• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

725 рет
көрсетілді

Бейбітшіліктің бәсі қымбат

Әлем қазір үлкен тарихи шешуші сәтті бастан кешуде. Ғылым мен техниканың заманында бәсекелестіктің орын алатыны заңды. Бірақ, мұның арты мемлекетаралық те­ке­тірес пен келіс­пеушілікке, қырғи-қабақ соғысқа соқ­тыратынын да көріп отырмыз. Жалпы, қай халықтың да әлемдегі бейбіт өмір үшін жауапкершілігі жоғары болуы керек. Әйтпейінше, бүгінгідей күрделі кезеңде соғыс өртінің тұтанып кетуі әбден мүмкін. Оны Сириядағы соғыстың қаншалықты қайғы әкелгені дәлелдеді ғой. Ал, күн сайын етек алып бара жатқан терроризмнің көріністері болса, бәсеңсу орнына өршіп барады. Тарих үшін аз ғана уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің тәу етер тәуелсіздігін тұғырлы, егемендігін ғұмырлы ете білді. Әлемдік экономиканың көшбасшысы болып жүрген алпауыт елдердің өзі Қазақстанды мойындады. Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолындағы тарихи тағылымды істері мен ізденістері, болаттай берік ұстанымы ұлан-ғайыр жұмыстың атқарылуына ұйытқы болды. Мемлекет басшысы әлемде бейбітшіліктің берік орнығуы жолындағы көптеген істерге бас­тама­шы болды. Шүкір, біздің елімізде бей­бітшілік пен тұрақтылық бар. Бірақ, өзге елдердегі келең­сіздіктер мен қырғи-қабақ қақ­тығыстарды көріп отырып, алаңдамауға дәтің бармайды. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдік көрегендігінің, сарабдал саясаткерлігінің арқасында біз бұдан 25 жыл бұрын ажал аждаһасы Семей ядролық сынақ алаңын жабуға қол жеткіздік. Бұл әлем елдеріне өнеге болатын бас­тама деу орынды. Алайда, осы бір шетін мәселе әлі де алаңдаушылық туғызатындай жағдайда қалып отырғаны өкінішті. Кей елдерде әлі де жанталаса қарулануға бағыт ұсталуы орын алып отырғанын жасырудың реті жоқ. Қазіргі кездегі соғыста ешкімнің де жеңімпаз болмайтыны ақиқат. Оның адамзат үшін орны толмас өкініш әкелетініне шүбә жоқ. Біз бұл арада Қазақстанның бейбіт өмір сүру қағидат­тарына берік екенін, сондай-ақ, бейбіт­ші­лік бастамаларды ұдайы көтеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл бағытта біздің елдегі бейбіт өмір сүруге және ұлтаралық қатынасты дамытуға деген ұстанымдардың қалыптасып отырғаны қуантады. Адамзат бірін бірі қадірлегенде, құрметтегенде ғана тұрақтылық пен бірліктің негізі қаланады. Күш көрсетумен мәселе ше­шіл­мейтінін бұдан бұ­рын­ғы соғыс­тардың сабақтары көрсетті емес пе? Біз әлі кешегі Екінші дүние­жүзілік соғыстың қайғысынан арыла алмай келеміз. Қаншама боздақтар қыршынынан қиылды, қаншама жас ғұмыр сабағынан үзілді. Са­бақ алуға тұрарлық қа­сірет қой. Сондықтан бейбіт күннің бағасын білу керек. Мен көп жылдардан бері Ке­ңес Одағының Батыры Әлия Мол­дағұлованың өмірі мен ерлігін кейінгі жас ұрпаққа өнеге қылып жүрмін. Жастармен кездесулерде соғыстың тақсіретінің өтеуі болмайтынын ұдайы айтып келемін. Адамзатқа қасірет әкелетін қырғи-қабақ қақтығыстар мен сұрапыл соғыстардан аулақ болғанға не жетсін. Ылайым, бейбітшілігіміз бұзылмасын, берекеміз қашпасын дегім келеді. Біз бейбіт өмірдің мәнін әлем жұртшылығына ұғын­дырып келе жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың айналасына топтаса түсуіміз керек. Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Әлия-Мәншүк» атындағы Ақтөбе қалалық қайы­рым­дылық қоры»қоғамдық бір­лестігінің төр­ағасы, облыстың құрметті аза­маты. Ақтөбе облысы.

