Нақты істерге назар
Әлемнің 44 мемлекеті біздің облыспен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда. Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың БАҚ өкілдерімен болған кездесуінде айтылды. Жергілікті биліктің бастамасымен және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Астанада «Дипломатиялық бизнес-клуб» отырысы болып өткені белгілі. Оған АҚШ, РФ, Қытай, Канада, Франция, Бельгия, Норвегия, Финляндия, Үндістан, Малайзия, Индонезия, Иран, БАӘ және басқа 44 мемлекеттің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысқаны да есімізде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бизнес-клубтың алаңында тамақ, тау-кен, химия өнеркәсібі, металлургия және қонақүй бизнесі саласында ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Барлығы 11 жобаның жалпы құны 1,2 миллиард АҚШ доллары болады. Сонымен қатар, 2016 жылы аймақта құны 104,7 миллиард теңге болатын тағы 6 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында шетелдік инвесторлардың қатысуымен цемент, никель зауыттары және тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу жөніндегі кәсіпорын бар. – Соңғы бес жылда облыстың негізгі капиталына 12,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды, оның 36 пайызы немесе 4,7 миллиард АҚШ доллары тікелей шетел инвестицияларының үлесіне тиесілі. Бес жылдың қорытындысы бойынша шетел инвестицияларын тарту жағынан еліміз жетекші орын алады. Әлемнің 100-ден астам мемлекетімен сауда қатынастары орнатылды. Жалпы, сыртқы сауда көлемі 3,7 миллиард АҚШ долларын құрады, оның 84 пайызы ақтөбелік тауарлар мен қызмет түрлері экспортының үлесінде, – деп атап өтті облыс басшысы. 30 наурызда Астанада Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Ұлт Жоспарының орындалуы туралы брифинг өткізіп, атқарылған жұмыстарды баяндаған болатын. Өңір басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының облыста орындалу барысының аралық қорытындысына тоқталды. Мемлекет басшысының халықаралық көлік-коммуникациялық ағынына интеграциялануға қатысты тапсырмасын орындауға байланысты қандай шаралар қолға алынып жатқаны туралы айтып берді. Осы орайда Бердібек Сапарбаев 2013 жылы ұзындығы 628 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі телімінің салынып, пайдалануға берілгендігін еске салды. Көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты ауқымды жобалар облыста 2016 жылы да жүзеге асырылатын болады. Мәселен, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолының біздің облыс арқылы өтетін 319 шақырымы қайта салынады. Жолдың осы бөлігіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады. Жоба 2020 жылға дейін аяқталады. 2016 жылы Байғанин ауданы автожолдарының 5 шақырымы қайта салынады, оған 1,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. – Басым жобалардың қатарында Астана мен Арқалық, Торғай, Ырғыз, Шалқар, Қандыағашты жалғайтын, одан әрі Ақтау теңіз портына шығаратын «Орталық – Батыс» жобасы бар. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Оның жүзеге асырылуы біздің облыс үшін маңызды, өйткені, жоба аясында облыстағы үш ауданның елді мекендерінде көлік қатынасы пайда болады, бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететін болады, – деді Бердібек Сапарбаев. Тағы бір маңызды жоба – «Ақтөбе – Орск» тас жолының қайта салынуы. Ондағы құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталады деп күтілуде. Облыста құны 2,5 млрд. теңге болатын шағын фермалар құру жөнінде қанатқақты жобалар жүзеге асырылатын болады. Аймақ басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының облыста орындалу барысының аралық қорытындысын жариялаған болатын. Ұлт Жоспарының 60-61 қадамдары аясында облыс әкімдігі сүт және сүт өнімдері, сонымен бірге, ет өндірісін дамытуға стратегиялық инвесторлар тарту жөнінде шаралар қолға алып жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары және трансұлттық «InalcaEurasia» компаниясы арасында жалпы сомасы 100 млн. еуро болатын мал шаруашылығындағы аймақаралық кооперация жөнінде келісімге қол қойылды. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қуаттылығы 44 мың малға есептелген бордақылау алаңын ашу және жұмыс істеп тұрған ет комбинатының қуаттылығын 20 мың тоннаға дейін арттыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Құны 8,2 млрд. теңге болатын, жылына 1280 бас сауын сиырдан 11680 тонна сүт өндіретін экспортқа бағытталған ауқымды «Milker» ЖШС жобасын жүзеге асыру басталды. 