Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің талай буынын тәрбиелеген білікті тәлімгер Темірбек Қожакеевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Журналистика және журналистік білім беру: заманауи инновациялық технологиялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл бәрінен бұрын қолына қалам ұстап, ақ қағаз бетін айналдырған ағайындар үшін айрықша маңызы бар басқосу болды. Бүгінде республикамыздың әртүрлі басылымдары мен телерадио арналарында жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз Темкең туралы тебірене ой толғап, емірене естелік айтты. Оны қызыға тыңдаған жастар жан дүниелерін байытар рухани олжаға кенелгені анық.
Алқалы жиынды ашқан осынау оқу ордасындағы журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ тұғыры биік тұлғаның мерейтойына арналған шаралардың Астанадан бастау алғанын айрықша атап көрсетіп, жақсы істің қорытынды нүктесі Алматыда қойылатынына сенім артты.
Конференцияға қатысушылар назарына ұсынылған бейнетаспалар келмеске кеткен кешегі күндер елесін көз алдымызға қайта әкелді. Сарғайған таспалар санадағы сағынышты тербеп жібергендей болды. Абзал ағамыздың аудиторияны бірден баурап ала жөнелетін баяғы таныс даусына құмарта құлақ тігіп, өсиет іспеттес өзекжарды сөздеріне ден қойдық. Студенттермен кездесуден түсірілген ескі кадрларды көру барысында көңілге түрлі ой келді. Айтқандарына айызың қанатын қанжар тілді мұндай шешен жандардың қазір қарасы азайғаны қандай өкінішті. Саңқылдап сабақ түсіндіргенде соқырға таяқ ұстатқандай шегелеп тастаушы еді-ау жарықтық. Тыңдаушысын сілтідей тындыратын ондай лекторлар қайда?..
Баяндамашылар шеруін бастаған ЕҰУ жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу жөніндегі институт директоры, профессор Намазалы Омашев нақты мысалдар келтіре отырып, тағдырдың тар жол, тайғақ кешулерінен тайсалмай өткен өр мінезді марғасқаның мақтауға тұрарлық елеулі еңбектеріне талдау жасады. «Тумысы бөлек Темкеңнің есімі аталғанда еріксіз елең етесің. Ағайындас екеуміз табиғаты тамылжыған Меркі ауданының масатыдай құлпырған Ойтал ауылында туып-өстік. Бала кезінен-ақ қарымды қабілетін байқатқанын елдегі ақсақалдардан жиі еститінбіз. Ол кісінің кітаптарын кішкентайымнан оқып-тоқыдым. Еліктеп-солықтап, соңынан ердік. Көп өнегесін көрдік. Сөз бен істің бірлігін бұзбай өтті бұл өмірден. Қазіргі қоғамға осындай ұстаным иелері жетіспейтін секілді. Қызметте қатал, талапшыл болатын. Онысы оқытқан шәкірттерім айналасынан ат оздырып, абыройға бөленсе екен деген игі тілектен туындайтынын іштей сезетінбіз. Тек сатира жанрынан ғана он шақты монография жазыпты. Ең бастысы, таңдаған тақырыбын жеріне жеткізе зерттеді. Мұны достары түгіл дұшпандары да мойындайды. Он алты жыл декан болғанда журналистика факультетін университет бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Дәріс беру мәнері бөлек-тұғын. Өзі оқытқан курсты жетік білетін. Басты бақыты – өзінің табиғатына сай саланы таңдағандығы. Қоғамдық құбылыстарды күнде көріп жүргенмен, оны екінің бірі сын-сықаққа айналдыра алмайды». ҚазГУ-дің журфагына түскенімізде ең алғашқы лекцияны оқыған, сондықтан да көзімізге ыстық көрінетін Намазалы ағайдың ақжарма пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Аталмыш университеттің проректоры, ҰҒА корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлы ЕҰУ ректорының конференция жұмысына табыс тілеген құттықтауын жеткізіп қана қоймай, Т.Қожакеевтің белгілі себептермен қуғын-сүргінге ұшыраған тұстарда еңсесі езілмегенін, сағы сынбағанын, тауы шағылмағанын, қайта намысын қайрап, халқына қалтқысыз қызмет қылғанын, Алматы кітапханаларындағы сирек қорларды ақтарып, бұған дейін белгісіз болып келген «ақтаңдақтардың» бетін ашқанын алға тартты.
Мәртебелі мінберге көтерілген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті Еркін Қыдыр ұстазын ұлықтаған қаламдастар қатарында жүрекжарды лебізін білдірді. Қожакеевтің аты затына сай қойылғанын, ол темірдей тәртіп орнатпағанда журфактың «еркелері» мен серкелері бас білдірмей кетуі әбден мүмкін екендігін жеңіл юмормен жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі журналист кадрларын даярлайтын сол кездегі республикадағы жалғыз факультеттің деңгейі Темкеңнің арқасында жоғары болғанын, ал қазір барлық облыс орталықтарында ашылған ондай бөлімдердің тым көбейіп кеткенін, алайда, білім беру сапасы тиісті талаптарға жауап бермейтіндігін тілге тиек етті.
Халықаралық түркі академиясының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп кезінде кандидаттық диссертациясына жетекшілік еткен аяулы ұстазының кісілік келбетіне, қайраткерлік қасиетіне тоқталып, Алаш арысы Сұлтанбек Қожановтың әдеби мұрасын зерттеуде ақыл-кеңесін аямай, дұрыс бағыт-бағдар бергенін, сол үшін оған өзін өмір бойы қарыздар санайтынын білдірді.
Профессор Рақымжан Тұрысбеков ғалымның әдебиет зерттеушісі ретіндегі іргелі ізденістері жайында жан-жақты әңгіме өрбітті. Осы орайда, 1992 жылы жарық көрген «Көк сеңгірлер» кітабының орны бөлектігін, мұнда алуан дерек көздері пайдаланылғанын, көшелі көзқарас пен зейінді зерделеу, соны саралау айқын аңғарылатынына назар аударды.
Конференцияда сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, көрнекті көсемсөзші Қайнар Олжай, белгілі сатирик Көпен Әмірбек және басқалар сөйлеп, әзілмен әдіптелген естеліктер тиегін ағытты.
Атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, сарабдал сатира сыншысы Темірбек Қожекеев – есімі ел есінде сақталған ерен тұлға. Ендеше, оған қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан».