәсіп етіпті. Нұре­кең елім, жерім, Отаным, тілім, дінім деп ел үшін бар күш-қуатын аямай жұм­сап, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүр­ген азамат. Қазақ, Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы­ның бастауымен ЕҚЫҰ секілді үлкен ұйымға төраға болу мәртебесіне ие болды. Әлем қазақты, Қазақстанды мойындап отыр. Қазақстан жаһандық қа­уым­дас­тық­тан ойып орын алды. Қашан болып еді бұл? Түске де кірмейтін жәйт емес пе еді! Нұрекең жыл сайынғы жол­дау­ларында Отанымды, елімді алдыңғы қа­тарлы әлемнің 50 елінің қатарына қос­сам деген ұлы мақсатты мүдде етуді ұмытқан емес. Соның ішінде, ең маңыз­ды­сы тәуелсіз Қазақстан, Отан, Халық мәселесі. Бәрі де Отан, ел үшін, елдің кө­се­гесін көгерту, елді биікке көтеріп, мәр­те­бесін асыру, асқақтату. Ал осындай ұлы мақсаттарға жету үшін бізге ең алдымен ын­тымақ пен бірлік, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығара білу керек. Имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұ­сылман үшін киелі ұғымдардың бірі – ел­ге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу де мұ­сыл­ман баласы үшін қастерлі парыз са­на­ла­ды. Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдаста­ры­мыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жары­мыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Ал бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мә­де­ниеті бір қауымды ұлт деп атаймыз. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оны белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады. Бұл жай­лы Құран Кәрімде былай делінген: “Әй, адам баласы! Күдіксіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сон­дай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар” (“Хужурат” сүресі, 13-аят). Олай болса, шариғатымыз бойынша жас жеткіншектердің бойында ұлт­жандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға рұқсат. Алайда, ұлтжан­ды­лық деп, тек өз ұлтын ғана қастерлейтін, өз­ге ұлттарды қор санайтын ұлтшылдыққа Исламда орын жоқ. Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзге­лер­дің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мем­ле­кетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның эко­но­ми­калық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің ке­ле­шегі жүктелген азамттарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді. Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бір­де: “Егер маған Алла анық қабыл ете­тін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім” деген болатын. Сонда маңын­да­ғылар оның себебін сұрағанда: “Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, он­да көптеген ұлттар, ұлыстар мейрімге бө­ленер еді”, деп жауап қайырыпты. Алланың дінінде зорлық, өзара соғысу мүмкін емес. Соғысатындар – надандар, бі­лім­сіздер немесе дінді жамылып саяси ұпай жинауды мақсат еткендер. Өрке­ниет­тер арасында да соғыс жоқ. Ислам еш­кіммен соғыспайды. Ислам – гу­ма­низм діні. Біз Алланың сый еткен өмірін қас­терлейміз. Сол себепті ешкімге қиянат жа­самаймыз. Олай жасау ислам қа­ғи­да­ла­рына қайшы келеді. Ислам – ынтымақ, бірлік діні. Сол себепті халқымызға құраншылар, салафиттер, зікіршілер және басқа да дінді желеу етіп жіктелушілерге, бөлінушілерге қарсымыз. Біз адасып жүргендерді Алланың ақ жолында бі­рі­гу­ге, бейбітшілікке, тыныштыққа ша­қы­ра­мыз. Мешіттеріміз ғибадат қана емес, сон­дай-ақ рухани білім ордасына айналуы үшін де күш саламыз. Үкімет, билік, мемлекет әлсіресе, кри­ми­­нал атқа мінеді. Сол себепті біз Отаны­мыз­дың күшті де қуатты болғанын қа­лаймыз. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те Хазрауа деген жерге жет­кенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қи­май ұзақ қарап тұрып: “Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағ­дыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзің­нен бір сәтке де алыстамас едім”, – деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: “Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақ­сы көреді” дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ту­ған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін бай­қатады. Бір хадисте: “Екі көз ақыретте то­заққа күймейді: біріншісі, күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап шекара күзеткен көз” делінген. Демек, “өлсек шейіт, қал­сақ ғазимыз” деген асқақ мұратпен “А, Құдайлап” жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн. Өйткені, құс ұясын, ал адам Отанын қорғайды. “Біз, қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жат­қан елміз. Елімізден құт-береке қаш­па­сын деп, жеріміздің шетін жау бас­па­сын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұш­пан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз...” деген Қазыбек би ба­бамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре біл­ген батырлар ұрпағы болғандығымызға дә­лел. “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген даналық бар. Бұл не деген сөз? Мәнін ой­лап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жо­лын­да бәріне бара білуді, ештеңеден тайсал­мау­ды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған жер ата-бабалары­мыз­дың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұр­пақ­қа перзенттік парыз жүктейді. Отанын сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетінің жақсы білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетінің қадірін біл­ме­ген адам бірте-бірте өзге де құндылық­та­рынан ажырайтыны анық. Тіл – адамның ішкі жан дүниесінің, рухани әле­мі­­нің көрінісі. Әр халықтың ойлау жүйесі тілінен көрінеді. Олай болса тілді таза сақ­тау халықты, ұлтты сақтаудың бір жо­лы. Белгілі бір ұлттың өз тілін сақтауына, құр­меттеуіне дінімізде тыйым жоқ. Алайда, әр­бір ұлт өзгелердің тілін де өз тіліндей сый­лауы тиіс. Тағы бір мәселе, тіл адам­ның ойын қалыптастырса, тарих адамның есі мен жадын қалыптастырады. Тарих – даналық пен күш-қуаттың мол қазынасы. Ұлы жеңістер мен ащы жеңілістер жайлы жәдігерлер, ата-бабаның ерлік дастандары та­рихта сақталады. Сондықтан, Ислам діні та­рихты жақсы біліп, одан тиісті сабақ алуға да шақырады. Сондай-ақ Исламда бес нәрсені: Ота­ның­ды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дү­-ниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қай­тыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа ба­рары мәлім. Құранда бұл жөнінде: “Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер” делін­ген (“Бақара” сүресі, 154-аят). Сондықтан Отан­ды қорғау жолында, ұлтымыздың жар­қын болашағы үшін басын бәйгеге тік­кендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз. Осы ретте, бейкүнә жандарды бомбамен жарып, шаһид атанғысы келгендер ше? Олар жәннатқа кіре ме? Жоқ. Қасиетті Құранда: “Жа­зық­сыз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өл­ті­ру­мен тең” (“Маида” сүресі, 32-аят) де­лін­ген. Сондықтан мұсылмандар дәйім бей­­біт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтайды. Исламның қалыптасуының алғашқы жыл­да­рында мұсылман жұрты көршілес ев­рей, христиан халықтарымен жақсы мә­мі­леде, өзара ымыраластықта өмір сүрді. Алғаш­қы ата заң яки адам құқықтарының декларациясы іспетті “Мәдина ке­лі­сім­і­нің” 2, 25-бабтары йаһудилерге дін ер­кін­ді­­гін тану мәселесін қамтыған. Отанды сүю өз халқын, өмір сүріп жат­қан жерін, бұлармен сабақтасып жат­қан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. Иә, мұсылманға туған жерін таңдау ер­кі берілмеген, алайда, ол өз туған жері үшін жауапты. Ол өз тағдырын туған жерімен, Отанымен біте қайнастыра сезініп, олар­дың өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы тиіс. Отанды құр­мет­теу­дің иман шарттарымен астасып кеткен тұс­тары да бар. Отанымызда Алланың сансыз нығметі мен мол қазынасы тұнып тұр. Демек, белгілі бір туған жердің нәсіп етілуінің өзі Алланың құлына деген ма­хаб­батынан. Сондықтан Отанды Алланың сол жақсылықтары үшін сүю де шү­кір­ші­лік­ті арттырып, иманды күшейтері сөзсіз. Иә, Отан ұғымын адамның тек туып өскен жерімен байланыстырып шектеуге болмайды. Отанның қадірін дұрыс ұғыну үшін оның тарихымен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілік, адамдық құндылықтары­мен, көлімен, шөлімен, тауымен, бауымен іш­тей біте қайнасу керек. Әр халық өзінше еңбек етеді, демалысы да түрліше бо­лады. Ұлттардың шаттануы мен қай­ғы­руы да айна-қатесіз бірдей емес. Отанды сүю – адамның жараты­лы­сын­да бар табиғи сезім. Ішкі руханияты бай кісі мұны Алланың нығметі деп біліп, оған шүкіршілік жасайды. Ал кеудесі қа­раң­­ғы, жүрегі жұтаң жандар Отанды сүю­дің ақысын толық өтей алмасы хақ. Халқымызда “Отан отбасынан басталады” де­ген де мәнді сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бас­тау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне жауапты. Отағасы отбасына жауапты. Әйел отбасындағы дүниеге жауапты. Малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартыла­ды” деген. Олай болса, балаға жастайы­нан жақсы тәрбие берумен туған елді құр­мет­теуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғау секілді құндылықтарды үйретуге де отағасы жауапты болғаны. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз: “Бала нені көрсе жастан ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан” деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-ана­сынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жат­сы­нады. Бұл тұрғыдан алғанда ғалым имам ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит жөніндегі әңгімені айтуды жөн көріп отырмын. Сәбиттің жігіт кезі еді. Бірде ол арықта ағып келе жатқан қып-қызыл алманы көреді. Іле қолына алып қызықтап тұрып, шыдамай бір тістейді. Артынша: “Бұл ісім дұрыс болды ма, өзі? Мүмкін бұл алманың иесі бар шығар? Байқамай біреудің ақысын жеп қоймадым ба?” – деп күдіктеніп, өзен бойымен жоғары қарай өрлеп, алманың иесін іздеуге шығады. Әлден уақытта алдынан бір бау кезігеді. “Жеген алмам осы баудан шығар” деп ойлаған Сәбит баудың иесіне барып жолығып, мүмкін болса, кешіруін өтінеді. Бағбан үш жыл өзіне қызмет етсе ғана кешіретіндігін айтады. Амал жоқ, келіседі. Жігіт үш жыл өткен соң кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: “Тағы бір шартымды орында, менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал, өзі мылқау. Соған үйленесің”, – дейді. Жігіт тағы да келісімін береді. Бірақ жігіт қызды көргенде таңғалады. Өйткені, қыздың еш кемістігі жоқ, сап-сау әрі сұлу еді. Бағбаннан мұның мәнісін сұрайды. Сонда бағбан: “Қызым ұят нәрселерге қарамайтын, сол үшін оны “соқыр” дедім; ал “керең” деуімнің мәні – қызым балағат сөздерді естіген емес. Харам нәрсеге қол созған емес, харам жерге аяқ басқан емес, сол себепті оның “қол-аяғы сал” дедім. Аузынан ғайбат сөз шықпағандықтан, оны “мылқау” дедім. Қызымды сен сияқты кісі ақысын жемейтін, тақуа, иманжүзді жігітке берсем деген арманым бар еді. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап көргім келді. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар!”, – деп ақ батасын береді. Міне, осындай пәк, тақуа, текті отбасында әлемге әйгілі ғалым имам ағзам Әбу Ханифа дүниеге келген. Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуге, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Осы себепті Ислам дінінде ең жақсы са­да­қа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. Тарихта әлі күнге дейін мұсылман елдерінде жекелеген қайырым­ды­лық қорлары арқылы студент жастарға шәкіртақы беріліп отырады. Бұл сол елдің болашағына жасалған қамқорлық екені сөзсіз. Өйткені, бір тағылымды кеңесте “Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жы­лың­ды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл” делінген. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың “Мұсылмандарды артта қал­дырып отырған үш кесел: білімсіздік, өзара алауыздық, кедейлік” деп атап көр­сет­кендей, бүгінгі күнгі көзі ашық, кө­кі­ре­гі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, сондай-ақ ұлтжан­ды­лық пен мұсылмандық тәліммен де су­сын­дауында жатыр. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның “Балам деген жұрт болмаса, жұртым де­ген бала қайдан шықсын?!” деген ұлағатты пікірі де өте маңызды. Демек, Отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өл­шен­бек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген Әбу Насыр әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Керде­ри­лер, Мұхаммед Хайдар Дулати – бәрі де Отан­ды гүлдендірген, елге, жерге адал қыз­мет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақ­сылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған: “Кім­де кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады” (“Зилзәлә” сүресі, 7-аят). Мешіт медреселердің бүгінгі күні ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да туған елге, отанды гүлдендіруге де­ген ниеттің көрсеткіші. Алла тағала оларды шексіз сый-сыяпатына бөлесін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Адам қайтыс болса да үш түрлі адамның әжір сауап­та­ры амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын ауруха­на, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам” деп, ел игілігіне жұмыс істеудің екі дү­ние­де де сауабы үзілмейтінін сүйін­ші­леген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жаман­дықтан тыйып, жақсылыққа шақыру әрбір мұсылманның міндеті (Әмр бил мағруф уә нәһи анил мүнкар). Мұсылман үмбетін басқалардан артық еткен осы қасиет екендігі Құранда былай келтірілген: “Сендер жақсылыққа шақы­рып, жамандықтан сақтандыру арқылы игі үмбет болдыңдар” (“Әли Имран” сүресі, 110-аят). Демек, қоғамның игі­лігі­не жұмыс істеу, қоғамды ізгілендіруге тал­пы­ныс әрбір мұсылманның міндеті бол­ғаны. Халыққа деген ең үлкен жақсылық та осы. Ислам діні әр нәрсенің бір зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкін­дігі жеткенінше қоғамдық істерге атса­лы­су керектігін ұқтырған. Білімділер білімін басқаларға үйрету арқылы білімінің зеке­тін берсе, дәулеттілер түрлі қайырым­ды­лық шараларға ұйытқы болу­мен, қайыр са­дақа, зекеттерін беру ар­қы­лы халықтың әл ауқатының артуына жағ­дай жасауға мін­деттелген. Ал сахабалар игі істе бір-бірімен жа­ры­­сатын еді. Бірде Омар (р.а.) басынан өт­кен оқиғаны былай әңгімелейді: Бір күні Пайғамбарымыз бізге әскер­-лер­­ді қамтамасыз ету үшін өзара жылу жи­науды бұйырды. Менің ең дәулетті ке­зім. Ылғи менен озып кете беретін Әбу Бә­­кірдің (р.