• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2016

Әдебиетіміздің асыл кені

571 рет
көрсетілді

  *Жамбыл – 170 Биылғы қаңтар айынан бастау алған жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына байланыс­ты мерейтойлық іс-шаралар еліміз көлемінде өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Жазушылар одағының конференц-залында Жамбыл айлығының ашылуына арналып әдеби-сазды кеш өткені баршамызға аян. Сонымен бірге, республика бойынша жоғары оқу орындарында, орта мектептерде «Жыр алыбына тағзым» атты әдеби кештер, республикалық студенттер және Алматы облыстық оқушылар айтысы, Тараз қаласында республикалық жыршы-термешілер байқауы, Қыздар педагогикалық университетінде ғылыми-практикалық конференция, Алматыда Жамбыл атындағы филармонияда халықаралық ғылыми симпозиум, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ғылыми-практикалық конференция, тағы басқа да түрлі шаралар ұйымдастырылды, Жамбыл ауданы, Жамбыл ата ауылында қорытынды салтанатты жиын өткізілді. Аталған іс-шаралардың өтуіне республикамыздың танымал мемлекет, мәдениет, өнер және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мемлекеттік қыз­метшілер, қарапайым халықтың өкілдері де белсене қатысты. Осынау игілікті бастамаға мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып Жоғарғы Сот атсалысты. Мерейтойлық іс-шара алдымен Астана төрінде жыр жампозына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Одан кейін Жоғарғы Соттың мәжіліс залында жалғасын тапқан іс-шараны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми ашып, қысқаша сөз сөйледі. Мерейтойлық іс-шара барысында сөз алған Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Жоғарғы Соттың судьясы Әділ Құрықбаев дүлдүл ақынның өмірі мен шығармашылығына жан-жақты тоқталып, әділдікті, ынтымақ-бірлікті арқау еткен өлеңдерін талдады. Сонымен қатар, ақиық ақынның халқымыздың рухани қазынасына айналған туындылары оқылып, сот әділдігін жүзеге асыруда қажырлы еңбек етіп жүрген судьялар мен аппарат қызметкерлеріне тағылым боларлықтай мазмұнды баяндамалар жасалды. Жамбыл бабамыз өзінің ға­сырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады, поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер әрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз – есімі қазақ әдебиетінде алтын әріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы! Ақиық ақынның жыры да, сыры да мәңгілік тақырыпты қозғайды, яғни, тір­шілік және адам­тану жөнінде! Жыр алыбы өскелең ұрпаққа, біздерге асыл мұраға нені қалдырыпты, жас­тарды неге үндеді? Олай болса, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының осы орайдағы пайымды пікірлеріне жүгіне отырып, талдап көрейікші. Ақын да өзінше бір әлем, тіпті, бейнелеп айтар болсақ, әулие! Сондықтан, оның көңіл көкжиегі, ойы ұшқыр, әрқашан биікте, аспанмен астасып, жұлдызбен жымдасып жатады. Ақын болса, адамдардың пендауи тіршілік, пайымын саралап, жақсылығына жаны жадырай рахаттанып, ал қиянат-қиыс істерге жаны қинала күйініп, жүрегі сыздап, қатты қапаланады. Ол өзі өмір сүрген қоғамнан мүлде сырт қала алмайды. Ақынды әулие демей көріңіз, кім-кімді де жетістігін асқақтатып, ал кемшілігін, дәулеті мен бе­деліне қарамастан ашық айтады. Осы ретте нағыз ақындықтың бол­мысын, сол кездегі заман­ның және қазіргі таңдағы би­лердің, қазылардың (судьялар) әділетті болмысымен қатар қарауымызға болады. Ақынның да, судьялардың да қоғамдағы миссияларының түпкі негізі – әділеттілік пен шыншылдықты сақтап қалуға барын салуда деп айтқанымыз жөн. Өйткені, қазіргі таңдағы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғамды орнықтыруда сот ор­гандарының, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғауда табандылық танытып келеді. Және де тарихта бұрын өткен шешендер, ақындар