Ұрпақтан ұрпаққа ұласар эстафета

Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі шынында ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылғанда, бұл шешім әлем елдерінде үлкен қолдауға ие болған еді. Тіпті, полигонның жабылуын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун «Болашаққа деген үміт» деп атады. Осы тұста айта кетер бір нәрсе, ең алғаш ядролық сынақтың зардабын айтып, қоғамға қозғау салған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы болды. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы басталған кезде оның мүшелерінің алдында Семей ядролық полигонын жабу мен әлемдегі бес полигондағы сынақтарды тоқтату секілді үлкен мақсаттар тұрды. Тарих таразысына салсақ, осы қысқа уақыт ішінде атқарылған ізгі шаралар еліміздің атын әлемге танытумен қатар, жер бетіндегі атом қаруына қарсы қозғалыстардың кең қанат жаюына, ядролық сынақтарды тоқтатуға ықпал етті. Жақында ғана тарихи оқиғаның 25 жылдығына орай Тараз қала­сында «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға!» атты облыстық форум өтті. Оның мақсаты – ХХІ ғасырды ядролық қарусыз жасампаздық ғасыр ету және мұрагерлерімізге бейбітшілік эстафетасын бере отырып, әлемді ядролық қатерден сақтау болды. Жастардың бастамасымен әртүрлі форматта өткізіліп жатқан ядролық қарусыз елді қорғау жөніндегі іс-шаралар өте маңызды. Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту, тіпті, әлемде оның толық жойылуы, атомды тек бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі шешімдер халықаралық деңгейде зор қолдауға ие болып, нәтижесінде Қа­зақстан бейбітшілік пен ынтымақтастық, сенім мен өзара түсіну­шіліктің жаңа заманауи үлгісін әлемге паш етті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қарудан бас тарту – ХХІ ғасырдың бас­ты мақсаты» деген бас­тамасы, Қазақстан әзірлеген ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабыл­дануы – осының айғағы. Жастардың қауіп-қатерге қарсы тұратын күшін бірік­тіретін осындай ау­қымды процестің ажырамас бөлігіне айналмақ. Шынында, Елбасымыз айт­қандай, адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауы­мыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ. Бейбітшілік эстафетасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы тиіс. Бейбітшілік бізге әлемнің жолын анықтауға көмек көрсетіп, бізге тұрақты және саламатты әлемді қалдырады. Әр­қайсымыз әлемнің тағдыры мен өмірін сақтау үшін жауапты болуға тиіспіз. Адамзаттық өркениеттен ядролық қаруды алып тастауға, сынаққа тыйым салуға біздің әрқайсымыз өзіміздің үлесімізді қоса аламыз және қосуға міндеттіміз. Ядросыз ХХІ ғасыр ілгерілеудің және жасампаздықтың ғасыры болуы тиіс.  Раиса РЫСҚҰЛБЕКОВА, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Жамбыл бөлімшесінің атқарушы директоры. Жамбыл облысы. АЛМАТЫ.

Әлемдік жауапкершілік арта түсті

Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммит әлем жұртшылығын айрықша толғандырған оқиға болды. Біз келер күндерден жақсылық күткен, сол үшін аянбай еңбек етіп, үлгілі күрес жүргізіп отырған халықпыз. Бірақ, уақыт ағымы, жаһандық текетірес асыл ойлардың арнасын жойқын толқындармен тербетіп тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған тақырыптағы манифесінде: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» деп ашып айтты. Мұның астарынан жойқын зардаптарды байқауға болады. Өйткені, бүгінгі өркениетті елдердің өзінде милитаризм адамдардың санасы мен мінезіне тереңдей еніп кеткенін мойындау қажет. Сондықтан, жаугершілік пиғыл бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Халықаралық бейбіт келісімдердің екпіні төмен­дегеніне көптеген мысалдар келтіруге болады. Осы орай­да, Президентіміздің: «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі дер­жавалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе», деген сөзі ізгі ниетті адамзаттың құлағына жетуі лазым. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Қарапайым халық, оның ішінде дәрігер ретінде біздің де теледидардың күнделікті хабарларынан жанымыз түршігетін жағдайға жеттік. Мұны мұсыл­ман әлемімен тікелей байланыстыратындар да жетерлік. Бұл пиғылдың мүлдем теріс екендігін, оны өз пайдасына жаратудың жақсылыққа алып келмейтіндігін Елбасымыз саммит мінберінен тағы да қайталап айтты. Біз бұған күмәнсіз қосылып, қолдау білдіреміз. Жалпы, әлемдік деңгейдегі игі ке­лісімдердің, ынтымақты түсіністіктің арқасында бүгінгі жетістіктерге қол жеткізіп отырғанымызды ұмытуға болмайды. Елбасының сөзіне сүйеніп айтсақ: «ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді. Өзара сенім қағидаттарына сәйкес, еуразиялық-атлантикалық мега-құры­лым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылды. Дер­жавалардың бейбітшілікті сақтау жөніндегі үйлесімді іс-қимылдары мен БҰҰ-ның көпқырлы операцияларының нәтижесінде тұтастай бір жанжалдар мен соғыстар мәселесі ретке келтірілді. Міне, енді біз осы барлық жетістіктердің эрозия­сын көріп отырмыз». Мен көпжылдық еңбек өтілі бар дәрігер болғандықтан, «эрозия» дейтін кеселді емдеуге болатынына сенемін. Оның жолдарын біздің Президентіміз саммит төріндегі беделімен айқындап көрсетіп те берді. Яғни, адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет. Осынау қарапайым да түсінікті қағи­даттың тармақтары да тарата айтылды. Мұны, алып державалардың басшылары, халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері, танымал саясаткерлердің қолдап, үн қосқанын теледидардан көріп қуандық. Сондықтан, жақсы ойлардың жетегінде болғанымыз жөн. Ол үшін әлемдік жауапкершіліктің артқаны керек. Болат ЖАНӘДІЛОВ, ардагер дәрігер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы. Ақмола облысы.

Адамзат алдындағы ең күрделі міндетті саралап берді

Бүгінгі заманда адамзат өркениетінің алдында тұрған ең маңызды әрі ең күрделі міндет соғысты болдырмау және соғыс қаупін жою десек қа­те­леспейміз. Осы тұрғыда бала кезімізде үлкендердің айтып отыратын сөздері есімізде қалып қо­йыпты. Ие, құдайым тыныштығыңды бере көр, тек соғыс болмаса екен, қалғанының бәріне шүкіршілік етуге болады деуші еді, олар. Ал қазіргі кезде бетін аулақ қылсын деңіз, егер соғыс бола қалса ешкім қолына қару, мылтық алып шайқаспайтыны, бұл ядролық соғыс болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ядролық қаруды таратпауға, оны жоюға әлемнің барлық көшбасшылары мүдделі болуға тиісті. АҚШ-тың Вашингтон қа­ласында өткізілген ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит аясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті мәселе түйінін осы арнадан сабақтады. Біз Елбасын әлемдік ауқымда іс пен сөздің бірлігін дәлелдеп, тығыз ұштастырып келе жатқан қайталанбас тұлға ретінде танимыз. Тек біз ғана емес Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай қасиетін барша әлемдік қауымдастық та тани бас­тады. Мысалы, егемендік алғаннан кейінгі кезде елдің аумағындағы ядролық қаруларды жою жөніндегі Мемлекет бас­шысының бастамасы – бұл істегі алғашқы ізгі қадам болды. Осылайша, бүгінде Қазақстан дүниежүзілік антиядролық қоз­ғалыстың белсенді қаты­су­шысына айналды. Сонымен бірге, ор­нықты әлем географиясын қалыптастырудың жаһандық жаршысы деңгейіне көтерілді. Соның ішінде, саммитте Елбасы атап көрсеткендей, Орталық Азияны ядролық қарусыз аймақ жасау әлемдік ауқымдағы істің бір бөлшегі деуге болады. Тағы да Қазақстан басшысының өзінің сөзімен түйіндегенде, бұл Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада ал­ты ядросыз аймақ кеңіс­тігін кеңейту деген сөз. Екінші бір айтайын дегенім, Қазақстан әлемдегі атом өнер­кәсібі бар елдердің бел ортасынан орын алады. Әйтсе де, еліміз оны қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдаланып келе жатқаны белгілі. Қазақстан басшысы бұл бастамасын өзге елдерге де ұсынуда. Өйткені, бұл әлем жұртшылығы үшін өте қажетті шара болмақ. Айталық, саммитте сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы өткен жылы МАГАТЭ-мен келісімге қол қойылғанын өте маңызды шара ретінде атап өтті. Қазақстан басшысы Вашинг­тонда өткен саммитте ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап аралдарда, сондай-ақ, Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Әрі ғылыми жаңалықтар жаппай қырып-жою қаруларын жасауға емес, адамзат өркениетін одан әрі дамытуға жұмсалса екен деген ойын жеткізді. Сонымен бірге, бұл мәселелер жөнінде халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеу жөнінде аса құнды ұсыныс айтты. Қысқасы, Елбасы ондаған жылдар бойы ядролық жарылыстардан зардап шеккен халқының мұң-зарын жақсы сезінетінін Вашингтон саммитінде тағы бір дәлелдеп берді. Бір сөзбен айт­қанда, Қазақстан басшысының басты қағидаты – ядролық қарудан ада әлем. Оның арманының нақты ақиқатқа айналатынына сенім мол демекпіз. Төлеген МЕРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мекеме қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы. ОРАЛ.

