• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Жол жүрісі сапасын арттыру – қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

629 рет
көрсетілді

Көлік құралдары санының жылдан жылға көбеюі жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бұрыннан бар проблемаларын одан сайын арттыра түсті. Әрине, уәкілетті органдар жолдағы жағдайды оңалту, жол-көлік оқиғаларын ескерту, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір шараларды қабылдауда, сөйтіп жұмыс істеу әдістері жақсаруда, профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, нормативтік-құқықтық база жетілдірілуде. 2014 жылғы 20 қазаннан бас­тап «Жол жүрісі туралы» заң қолданысқа енгізілді, ол жол жүрісін ұйымдастыру тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа заңда мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреті нақты айқындалды және жол жүрісі үрдістерін мемлекеттік басқару жүйесі жетілдірілді. Зияткерлік көлік жүйе­лері және жолдар мен жаңа кө­лік құрал­дарын бағалаудың ұлттық жүйесі енгізілді. Жол жүрісі қауіпсіздігі, оның ішінде, жолдарды салу кезінде, оларды қайта жөндеу барысында да жол қозғалысы аудиті институты енгізілді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы «Жол жүрісі туралы» заңның жаңа редакциясымен сәйкестікке келтіру үшін бірқатар заңдарға түзетулер енгізілді. Атап, айтқанда, әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеуге ынталандыратын нормалар енгізілді, елдімекендердің құрылысын салу кезінде аумақты көліктік жоспарлау бойынша міндетті талаптар белгіленді. Ал жол жүрісі қауіпсіздігі сала­сын­дағы заңдардың орындалуын қадағалау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саладағы заңдылықты қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде тексерулер жүргізіледі, проблемалы мәселелерге талдау жасалады. Жолдардағы апаттар санын төмендетуге мүмкіндік беретін ұтымды әдістерді енгізу мақсатында әлемдік тәжірибе зерделенеді және олардың неғұрлым тиімділерін пайдалану жөнінде шаралар қабылданады. Мысалы, Бас прокуратура апаттылық картасын әзірледі, оны уәкілетті органдар ең апатты учаскелерді айқындауға және осы жерлерде жол-көлік оқиғалары болуы себептері мен шарттарын жою үшін шаралар қабыл­дау мақсатында пайдалана алады. Жол-көлік оқиғаларының ал­дын алу­дағы кешенді ұстаным, орталық және жергілікті атқарушы органдардың күштерін біріктіру және олардың жол жүрісі саласындағы әрекеттерін үйлестіру жолдардағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, жүргізілген талдау көр­сеткендей, көліктің жыл сайын ұлғаюына қарамастан, 2015 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 2014 жылмен салыстырғанда 7,3%-ға (20 378-ден 18 890-ға) төмендеген, оларда зардап шеккендер саны 7,1% (28 527-ден 26 508-ге) азайған. Жол-көлік оқиғаларындағы өлім саны 5,1%-ға азайған. Бірақ осы қоғамдық көліктермен болатын жол-көлік оқиғалары үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан, өткен жылы прокуратура органдары жол полициясы және көліктік бақылау органдарымен бірлесіп автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру саласында кең ауқымды тексеру жүргізді. Сонда жол-көлік оқиғаларының басты себебі – тасымалдаушылардың жауапсыздығы екендігі анықталды. Тіпті, кейбір қоғамдық көлік жүргізушілері үшін ережелерді бұзу әдеттегі жағдай болып табылады. Нақтырақ айтқанда, заңды тасымалдауды жүзеге асыратын автобустың/шағын автобустың әрбір екінші жүргізушісі жол жү­рісі ережелерін бұзғаны үшін әр­түрлі жауапкершілікке тартылды. Оларды даярлау сапасы да сын көтер­мейді. Әрбір үшінші оқу орны басшы­ларының, оқытушыларының және оқыту шеберлерінің біліктілігі заң талап­тарына сәйкес келмейді. Тексе­румен қамтылған оқу орын­дарының барлығында дерлік жүргі­зу­шілерді сапасыз оқыту дерегі анықталды. Жолаушылар тасымалы нарығы, әдетте, ұйымдастырылмаған және стихиялық сипатқа ие, себебі заңсыз жолаушылар тасымалын жүзеге асырудың көптеген дерегі анықталды. Заңсыз жолаушылар тасымалын жүзеге асырудың 2 мыңнан астам фактісі анықталды, рейдтік іс-шаралар барысында тоқтатылған әрбір үшінші автобус жағдайы қойылған талаптарға сай келмейді. Қолданыстағы заңнама нормаларын бұзып, жолаушылар мен жүк тасымалын жүргізген 3 мыңнан астам автобус пен шағын автобустар анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша 3,5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Нәтижесінде рейстер мен бағдарлардан 125 автобус алынды. Аталған мәселе Парламент депутаттарының, Ішкі істер және басқа да министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында қаралды. Талдау нәтижелері бойынша Үкіметке, Парламент Мәжілісіне жолдардағы жағдайды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар көрсетілген хаттар жолданды. Қанат СЕЙДҒАПБАРОВ, Бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы.