Табиғаттың дауасыз дертке шипа болатындығын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Оның қасиетінен адамның бойына қуат, жүрегіне шуақ орнығып, медицина ғылымы қауқарсыз болған сырқаттың сан түріне сеп болатыны белгілі. Мұндай жағдайларға мысал да жетерлік. Солардың біреуіне ғана тоқталар болсақ, аспан мен жердің адамзатпен тығыз байланыста екендігін дәлелдеп келе жатқан, қыста омбы қарға оранып жататын суық, жазда шыжыған аптапта жерді еш қиындықсыз жалаң аяқ басып жүретін ерекше жанмен әңгімелесудің сәті түсті. Ол физика ғылымдарының білгірі, үздік ұстаз және профессор – Нұрғали ҚОЙШЫБАЕВ.
– Нұрғали аға, бүгінгі таңда жалаң аяқ жүретін ерекше жан ретінде танымал болған сіздің өзіңіз жайлы толығырақ білсек?
– Мен 1937 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында туғанмын. Сонау сұм соғыстан бірер жыл бұрын ғана дүниеге келген мен әкемнің бет-жүзін дұрыс есте сақтап қала алмадым. Сол уақыттарда соғысқа әкеміз бен екі ағамды алып кетті де, үйдің үлкені болып мен қалған екем. Үш баламен жалғыз қалған анам күндіз-түні жұмыс істеп, бізді жетілдіру жолында еңбек етті. Ол замандардың қиындығын көзімен көргендер білер, жетімсіздік жағдайын бастан өткердік. Жаз кезінде далада тапқанымызды киіп ойнаймыз, басқа уақыттарда тапжылмай үйде отырамыз. Елдің көп бөлігінде сауат жоқ, мектепке қашан, қалай барарымнан хабарсыз күйде екі жылымды өткізіп алыппын. Яғни, менің жасым бірінші сынып оқитындардан үлкен болып еді. Қазіргі күні есіме алсам, күліп аламын. Досыма ерем деп мектеп табалдырығын кездейсоқ аттадым. Білімге құлшынысым өте жақсы болды, әсіресе, математикаға жүйрік болдым десем, артық айтқандығым емес. Мектепке киіп баратындай ештеңеміз жоқ болғандықтан, бірінші сыныпты анамның берген шұлығымен бітірдім ғой. 8-сыныпта тұңғыш рет тракторды көргенмін. Жасы үлкендеу жолдасым соны айдаушы еді, маған қызық көрінетін. Кейде ол мені қасына отырғызып алатын, сол уақытта менен бақытты адам болмаушы еді.
1953 жылдары болуы керек, тың игеру кезінде еңбек жұмыстарына бізді алып кетті. Алты айлық іссапар секілді дүние ғой енді, қара жұмысты қаймықпай-ақ істедік. Тағылымдамадан өттік, содан трактор айдаушының көмекшісі қызметін атқардым. Мектеп директоры менің біліміме тәнті болып, міндетті түрде ЖОО-ны бітіруім қажеттігін ылғи айтумен жүретін. Уақыты келіп, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына да түстік.
Алғашқы кезде Мәскеу университетіне тапсырған болатынмын, азиялық тұмаудың белең алып тұрған кезеңдері еді, содан мен сырқаттанып қалып, медициналық тексеріс бойынша өкпемнің дертті екендігі анықталып, мені қабылдамай қойды.
Содан Алматыдағы қазіргі ҚазҰУ-ға тапсырып, оқуға түсіп кеттім. Осы университеттегі ұстаздар менің емтихан тапсыру сәтімдегі жүріс-тұрыс, білімімнен болашағы бар бала деп қатты назар аударыпты. Жоғары оқу орнына алғаш түскен кезімде «өкпенің қабынуы» деген диагноз қойды. Кейіннен, тіпті, сол дертіме байланысты «Сенің санаулы күндерің қалды. Оқуды қайтесің?» деп шығарып тастады. Сонда да жатақханада жаттым. Ақырында «жедел жәрдемнің» кереуетімен ауруханаға алып кетті. Онда да дәрігерлер «Дерті асқынған, емдеу мүмкін емес», деп шығарып салды. Ілініп-салынып жүрсем де, сабақты тастамадым. Гравитация тақырыбын диссертациямда қорғап шығуыма денсаулығымның кедергі келтірмейтінін өзіме-өзім дәлелдедім. Содан не керек, оқу бітірген соң мұғалімдер менің оқытушы болуыма ықпал жасап, университет қабырғасында алып қалды.
– Бүгінде алматылықтар, жалпы, сізді жақсы білетіндер денсаулықты күтудің күрделі әдістерін қолданатын жан ретінде таниды. Сізге қойылған диагноздың өмірдің соңы емес екендігін дәлелдеп қана қоймай, оны өз бетіңізше емдеп-жазғаныңызға тәнті жұрт бұл әдістің тарихын білгісі келетіні анық?