Бейбітшіліктің дауысындай естілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашинг­тон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммит аясында сөйлеген сөзі бүкіл әлемге бейбітшілік дауысындай естілді. Қазақта «Бір күн ұрыс болған үйден 40 күн береке көтеріледі» деген даналық сөз бар. Оқ даусы шыққан елдердегі қатыгездік пен бос­қындар жағдайын көріп, оқып, біліп отырмыз. Елбасы саммитте ядролық қаруларды өндіру, соғыс вирусын тарату өрши берсе, ол тек адамзатқа ғана емес, планетаға қауіп төндіретінін ескертті. Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайтынын, барлығы да соғыстан жеңіліс табатынын бұрыннан да айтып келеді. Ол осы жолы ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігімен ойлап табылған басқа да қарулардың зардабынан адамзат қашып құтыла алмайтындығын тағы да еске салды. Соғыс болмай-ақ, ядролық қарудың сынақ жарылыстарының өзінен қазақ жерінің жарасы әлі жазылған жоқ. Уланған топырақтан улы шөп өсіп шықты, оны жеген мал ауырды, ол малдың етін жеген адамдар обырдың құрбанына айналды, кеміс балалар туды. Халқымыз осындай қасіретті бастан кешті. Ал мұндай қасіреттің ауқымы планеталық болса адамзат қандай күй кешпек? Әлемдік деңгейдегі қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев саммитте ядролық қаруланудың, соғыс өртін өршітудің жаһандық зардаптарын айта келіп, жер жүзіндегі саяси, қоғамдық қайраткерлерді, мемлекет, белгілі ұйымдар басшыларын оған қарсы әрекет етуге шақырды. ХХІ ғасырды соғыссыз ету үшін арнайы бағдарлама жасау керектігін айтты. Ол бағдарлама қандай мәселелерді қамту керектігін де қолмен қойғандай етіп, нақтылай түсті. «Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларда, сондай-ақ,Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып-жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн, деп көрегендік міндет те қойды. Соңғы жылдары террорлық әрекеттерден барлық елдерді үрей билейтін болды. Мұндай әділетсіздік пен бейдауа әрекеттерден ешқандай жазықсыз адамдар, балалар қырылып жатыр. Ядролық қарудың осындай лаңкестер қолына түспеу жағын ойластыру туралы Елбасы ескертпесі де жаһан болып жұмылатын шаруа. Саммит аясында сөйлеген Мемлекет басшысының пікірі әлемнің әр түкпірінен жиналған қайраткерлер мен жалпы тыныштықты қолдайтын адамзат баласының көкейдегі ойларын қозғағаны мәлім. Ол жалғасын тапса игі. Сайлаубек ЕСЖАНОВ, облыстық мәслихат хатшысы. Қостанай.