мен билердің дауды шешудегі кесіп айтқан әділ төрелігін қазіргі таңда сот органдары атқарып жатыр деуге толық болады. Шын ақындыққа келер болсақ, өлеңі елге аңыздай тарайды. Ақын тумысынан батыр келеді. Сондықтан да болар, кейбір пенделер сияқты қоңторғай тіршілік кешіп жүре алмайды. Қисықты сын тезіне алып, ащы тілімен тіліп түседі. Сөйтіп, былайша айтқанда, «қараптан қарап жүріп», өзіне жау тауып алады. Олар да қарап жатпай әділетшіл ақынның жанын жаралайды, балға үймелеген арадай талайды, небір қиянатқа, сұрқиялыққа барады. Бірақ, ай­тылған сөз – атылған оқ! Дәлел керек пе? Жамбыл ата көңіліне ұнама­ғанын бет-жүзің бар демей, түй­реп-түйреп өткен жырлары ауыздан-ауызға көшіп, ел арасына тез тарайтын болған. Бұдан өткен ауыр соққы болар ма? Батырдың гүрзісінен ақынның бірауыз өлеңі артық деген осы! Мысалы, Жамбыл ата «Байұзақ молдаға» деген өлеңінде былай дейді: «Отынға екеу кетті, бірі – молда, Мінгені – молдасының шұбар жорға. Молдасы Сарыекемнің ұрлық қылып, Құдая, кешіре гөр, өзің тоба?!». Ал енді «Көкімге» деген өле­ңінде: «Бері отыршы Көкімім, Қандай екен өкімің? Елді билеп алуға Қай арадан бекідің. Әлде бекіп келдің бе? Арын сатып бетіңнің. Бір тояйын дедің бе? Ақысын жеп жетімнің. Әлде ғаріп көз жасын Көрейін деп бекіндің. Ашып жауап қайыршы, Көкім, сенен өтіндім, – дейді. Сондай-ақ, «Мәмбетке», «Өлең­ші Омарға», «Есенәлі мешкейге» және басқа да көптеген өлеңдерінен Жәкеңнің жүрек жұтқан өткірлігіне тәнті боламыз. «Иіні келген жерге түйе де шөгеді» демекші, сөз ұғарлары өздері келіп, кешірім сұрап, сын тезінен оң шешім қабылдайды. Жамбыл қолында билігі бар, әмірі күшті, дүмі мықтыларды аяусыз әшкерелейді. Мысалы, Жамбылдың Мәңке болысқа айтқаны: «Жанғойлық болысы пысық келеді, Мұрындары пұшық келеді, Екі арадан ептеп жерінде Көздерін қысып келеді. Сөздерін ұзарта келеді. Өңешін қызарта келеді. Өнімі азырақ жерде Үстіне тұз арта келеді. Ыңыранып отырып алады, Әр алуан қырға салады. Ақыры құдай жарылқап Қалталарын толтырып алады». Міне, бұл дегенің алпыс мың жауға жалғыз өзі қарсы шапқан баһадүр батырдың көзсіз ерлігін көз алдымызға әкеледі. Нағашыбек Қапалбекұлы айт­­қандай, ақындар – елінің ер­кесі, қиын-қыстау кезде ел бас­­тайтын серкесі, әділін айтар ақжүрек батыры. «Бас кес­пек болса да, тіл кеспек жоқ». Атақты Сүйінбайдың алты атасынан бері хандық үзілмеген, азуын айға білеген Тезек төрені ықтыруы асыл сөзінде, ақындық киесінде. Ұлы ұстазынан өнеге алған Жамбыл да ғасырға жуық ғұмырында ешкімнен тайсалып көрмеген, сол биік тұғырдан түс­пей кеткен ақиық ақын. Жамбылдың, бетке шығар қай­мақтары-ау дегендердің осындай жағымсыз қылықтарын «сойып» алғандығын көріп, басқалар да ішін жиып, қалыпқа тартылып, жөн-жосыққа көшеді. Ақын өз ортасының көрген көзі, естір құлағы, айтар дуалы сөзі деген осы-ақ болар! Демек, қазіргі таң­дағы қоғамда орын алатын дау-дамайларды орынды, уақ­тылы заң шеңберінде шешу Ата Заңымызда, соттар және сот тө­релігі ретінде арнайы бөлімі болып бекітілуіның мәні тереңде жатыр. Яғни, әділеттікке жету жолында, турашыл ақын мен турашыл бидің, шешеннің, қазидің табиғи болмыстарын егіздей ұқсас деуге болады. Сондықтан да болашақ заңгерлерді дайындауда, олардың ішінде, әсіресе, болашақ соттарды кәсіби тұр­ғыда дайындауда, еліміздің жо­ғары оқу орындарының заң факультеттерінде арнайы сот риторикасы пәні алдыңғы орын­дарға қойылады. Маманның жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін, заңға сәйкес аудиторияға дұрыс жеткізе білу де кәсіби мамандылықтың белгісі. Демек, осының терең сыры, әуелгі көне заманнан, тасқа қашап жазылған тарихи-тәлімдік таңбадай айтылған қа­зақ халқының төбе биі Төле бидің: «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп билік, төрелік жасаушылардың міндетінің негізін қозғалмас қа­зықтай ғып қадап