Бижамал Шағиева 1911 жылы Катонқарағай ауданының Жұлдыз ауылында дүниеге келген екен. Төр Алтайда тұлымшағы желбіреген қыз күйеуге шыққанға дейін «Орджоникидзе» колхозында жұмыс істеп, үй ішіне көмектесіп, болысып жүреді. 1941 жылы трактор бригадасын басқаратын күйеуі әскер қатарына шақырылады. Осы өмірлік қосағы соғыс кезінде, 1942 жылы Астрахань қаласында хабар-ошарсыз кетіпті. Жас өмірі аумалы-төкпелі бұлғақ заманға тап келіп, отбасылық қуанышын соғыс тып-типыл етсе де, қазақ әйелі қайтпас қажырмен замана желіне қарсы тұра біліпті. Бижамал Еңсебайқызы еңбек майданында ерекше көзге түсіп, колхозда сауыншы болып жұмыс істейді, «Өскемен – Зырян» тасжолын салуға қатысады. Бір ұл мен бір қыз өсірген әже 1999 жылдан бері Өскемендегі қызының қолында тұрады. Бүгінде 8 немересі, 16 шөбересі, 5 шөпшегінің қызығын көріп отыр. Көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.
– Біз қиын жылдарда көрешекті көрген адамбыз. Бір күнге берілетін бір стақан көк сүтпен жан сақтадық. Құдайға шүкір, қазір бала-шағамның ортасындамын. Әрдайым, Елбасы мен елдің амандығын тілеп отырамын! Отанымыз аман болса, бәрі жақсы болады, – деді 105 жасқа келген Бижамал әже.
Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов биыл 105 көктемін қарсы алып отырған кейуананы 8 наурыз мерекесімен құттықтаған еді. Қала әкімі зейнеткерге гүл шоқтарын тапсыра отырып, көп балалы ана, сүйікті әже ретінде өскелең ұрпаққа үлгі болып, тірі аңызға айналғанын, соғыс жылдары және тыңды игеру кезеңінде еңбек майданында шыңдалған Бижамал Еңсебайқызының Отанды қорғау мен сақтауға өлшеусіз үлес қосқанын атап өткен болатын.
– Бүгінгі Тәуелсіз елде бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп отырғанымыз – сіздей аталар мен әжелердің арқасы. Сондықтан, сізге бүгінгі ұрпақтың атынан алғыс айтамыз, – деді шаһар басшысы.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.