Еліміздің еңбегі еселі

Елбасының АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясына қатысқанын теледидардан қа­рап, көріп отырдық. Әлем назарын тігіп отырған беделді, мәр­тебелі жиыннан Қазақстан еңселі өз орнын алғанына қуа­ныш­­­тымыз. Саммит делегаттары алдын­да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Өз сөзін­де біздің еліміздің ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жо­ғары мемлекеттердің ал­ғаш­қы жиырмалығында тұрған­ды­ғына барлығының да наза­рын аудартты. Елімізде ядро­лық қауіпсіздік бойынша бір­қатар кешенді шаралар жү­зеге асырылып жатқанына, яд­ро­лық материалдарды экс­порт­тық бақылау жүйесінің жетілдірілгеніне тоқталды. «Ядролық және радиоак­тив­тік материалдарды біріз­ден­д­іру орталығын құру жө­нін­де жұмыстар жүр­гізілуде. Ал­ма­­­ты­дағы Ядро­лық физика инс­ти­ту­тының зерттеу реак­­торлары төмен ба­йытылған отынға көшірілді. Ядро­лық нысандардың әрі МАГАТЭ-нің жан-жақты ба­қы­лауында тұр», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан да, АҚШ-тағы саммитте Елбасы: «Біз бей­­біт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жа­һандық тех­­но­ло­гиялық тізбегінен лайық­ты орын алу ниетіндеміз. Бо­ла­шақта ядролық энергия­ны бейбіт мақсат үшін пай­дала­нуымыз қажет», деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигоны жабылған соң АҚШ-тың Невадасы мен Қазақстан­да сынақтар тоқтатылғанын айтты. Біздің облыстағы Май ауда­ны Семей ядролық сынақ по­ли­гонының өзегіне жақын ор­наласқан аудан болды. Ядро­лық сынақ салдарынан зар­дап шеккен аза­мат­тар­ды әлеу­меттік тұр­ғыдан қолдау ке­ре­ктігі туралы үне­мі айтылады. Дәрі­гер ретінде әрі осы аудан­дағы ауру­ха­на­да қыз­мет жа­сап жүрген соң, бұл мәселенің өзек­­тілігін айт­қым ке­ле­ді. По­лигон жа­был­­ғаннан кейін, 1992 жылы «Ядролық сынақтардың сал­дарынан зардап шеккен аза­мат­­тар­ды әлеуметтік қор­ғау ту­ралы» Заң шық­ты. Яғни, Семей по­ли­­го­нын­да 40 жыл бойы жүр­гізіл­­ген ядролық қару­ды сынау адам­дардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтірді, ха­лық­тың жаппай аурулары, өлім-жітім көбейгені айтылды. Сондықтан, аудан тұрғындары Ақжар, Май, Қаратерек, Май­түбек, Мал­дар ауылдарын төтен­ше радиа­циялық қауіпті ай­мақ­қа, ал қалған Баскөл, Көк­төбе, Кен­түбек, Малайсары, Саты, Жұ­мыс­кер, Ақшиман ауыл­­д­арын ең жоғары радиа­ция­лық аймаққа енгізуге ұсы­ныстар білдірілді. «Біз бұрынғы полигон аума­­ғын­дағы халықты сауық­ты­ру және жер мен суды залал­­сыз­дандыру жөніндегі жүйе­лі халықаралық көмек аясын кеңейту мәселесін қой­дық, өйт­кені, Қазақстан осы қа­сі­рет­­пен жалғыз өзі бетпе-бет ке­ліп отыр. Мен елдердің көш­басшыларын, әсіресе Орталық Азия ядросыз аймағының кепілі саналатын бес державаның басшыларын, сондай-ақ ядро­лық жойылудың суицидтік қатерін болдырмау жөніндегі әлем­дік мақсатты құптайтын мем­лекеттердің мәртебелі де­л­е­­гацияларын полигонның жа­былуының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына шақырамын», – деді Елбасы. Қазақстан Президенті сам­мит өткізу жөніндегі Б.Обама­ның бастамасы жалға­сын табу­ы тиіс екенін де жеткізді. «Өйт­кені, мәселе әлі шешім тап­қан жоқ. Қазақстанның осын­дай іс-шара өткізуге моральдық құ­қығы бар деп ойлаймын. Бұл по­ли­гонын жауып, әлемдегі төр­тінші ядролық қару арсе­на­лы­­нан бас тартқан елге деген ри­за­­шылықтың белгісі болар еді», – деді Мемлекет басшы­сы. Бұл – дұрыс шешім. Елі­міздің бе­делі Елбасының арқасында әлем алдында биік. Жарылыстар зар­дабын тартқан еліміздің әле­м­дік деңгейде талқыға түсе­тін шаруалары аз емес деп ойлаймын. Байболат ҚАЗБЕКОВ, аудандық аурухананың бас дәрігері. Павлодар облысы, Май ауданы.

