• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2016

Мәскеуде «Алтын маска» фестивалі шешуші кезеңіне жетті (фото)

415 рет
көрсетілді

РФ астанасы – Мәскеу қаласында үш айдан бері жүріп жатқан Ресей ұлттық театр сыйлығына арналған дәстүрлі «Алтын маска» фестивалі өзінің шешуші кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова Мәскеуден хабарлайды: - Наурыздың 30-ы күні Мәскеудегі «Мост» театры мен ВГИК-тің шақыруы бойынша биыл 22-ші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі «Алтын маска» сыйлығы мен фестивалі мерекесіне келдік. Сәуірдің 1-нен Кремльді қаладағы бірнеше театрда қойылып жатқан спектакльдерді көріп, фестиваль аясындағы бағдарламамен таныса бастадық. Бірден айтып қояйық, алып жатқан жақсы әсерлеріміз ұшан-теңіз. Нағыз өнер мерекесінің думанды ортасында ендей кешіп жүргендейміз. Қайда да – осындай ауан. Кей күндері – 2-3, кейде тіпті 6 спектакльге дейін баратын қойылымдардың бәрінде де адам деген ат-нөпір. Театр залдарында ине шаншар орын жоқ. Есіктің алдында, ғимараттың жанында билет сұрап жүрген көрерменнен көз сүрінеді. Ал мұндағы билеттер құны 3,5 мыңнан 8 мың рубльге дейін баратынын еске алсақ, біздің өлшеммен қарағанда, олардың өте қымбат екенін де аңғарар едік. Бірақ сол билеттердің өзі кассаларда әлдеқашан сатылып кеткен. Соған қарап-ақ бұл жақтағы жұрттың театрды, өнерді қаншалықты қастерлеп-құрметтейтінін байқауға болады. Осындайда біз қашан осындай күнге жетер екенбіз, деп еріксіз ойланып та қалады екенсің.

Енді фестивальдің өз жайына келейік. «Алтын маска» - 1994 жылы РФ театр қайраткерлері одағы белгілеген жоба. Ол театр өнерінің драма, опера, балет, қазіргі заманғы би, оперетта, мюзикл, қуыршақ театры секілді жанрлары бойынша қойылатын спектакльдердің үздіктеріне жүлделер беріп отырады. Өнер мерекесі жыл сайын ақпан айында басталып, сәуірдің ортасы ауа өзінің мәресіне жетеді. Осы уақыттың бәрінде елдің түкпір-түкпіріндегі әртүрлі театрлар өздерінің мейлінше табысты деп есептелген қойылымдарын кезекпен Мәскеуге әкеліп қояды. Осылардың арасынан «Алтын маска» жүлдесін бірнеше номинация бойынша алуға үмітті қойылымдар іріктеліп шығарылып, соңғы талқылауға ұсынылады. «Алтын маска» - Ресейдің театр өнері саласындағы беделді де қомақты марапаты ғана емес, ол сонымен қатар театр үшін аса маңызды стратегиялық кешенді міндеттерді шешуге қызмет атқаратын нағыз мәдениет институты. «Алтын масканың» тарихы – қазіргі заманғы Ресей театрының барлық негізгі векторлары мен дамуы басқыштарын қамтитын өзіндік хроника. Биылғы жылғы фестиваль 16 сәуір күні К. С. Станиславский және В. И. Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрдың сахнасында қорытындыланғалы тұр. Өнер мерекесін Ресей театр қайраткерлері одағымен бірге Мәдениет министрлігі, Мәскеу үкіметі және «Алтын маска» фестивалінің дирекциясы өткізіп жатыр. Оларға басты әріптес ретінде Ресей жинақбанкі қатарға қосылған. Фестивальдің соншалықты ауқымдылығын мынадан да байқауға болады. Оның номинаттарын анықтау үшін музыкалық театр сарапшыларының кеңесі театрларда және видеожазбалар арқылы 230 спектакльді көріп шығуға тиіс болса, драма театры мен қуыршақ театры сарапшыларының кеңесі 544 қойылыммен осылай танысады. Бұлардың қатарында тек Мәскеуде ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Санкт-Петербург бастаған тағы 100-ден аса қаласында көрсетілген қойылымдар да бар.

Фестивальде осы күндері көрсетіліп жатқан спектакльдер бірінен бірі өтеді. Мысалы, біз кеше Санкт-Петербургтің атақты Александр театры әкелген «Макбет» спектаклін көру бақытына ие болдық. Айта кететін бір жайт. Бұл театр труппасы бір мезгілде қаланың екі театрында екі қойылым қойып шықты. Оның біріншісі Вс. Мейерхольд атындағы орталықта қойылған ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің осы «Макбет» трагедиясы болса, екіншісі А. Чехов атындағы МХТ-тың негізгі сахнасына шығарылған орыс жазушысы Николай Рощиннің итальян драматургі Карло Гоццидің «Қарға» драмасы бойынша жазылған осы аттас спектаклі еді. Біз тамашалаған «Макбетті» поляктың осы заманғы танымал режиссерлерінің бірі Кшиштоф Гарбачевски қойды. Ол бұған дейін Шекспирдің «Дауылын» Польшадағы Вроцлав театрында, «Гамлетін» Краковтегі Ескі театрда қойған екен. Ал өткен жылғы қыркүйекте Санкт-Петербургтің Александр театрында «Макбетпен» Шекспирдің өзіндік бір трилогиясын аяқтап шыққан. Кәсіпқойлар сахнасынан алғаш рет 2008 жылы көрінген К. Гарбачевски 2013 жылы поляк драматургі Марцин Цецкомен бірге «Балладина», «Поляк корольдерінің портреттері» және «Жұлдыздар орнына тасты аспан» деп аталатын трилогияны аяқтап шығуымен жақсы танылды. Ол мұнда өзінің қазіргі театр әлеміне көптеген соны жаңалықтар әкелуімен көзге түсті. Режиссердің медиа-технологиясы оның атын бүкіл Еуропаға кеңінен танымал етті. Гарбачевскидің өзі қойылымдарын драма өнерінің кинематографпен байланысын білдіретін ұғымға сайдырып, «Театр инсталляциясы» деп атайды екен. Поляк режиссері live streaming технологиясы бойынша бірінші рет 2010 жылдан жұмыс жасай бастаған. Сол жылы Марцин Цецконың «Өлім жұлдызы» деген пьесасын Ежи Шанявски атындағы театрда қойған. Ондағы оқиға ескі кинотеатрдың әртүрлі кеңістігінде ойналып, жиынтығы ондаған видеокамералардың объективтері арқылы үлкен экранға беріліп тұрған. Режиссер өзінің бұл экспериментін Витольд Гомбровичтің «Ивонна, Бургунд ханшайымы» пьесасын сахналаған кезде де пайдаланған. Ал Ян Кохановски атындағы театрдың сахнасы түсірілім алаңына айналып кеткен. Поляк режиссері Александр театрының жаңа сахнасына келген кезде де сахна тілін кеңейтудің барлық мүмкіндіктерін іздестіріп бағыпты. Шекспирдің классикалық туындысы мұнда қазіргі заманғы әсер етуші құралдардың көмегімен болған хикаяттың жай-жапсарын баяндап береді. Онда видеоинсталляция, электронды дыбыс, компьютерлі арнайы эффектілер кеңінен қолданылады. Ал тірі актерлер көрермен алдына сирек шығып тұрады. Олар құлаққағыстардың өзін барынша формальды түрде білдіреді. Экранды құдды бір қорқынышты оқиғалар фильмдерінен немесе авангардтық кинолардан келіп қалғандай образдар жаулап алады. Мұның бәрін бір демде сөзбен айтып жеткізе салу оңай емес. Спектакльде Василиса Алексеева, Ольга Белинская, Ольга Бобкова, Виктория Воробьева, Филипп Дьячков, Александр Лушин, Александр Мицкевич, Галина Самойлова, Алексей Фролов, Светлана Шейченко және Софья Шустрова секілді актерлер өнер көрсетті. Бұдан бөлек, бұрнағы күні Шекспирдің «Жазғы бақтағы түсін» тамашаладық (жоғарыдағы суретте). Ал кеше Юрий Бутусов есімді Ресейдің белгілі режиссерінің спектаклін көріп шықтық. Ол драматург Михаил Булгаковтың «Жүгіріс» деген пьесасын сахналады. Одан алған әсерді де кейінірек жазармыз деген ойдамыз. Айтқандай, бүгін таңертең Михаил Булгаков тұрған үйді де аралап көрдік. Ол баяғы «Шебер мен Маргарита» романында айтылатын жертөле екен. Ал жанында Булгаков театры орын алған.