Дабыл!
Газетімізде астық сатудағы баға саясатына, белгіленген квота мөлшеріне қатысты жергілікті диқандардың ой-пікірлерін жариялаған едік. (“Егін өсірушілердің өкпесі” 17 тамыз, “Жергілікті жағдай неге ескерілмейді?” 4 қыркүйек). Олардың үні Үкіметке жетіп, квотаға біршама түзетулер енгізілді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша екі есе азайтылып, 330 мың тоннаға дейін түсірілді. Бүгінде мемлекеттік тұрақтандыру қорына құйылуға тиісті астықтың 54 пайызы жөнелтілді. Осынау маңызды іске негізінен жергілікті шаруашылықтар ғана кіріскен. Ал, шеттен келген инвесторлар мен қалталы алпауыттар иелік ететін агроқұрылымдар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге еш асығар емес. Әсіресе, “Атамекен-Агро”, “Баско”, “Трансавто” секілді ірі фирмалардың Қызылжар өңірінде жүздеген мың астықты алқаптары бола тұра және жақсы өнім алғандарына қарамастан міндетті тапсырмадан мүлдем сырт қалып отыр. Олардың мемлекеттен арзандатылған бағамен жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш алғаны, басқадай да жеңілдік шараларын пайдаланғаны белгілі. Тұтастай алғанда, облысқа 14 миллиард теңгенің демеуқаржысы көрсетілді. Солай бола тұра, қамбаларындағы астықтың азғантай ғана бөлігін сақтандыру қорына өткізудің орнына нарықтық бағамен сату көздің құртына айналып кеткен секілді. Дәл осылардың “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ ұсынған бағаны азырқанатын жөні жоқ. Жергілікті диқандар “өзімдікі дегенде өгіз қара күшімге” салынып жатқанда бұлардың “өзгенікі дегенде бір кісідей ісім бардың” керін келтіруі “Астық туралы” Заңға мүлдем қарама-қайшы іс-әрекет екенін еске салып қойған жөн болар. Жалпы, сырттан келген инвесторларға айтылып жүрген сын-пікірлер аз емес. Босағадан аттамай жатып “төр менікі” дейтін мұндай пиғылды алпауыттарға “алмақтың салмағы барын” сездіретін мезгіл жеткен сықылды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.
•
15 Қазан, 2010
Шеттен келгендер неліктен кергиді?
454 рет
көрсетілді