(Тарихи дастан)
Бастау
Жүз жылдықтар ағады,
Құранның асыл парақтарында,
Ғасырдың қатал сабақтарында.
Домбыралардың сағақтарында,
Қазақтың тартқан табақтарында.
Жүз жылдықтар ағады,
Аэропорттардың кассаларында,
Самолеттердің қанаттарында.
Әлемнің алуан баспаларында,
Шенеуніктердің қабақтарында,
Париждің түнгі кабактарында,
Жүз жылдықтар ағады.
...Түнгі Париж,
қаңғыдым жалғыз
Шанзелия көшесіменен,
Шарапты тартты шайырлар кесесіменен,
Жоғалған уақыт...
толады есесі немен.
Мұстафа Шоқай сан жүрген жабырқап жалғыз,
Шеллде Мариям,
Берлинде Мұстафа...
қабір қап жалғыз.
Жүз жылдықтар...
жанымды ауыртты менің,
Арманын оның дос түгіл жау ұқты дедім.
Қайран Түркістан бөлшек боп бөлініп кеткен,
Анталап келіп, жан-жақтан желігіп жеткен.
Мұстафа Шоқай рухы,
өкпелі ме екен,
Мариям ару көз жасын төкпеді ме екен.
Жарық жұлдыздар аспаннан ағып барады,
Тұлғалар тағы дүниеден өтпеді ме екен.
Қош, Париж,
Шеліңмен,
Ножаныңменен,
Қайдамын бүгін,
уақыттан озамын деп ем.
Жұмағыңменен, тозағыңменен,
Аспанға қолды түбі бір созамын деп ем.
Самарқан,
Қоқан,
Ташкент,
Астанам сосын,
Түркістан, Cауран, Cозағымменен.
Мариям жазған оқыдым сырларды ғажап,
Меңгеріп жатты бұл кезде қырларды қазақ.
...Шындықты елі апыр-ай, кеш біліп тұрды,
Кларнеттің мұңлы үні естіліп тұрды.
Жүз жылдықтар ағады...
* * *
...Қайтейін қалмаған соң басқа амалым,
Тарихты өткен, кеткен ақтарамын.
Асау жыр боп оянып көкірегіңде,
Хат болып кейінгіге сақталамын.
Қағазға барлық сырын ақтарыпты,
Кей сөзі ескі өлеңдей жатталыпты.
Ножаннан Түркістанға келген хаттар,
Әр жерде мұрағатта сақталыпты.
Бұл жырды сақтап қойсын барша оқыған,
Дерек пен керегіңді алшы осыдан.
Сіздерге сәлем сырлы Шиеліден,
Сіздерге сәлем мұңлы Наршоқыдан.
Төгілген аспан жақтан нұрға балап,
Жазылған көңіл аудар жырға, қарақ.
Көміліп бүкіл ауыл қалған екен,
Құранды оқыдық біз құмға қарап.
Қара жол ойдым-ойдым тынған анық,
Құлаған ескі баған сымға оралып.
Мұстафа Шоқай ердің атажұрты,
Бұйығып жатыр екен құмға оранып.
Япырай қилы кезең, кезеңдердің,
Сырларын ішке бүккен сезем белдің.
Шоқайдың ауылына баратұғын,
Өзгерткен арналарын өзендердің.
Айырылған ауыл екен келбетінен,
Ұшқан құс көре алмайсыз көл бетінен.
Арнасын өзендердің өзгертіпті-ау,
Бұл әулет жоқ болсын деп жер бетінен.
Осы істі істегенді сұмға балап,
Отырдым ойға шомған қызға қарап.
Империя тілегі қабыл болмай,
Оқыдық Құранды біз құмға қарап.
Ескіден есіңді алар сыр ұққасын,
Өткен мен кеткендерді сұрыптасын.
Қазақты көк бөрідей ұлытпасын,
Арыстанмен алысқан асыл ерім,
Мұстафа Шоқайды ұрпақ ұмытпасын.
Мухторият
...Туркистон мухторияти... Темур хоқонининг чин болалари ёнинда, туркистонли тубчак турклари орасинда, мундан ӯғурли, мундан муқаддас, мундан суюнчли бир сӯзни борлиғига ишонмайман.
Туркистон туркининг қонини қайнатғучи, имонини юксалтгучи бир қувват бор эса, ёлғуз шу сӯзда бордир: Туркистон мухторияти.
...Кучга таянган ҳар буйруғга бӯйинсундик, бутун борлиғимизни қӯлдан бердик. Ёлғиз бир фикрни...
Абдурауф Фитрат
Өткен ғасыр, сырлы Қоқан, он сегіздің ақпаны,
Мұстафаға құрылған бұл қызылдардың қақпаны.
Дәл сол күні ит ұлыған, бүгін бізге белгісіз,
Көк аспанда қанша жұлдыз із тастамай аққаны.
Екі-ақ айдай өмір сүрді сол бір ұлы үкімет,
Жанталасты құлатуға қаншама уақыт күтіп ек.
Ферғананың жазығында жалғыз кетіп баратты,
Содан кейін қара қайғы арқалап, қанды жасты жұтып ек.
«Айырмаймын халқымды мен мынау байтақ жерімнен»,
Күресті ол, тіресті ол кетіп мәңгі елімнен.
Қаншама рет қыл ұшында тұрды ілініп өмірі,
Қаншама рет аман қалды тіке келген өлімнен.
Қанды Қоқан содан кейін шықпай қойған түсінен,
Тәуелсіздік биігінен Мұстафаны түсінем.
Қоқандағы мына бейіт пана болған бір апта,
Аруақтай түрегелді ол молалардың ішінен.
Өлгендермен қатар жатты жасырынып молада,
Еркін өскен қайран ерім сағым жүзген далада.
Үш күн бойы көзі ілінсе, қара терге малшынып,
Түсіне енді Наршоқы мен аяулы ана, жан ана.
Сондай ерді ұлықтауға кешігуге бола ма,
Тарихымды теріс жазса кешіруге бола ма,
Тасқа түскен таңбаларды өшіруге бола ма?
Тар лақатта тірі жатып шешінуге бола ма?
Мұңды уілмен жел еседі сағым қашқан қырымнан,
Жасырынған уайыммен нұр еседі жырымнан.
Бұл Қоқанда сол бір түні аязында ақпанның,
Он мың адам...
ана, бала бір-ақ күнде қырылған.
Жас келіншек қара шашты, қара көзді, тісі аппақ,
Құлап жатыр қос қолымен қос сәбиін құшақтап.
Ой нәлеті-ай, шімірікпей бауыздапты пышақтап.
Бүктетіліп қария жатыр мызғып кеткен тәрізді,
Қапталында бір кейуана шүберектей түсі аппақ.
Мұстафаны бұл қырғыннан сақтап қалған құдайым,
Ғайбат, жала, өсектерден ақтап та алған құдайым!
Айтыс-тартыс, қуғын-сүргін оттарына тозақтың,
Артық туған асылымды қақтап та алған құдайым.
Түркістаным шерлі, зарлы атсын тағы ақ таңың,
Бір ұлыңның тым алысқа көрдің қанат қаққанын.
Қанша сөзді естіген соң, әдейі іздеп сарсылып,
Қаншама елдің архивінен кемшілігін таппадым.
Жанарлары жасаураған кетерінде Кетіктен,
Толқындарын теңіздердің жалғыз кесіп өтіп пе ең?
Ұзай-ұзай біржолата ғарыш жаққа жетіп пе ең?
Қайта оралмас туған жерге қарай-қарай кетіп пе ең?
Ауыртады жүрегімді бұ дүниенің жалғаны.
Ауыртады жүрегімді жат өлкеде қалғаны.
Қаншама жыл сағыныштан
жапырақтай сарғайып,
Түркістанды бір көре алмай өзегінің талғаны.
Тәуелсіздік Мұстафаның ұлы есімін қайтарған,
Тартып алған халқы оны саясаттай сайқалдан.
Тұлға қайда Түркістанның
қасіретін айта алған,
Қасиетті тұлпарым-ай төрт тұяғы тайпалған.
...Бұл жылдары арманы асқақ Алматыда тұратын,
Нені іздейді, сауал болса, сұра, аспан, сұра, түн.
Мұстафаның жолыменен
экспедиция басқарып,
Сол Қоқанға келе жатты елес қуған бір ақын.
Көзілдірік жасаураған жанарларын жасырып,
Ферғанадан жолға шықты, келе жатыр асығып.
Сырлы Қоқан, мұңлы Қоқан
жүрегінде тербеліп,
Ағаштардың жапырағы желмен жатты шашылып.
Толқып, қорқып кездесеміз сол бір асқақ шақпенен,
Жүрегімде буырқанған асып-тасып жатты өлең.
Түркістанның астанасы шерлі Қоқан болды деп,
Мұхаметжан, Мұстафалар талай өткен атпенен.
Алпыс төрт күн астана боп...
ештеңені тоспастан,
Арманы асқақ асылдармен бір-ақ күнде қоштасқан.
Мұңлы Қоқан жылап тұрды, көшелері қан-қан боп,
Осы жол ғой содан кейін иір-қиыр ап қашқан.
Батуми. түнгі жаңбыр
... Батуми мұрағатынан біздер тапқан, бұрын-соңды ешкімнің қолына түспеген – Мария Шоқайдың атына берілген ресми анықтаманың көшірмесі. Құжат Батуми мұрағатының құпия бөлімінде сақталған. Онда «Куәлік. № 2905, 7 наурыз 1921 жыл» деп кеткен уақыттары анық көрсетілген...
Автор
Рахатты ақ нөсерден тауып қыр,
Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр.
Әлденеге алаңдаймын,
неліктен,
Көңілімді мазалайды қауіп бір.
Түнгі жаңбыр көрмегендей күй кештім,
Жағалауда теңізбенен үйлестім.
Алматыға жер жетпейді
бірақ та,
Еш шаһарды Батумидей сүймеспін.
Құжаттарды ептеп ашып оқыдық,
Сайрап жатыр жүрген жолы жосылып.
Дерек таптым Мариямға қатысты,
Батумиде мұрағатта отырып.
Мені алға жетелеген осы үміт,
Жеттім мұнда жігіттерге қосылып.
Сарғыш тартқан құжаттарды ақтардым,
Батумиде жалғыз өзім отырып.
Ғимараты ерекшелеу өрілген,
Жасырын бір әріптермен терілген.
Мұрағаттан бір куәлік таптым мен,
Мұстафаның зайыбына берілген.
Салқын самал есіп тұрған ақ таңда,
Осы сәтті күн де қимай батқанда.
Шаңға батып мұрағатта отырдым,
Жолдастарым сауық құрып жатқанда.
Ессіз күнді еске алғанда, қарағым,
Ерке шаққа оймен кетіп қаламын.
Есениндей мұңға батсаң,
шіркін-ай,
Бір жұтып ап Батумидің шарабын.
О, Батуми, cен ұйқымды ұрладың,
Ал, мен болсам
тауларыңды жырладым.
Мына белгі дәлелдейді осы үйде,
Есениннің бір жылдары тұрғанын.
Есенин бе, қызық өмір сүріпті-ау,
Шаганэмен сауық-сайран құрыпты-ау.
Антон Чехов мына үйге түсіпті,
Ал мына үйде Чайковский тұрыпты-ау.
Таң-тамаша сұлулығын тойлаппын,
Алыстағы Батумидей айлақтың.
Мұстафадан басқа белгі қалмаған,
Есіме алып жиі-жиі ойлаппын.
О, тау елі, менің де асқақ халқым бар,
Ат үстінде найзағайдай жарқылдар.
Әлдене деп жарысады жағаға,
Жел тербеген ақжал асау толқындар.
Көңіл құрғыр сол айлаққа ауып тұр,
Тау ауасы дерттерімнен сауықтыр.
Толқып жатқан жағасында теңіздің,
Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр.