а.) осы жолы алдын орап, шаң қап­­тырмасам ба деген тұтқиылдан бір ой келді. Өйткені, ол қашан болсын жақ­сы­лық жасауда алдына жан салмайтын. Арамыздағы ең көп садақа беретін де сол еді. Осы жолы одан да көп жылу берейін­ші деген оймен бар малымды теңдей екіге бө­ліп, жартысын садақа ретінде апардым. Мені көрген Пайғамбарымыз (саллал­лаһу аләйһи уә сәлләм): – Ей, Омар! Үй-ішіңе де бірдеңе қалдырдың ба? – деп сұрады. Мен: – Уа, Расулаллаһ!, – дедім, – үй-іші­ме малымның тең жартысын қалдырдым, – де­дім өз ісіме масаттанып. Дәл осы сәт қолындағы малын алдына са­лып айдаған күйі Әбу Бәкір де келді. Пайғамбарымыз одан да: – Ей, Әбу Бәкір! Өз үй-ішіңе сен не қал­­дырдың? – деп сұрады. Әбу Бәкір болса: – Уа, Расулаллаһ! – деді, – үй-ішіме Алла тағала мен Пайғамбарына деген сүйіс­­пеншілікті ғана қалдырдым, – деді. Дәл осы сәт екеумізге көз тастаған Пайғамбарымыз: – Екеуіңнің араларыңдағы айыр­машылық – дәл жауаптарыңның айыр­ма­сындай, – деген еді. Осыдан бастап Әбу Бәкірден озсам-ау де­ген көкейді тескен ой-қиялдан бір­жо­ла­та арылдым дейді. Отанды сүйе білу іспен көрсетуді қажет етеді. Отанды сүю – туған елге қыз­мет ету деген сөз. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға ба­ғы­ну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз сөзінде “Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шық­паңыздар” деп тапсырған. Өйткені, Құранда: “Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә” делінген (“Бақара” сүресі, 191- аят). Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыз­дық­ты тоқтату әрбір мұсылманның мін­де­ті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтыма­ғы үшін кейбір істен бас тарту иманның ке­мелдігінен. Бір елдің нанын жеп, бір жердің суын ішіп отырғандықтан мұсылман мұсыл­ман­ға қаталдық танытпай, бауырмалдығын көр­сетуі тиіс. Бұл – Исламның бұйрығы. Құранда: “Шындығында, мүминдер бір-бірі­мен бауыр” делінген (“Хужурат” сү­ре­сі, 10-аят). Екі мұсылман ренжіссе ара­сын татуластыру әрі бұның үлкен са­уап екендігі айтылған. Хадистерде: “Сіздер иман­ға келмейінше жұмаққа кіре ал­май­сыз­дар. Бір-бірлеріңізді жақсы көр­мейін­ше иманға келе алмайсыздар. Сіз­дер­ге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәр­се айтайын ба? Араларыңызда сә­лем­де­суді жайыңыздар!”, “Мұсылман­дар бір-бірін мықтап ұстап тұрған қабырға тә­різ­ді”, “Мүминдер бір-бірін жақсы кө­ру­де, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік та­ны­ту­да бір мүшесі ауырғанда басқа мү­ше­лері қо­сы­ла сыздайтын дене тәрізді”, “Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыз­дар! Мұ­сыл­ман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен тө­мен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адам­ға мұсылман бауырын қор санауы кү­нә ретінде жеткілікті” делінген. Сол се­беп­ті Әнсар мен Мұһажир сахабалардың бауыр­ластығы тәрізді қиналғанда бір-бі­рі­не қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту – бүгінгі мұ­сылмандарға ең бір жетпей жатқан қа­сиет деуге болады. Мәдинаға келген мұһажир Абдуррах­ман ибн Ауф (р.а.) пен әнсарлық Саад ибн Рәби екеуін Пайғамбарымыз бауыр деп жариялағанда, Саад Абдуррахманға: “Ба­уы­рым, мәдиналылықтар ішіндегі ең дәу­леттісі менмін. Ендігі жерде бай­лы­ғым­ның тең жартысы өзіңдікі. Екі үйім бол­са, біреуі сенікі. Бау-бақшам да сон­дай. Өзің таңда”, дейді. Сонда Абдуррах­ман ибн Ауфтың оған: “Алла ние­тің­ді қа­был алып, байлығыңа берекесін берсін. Сен маған базардың қайда екенін көрсет­сең болды, сол жеткілікті” дегені Исламда бауыр­ластықтың қаншалықты шынайы бол­ғандығына дәлел. Мұсылмандардың бірлік-ынтымақты және өзара ниеттес болуы ұлы Алланың нығ­меті екендігі сөзсіз. Егер Алла тағала жү­ректерді арасына жылы сезім салып