• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2016

«4С» формуласы

467 рет
көрсетілді

Сүю, саналылық, сабыр, сенім. Осы бір сөздерде қаншама мән жатыр десеңізші! Ал оның құдіреті адамның шынайы бақытқа кенелуінде дейді. Сон­дықтан да, «Бақыттылықтың шыңы – отба­сылық бақытқа қол жеткізу» деп бекер айтылмаса керек. Демек, өмірдің бар мәні де, сәні де от­басылық бақыттан бастау алады десек, оның ел іргесінің мықты болуына да әсері мол екені дау­сыз. Бірақ мына өмірде мұндай бақытқа екінің бірі қол жеткізе алмайтындығы өкінішті-ақ. Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жастардың арасындағы ажырасу саны шыңға шығудың жолы ауыр екенін көрсетеді. Ал өмірде жартысын тауып, шын ғашығына қосылып, бақытты отба­сын құруды кім қаламайды дейсіз. Солардың бә­рі мына қарапайым қағиданы жадына бекем түйсе, адаспасына кепілдік болар ма еді. Өйткені, «Бақытты отбасы болудың «3С» формуласы бар дейді психолог мамандар. Бірінші «С» – сүю. Ол отбасының негізі, онсыз үй болу, бақытты болу мүмкін емес. Сүйіспеншілік жүректің тереңінен шығады, жүректе сезіледі. Екінші «С» – саналылық. Отбасында тек махаббаттың болуы жеткілікті емес, күнделікті өмірде сезімнен гөрі жарыңның өскен ортасы, алған тәлімі, өмірге деген көзқарасы, жан дүниесінің байлығы басым түседі. Ал үшінші «С» – сабыр. Сабырлылық үй болып кетуде өте үлкен рөл атқарады. Өзімшілдіктің өршіп тұрған заманында ажырасулар сабырсыздық пен төзімсіздіктің кесірінен жаппай етек алуда. Яғни, сабыр – қиын­дықтарға төзе білу, жолын тауып жеңіспен шыға білу», деп жазылыпты. Бұл үзінді «Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылдың 1 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған «4С формуласының шешімі» атты сараптама кейіпкерінің сөзінен алынды. Ол сараптаманың авторы елге танымал қаламгер, белгілі журналист Александр Тасболатов. Осы автордың жазуына сай, оның кейіпкері Рания Гайсина бақытты болудың «3С» формуласына қоса өзінің де ойын: «Мен осыған төртінші «С» қосар едім, ол – сенім», деп жеткізеді. Сөй­тіп, ол: «Егер жұбайлар бір-біріне сенбесе, не болса со­ған қызғанышпен қарап, жұбайының әр басқан қа­дамын бақылап отырса онда жақсы отбасы болмай­ды. Сенім бар жерде ғана отбасы сақталады», дейді. Барша аруларға арналып жазылған бұл сарап­­­та­маның Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жариялануы жалпы әйел затының ерекшелігін, ұлылығын, қайталанбас дара болмысын, олардың бар шаңырақтың шаттығы мен берекесі екендігін нақты мысалдармен паш етті. Нәзік жанды дегенімізбен, қайсар да, қайратты аналарымыздың бір қолымен бесікті, бір қолымен барша әлемді тербететінін, адалдықтың символы екендігін жүректерге құйып берді. Өмірде қиындығы да, қызығы да көп небір мамандықтар бар. Соның ішінде, құпиясы мен астарлы амалы асқан, орасан күш-жігер мен қуаттылықты қажет ететін барлаушылық қызметтің де ауыртпалығын күйеуі­мен бөлісіп, қандай қиын­шылық, кедергілер туындаса да шаңырақтың шаттығын, отбасының құндылығын, махаб­­ба­ттың мәңгілігін сақтап қалған Рания барша аналардың ешуақытта мұқалмас рухын, рухани күш-жігерін көрсетіп берген. Соған орай бізге хат жазған оқырмандарымыздың көптеген ой-пікірлерінің бірқатарын жарияладық. Ал «4С» формуласынан шешімі» ең көп оқылған мақалалардың бірі екендігін еске сала кеткенді де жөн көрдік. Бағлан, Шымкент қаласы Алғыс айту күні мерекесі құт­ты болсын! Мына мақаланы тек бар­лаушылардың ғана жұбайларына емес, барлық қазақ әйелдеріне деген алғыс ретінде қабылдауға болады. Арды ойлаған қазақ арулары аман болсын. Багустар, Павлодар Әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді…Қазақ қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар – өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақыл­шысы, балалардың тәрбие­шісі» деп қараған. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Тоғыз ай, тоғыз күн тол­­ға­тып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» әйел бүкіл адамзатқа өмір сыйлайды. Мына жаңа мереке – Алғыс айту күні бар рахметіміз аналарға. Сонымен қатар, келе жатқан 8-Наурыз әйелдер мейрамы қарсанында барлық әйелдерді, қыз-келіншектерді құттықтайық, жігіттер. Азамат Қазақ халқы әрдайым әйел баласын, ананы қадір тұтып, құрметтей білген. Бүгінде қыз-келіншектер жұмысбасты болып, үй тірлігінен қол үзе бастады. Еріне әйелі тәуелді болғысы келмейді. Ондай отбасылар көбіне ажырасып тынады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп балалары шықпаған отбасында қандай береке болсын? Жалпы, «әйел теңдігі» мәселесі деп қанша пікір айтылғанмен, шындығына келгенде жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондықтан, әйел еркектен жоғары немесе төмен деп айту, дұрыс айтылған пікір емес. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясат мәселесі ұлттың менталитетіне, елдік сана­ның ерекшеліктеріне қарай күштеп, таңып енгізу артық. Әрине, шығыс елі, сондай-ақ, халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын Қазақстанда гендерлік саясат батыс­та дамыған, олардың мынадай үлгісі бар деп толықтай соны көшіруге, не еліктеуге мүлдем болмайды. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны, ең алдымен, отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Сондықтан, осындай мақалаларды тұрақты басып тұратын «Егеменге» мың алғыс. Азамат Мен гендерлік саясатқа қарсы емеспін, олай ойлап қалмаңыз­дар. Өйткені, ол қоғамның талабы. Өркениетті елімізді дамыту үшін, әйел, ер деп екі топқа бөліну жөнсіз сияқты. Қай топ болсын өз белсенділігі мен іскерлігін ортаға салып, елге деген сүйіспеншілікпен беріле жұмыс атқарса, нұр үстіне нұр болары анық. Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге құдіреті жетеді. Мына барлаушының жары Рания ханым сияқты. Берік Керемет мақала! Автор «4С» фор­муласының шешімін тереңнен толғап, жан-жақты байыппен жақсы ашып берген екен. Серік, Сарыағаш ОҚО. Жастар неге көп ажырасады? Неге «4С» формуласының шешімін көп адам таба алмайды. Ойланып көрейікші. Әркім өз перзентін «қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіруді қалайды. Дегенмен, осы ата-аналардың да тым артық кетіп қалатыны жасырын емес. Ержеткен бозбала ұлымыз бен бойжетіп отырған қызымызды отбасылық өмірге бейімдеп, дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Ұлымызды парасатты, қызымызды қылықты етіп өсірдік деп айта аламыз ба? Егер нақ солай екеніне 100 пайыздық кепілдік берер болсақ, отау құрған жастардың шаңырағы неге жиі шайқалады? Мұның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қыздарымыз ибалылықтан ажырап, үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей беттен алып, төске шабуға бейім тұрса, ұлдарымыздың бетіне ешкім келмеген, өжет. Осындай жайсыз мінезді жас шаңырақ иелері көп өтпей-ақ келіспей қалып жатады. Ерінің қаталдау айтқан сөзін көтере алмаған жас келіншек күйеуінің жанын жаралайтын неше түрлі ауыр сөздер айтып жатады. Өз кезегінде әке-шешесі берген асты еркелеп отырып әзер ішетін ерке, шадыр мінезді ұл мұндай сөздерді қайдан көтерсін? Сосын зайыбымен сөз таластыруды артық санаған жас жігіт жұдырықтың көмегіне жүгінері сөзсіз. Мұның соңы келіншектің төркініне кетуімен тынып жатады. Міне, бүгінгі күннің ажырасу сценарийі шамамен осындай… Алғатай, Алматы қаласы Құрметті «Егемен Қазақстан», сіздердің соңғы кезде қызбала тәрбиесі туралы жазып жүргендеріңіз қуантады. Жақсы мақалалар көріп жүрміз. Бүгінгі мына мақалада да барлаушының серігі, зайыбы туралы айта отырып, өте үлкен проб­леманы көтеріпті. Осындай нақты мысалдар арқылы айтса оқырманға қызықты және ұғымды болады деп ойлаймын. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырыс­ты ынтымағын, береке-бір­лігін, туыстың татулығын іске асы­ратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», – деген ұла­ғатты сөз осыдан туса керек. Кең-байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі. Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған боса­ғасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақ­сы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан, да, халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақ­тың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнжі кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар қазақта болған. Математик «4С» формуласының шешімі» деген тақырыбына қарап, академик Асқар Жұмаділдаевтың келесі есебі ме екен десем, мүлдем басқа тақырыпта жазылыпты. Ақыры ашқан соң аяғына дейін оқып шықтым. Не деген қызық тағдыр. Жақсы жазылыпты. Қатардағы оқырман «Өмірдің мәні – бақытты болуда, – дейді барлаушы. – Бақыт – ол от­басың, балаларың, әрине. Бірақ бақытты болудың ең жоғары мәні – жан-тәніңмен туған халқыңа қызмет ету», – деп әңгімесін аяқтаған са­қа барлаушы… Қандай керемет сөз­дер, нағыз патриоттың сөзі. Әрбір мем­лекеттік қызметкер осылай ойласа елімізді жаулап бара жатқан қазіргі жемқорлық, сатқындық секілді сұрқиялықтар болмас па еді. Райымбек «4С» формуласының шешімі» – тақырыптың таңдалуы керемет. Құпиясын ішіне тартқан атау. «Математик» деп ат қойған оқырман да дұрыс айтады. Басында математика саласына қатысты мақала ғой деп ойлайсың. Бірақ суреттегі гүл мен сарғайған конверттерді көріп, ойға қаласың. Содан амал жоқ оқуға отырасың. Оқыған сайын сені тарта береді, тарта береді. Бас алмай қалай оқып шыққаныңды өзің де байқамай қаласың. «Тағы да жалғасы бар ма, әрі қарай не болды?» деген сұрақ қалады көкейіңде. Софья Ковалевская Соңғы кездері баспасөз беттерін­де қыздарды «жамандаған» материалдар көп орын алып жүр. Әрине, ақталмаймыз, ол мақалаларда көр­сетілген жағдайлардың өмірде бар екені рас. Бірақ кінәнің бәрін қыз балаға артып қою дұрыс па? Жігіттер кінәлі емес пе? Менің ойымша, қыздардың кейбір сорақылыққа барып жатуына ең бірінші еркектер кінәлі. Егер де ер жігіт қыз баланы алақанында ұстаса, отбасына деген көзқарастарын өзгертсе, осы күнгі көптеген келеңсіздіктер болмас па еді. «4С» формуласының шешімін әркім әртүрлі шешер, жауабы түрлі болар. Біреулер бұл формуланың шешімін өмір бойы іздеп өтер. Табылмас та. Сонда да осы «есепті» шешіп көрейікші. Ермек, Тараз Мақаланы оқып отырып, көп нәрсеге қанықтық, көп нәрсе ойы­мызға келді. Расында да, құстың балапанын қорғағаны секілді, баласының тыныш ұйқысы үшін отқа да, суға да түсетін жанкештілік, ерлік әйел адамның генінде бар. Іштегі рефлекс әйелдерді қандай қиын сәттерде де алға алып шыға­тыны рас. Одан бөлек, жалпы кез келген ер адам ғылымда болсын, қоғамдық қызметте болсын, саясатта болсын үлкен шыңдарға көтеріліп жатса, оның жеңісіне бір әйел ортақ. Әр генералдың үйінде отырған ақылшы «генералшасы» бар. Әр басшының артында үйде отырған ақылды әйелі, ақылшы досы немесе анасы отыр. Мысалы, Құнанбайға реті келгенде басу айтып ақыл тоқ­татып отырған анасы Зере Абайды әде­биетке баулыған. Пушкиннің тәрбие­­­шісі, бала күнінен ертегі оқып тәр­биелеген – Арина Радионовна. На­полеонға рух беріп сенімін кү­шейтіп отырған – Жозефинасы, Александр Македонскийдің анасы Олимпиада түс көріп, алдын болжап, қиындықтарды алдын ала айтып, ақыл қосып отырған. Лениннің көмекшісі – Надежда Крупскаясы болыпты. Демек, қалай айтсақ та, әйелдің қоғамда да, отбасында да үлесі орасан. Соны автор Ранияның образы арқылы жақсы көрсете біліпті. Батыр Атақты Асанәлі Әшімовтің «Егеменге» берген бір сұхбатындағы жары Майра туралы айтқан мына сөздері қандай керемет: «Мені кәдімгі бір үлкен ұлындай аялайтын. Не жасыратыны бар, «Кешегі ел қыдырған есер шақта» дегендей, атағымыз шығып, халық ала­қа­нына сала бастағанда, қыз-қырқынның көз құртына айналған кезімде оңды-солды жүрісім де болмай қалған жоқ. От та бастым. Майра соның бә­рін түсінді, соның бәрін кешірді. Жүрегі кең еді, бәрін салқын са­бырға сала білетін». Иә, қандай біздің аналар арды ойлаған. Мына мақаладағы Ранияның бойынан осындай қасиеттерді көргендеймін.