«Дарынды тұлға – халқымыздың ең қымбат байлығы»
Н.Ә.Назарбаев.
Еліміздің Еуразия жүрегінде жаңа Қазақстанды өркендетудің Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруда қабілетті, өнерлі, ізденімпаз жасөспірімдерді даярлау қашанда ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой. Осындай ауыр жүк арқалап, өмір көшіне ілесіп Қазақ ұлттық хореография академиясы алғы қадамдарын басуда. 2016-2017 оқу жылында Астанада тағы бір көрнекті білім ордасы – Қазақ ұлттық хореография академиясының есігі ашылып жатыр. Елбасы білім беру мен оның сапасына аса мән бере отырып, білім беру ошақтарының алдына да: «...Біздің бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейіне сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз...», – деп үлкен міндет жүктеп отыр. Елдің дамуы, мәдениет пен өнердің барлық саласында жаңа шешімдер іздеу басты мемлекеттік тапсырмалардың бірі болып табылады. Әлемдік кеңістіктегі барлық сала бойынша, соның ішінде әлеуметтік-білім беру және рухани бағыттағы нақты қадам өмірлік әрекет пен жаңа буынның гүлденуінде маңызды рөл атқарады. Бұл қарқынды үдерістің басында жастардың білім мәдениеті нақтыланады. Аталған жайт бір реттік дүмпу емес. Оған тек аз-аздап және кезең-кезеңімен жүргізілетін даму бағдарламасын жасау арқылы қоғамның алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізуіне көмектесуге болады. Осы ретте бұл міндеттің оңайға соқпайтынын атап өткен жөн. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылуы – ұлттық би мектебінің қарқынды дамуы мен қалыптасуы жолындағы батыл қадамдардың бірі. Қазақстанда «хореография» термині ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қолданыла бастады. Хореографиялық мектептердегі ең басты сабақ – ол классикалық би, би сөзін латын тілінен аударғанда, «үлгілі» деген мағынаны білдіреді екен. Классикалық биді біз балет деп атаймыз. Балет дегеніміз итальян тілінен аударғанда, «билеймін» деген ұғымды береді. Балет, би, хореографиялық көріністердің авторын «балетмейстер» дей келе, би өнерінің мәні классикалық биде деп толығымен айта аламыз. Би шығармашылығы – әлемді көркемдік тұрғыдан танудағы көркем өнердің көне пішіні. Әрбір халықтың биі сол ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне тікелей байланысты. Би сол халыққа тән болмыстан пайда болады. Заман талабына сай, бәсекелестік мамандарды даярлау барысында дарынды тұлғаны дамыту мектеп табалдырығынан басталатыны белгілі жайт. Жаңа білім ордасы, балет театры, балет залдары, оқу корпустары, уақыт талабына сай құрал-жабдықтар елордамыздың сол жағалауында орналасқан. Арнайы дайындалған, бірегей сәулет жобалары әлем бойынша бой түзейтін эталонға айналады. Мұнда балет залдары периметр бойынша орналасқан. Оның ішінде, ашық аспан астында сәнді тірі бақ жайқалып тұр. Сондай-ақ, киім шешетін және жуынатын орындар, тігін костюм цехы және білім алушылар үшін жайлы тұрғын үй кешені де ескерілген. Қазақ ұлттық хореография академиясында балаларды қабылдау шығармашылық бағыттағы бастауыш мектептің 1, 2, 3 және 4-сыныптарында жүзеге асырылады. Ал орта кәсіби білім беретін 5-сыныпқа 10-11 жастан бастап оқушы қабылданады. Бұдан басқа, жоғары білім беретін бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі қайта даярлау бағыты бойынша білім берудегі жүйе – магистратурада ашылуда. Академияға түсу үшін қабылдау емтихандарынан өткендер мемлекеттік бюджет және ақылы негізде білім алу жолдары да қарастырылған. Болашақта академия әлемдегі барлық дарынды балалар мен жеткіншектерге есігін айқара ашатын болады. Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарындылық – ол жоғары әлеуеті бар, шығармашыл тұлға. Білім беру жолымызда алғашқы қадамдарда республикамыздың түрлі, тіпті ең шалғай аймақтарындағы қабілетті балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бірегей мүмкіндікті кез-келген адам пайдалана алады. Демек, егер сіздің балаңыз талантты, кәсіби талаптар мен өлшемдерге сәйкес келетін балет және дене бітімі жағынан қажетті табиғи сипаттарға ие болса, оған жарқын болашақ сыйлайтын мүмкінділік пен сәттілікті жіберіп алмағанымыз жөн. Академияда Қазақстанның ең үздік кәсіби мамандарымен қатар, Ресей, Германия, Қытай және Францияның және өзге де алыс-жақын шетелдердің білікті хореографтары жас мамандарды даярлауда өздерінің кәсіби шеберліктерімен бөлісетін болады. Қазақ ұлттық хореография академиясының арнайы көшпелі комиссиясының насихаттауы Қазақстан Республикасының барлық облыстарымен аймақтарында жүргізілетін болады. Қазақстан Республикасында хореографиялық білім беру жүйесіндегі басты өзгеріс мамандарды дайындауда көп деңгейлі модельге көшу болып саналады. Осы арқылы үздіксіз білім беру, сапаға қол жеткізу және кәсіби мамандарды дайындау тиімділігіне қол жеткізіледі. Академияның білім мекемесі ретіндегі басты міндеті үздік өнер дәстүрінің сабақтастығын сақтау, отандық хореографиялық білім беру саласындағы білім сапасын арттыру және оларды әлемдік кеңістікте біріктіру болып табылады. Білім алушыларды мамандықты саналы түрде таңдауға дайындау және бастапқы мектепте қалыптасқан әлемді музыкалық-шығармашылық қызмет арқылы эстетикалық қабылдау – оны алдағы уақытта да шығармашылық пен талапқа ұмтылуға ынталандыру. Шығармашылықтың ұзақтығы мен нәтижелігі мамандардың шеберлігі мен тәжірибиелігіне байланысты. Дамыған шығармашылық тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу үшін Қазақ ұлттық хореография академиясына балаларды қабылдау 1-сыныпқа 6-7 жастан бастап жүргізіледі. Шығармашылық бағыттағы бастапқы мектеп білім бағдарламасының мақсаты би саласындағы білім мен біліктілікті қалыптастыру, түрлі бағыттағы би материалдарын орындауға қозғалыс аппараттарын дайындау, түрлі деңгейдегі техникалық кедергілердің негізін игеру болып саналады. Осының негізінде шығармашыл, жан-жақты дамыған кәсіби мамандар, заманауи және креативті тұлғалар тәрбиелеп шығарулары тиіс. Сол себепті де академияға дарынды балаларды қабылдау 6-7 жастан басталады. Олар 9 жасқа дейін бірінші саты, 9-18 жастарда екінші саты бойынша білім алады. Одан ары қарай бакалавриат жалғастыруға мүмкіндігі бар. Білім беру оқыту мен тәрбиелеу үздіксіз процесс. Біздің көзқарасымша, 6-7 жастағы балаларға негізгі жалпы білім беру пәндерімен бірге, төмендегі сабақтар өткізілуі тиіс: – музыкалық би; – гимнастика; – дем алу гимнастикасы; – акробатика; – сольфеджио. Джаз-ән салу; – өнер әлемі. Бұлардың соңғысында балалар қоршаған ортаны зерттейді, көреді, танып-біледі және осының барлығын кадрға өздері түсіреді (фотоаппарат, камера), түрлі музыкаларды тыңдайды және т.б. Би өнері салауатты өмірге бейімдеуі қажет. Сондай-ақ оқушылар 9 жастан бастап хореографиялық училище бағдарламасына ауысады. Бұл жерде жоғары курстарда негізгі пәндерге училищелердің оқу тәжірибесінде болмаған «Мимика» пәнін қосу қажет. Сол сияқты бакалавриат үшін бұрыннан бар «Хореография педагогикасы» және «Хореография-балетмейстер» мамандықтарына қажетті, сондай-ақ, «Орындау шеберлігі» мамандығын енгізу керек деп есептейміз. Қазақтың дәстүрлі би өнерінің байырғы бояуын бұзбай, оны осы заманғы би өнерінің жаңаша тәсілдерімен ұтымды ұштастырып сақтау керек. Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан, тамыры тереңге жіберген және бірегей дәстүрі бар, әлеуеті зор мәдени мемлекет ретінде көрсету. Қазіргі таңда білім берудегі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой толғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті, өнерлі жеке тұлғаны қалыптастыру. Зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Тәуелсіз еліміздің келешегі – бүгінгі ұрпақ. Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА, профессор. АСТАНА.