Қазақстан дауысының асқақтығына қуандық

Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі жаһандық сам­миттердің маңызы аса жоғары. Әлем мұндай жиындарға абыройлы жолы, айтар байламды сөзі бар мемлекеттердің қатыс­қа­­нын қалайды. Вашингтон саммиті осыны айғақтай түсті. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бұл үрдістің қауіптілігін түсін­діріп қана қойған жоқ, батыл да нақты ұсыныс­тарын ортаға са­лып, болашақтың бей­біт дидары қан­дай болуы керек­тігін дәлелді сөз­бен дәйектеп бер­ді. Әлемде ал­ғаш­қы болып өзі­нің аса қуатты ядро­лық әле­у­етін жой­ған, із­гі­лік пен жақ­сы­лықтың жа­лауын желбі­рет­кен елдің бас­шысы бұған моральдық жағынан құқылы екендігіне қуандық. Қазақстан Президентінің «Жап­пай қырып-жоятын жа­ңа қару түрлерін жасау үшін ғы­лыми жаңалықтарды пай­­далануға ты­йым салатын ха­лық­ара­лық құ­жат әзір­леп, оны орын­дауды мін­дет­теу маңызды. ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын бір­тіндеп жойып, ор­нық­ты әлемнің гео­графиясын қалып­тастыру қажет. ХХІ ғасырда ми­ли­таризмнің жа­һан­дық қауіп­сіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халық­аралық ынтымақтастыққа ке­дергі келтіретін әскери блоктар секілді рудиментін еңсеру керек. БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда мүлде жаңа қатер – терроршылардың қолындағы аса қауіпті қару­ға айналуы мүмкін кибер­қылмысты жоюмен айналысу міндеті тұр. Ақыл мен үн­қа­тысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақы­ру әрекеті жаһандық әлем қар­сыластарының ақпа­рат­тық шабуылдарының құр­бандықтарына айналмауға тиіс», деген ақыл-пайымы жаҺан жұртшылығының көңі­лі­нен шыққаны анық. Тұтастай алғанда, Ел­ба­сымыздың «Әлем. ХХІ ға­сыр» атты манифесі ХХІ ға­сыр­да өмір сүретін және жұмыс іс­тейтін өскелең ұрпақтың тағ­дырына әлем назарын ау­дарудан туындап отырған алаң­даушылық деп білемін. Әлібек БАЙМАҒАМБЕТОВ, облыстық мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақмола облысы.

