• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2016

Жаңа ұйымның тұсауы кесіледі

313 рет
көрсетілді

Сәуір айының 28-і күні Астана қаласында Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер министрлер кон­ференциясының Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі 7-сессиясы өтеді. Соның шеңберінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) құрылып, оның Бас ассамблеясының құрылтай сессиясы ұйымдастырылмақ. Осыған орай, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өткізілді. Брифингте Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Ермек Көшербаев жаңа ұйымның құры­лымы, оның жұмыс жоспары ту­ралы айтып берді. Оның сөзі­не қарағанда, ұйымның бас кең­сесі Астана қаласында орналасып, алғашқы үш жылда оған Қа­зақстан төрағалық етпек. «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру бас­тамасын 2011 жылы Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы Сырт­қы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Мемлекет басшы­сы көтерген болатын. Екі жыл­дан кейін ИЫҰ-ға мүше мем­лекеттердің 30 сарапшысы Астана қаласында өткен үкіметаралық сарапшылар отырысында жарғылық құжаттың жобасын келісті. Бү­гін­де құрылғалы отырған ұйымның жарғысын оған мүше 24 мемлекет бекітіп, қол қойды», – деген Е.Көшербаев АҚИҰ-ның саяси емес, экономикалық ұйым болатынын атап өтті. Жаңа ұйымның атқаратын жұмысына тоқталған Вице-ми­нистр: «Астанада өтетін құрыл­тай сессиясында негізгі бағыт-бағдар айқындалады. Жалпы, АҚИҰ-ға мүше мемлекеттер­де ауыл шаруашылығын, азық-түлік қауіпсіздігін және биотеx­нологияны тиімді дамыту көз­деліп отыр. Соның аясында әртүрлі аспектіде техникалық ноу-хау қолданылып, тың тәжіри­белер іске асырылмақ. Одан бөлек, тұрақты әлеуметтік байла­нысты қамтамасыз ету, топы­рақтың сорлануы, орман алқап­тарының азаюы және шөл-шөлейт мәселелеріне қатысты түйт­кілдерді шешуге  де күш жұм­салады. Сондай-ақ, ұйым азық-түлік қауіпсіздігінің резер­він құру арқылы мүше мемлекеттерге қажетті жедел және ізгілікті көмекті анықтау әрі ұсыну мақсатында аталған салада бағалау және монито­ринг жүргізуді, соған орай теxно­ло­гиялармен алмасу арқылы ортақ ауыл шаруашылығы қағи­дат­тарын үйлестіріп, жүзеге асыруды жоспарлауда», – деді. Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Әлібек Бақаев қа­зіргі таңда Астанада өтетін іс-ша­раға 27 мемлекет пен 6 ха­лық­аралық ұйымның өкілдері қаты­сатындарын растағанын, 28 сәуірге дейін олардың қатары арта түсетінін айтты. Сон­дай-ақ, ол бүгінде ұйымның жарғысын Қазақстан мен Нигер Республикасының ратифика­циялағанын жеткізіп, «Аталған құжаттың толық жұмыс істеуі үшін оны кем дегенде тағы 8 мемлекет ресімдеуі тиіс», – деді. Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында ИЫҰ-ға мүше елдер министрлері конференциясының 7-сессиясында Бас ассамблеяның төрағасын, орынбасарын және хатшылықтың бас директорын сайлау мәселесі қаралып, ұйымның қаржылық процедурасы мен алдағы 5 жылдық жоспары бекітілетіні белгілі болды. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».