2015 жылдың желтоқсан айында қуаттылығы жылына 7200 тонна, құны 1,9 млрд. теңге болатын «Молочные истории» ЖШС-нің ет комбинаты қолданысқа берілді. – Жалпы, биыл ет өңдеу көлемін 20 мың тоннадан 28 мың тоннаға, сүт өндірісі көлемін 146 мың тоннадан 162 мың тоннаға, ал суармалы жер ауданын 12 мың гектардан 18,6 мың гектарға көбейту көзделіп отыр. Сонымен бірге, сомасы 2,5 млрд. теңге болатын, 1200 жұмыс орны ашылатын шағын фермалар құру жөнінде қанатқақты жоба іске асырылмақ, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев. Иранның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы жетекші компанияларының бірі «Джахад-э-Сабз» Ақтөбе облысы аумағында ауыл шаруашылығына инвестиция салуды көздейді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады. Аймақ басшысының айтуынша, «Джахад-э-Сабз» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хамиди Эсфахани Можтава Алириза жергілікті биліктен астық дақылдарын егуге 100 мың гектар жер бөлуге ықпал етуін сұраған. Шетелдіктер тек өсімдік шаруашылығымен айналысып қана қоймай, жердің құнарлылығын жақсарту жұмыстарымен де айналыспақ. – Бүгінгі таңда Иран компаниясына 2016 жылы 10 мың гектар жер бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Барлық ауылшаруашылық жұмыстары жергілікті шаруалармен бірлесе отырып, жүргізілмек. 2017 жылы инвесторларға тағы 100 мың гектар жер бөлінеді, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Ирандық «Агро Ай Групп» ЖШС Ақтөбе облысында қой шаруашылығымен айналысқысы келеді. Инвестор Ақтөбе облысының басшылығына қой шаруашылығын дамыту әрі олардың саны мен өнімділігін арттыру мақсатында ұзақ мерзімді іскерлік және ғылыми ынтымақтастық жөнінде келісімге келу туралы ұсыныс білдірді. Келісім Иран бизнесмендерінің Ақтөбе облысына келесі сапарына дейін әзір болады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Агро Ай Групп» ЖШС болашақта біздің өңірде ауданы 40 мың гектар жылыжай, 10 мың бас ірі қара мен 100 мың бас ұсақ мал өсіретін мал шаруашылығы фермасын салу мүмкіндіктерін қарастыруда. – Сауда-экономикалық қатынасты күшейту және экспорт көлемін арттыру мақсатында ақтөбелік және ирандық бизнес қауымдастықтың өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға қызығушылық танытамыз, – деді Бердібек Сапарбаев. Бердібек Сапарбаевтың айтуына қарағанда, экспорттық тауарлар өндіру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін өнеркәсіп секторына трансұлттық компанияларды жұмылдыру жөнінде шаралар қолға алынуда. Осыған байланысты аймақта бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында жылына 1 млн. тонна цемент және 500 мың тонна толтырғыш өндіретін инвестиция көлемі 150 млн. доллар болатын цемент зауыты бар. Қазіргі уақытта «Хуасинь цемент» корпорациясының жобалаушылары цемент зауыты құрылысы жобасын әзірлеп жатыр. – Австралияның «Қазақстан Поташ Корпорэйшн» компаниясы инвестиция көлемі 595, 2 млн. доллар болатын қуаттылығы жылына 800 мың тонна калий тыңайтқышы өндірісін қолға алмақшы. Біріккен Араб Әмірліктерінің «ПанджаГолдэн Оазис Дженерал Трэйдинг Л.Л.С» компаниясы қуаттылығы жылына 3 мың тонна никель оксиді концентраты мен 123 тонна кобальт оксиді концентратын өндіретін никель зауытына 125 млн. доллар инвестиция құюға ниеттеніп отыр, – деп атап өтті облыс әкімі. Инвесторлар ауданы 30 гектар жер телімін алып, жобаның бизнес-жоспарын әзірлеп қойды. Алдағы уақытта жоба қолға алына бастайды. Бұл жобалар аясында 1600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аумақ басшысы қаржы дағдарысы жағдайында да өңірдің өркендеу мүмкіндігін айқын сезіндірді.Әлеуметтік дүкен ашылды
Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданының тұрғындарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда өңіраралық кооперация және халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Ақтөбеліктер соңғы екі апта ішінде оңтүстік өңірлердің қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерге қатысып, бағасы арзан азық-түлікке қол жеткізуде. Қызылорда және Жамбыл облыстарының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері көкөніс, күріш, жарма, балық және басқа өнімдерді нарық құнынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатуда. Үстіміздегі жылғы 26 наурызда «Қоныс» спорт сарайында Оңтүстік Қазақстанның өнім өндірушілерінің қатысумен ірі жәрмеңке өткізілді. Сонымен қатар, оңтүстік аймақтағы үш облыстың тауар өндірушілерімен сұранысқа ие халық тұтынатын тауарлары, киім-кешек, кілемдерді төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік жасайтын көрме ұйымдастырылды. – «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оңтүстік өңірлерден әкелінетін және жергілікті жерден шығатын өнімдер облыс орталығындағы 10 коммуналдық базар мен сауда нүктелерінде сатылады. Біз осындай сауда