жарастырмаса, жұмыр басты пенделер өз бетінше адамзаттық деңгейде бірікпек тү­гіл, туыстық қатынасты үзбей тұра алуы­ның өзі неғайбыл. Олай болса, адамдар ара­сындағы бірлік-ынтымақ көп дұға етіп, Алладан жалынып, жалбарынып көп ті­леу­мен болатын іс. Алла тағалаға ала­қа­ны­мызды жайып, жеке өзіміздің, от­ба­сы­мыз­дың игілігін тілеумен бірге хал­қы­мыздың және бүкіл жер бетіндегі мұ­сыл­ман жұртшылығының бірлігі мен ын­ты­ма­ғын сұрап дұға жасау аса қажет. Бүгінгі таң­да адамдардың арасындағы тас түй­ін ауыз­бірлікті әлсіретуге лағынет атқыр, аз­ғын шайтанның барынша күш салып жатқаны анық. Адамдардың арасын бұзу – оның ең сүйкімді ісі. Бірге туған ағай­ын-бауырлар, қоралас жатқан көрші- қолаң, бір ауылдың адамдары мен бір қа­ла­ның тұрғындары осы отаншылдық се­зі­мін дамытар болса, онда еліміздің қа­рыш­тап дамитындығына сенім мол. Бірақ, өкі­нішке орай, бұрын аталарымыз көп ай­та­тын “Ырыс, қайда барасың – ын­ты­мақ­қа барамын” деген мәні терең мәтелді де аз еститін болдық. Әрине, жиындар мен дастарқандарда мәжілістің сәнін кел­ті­ру үшін “бірлігіміз арта берсін” деген тілек айтылып жататыны рас. Алайда, ол кө­біне сол отырыстан әрі аспай, ғұмыр­сыз қалып қояды. Бірлік болмаған соң, бе­реке қайдан болсын? Саусақ бірікпесе, ине де ілікпейтінін көріп жүрміз. Басқаны былай қойғанда, бір әке, бір анадан тараған бауырлардың да алтыбақан алауыз болып, бірлесіп іс атқара алмай жүр­генін кейде көзіміз шалып қалады. Ал ен­ді осындай тоғышарлық мінездердің ор­ны­на адамдар біріне-бірі жылы шырай та­ны­тып, мейірім көрсетіп, жетпегенін жет­кі­зіп жіберуге болысқаны әлдеқайда са­уап­ты болар еді. Байлық байлық емес, бірлік байлық еке­нін әркім біледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Сендерге бірге бо­лу­­ларың­ды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан же­ке басына өмір сүрген кісіге жақын бо­ла­ды. Бірге болған екі адамнан алыс тұ­ра­ды. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән бер­сін”, – деген болатын. Тағы бір хадисінде мұ­сылмандарды бір бүтін денеге ұқсатқан. Де­ненің бір мүшесі қиналса, қалған ағ­за­лар да оның ауыртпалығын тар­т­пау­шы ма еді? Тек ауырғанда ғана емес, күн­де­лікті тіршіліктің өзінде басымыз бас­таған жаққа аяғымыз жүрмей немесе аяғымыз бен қолымыз екі жаққа тартып жатса, нағыз үйлесімсіздік сонда болар еді. Дәл сол сияқты мұсылмандар да қай­да жүрсе де бір-бірімен сондай ғажап үн­дес­тік­пен, үйлесіммен өмір сүруі шарт. Алла елшісінің жоғарыдағы хадисінен осы­ны аңғарамыз. Бір тәндегі мүшелердей жа­расқан отбасы, топ немесе қоғамға Алланың жәрдемі мен берекесі жауары сөз­сіз. Қазақ халқының “бірлік түбі – бе­ре­ке” дейтіні содан. Жалпы, мұсылмандардың бір болуын қамтамасыз ететін мыңдаған себептер бар. Мәселен, дініміз ортақ, Құранымыз, Пай­ғам­­барымыз, мәзһабымыз, жеріміз, кө­гі­міз ортақ, салтымыз бен дәстүріміз, тари­хы­мыз бен мәдениетіміз де ортақ. Яғни, Отанымыз да ортақ. Осыларды дұрыс се­зі­­не алсақ, бөлінушілікке орын қалмас еді. Енді еліміздің ертеңі үшін халқымызға, Ота­нымызға, мемлекетімізге тер төгіп қыз­мет етуде де ой-түсінігіміз, сеніміміз, се­зіміміз, бет алған бағыт-бағдарымыз да ор­тақ болып жатса, нұр үстіне нұр бол­мақ. Меккедегі мүбәрак Қағбамыз да бізді біріктіруге жетерлік себептер. Қала берді Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел тә­уел­сіздігін жариялағаннан бері қай жер­де, қай жиында болса да береке-бірліктің мә­нін ұғынды­рып келеді. Өйткені, бізге елі­міздегі көптеген ұлт өкілдері дүрдараз бол­май, дүрлікпей, бір үйдің баласындай та­ту-тәтті ғұмыр кешкені қажет. Ел­ба­сы­мыз­­дың аңсаған