– Бірінші байлық – денсаулық деп бекер айтпаған ғой. Оқып жүрген кездегі диссертация қорғаймын деп сегіз жыл қатарынан сандалғаным, менің қорғауыма ұдайы кедергі болып отыратын жандар жүйкеме салмақ салғаны рас. Аурушаң болып алдым. Тамақ ауруы, бас ауруы, өкпенің сырқаты мен асқазан аурулары кезегімен маза бермейтін. Солай жүріп оқытушылық қызметімді де атқара беріппін ғой.
Бір күні университетке шақыртулар келді. Ол Африкадағы Алжирдің бостандығын алып, өз бетінше мемлекет болып жатқан кезі. Оларда дайын кадр жоқтың қасы болғандықтан, жер-жерден, ел-елден мамандар шақыртқан ғой. Бірінші болып шетелде сабақ беруге ұмтылыс танытып, сол жаққа қарай тартып отырдым. Әуелі он ай көлемінде француз тілін үйреніп, Алжирде 3 жыл қызмет атқардым. Ондағы шәкірттерім де еліміздегі студенттерімдей мені ерекше құрмет тұтты, достық қарым-қатынаста болдық, олар мені қатты қолдайтын. Порфирий Иванов деген 30 жылдай құр шолақ шалбармен жүрген кісі туралы естуім бар еді. Отыз бес жасынан бастап денесін салқын суға үйретіп, қысы-жазы жалаң аяқ жүруге дағдыланған екен. Алжирде сол кісінің шәкірті Стрельников деген химикті кездестірдім. Ағайдың бір адамға қалай дұрыс дем алу керектігін үйретіп жатқандығын көріп, жаттығуларын қайталап көрген жайым бар. Жаңағы жігітпен қосылып алып, апта сайын барып тұрдық. Химик кісі маған жаттығуларды дұрыс орындап жүргендігімді айтып және алдағы уақытта оны шыңдауым қажеттігіне кеңес берді. Төбемнен су құю әдісін бастап кеттім. Соның арқасында денсаулығым қалыпқа түсе бастады. Ең қызығы да сол – шынығуды ыстық елде бастауым болды.
3 жыл қызмет атқарып болған соң елге оралдым. Мен келген жылы қалада кереметтей нағыз қыс мезгілі орнады. Қақаған аяз, бет қарыған қыс болатын. Жалпы алғанда, мен қалың киініп, оранып жүргенді ұната қоймаушы едім, сол жолы да жұқа киініп, бас киімсіз, қолғапсыз сыртқа шықтым. Ақ ұлпа қарға көз салып, оның температурасын байқағым келді де бәтіңкемді шешіп тастап екі аяқты омбы қарға сұғып жібердім. Аса тоңбадым деуге болады. Содан келіп, күніне бірнеше сағат жалаң аяқ жүруге дағдылана бастадым.
Алғашқы кездерде университетке барғанша жалаң аяқ барып, жақындап қалғанда сөмкемнен бәтіңкемді шығарып киіп алатын едім. Өзгелерден ыңғайсызданғаным ғой. Кейіннен әбден үйреніп алған соң тәуекелдеп университетке де аяқ киімсіз кіріп бардым. Жұртшылықтың таңданысына мән бермеуге тырысатынмын.
– Өзіңіз айтып отырғандай, сыртқы көзқарас, жалпы, жоғары оқу орнының басшылары бұл жүрісіңізге қалай қарады? Не дегенмен университетте аяқ киімсіз жүру ерсі көрінетін секілді?
– Айтып өткенімдей, жалаң аяқ жүруді 1990 жылдары бастаған болсам, содан бері көретіндер көрді, жұрттың бәріне тарап үлгерді. Жалаң аяқ келіп, жалаң аяқ кететін болдым. Студенттерім де мені жақсы түсінді. Ол кезде Т.Ә.Қожамқұлов декан болған еді, қатты қолдады. Партия ұйымдарының тарап, оларда айтарлықтай күш болмай қалған кезі. Оның үстіне жұрттың сөзін елемейтінім тағы бар. Бұл мәселе аса қиындық тудыра қоймады. Бәрінен бұрын жердегі шашылып жататын неше түрлі заттардың аяғыма кіріп, жарақаттап жататыны қинамаса, қалғаны дұрыс. Тіпті, жердегі қазыққа аяғымның саусақтарын соғып алып, тырнақтарым жұлынып кететін. Қазір қала бұрынғыдан таза ғой, алғашқы кездерде аяғымның көрмегені жоқ деуге болады. Сұрағандарға «менің аяғыма қарамаңдар, бар гәп менің басымда», деймін.
– Жалпы, жалаң аяқ жүру қыс мезгілінде аса қауіпті деседі. Мысалы, бүйрекке суық тиюі мүмкін. Және аяқты үсік шалуы да ғажап емес...