жеткізіп кет­кендігі анық дәлел. Данышпандар дана сөз айтады. Жоғары­дағыдай қанатты, мәтел болар өлең жолдарын оқығанда жаның байиды, кеудеңе нұр сәуле толады, санаң ашылып, жүрегің тазарады. Бізді ойландыра алатын, ойландырып қана қоймай, ізгі-ниет, ақжарылқап ізгілікке үндейтін, жаныңа адамгершілік дәнін себетін осындай ұлылар барына тәубе етесің, шүкіршілік қыласың. «Халық поэзиясының алыбы болып жаңғырған жастықтың мол сұлу жырларын төккен Жам­былдың өз өмірі де талай әсем сөз, әдемі аңыз болуға татиды», деп Мұхтар Әуезов атап айтқандай, Жамбыл жыры ғасырдан-ғасырға тарап, алтын арқауы мәңгі үзілмей келеді. Ұлы жыраудың жанына топтасқан, үлгі алып, бағын сынаған, серіктес серігі, әдепті шәкірті болған шоғыр-шоғыр таланттар есімін ерекше атауға болады. Кенен, Үмбетәлі, Әбдіғали, Есдәулет, Жартыбай, Өтеп, Өмірзақ және басқа да ақын-жыршылар Жамбылды ұстаз тұтты, пір санады. Олар Жамбыл дәстүрін жалғастырып, жүз жыл жырлаған ұлы жүректі әдемі аңызға айналдырды. Жамбыл – ауыз әдебиетінің асыл кені!.. Әлемдік әдебиеттің алтын қорында мәңгілікке қа­лып, қазақ деген ұғыммен қа­тар жүретін дәрежеде өз шы­ғармалары арқылы көтеріліп, биікте тұр. Тек, біздер, ұрпақтары ұлыларымызды сол биіктен көрсете білейік. Жамбылды «халық поэзиясының алыбы, ХХ ғасырдың Гомері» деп атады. Бұл – оның ақындық еңбегіне берілген зор баға. Шетелдің ал­дыңғы қатарлы прогресшіл қай­раткерлері мен көрнекті әлем жазушылары Жамбылдың көзі тірісінде де, одан кейін де ақын еңбегін зор құрметпен атады. Шын жүректен шыққан ұлы­лардың пікір-ойларын зерделеп көрейікші: «Жамбыл ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау, бет-бейнелі, аса зор алып тұлға. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны», – деген Мұх­тар Әуезов сөзі Жамбыл тұл­ғасын бар ұлылығымен, өл­мес өміршеңдігімен көрсетіп тұр­ғандай. Жамбыл жырларының халық­тар жүре­гінен өшпес, өлмес орын алуы – оның ұлылы­ғының белгісі. Сондықтан да армян ақыны А.Геворк: «Сенің жырың – миллионның өз жыры, Сенің тілің – миллионның өз тілі, Сенің жырың жатталады Бүкіл совет елінде. Мәңгі-мәңгі сақталады Бақытты Отан төрінде», – деп жазды. «Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өт­ті. Ол әлеуметтік және жеке өмі­рін­дегі сөзінің көбін өлеңмен сөй­леген кісі», деп толғанды академик жазушы Сәбит Мұқанов. Француздың атақты жазушысы Ромен Роллан Жамбылдың 75 жылдық ақын­дық қызметін тойлау күндерінде: «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адам баласының жыршысы, Қа­зақстан даласының жүрегі Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын», деген жеделхат жіберген. «Халқының жарық жұлды­зындай ақыны Жамбылға Индия халқынан бауырластық сәлем. Ол өз халқының өмірін терең, толғана жырлаумен заманының ұлы ақыны болып қалады», деп жазған ұлы үнді жазушысы Рабиндранат Тагор. Тәжік ақыны Мирзо Турсын-Заде Жам­былдың туғанына 125 жыл толуына арналған кеште сөйлеген сөзінде: «Қазақ хал­қы ұлы жыршы Жамбылды дүниег­е келтірді. Оның өлеңдерін оқыған кезде көз алдыңа Алатау елестейді. Жамбылдың поэзия­сы ғасырлар бойы жасайды, әрқашан да өлмейді. Ең биік шың – адамның жаны, адамның жүрегі, Жамбыл өзінің поэзиясымен бұл шыңға жол таба білді және бұл шыңды бағындырды», деген. Иә, мұндай ыстық лебіздер көп, өте көп. Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығар­машылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген әділ баға, біздер үшін мән-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер. Бұл мәліметтер Жам­был бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тәлімдік, тәрбиелік мәні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан-ғасырға жасай береді. Жанат ЖАЙЛАУБАЙ, Алматы гарнизоны Әскери сотының төрағасы, Қанат ЕСТАЙ, Алматы гарнизоны Әскери сотының судьясы.  АЛМАТЫ.