арманы да осы. Татулық, бір­лік, береке, ынтымақсыз ештеңе де өн­бесі, еткен еңбек жемісін бермесі хақ. Ал ауыз­бірлігі жарасқан елді ешқандай қи­ын­дық қыспағына ала алмайды. Сон­дық­тан бірлік пен достық әрдайым керек. Ын­тымағы жоқ ха­лық­тың қандай күйге ұшы­рап жатқанын да көріп жүрміз. Екі құз­ғын таласса, бір қарғаға жем болады. Бұрынғы қариялардың “Е, Құдай, қара су бер­сең де, тыныштығымен бер” деп оты­ра­тыны осыдан болса керек. Туған елді сүю сол елдің ата-баба­сы­нан келе жатқан дінін де құрметтеуден бі­лі­неді. Құранда: “Сендер Алланың дініне кө­мек­тесіңдер, Алла да сендерге көмек­те­се­ді” делінген (“Мұхаммед” сүресі, 7-аят). Олай болса, елімізде Исламның өркендеуі – дін мамандарының ғана емес, әрбір көзі аш­ық мұсылманның міндеті екенін ұғы­на­тын кез жетті. Бүгінгі күні дінге қол ұшын беріп, республикамыздың түкпір-түк­пірінде мешіт, медресе салып беріп жат­қан ағайындардың молайып келе жат­қа­ны көңілге қуаныш ұялатады. Ендігі жерде діни ағарту істеріне де қол ұшын беру кезекте тұрған мәселе екенін ес­кер­ген жөн. Бірақ мұның барлығы да бір ғана Алланың разылығын көздеп, туған елге де­ген сүйіспеншілікпен атқарылуы тиіс. Ислам тарихына қарасаңыз, мұсылман ел­де­рінде мешіт, медресе, кітапхана, көпір, монша, керуенсарай секілді халық игі­лі­гі­не жарайтын істердің көбінесе жеке тұлғалардың қайырымдылығымен ат­қа­рыл­ғанын көреміз. Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына кө­ңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Халифа Омар ибн Абдил Азиз (р.а.) бір­де сырттан бір кісі келгенде, дереу барып алдында тұрған май шамды ауыс­тыр­ған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда, “Мен бағана мемлекет ісін қа­рап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын бол­ғаннан кейін өз май шамымды жақ­тым” деп жауап бергені тарихтан мәлім. Бұл хазіреті Омардың ел басқарып тұрған ха­лифа кезінде мемлекет меншігіндегі зат­қа қаншалықты жауапкершілікпен қа­ра­ған­дығын көрсетеді. Сахабаларымыздың қай-қайсысы да адалдығын осылай дәлел­дей білген. Өйткені, олар ақыретте осы дү­ние­де істеген істерінің бәрі үшін сұрақ ба­ры­на нық сенген. Ол сұрақтың оңай бол­ма­сын да тереңнен сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын же­мес­тен маңдайлары жарқырап баруды қа­лаған. Бұл бүгінгі біздер үшін де ой салуы тиіс. Сол себепті қандай да бір ел мем­ле­кет мүлкіне зор жауапкершілікпен қа­рай­тын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жо­ғары қоя білетін, арды ақшадан биік қоя­тын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні бел­гілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қа­жет қасиет болып отырғаны баршаға аян. Туған жердің көркейгенін қалаған әр­бір азамат өз ісін жақсы меңгеруге тал­пы­нуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз ма­мандығының шыңына шығуы тиіс. Құранда бұл туралы: “Еңбек етіңдер! Се­бе­бі, істеріңді Алла тағала, елшісі және жал­пы мұсылмандар көреді” делінген (“Тәуба” сүресі, 105-аят). Демек, мұ­сыл­ман адам өз жауапкершілігіне алған жұ­мы­сына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұ­мысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Осы орайда, Америка президенті Лин­кольннің балаларына “Кейін өскенде ау­ла сыпырушы болсаңдар да, ісіне ұқып­ты, ең жауапты жұмыскер сендер болу­ла­рың керек”, деп кеңес беретін болғаны өте мәнді. Елдің әрбір азаматы осындай ниет­пен, өзіне берілген істі ең сапалы дең­гейде атқарғанда ғана туған елдің көр­ке­юі­не үлес қоспақ. Әйтпесе, үнемі бас­қа­ларды сынау, аяқтан шалудан аса ал­мау­дың кері тартқаннан басқа елге берері