“МАҢҒЫСТАУ-1” КЕМЕСІ ҚАТАРҒА ҚОСЫЛДЫ
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерушілерге сервистік қызмет көрсететін “Каспиан Оффшор Констрактор” компаниясындағы көліктер қатарына “Маңғыстау-1” деп аталатын кеме қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл финляндиялық “АКАТ АС” компаниясы жобасын жасап, Румынияда құрастырылған Каспий аймағында бұрын-соңды кездеспеген ерекше кеме. Олай дейтініміз кеме қалыңдығы 1 метрге дейінгі мұзды жарып жүре алады. Өрт сөндіруге мүмкіндігі мол. Теңізде кездесетін оқыс оқиғаларға қарай түрлі құтқару жұмыстарын да атқара алады. Солай бола тұра экипаж құрамы да шағын – барлығы 13 адамнан тұрады. Кеменің ұзындығы 67 метр, ені 16,5 метр. Сөйтіп Солтүстік Каспийдегі Қашаған жобасын жүзеге асырушы “Аджип” компаниясының көліктерінің қатарында “Маңғыстау-1” кемесі де теңіз төсіне шықты.
Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау.
* * *
ТӨРТІНШІҢІЗГЕ ЕСЕПШОТ АШЫҢЫЗ
Облыс әкімі Серік Біләловтің бастамасымен қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасын халық қалаулылары қолдап, жергілікті қазынадан қаржы бөлінді. Шара төрт және одан да көп бала туған аналардың кәмелетке толмаған әр сәбиінің есепшотына 226 мың теңге аударып, жыл сайын еселеп отыру мақсатын көздейді.
Өңір басшысы жуырда төрт және одан көп бала өсіріп-тәрбиелеп отырған бір топ анаға “Ұрпақ қоры” сертификатын салтанатты жағдайда табыс етті. Мұндай құрметке 26 отбасы ие болды. Олардың арасында Светлана Бикбаева, Жібек Мақашева, Юлия Бушуева секілді жас аналар бар.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.
* * *
ТАРАЗДА МЕДРЕСЕ АШЫЛДЫ
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы “Һибатулла Тарази” мешітінің қасынан медресе ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, діни оқу орнының ашылу құрметіне жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтады. Қолы ашық кәсіпкерлердің арқасында еңсе көтерген медресенің екінші қабатында шәкірт сыныптары, мұғалімдер бөлмесі және мәжіліс залы бар. Сыныптар компьютерлермен, ал, кітапхана – діни оқулықтармен және әдістемелік құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, мұнда, намазхана, сүндетке отырғызу, неке қию, қызметшілер бөлмелері де бар. Асхана да ескерілген.
Өз жұмысын көп ұзамай бастауға дайындалып жатқан мешітте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жолдамасымен келген мұғалімдер ғана сабақ беріп, дәріс оқитын болады. Медресеге жылына 20 ұл қабылданады. Олардың оқу мерзімі 2 жыл 10 ай.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Тараз қаласы.