Қатерді ескермей болмайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ва­шинг­­тонға сапары бары­сында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сес­сиясына қатысып, сөз сөйлегені қазақ­стан­­дықтармен қа­тар, әлем жұрт­шы­лы­­ғының да назарын аударып отыр. Олай дейтінім, жер бесік­тегі сәбидің шат жүзі, ананың жы­ла­мағаны, оқтың атылмағаны, бом­баның жарылмағаны, таңның күліп атқаны, күннің күліп бат­қаны бәрінен қымбат. Маңайымызға қарайықшы: бір-бірімен ежелгі жаудай қыр­қысып, қару кезеніп жат­қан көршілес елдерді көргенде осы­ларға не жетпейді деген сауал еріксіз сансыратады. Адам ата мен Хауа ана ұрпақтары жұ­мыр жерді ме­кен еткелі небір қан­төгіс­тер­ден көз ашпаған екенбіз. Ата­ларымыз, әкелеріміз шыбын жанын шүберекке түйіп жан сала шайқасқан екінші дүние­жүзілік соғыстың дүмпуі басылмай жатып, жер-дүние тағы да солқылдайды. Иманымыз үйіріліп тұр. Кімдерден дейсіз ғой? Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ, адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артқаны­мен, әлемге тағы да зор қатер тө­ніп тұрғанын және оның ауқы­мын сезінбеуі мүмкін емес. Ғылым жаңалықтары, жаңа буын технологиялары ми­ли­таризм­ге қызмет етіп, 7 мил­лиард­тан ас­там халықты бір ине­нің ұшына қадап қойды. Жер өркениеті жаралғалы 15 мың­нан астам ірілі-ұсақты соғыс болыпты. Халықтың қолында 1 миллиард­тан астам атыс қаруы бар көрінеді. Жұ­мыр жерді ажал тоза­ғына айналдырып жатқан – өзіміз. Тек адам­дар­­дың ақыл-ойы мен ерік-жі­гері ғана бір­де-бір жеңімпазы бол­майтын жаһандық со­ғысты тоқтата алады. Пре­зидентіміздің үні биік мінберден саң­қылдап естілгенде, көзі­мізге жас алғандай болдық. «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың тіршілік бел­гісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде мұнан бас­қа планета жоқ және болмай­ды да», деген пайымдары әркімді ойландыруы тиіс. Дәл бүгінгідей алмағайып кезеңде халықаралық қарусыздану үдеріс­терін жаңа тарихи жағдайға бейімдеудің қаншалықты маңызды еке­нін Еуразия кеңістігіндегі тұрақ­сыз­дық­тан, қанды қырғындардан байқауға болады. Адамзаттың жүгінетіні – ақыл, сабыр, парасат-пайым. Ха­­лық­­аралық қоғамдастыққа осын­дай талаптармен қайырылған Мем­лекет басшысының мәлім­де­месі адамзатқа тілмен айтып жет­­кізгісіз қауіп-қатер алдында тұр­ға­нымызды тағы бір айғақтап бер­геніне көзіміз анық жетіп отыр. Жаслан АХМЕТОВ, облыстық ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы. Солтүстік Қазақстан облысы.

Бүкіл дүние бейбітшілік үшін күресуі керек

Бүгінде жер бетіндегі мил­лиондаған адамды «Әлемд­егі жағдай қай бағытта өрістейтін болады?  Жетекші держава­лар арасындағы қарама-қай­шылықтар олардың арасын­дағы ұзақ мерзімді жаңа теке­тіреске ұласып кетпей ме?» деген сұрақ толғандыратыны рас. Біз болашақ ұрпақтың қа­мын, балаларымыз бен немере­леріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз.  Міне, Елбасы Н.Назарбаев тар жол, тайғақ кешу­ден өткен адам, саясаткер ретінде «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде жаһандық соғыстан аулақ болуымыз ке­ректігі туралы өте жақсы ой ай­тып­ты. Өткеніңді білмей, бо­ла­шағың­ды ба­ғам­дау мүмкін емес. Ұлы дала­ның ұлы мұраты – тәуел­­сіз­­дікке ие бо­­лып, хал­қымыз азат­­тық­тың бақыт нұ­рын кешкенге дейін­гі аралықта не көрмеді! Осынау тағ­дыр­шешті кезең­де халқымыз бо­ла­­шақ тағдырын ортасынан ойы озық, қатарынан қалпы озық, кең ойлап, кемел шешім қабылдайтын, ісі дара, сөзі сара перзенті Нұрсұлтан На­зар­­баев­қа сеніп тапсырды. Қателеспеді. Қазақстан Республикасы Пар­­ла­ментінің қо­с палатасы бас қо­сып, бұдан 14 жыл бұ­рын Н.На­зарбаев жө­нінде тарихи ше­шім қабылдаған сәт дәл бүгінгідей көз алдымда. Мін­берде бүкіл жұрт ақ ұлпа шашы­нан Қаратай Тұ­рысов екенді­гін айт­қыз­бай танитын Қазақ­стан пар­­ламент­а­риз­мі­нің абы­зы қоңыр дауысымен асықпай былай деген еді: – Тәу етер тәуелсіздігімізді тарих­тағы тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың есі­мімен бай­ла­ныстыруға толық ха­қымыз бар. Егер Қазақ елін дү­­ние­жүзі қауымдастығы өзге ел­дермен терезесі тең мемлекет ретінде таныса, БҰҰ-ға мүше болса, Семей атом полигоны жабылып, Қазақстан атом қаруынан бас тартса, өзгелер біздің елге стратегиялық әріптесі ретінде қараса, елімізді сара әрі дара ішкі және сыртқы сая­саты үшін қадірлесе, онда ол – Нұрсұлтан Әбішұлының әлем­дегі беделі мен тыным көрмей еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесі. Елбасы сол бейбіт өмір­ге ұмтылған дара жолын әлі жалғастырып келеді. Сон­дық­тан ХХІ ғасырда әлемге ты­ныш­тық тілеп, үлкен мәселе көтерген Елбасының бұл мани­фесі өте маңызды. Бүкіл әлем бейбітшілік үшін күресу керек. Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, қоғам қайраткері. Жамбыл облысы.