шамалы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Ең жақ­сы адам – басқаға пайдасы тиген адам” дейді. Осы себепті туған елімді сүй­ем деген әрбір азамат ол айтқанын туған ел­ге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі ке­рек. Саясаткерлер халық игілігін көз­дей­тін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақ­ша­ларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәр­бие, имандылықты үйретуі тиіс. Мек­теп­терде ұстаздар сапалы білім беруге тал­пы­нып, дәрігерлер науқастарға қолдан кел­генше жәрдем бергені жөн. Тәртіп сақ­шылары халыққа сенімділік ұялата бі­луі ләзім. Дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан таныта білуі қа­жет. Өнерпаздар мен ақындар елдің, ха­лық­тың мұңын мұңдап, жырын жырлауы, халық­қа имандылық пен ізгілікті дәріп­те­уі, Отанға деген сүйіспеншілікті наси­хат­­таған абзал. Имамдар халыққа Ислам ді­нінің құндылықтарын кеңірек жайып, ел­дің ауызбірлігін арттырып, іс-әре­ке­ті­мен үлгі болуы тиіс. Отанға деген сүйіспен­шілік, құрмет – осындай кең ұғым­ды білдіреді. Сол себепті әркім қо­лын­ан келетін жақсылығын жасауға тырысуы қажет. Хадисте: “Ертең қиямет бо­латынын білсең де, бүгін ағаш ек” дей­ді. Міне, мұны туған жерге деген жақ­сы­лық жасауға асығу деп те түсінуге болады. Мәш­һүр Жүсіп бабамыз да “Адам сол – адам­дығын жұрты көрсе” деген. Туған елге деген құрмет үлкенді сый­лау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мә­де­ниет­­­тілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте: “Үлкенге құрмет, кішіге ізет көр­сет­­­пеген бізден емес” делінген. Демек, ақ са­қалды аталарымыз бен ақ жаулықты ана­ларымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құр­мет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жа­татынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәр­биелеу турасындағы насихатты кү­шей­ту­дің басты орында тұрғанын ұмытпаған жөн. Отанға жанашырлық елдің үнемі ті­леу­ін тілеуді, жүрген ортаны таза ұстауды да қажет етеді. Ата-бабаларымыз үнемі ба­та­ларында елдің, жердің, халықтың аман­ды­ғын тілегені осының айғағы. Пайғам­ба­рымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде “Алла лағынет­теген екі нәрседен сақ болыңыз­дар. Адам жүретін жолдар мен көлең­ке­лей­тін орындарды ластау” деу арқылы адам­дар жүретін жерлерді, қоғамдық орын­дарды, қоршаған ортаны таза ұстауға ша­қырған. “Халықты сүйем деп байбалам салмай, оған тек жан жүрегімен ғашық бола білу ке­рек” деген Мұқағали ақынның мына бір жыр шумақтары ойға оралады: Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, Не тындырдың “басымды иемменен”? Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой, Отан үшін күйемін, өлем деген. Өлім деген ерліктің қорегі ме? Өлмей-ақ қой, өлімнің керегі не? ...Егер Отан сыңсыған орман болса, Жапырақ боп жармасқын терегіне. Самалы бол Отанның салқындаған, Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң. Семсері бол Отанның қынабында, Сертке ұстаса селт етпей жалтылдаған. Шетсіз, шексіз, қиырсыз, ұлы дала, Шуақ болып шашылмай жылына ма? Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те, Гүл боп қадал ойына, қырына да. “Жүз толғанып, күніне мың ойласам”, Ақ басты алып анаммен шырайласам. Қалай оны сүйем деп айта аламын, Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?! ...Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген Іс тынбайды “жанамын, күйемменен...” Өгей әке емес қой Отан деген, Отанды мен Атамдай иемденем! Иә, туған ел, туған жер үшін жа­са­ла­тын жақсылықтардың барлығы ізгі ниет­тен, иманнан туатыны даусыз. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.