Ех, Ыстамбұл, Ыстамбұл...
Ех, Ыстамбұл, асылым,
Бүкіл түркі дүниесімен қолдасқан,
Иір-қиыр, тарам-тарам жол қашқан.
Түркістаным деп толғаған тар кезде,
Қазақтарға пана мынау болды аспан.
Көз жетпейтін жағасында Мәрмәрдің,
Алыстағы елімді ойлап сандалдым.
Есіме алдым екі көзім жасаурап,
Ерліктерін Хақназардай хандардың.
Ех, Ыстамбұл,
түрік елі, жыр елі,
Маңдайдағы бағың сенің бір елі.
Арыстандай айға шапқан аяулы,
Жүрегімде Мұстафалар тұр еді.
Ех, Ыстамбұл, асқақ шаһар, паң қала,
Азаншыңды тыңдап тұрдым таңдана,
Түркілердің жоғын жоқтап алыста,
Дүниеге қарап тұрсың шамдана.
Ех, Ыстамбұл,
махаббаттың қаласы,
Жазылмады-ау жүрегімнің жарасы.
Ақ сағымды сағынышын жолдады,
Алыстағы Алашымның даласы.
Ех, Ыстамбұл, бақша-бауың жайқалған,
Теңіздерің көкірегімде шайқалған.
Болмысыңнан айналайын, ұлы ел,
Бізге туыс екендігі байқалған.
Төңірегім көрінбейді гүлдерден,
Сырыңды ұқтым
жұлдыз аққан түндерден.
Ех, Ыстамбұл,
тағы оралдым жоғалтып,
Сонау жылы ағамды мен бір келген.
Ех, Ыстамбұл,
Құранменен нұрланған,
Көкейімде Шоқай айтқан тұрды арман.
Кенесары, Махамбеттер, Кейкілер,
Кімнен кейін қалмас дейсің бұл жалған.
Жағамнан ап сілкіледі бұл жалған,
Кейбіреулер қыр көрсетті сұрланған.
Не айтамын бұдан басқа өзіңе,
Ех, Ыстамбұл, Құранменен нұрланған.
* * *
...Оның менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын. Әлі есімде, кішкентай кезімде шешекпен ауырғанымда, ол мені үш апта бойы тізесіне жатқызып қараған-ды. Соның еңбегі мен күтімінің арқасында біз бәріміз де тәніміз бен жанымыз сау болып өстік...
Мұстафа Шоқайдың аяулы жары
Марияға жазған хаттарынан
Париж - 6.06.1923 жыл.
Мұстафа Шоқайдың монологы
Қыр басында қалған шеше ербиген,
Күн сап қарап...
шыға салып төргі үйден.
Мүмкіндік жоқ, бөгелуге, қалуға,
Өлген кезде қабіріне салуға.
Бір уыстай топырақты түйілген,
Аманаттап берген сәтте... күйінгем.
Қайғы-мұңды кете бардым арқалап,
Ыстық жасты кірпіктерім қалқалап.
Жолдар қашты, шықты алдымнан шартарап,
Ұзай бердім қайғы-мұңды арқалап.
Мұрша болмай өмір өтіп барасың,
Ойлауына қара бастың наласын.
Түркістаным,
қасіретім,
байтағым,
Өткен күннің естелігін айтамын.
Жан анамның алақанын сағындым,
Бауырымның балақанын сағындым.
Жан анамның ертектерін сағындым,
Ыстық сүтін, шелпектерін сағындым.
Қартайғанда жанында мен болмадым,
Бір тілегін орындай да алмадым.
Туған ауыл атқан таңын сағындым,
Қып-қызыл боп батқан күнін сағындым.
Тағдыр мені неге осылай қорладың,
Қара бұлт көкірегіме торладың.
Сезсең ғой сен бұл қасірет салмағын,
Қартайғанда қастарында қалмадым.
Қала берді-ау естілместей күлкі үйден,
Есімде әлі жұпыны ел үрпиген.
Туыс, бауыр қасіретін сезгенмен,
Бақыт таппай
дүниені кезгенмен.