нүктелерінің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Солардың бірі осы ауданда қазірден бастап өз жұмысын бастады. «Нұр-Ақтөбені» таңдауымыз бекер емес. Мұнда мемлекеттік бағдарламамен салынған 11 үйде 15 мыңға жуық адам тұрады. Шағын аудан көлемі әлі де кеңейетін болады, – деп атап өтті облыс әкімі тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде. Аймақ басшысы сондай-ақ, жергілікті биліктің халыққа кешенді қызмет көрсететін аула клубтары мен орталықтарын ашуды дамыту туралы жоспарларымен бөлісті. Бердібек Сапарбаев аумағы 180 шаршы метрді құрайтын дүкенді қарап шығып, тауар түрлерімен және олардың бағаларымен танысты. Бұл жерде «Рамазан» ЖШС, «Айс» ЖШС секілді жергілікті өндірушілердің өнімдерімен қатар, кооперация аясында оңтүстік өңірлерден жеткізілген ауылшаруашылық өнімдері де молынан ұсынылуда.Ілгерілеуге із ашар ізденістер
Шалқар ауданы – ауыл шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде мал шаруашылығы дамыған өңір. Аудан жері кең, табиғаты да төрт түлік мал өсіруге қолайлы. Мұнда жыл санап сала табысты бола түсуде. Өткен жылы ауданда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 9,7 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте ет және сүт өндірісі, сәйкесінше 9 және 12,5 мың тоннаға артқанын айту орынды болмақ. 60 тоннадан астам ет Ресейге экспортқа шығарылды. Мұның өзі Елбасы Н.Назарбаев алға қойған ет экспортын арттыру тапсырмасын орындаудағы игі істің іргетасы қаланғанының айқын көрінісі болды. Биыл да мұнда мал шаруашылығы секторы ырғақты даму көрсетеді деп күтілуде. Оған былтыр ауданда төрт түлік мал санының анағұрлым өсуі алғышарт жасап отыр. Мәселен, ірі қара саны 4,6 пайызға немесе 31,4 мыңға артты, жылқы 11,9 пайызға немесе 20 мыңға, түйе саны 2,7 пайызға немесе 10,5 мыңға көбейді, қой-ешкі 0,1 пайызға немесе 89,7 мыңға артты. Мұндай нәтижеге салалық «Алтын асық», «Сыбаға» және «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары аясында қол жеткізіліп отыр. Сонымен бірге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін асыл тұқымды түлік түрлері сатып алынуда. 2014 жылы 150 миллион теңге субсидия алынса, бұл көрсеткіш өткен жылы 169 миллион теңгеге жеткен. Қазіргі таңда аудандағы ауылшаруашылық құрылымдары жергілікті халықты сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр, ал ет өнімдері тұтыну мөлшерінен екі есе артығымен өндірілуде. Соңғы жылдары ет және сүт өңдейтін цехтар салынып, пайдалануға берілуде. Бұл саланың тиімділігін бұрынғыдан да арттыруда. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табатын болады. Аудан аумағында жерінің құнарлылығының төмендігіне, ауа райы ерекшелігіне байланысты көкөніс өсіру кенже қалған болатын. Бақша өнімдерінің 75 пайызы өзге аудандардан жеткізіледі. Жергілікті билік жылыжай салып, суармалы егіс алқабын көбейту есебінен жергілікті көкөніс үлесін көбейтпек ниетте. – Биыл Шалқар ауданының орталығында қияр мен қызанақ өсіретін екі жылыжай құрылысы қолға алынады. Өндіріс қуаттылығы – жылына 12 тонна. Сонымен бірге, суармалы жер көлемін 151 гектардан 340 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. 2016 жылы ауданда жергілікті көкөніс үлесін 45-48 пайызға жеткіземіз, – дейді Шалқар ауданының әкімі Ербол Даңағұлов. Аудан әкімі атап өткеніндей, жалпы құны 25 миллион теңге болатын екі жылыжай құрылысы инвестициялық жоба болып есептеледі. Жалпы алғанда, 2015 жылы Шалқар ауданының негізгі капиталы 27,2 млрд.теңгеден асты. Бұл қаржының айтарлықтай бөлігі теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Инвестициялар есебінен ауданда 20 кәсіпкерлік нысан қолданысқа берілді. Ауданда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың үлгілі үрдісі қалыптасуда. Мұнда болашақта темір кенін өңдейтін металлургиялық кешен құрылысы басталады. Кішіқұм ауылдық округінде жүзеге асырылатын жоба мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына еніп отыр. «AktobeSteelProduction» ЖШС геологиялық барлау жұмыстарына кірісіп кетті. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 4 жылға есептелген. 2015 жылы жалпы құны 350 миллион теңге болатын геологиялық барлау және кен пайдалану жұмыстары жүргізіледі, технологиялық процеске 150 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 30 миллиард теңге болады. Кәсіпорын жылына 8 миллион тонна темір концентратын өндіреді. Темір рудаларын өңдеу жөніндегі кешен құрылысы барысында 353 жұмыс орны, қолданысқа берілген соң мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Шалқар ауданы. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстанның» Ақтөбе облысындағы тілшісі Сатыбалды Сәуірбай.