– Дұрыс айтасыз. Ол расында күрделі мәселе. Біреулерге бұл әдіс жақпауы да мүмкін, сол себепті бұған бойды жайлап үйрету керек. Бірден жалаң аяқ жүріп бастау да аяқтың үсік шалуына әкеліп соғады. Менде де алғашқы кездерде солай болды. Табаным домбығып ісіп кететін. Үйге жете алмай, аяғымды әрең басып келген мен, үйге келе сала халықтық ем жасауға көшетінмін. Өмірі дәрігерге қаралмаппын. Себебі, медицинада мұндай жағдайға душар болғанда ампутация жолымен ғана емдейді. Ал мен ондайға бұрыннан қарсымын, бір жерлерден естігенім бойынша уринотерапияны (кіші дәрет) қолданып көруге бел будым. Матаға ылғалдап, аяғыма таңып қойып ұйықтаған едім, таңертең аяғым түк көрмегендей жазылып шыға келді. Содан бері осы емді де қолға алдым.
– Адамның табанында көптеген белсенді нүктелер болады және оларды жалаң аяқ жүру арқылы шынықтырсақ иммунитет көтеріліп, эмоционалдық ахуал жақсарып, мысалы инфаркт, инсульт секілді жүрек ауруларын, гипертония мен стенокардияны алдын алуға болады дейді. Сізге қандай ауруларға шипа болды? Әдістің тиімді жақтарын атасаңыз?
– Нүктелер табанда, алақанда, бетте болады. Әрбір нүкте ішкі органдармен тығыз байланыста. Жер мен көктен адамға энергия ағыны келіп жатыр, жалаң аяқ жүру арқылы жерден нәр алар болсақ, рухани энергия жоғарыдан келеді. Біз сол екі энергияның ортасындамыз. Ал осындай мүмкіндіктерді бәтіңкемен жауып тастағанбыз. Біз сонда табиғаттан энергия алмаймыз деген сөз. Жаһандану белең алған сайын адамзат баласы табиғаттан қашықтай түсуде. Мен жалаң аяқ жүру арқылы бастапқыда айтып өткен бар ауруымнан, дертімнен айықтым. Сол себепті де, өзімді сергек сезінемін.
Құдай адамды жерге жіберген кезде өзімен бірге дәріханасын қоса жіберген ғой. «Урино» биологиялық актив зат, одан күшті зат жоқ дер едім. Шын мәнінде адамға ауру тән емес. Дәрігерлер пайда болды да, адамды химиямен емдеуге көшті. Бұрын халық қалай тіршілік еткен? Әрине, табиғи еммен, табиғи жолмен емделген. Менің осындай әдістерімнен тұра алмай, жүре алмай қалған жандар емделді. Біреулерге шипасын беріп-ақ жатыр.
Соңғы жылдары телеарналарға көп шақыра бастады. Бір ток-шоуға кейіпкер ретінде қатысқаным бар. Медицина жөнінде сөз болып, студияға халық емшілерін, хирургтарды шақырыпты. Менің айтқандарымның барлығын тыңдап болып медицина ғылымдарының докторы, профессор, хирург кісі басын шайқады. Мұндай жағдайдың мүмкін еместігін және де осындай кезде адамның аяғына тек қана ампутация жасалатындығын кесіп айтты. Оның алдында мен тірі отырғаным анық. Ол кісінің айтуынша, менің басымнан кешіргенім мыңнан бір болатын ғажап оқиға екен.
– Аға, сізді шәкірттеріңіз физика пәнінің үздігі ретінде де жақсы бағалайды, ерекше құрметтейді. Осы пән бойынша бірқатар кітаптарға авторлық етіп, бірнеше аудармалар жасаған екенсіз. Нақтырақ тоқталып өтсеңіз?
– Өмірімнің жартысы кітапханада өтті ғой. Қазіргі мынау 10-сыныптың физика оқулығын жаздым, яғни сондағы үш автордың бірімін. Осы кітап ұйғыр, өзбек, орыс, қазақ тілдерінде шығып жатыр. Одан бөлек, 30 шақты кітаптарым шықты. Бүкіл теориялық физиканы Ландау мен Лифщиц атты екі академик он томға сыйғызған ғой. Ал мен бүкіл он томын жалғыз өзім аудардым. Оның екі томы қазақ тілінде жарық көрді. Бірақ, осы жазған-сызғандарымды санайтын әдетім жоқ екен, физика пәні бойынша қаншама мақалалар, теориялық дүниелер жазғандарымды санамаппын.
– Нұрғали аға, енді мына жастарға, жалпы азаматтарға денсаулықты күту бойынша қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Хосе Сильва мен Роберт Стоунның «Получение помощи от другой стороны» атты кітабын оқуға кеңес берер едім. Онда адамзатқа қажетті бүкіл ақпарат, денсаулықты күтудің қарапайым да нәтижелі әдістері тұтас жазылған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.