Атақ, мансап барлығынан безгенмен,
Түркістанның қасіретіне төзгенмен;
Төзе алмадым қайғысына анамның,
Сағыныштан сарғайғанын санамның.
Мұң-наласын арқалап бар ғаламның,
Қабіріне барып ғазиз анамның.
Ең болмаса Құран да оқи алмадым,
Сезші, жаным, қайғымның бар салмағын.
Мен Түркістан жастарына сенемін,
Осы берік сенімменен өлемін.
Арман бар ма кіндік кескен жерде өлсең,
Арман бар ма туған жерде жерленсең.
Сол жас ұрпақ тербеткенде бөбегін,
Дүниеге қайта айналып келемін.
Тиді-ау менің талайларға кесірім,
О, Жасаған, жасай көрші кешірім.
Тағдыр өзі табар ма екен шешімін,
Қалса болды естеріңде есімім.
Жалаңаяқ топырағында ойнаған,
Күн батқанша қызығына тоймаған.
Ұмытқам жоқ Наршоқының жартасын,
Жоғалтқам жоқ Түркістанның картасын.
Түркістанның аша алмадым есігін,
Ұрпағымның тербетпедім бесігін.
Тиген болса сырттарыңнан кесірім,
Қайран халқым, сұраймын мен кешірім.
Берлин. Бейіт басында
– Менің міндетім – мешітті таңертең ашып, кешке жабу. 2008 жылғы Ораза айының ішінде, Қадір түніне бір-екі күн қалғанда мешіттің ішінде отырып-ақ, таңсәріде Мұстафа бейдің бейіті басынан жарқырап тұрған нұр көрдім. Бұл көрініс үш күн бойы қайталанды...
Автор
Сәті жоқ оның сыр берген,
Ұмытпас, сірә,
бір көрген.
Мұстафа Шоқай басынан,
Қабірден көкке шаншылған,
Жарқырап тұрған нұр көрген.
Қалмасын арман жаншылып,
Оянсын қайта қанша үміт.
Мұстафа жатқан бейіттен,
Аспанға қарай созылған,
Нұр көрген тұрған шаншылып.
Қас қақпай, қайтпай тірескен,
Империялармен сірескен.
Мұстафа Шоқай ер жатыр,
Бұл жерде бүкіл Түркінің,
Азаттығы үшін күрескен.
Күлтегін туған айбатты ел,
Тарихын терең ойлап көр.
Бұл жерде мәңгі ұйқыда,
Мұстафа Шоқай ер жатыр,
Қазақтан шыққан қайраткер.
Халықты қанап илеген,
Парықсыздықты сүймеген.
Парасат, пайым иесі,
Таңғажайып жан жатыр,
Дұшпанға басын имеген.
Асу да асу бел жатыр,
Шалқар да шалқар көл жатыр.
Топырағында немістің,
Татпаған дәмін жеңістің,
Елім деп өткен ер жатыр.
Қауызы гүл боп ашылған,
Жалғасқан көне ғасырдан.
Түркінің қамын ойлаған,
Ғарышқа қарай созылған,
Арманы шығар шашылған.
* * *
...Парижден Құран мен сәлде әкелген болатынмын. Қолының үстіне Құранды қойдық, тақия мен сәлдені мұсылмандардың әдетіндей басына кигіздік.
Мария Шоқай естелігіндегі сөйлем жолдары.
Айға да оны балаймын,
Күнге де оны балаймын.
Ақ таңның мынау атысы,
Дәл оның осы жатысы,
Зәресін алды-ау талайдың.
Биігін алып қыранның.
Қайтарып уын жыланның,
Тақия қойып қасына,
Сәлдені орап басына,
Нұрымен аптап Құранның.
Адал боп қалған Тұранға,
Ерместен түрлі ұранға.
Жалтақтап жатсын жар кімге,
Кеткендей қалғып әлгінде,
Қолдарын қойып Құранға.
Қазақтың қара нары еді,
Заманы неткен тар еді.