Жаһандық мәселені меңзейтін манифест

Ағымдағы жылдың наурыз айында Елбасы АҚШ-қа барған іссапарында үш үлкен іс-шараға қатысып, Вашингтон қаласында орналасқан Карнеги қорының штаб-пәтеріндегі қоғам және саяси қайраткерлермен кез­десуінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялады. Қабыл­данған бұл манифест соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу жөніндегі келісілген іс-қимыл­дарды айқындайтын үндеухат аясында болды. Ешкімге жасырын емес, жаһандық мәселелердің ішінде әртүрлі сипаттағы соғыстар кейінгі ұрпақтың өсіп-жетілуі­не тікелей әсер ететіні анық. Елбасы өзінің үндеухатында түрлі қатерлі ауру­лардың тамырына балта шабыл­ғанымен, со­ғыс ви­русына төтеп беру қиынға соғып жат­қанын айтты. Сонымен бір­ге, қаһарлы сипат­қа ие болған халық­ара­лық терроризм бір­­неше елдің жағ­да­йын нашарлатып, ара­ларына от салуда. Аталмыш құжатта үш бас­ты қағидат мазмұндалған. Біріншіден, соғыстың даулас­қан екі жаққа да кері әсерінің болуы, екіншіден, жаңа соғыстың түрінде жаппай қырып-жою қаруларының пай­да­ланыла­тын­ды­ғы және үшін­ші­ден барлық талас-тартыстарды рет­тейтін бейбіт үн­қа­ты­су­лар мен сындар­лы ке­ліс­­сөздер керектігі. Елбасы көтеріп отырған мәселе тек бір ғана аума­қты емес, бүкіл дүние­жүзінің болашақ­та­ғы өмірін айқын­дайды. Атал­ған қауіп-қатерлердің дер кезін­де шешімі табылмаса, жер шарын­дағы адамзат баласының жойылып кету қауіпі бар екені анық. Өмір сүріп отырған ға­сы­рымызға дейін бірнеше со­ғыс­тардың болғанын білеміз. Алайда, XXI ғасырдағы соғыс­тың зардабы ауыр тиетіні, қазіргі шындық. Осыған орай, Елбасы адамзатқа «ххі ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдар­лама қажет екенін сөз етті. Қабылданған манифест бойынша әлемдік қоғамдастық іс-қимылының негізгі қауіп-қатерлердің алдын алуына бірнеше амал-әрекеттер қарас­тырылған. Олар арқылы дү­ниежүзіндегі тепе-теңдікті сақ­тап тұруға толық сенім бар.  Сәулет САХИЕВ, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық-талдау орталығының басшысы.