Елбасы халыққа арнаған Жолдауында ауқымды міндеттерді жүзеге асыруды көздейтін дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын белгілеп берді. Алдымызда қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері, сондай-ақ, жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың нақты міндеттері тұр.
Мемлекетімізді түбегейлі жаңартуға бағыт ұстап отырған индустриялық-инновациялық бағдарлама жаңғыртулар тетіктерінің бірі болуға тиіс. Қазір шикізат ресурстарына тәуелсіз экономика құрылуда, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы өтуде. Сондықтан барлық салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігі туындады. Бәсекелестік саласындағы саясат туралы Президент банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс екенін атап көрсетті. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Ал біз бәсекеге қабілетті емес компанияларды мемлекет есебінен қаржыландыруға тиіс емеспіз. Бюджеттік шығыстарды үнемдеу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетіктерін белсенді қолдануымыз қажет.
Мемлекет басшысы қаржы секторын тұрақтандырудың бірнеше алғышарттарын ұсынды. Бұл орайда, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етудің, «долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор. Шағын және орта бизнес саласындағы әкімшілік кедергілерге шектеу қойылып, мемлекеттік басқарулар мен білім және денсаулық сақтау салалары жетілдірілетін болады. «Көрпеге қарай көсіліп», өмір сүру жаһандық дағдарыс ықпалы жағдайында бюджет саясатының дұрыс моделін қалыптастырары анық. Бұл шаралардың барлығы мемлекетімізді, қоғамды, экономикамызды одан әрі нығайта түседі.
Стратегиялық құжатта мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау тапсырмасы берілді. Бюджеттің кіріс базасы ұлғайтылып, 2017 жылы қазіргі ҚҚС-ның орнына сатудан түсетін салық енгізіледі. Мұндай тетік «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатынына біздің күмәніміз жоқ. Жеке кәсіпкерлер үшін патент, шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі енгізіледі.
Елбасы Үкіметке салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. «Мүлікті жария етуге байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылған болатын. Қазіргі таңда мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып, заңдастыру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Енді Қазақстан аумағында орналасқан және лайықты ретпен ресімделген мүлікті заңдастыру үшін тиісті декларацияны және соған рұқсат берілген құжаттарды мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруға болады. Мұның шетелдегі мүліктерді жариялауға да қатысы бар. Басқаша айтқанда, мемлекеттік кірістер органдарындағы басы артық буын комиссиялар жойылды. Ал жергілікті жерлердегі әкімдіктер жанындағы комиссиялар ел аумағында орналасқан және бұрындары лайықты ретпен ресімделмеген жылжымайтын мүліктерді жариялайды.
Субъектілерді заңдастырудың кепілдігі бойынша олар құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан заңға қайшы әрекеттерден қорғалады. Мүлікті және ақшаны заңдастыру фактісін айғақ ретінде алып, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынады. Заңдастырылған мүлік тәркіленбейді.
Мүлікті заңдастыруға қатысты кез келген мәлімет салықтық әрі банктік құпия болып саналады. Заңдастыру тәртібі бойынша мүлікті заңдастыру комиссиясының, мемлекеттік кірістер ұйымының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері мен «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің өкілдерінің қандай да бір ақпарат таратуға құқығы жоқ. Егер ақпарат таратылатын болса, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы ретте Мемлекет басшысы жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеу қажет екенін айтты. Бұл іс-шара аяқталғаннан кейін бүкіл әлемде шетелдік банк шоттары бойынша барлық ақпарат қайтадан айқындалады. Бұл заң, ең алдымен, шетелдегі шоттар жөніндегі ақпаратты жасырғаны үшін әкімшілік жазаны күшейтуді талап етеді. Екіншіден, шетелдегі мүлікті міндетті түрде декларациялау жүзеге асырылады.
Кірістер мен шығыстарға жалпыға ортақ салық салу индустрияландыру мен экономикалық өсімде күтіліп отырған көптеген жаңа реформаларға кіреді. Атап айтқанда, 2017 жылы бірінші кезеңде жариялау жүйесіне тұрғындардың барынша түсінігі бар буынның – депутаттарды, судьяларды, мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ, олардың зайыптарын тарту ұсынылып отыр. Ал 2020 жылы декларацияның жалпыға бірдей екінші кезеңінде халықтың өзге санын тарту көзделуде. Жаппай декларациялау бойынша Қазақстанда азаматтар шоттарындағы ақшалай қаражаттарын жария етуі тиіс. Осыдан кейін шоттар мен активтерді ашу үшін олардың қайдан шыққанын анықтау жөнінде нақты шаралар қолға алынатын болады.
Экономикалық қиындықтарға қарамастан елімізде халықты әлеуметтік қолдау шараларына жүйелі көңіл бөлініп келеді. Жаңа жылдан бастап «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер мен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақының өсетіні көңілге жылылық ұялатады.
Данияр ЖАНАЛИНОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.
Петропавл.