Ессізді кеткен ертпестен,
Ташкентте түнде серттескен,
Мариям адал жары еді,
Мариям асыл жан еді.
* * *
Мұстафа Шоқай – Берлиндегі Түркия мемлекетіне қарайтын «Түрік шәһитлігі мешіті» аумағындағы зиратта жатыр. Бейіт басындағы ескерткішке жары Мариям Шоқайдың өтінішімен үш латын әрпі мен төрт сан жазылған. Олар Інжілдің бесінші тарауындағы 13-ші өлеңді меңзеп тұр. Бұл жыр жолдары:
«Жаныңды сеніп тапсыратын ол достар және ол махаббат енді жоқ» деген мағынаны білдіреді.
Автор
Шуағы күннің сүйеді,
Соққан жел келіп тиеді.
Ұлан да байтақ ұлы ел,
Түркіні тұтас етем деп,
Берлинде қалған сүйегі.
Артында қалды жазары,
Қардан да аппақ таза ары!
Бөленген мәңгі бесікке,
Түрікке қарар мешітте,
Мұстафа Шоқай мазары.
Қабірге өніп гүл шықты,
Сезімге жүрек тұншықты.
Латынша қашап жаздырған,
Төрт санға сыйған мына сөз,
Көзімнің жасын ыршытты.
Сөзімді тыңда, жақсылар,
Жер емес бұл бір бақ сынар.
Ешқашан сені сатпайтын,
Қасыңда бар ма, жан досың,
Жаныңды сеніп тапсырар.
Көңілді бір мұң торласа.
Қиын ба, Алла қолдаса,
Түріктер салған, дариға-ай,
Моласын қайдан табар ек,
Мынандай мешіт болмаса.
Осы бір зират-мешіттің,
Аңыздай даңқын есіттім.
Берлинге, осы бейітке,
Жете алмай іштей тынып мен,
Қаншама жылға кешіктім.
Бақытты қайдан табармын,
Жұлдыздай көктен ағармын.
Түркі деп өткен Күлтегін,
Ұрпағы жатыр бұл жерде,
Тоныкөк, Білге қағанның.
Құрғамас кезі жастың да,
Қимасты тасқа бастың ба?
Сағыныш, сосын көз жасы,
Махаббат пенен зар жатыр,
Төрт санның мынау астында.
Ақ жаңбыр тағы құйып тұр,
Бұл жерде жатыр сүйікті ұл.
Өмірдің мынау жалғаны,
Түркінің тұтас арманы,
Төрт санға қалай сыйып тұр.
Тұрандай байтақ жер жатыр,
Шөлдер мен қанша көл жатыр.
Осынау шағын бейітте,
Алтай мен Қара теңізге,
Созылған алып ел жатыр.
Жазылмай қалған жыр жатыр,
Айтылмай қалған сыр жатыр.
Жазықтар, таулар, еңістер,
Ойпаңдар, құздар, тегістер,
Тұлпарлар өткен қыр жатыр.
Бермейтін асу шың жатыр,
Бұйра да бұйра құм жатыр.
Түркінің ұлы үміті,
Осынау шағын зиратта,
Сағыныш жатыр, мұң жатыр.
Түркідей асқақ ұлт жатыр,
Жырақта, бөлек, сырт жатыр.
Қанаты құстың талатын,
Сүйгенін таңдап алатын,
Айбынды асқақ жұрт жатыр.
Жат жерде қалған бел жатыр,
Рухты дауыл, жел жатыр.
Сызылып кеткен картадан,
Осынау мұңлы молада,
Ежелгі біздің жер жатыр.
Адал сүт емген төл жатыр,
Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.
Таппайтын ешбір картадан,
Осынау шағын бейітте,
Баяғы Тұран-Түркістан,
Бөлшектелмеген ел жатыр.
Ешбірін айтпай сырдың мен,
Қобалжып, қорқып тұрдым мен.
Берлинде бейіт басында,
Мұстафа Шоқай қасында,
Осылай толқып тұрдым мен.
Осылай толқып тұрдым мен.
Қасымхан БЕГМАНОВ.