• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2016

Мәскеу. Булгаковтың музей-үйі. «Жаман пәтер» (фото)

421 рет
көрсетілді

Өнерсүйер қауым өкілдері үшін Мәскеуге келіп тұрып, орыстың белгілі жазушы-драматургі Михаил Булгаковтың музей-үйі мен оған жапсарлас орналасқан Булгаков атындағы театрға соқпай кетуге болмас еді. Осындай мүмкіндік Ресей астанасында өтіп «Алтын маска» театр фестивалінің ақырғы бөлігіне арнайы ат басын бұрып келген бізде де болды. Бұл туралы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова Мәскеуден хабарлайды: - Міне, Кремльді қаланың орталығындағы Садовая көшесі, оның 302-үйінің 50-ші пәтері. Қазір жұрттың аузында да, ресми түрде де «Жаман пәтер» деген ат алып кеткен бұл жер біздің бәрімізге ең алдымен жазушы-драматургтің «Шебер және Маргарита» романында келтірілетін «жындар» думан құратын мекен ретінде танымал. Қаламгердің суреттеуінше, роман персонаждары осында еріксіз қоныс тебеді. «Еріксіз» дейтініміз онда тұратын адамды қуып жіберіп, өздері басып алады. Булгаков «жаман пәтерінің» «прототиптері» мұнда бір емес, екеу болған. Шығармада олар 50 және 34-ші пәтерлер етіп көрсетіледі. Ал Булгаковтың өзі 1921-1924 жылдары бірінші әйелімен Үлкен Садовая көшесіндегі №10 үйде тұрған. Жазушы туындысындағы пәтердің интерьерін Причистенка көшесіндегі респектабельді №13 үйден алған. Оның жоғарғы қабатындағы екі пәтерді атақты зергер Фаберженің туысы жайлаған. Бегемот секіріп мініп, шайқатылып тұратын люстра сол пәтерлердің бірінде болған. Үйдің сыртына «302-бис» деп жазылып қойылған. Бірақ Мәскеудің Садовая көшесіндегі бірде-бір үйде мұндай ірі жазулары бар нөмір ілініп тұрмаған. Жазушы мұны жазылып отырған оқиғаның шындыққа жанасымды екенін басып көрсету үшін әдейі осылай суреттеген. Қазір «жаман пәтер» деген ат алып отырған бұл үйді 1903 жылы архитектор Милков «Дукат» темекі фабрикасының қожайыны, көпес Илья Пигит үшін салып берген екен. Тыныш көше бойындағы ғимараттың қабырғасында мұнда танымал романның оқиғалары өрбігені және жазушының өзі бірнеше жыл тұрғаны туралы ақпар беретін мемориалды тақта ілулі тұр.

Осы жерде бір айта кететін жағдай, Михаил Булгаковтың осы ең атақты романының жазылып біткеніне биылғы 13 ақпанда тура 76 жыл уақыт болды. Жазушы оның соңғы нүктесін 1940 жылы осы күні қойған екен.  Ал өзі сол жылғы 10 наурыз күні өмірден өтіп кеткен. Небәрі 49 жыл өмір сүрген таланттың соңында осындай кесек дүние қалды. Қаламгер бұл шығармасын артық-кемі жоқ 12 жыл жазыпты. Ол өзінің бір қолжазбасында романның басталған шағын 1928 жыл деп көрсетсе, тағы бірінде 1929 жыл деп белгілеген. Негізі, осы туындыны жазу жайындағы идея оған 1928 жылы келіп, жазуды 1929 жылы бастаған сияқты. Бір қызығы, жазушы қайтыс болғаннан кейін оның архивінде аталмыш романның сегіз түрлі қолжазбасы қалғаны анықталады. Солардың әрқайсысының атаулары да әртүрлі болып келеді. Солардың арасында «Қара сиқыршы», «Инженердің тұяғы», «Тұяқпен алдау», «В-ның ұлы», «Гастроль» деген атаулар бар. Бірақ жазушы кейін шығарманың соңғы вариантын жасап жатқанында ақырғы байламға келіп, оған біздің бәріміз жақсы біліп, сүйіп оқитын «Шебер және Маргарита» атын береді. Алайда, жазушының осы соңғы нұсқаға жеткеніне дейін де осы туындыға байланысты біраз теперіш көруіне тура келеді. 1930 жылғы 18 наурызда Мольердің шығармасы негізінде жазылған «Кабала святош» деген пьесасына тыйым салынғаннан кейін жазушы романның 15-ші тарауына дейін жазылып қойылған бірінші түпнұсқасын жойып жібереді. Ол 1931 жылы романды жаңадан бастайды. Туынды 1936 жылға дейін «Фантастикалық роман» деген ат алып тұрады. Содан кейін «Ұлы канцлер», «Сайтан», «Міне, мен келдім», «Қауырсынды шләпі», «Қара тақуа», «Ол келді», «Шетелдіктің тағасы», «Ол пайда болды», «Келу», «Қара сиқыршы» және «Консультанттың тұяғы» деген аттар да таңылып шығады. Романның осы екінші редакциясында Маргарита мен Шебер көрініс беріп, Воланд өз нөкерлерімен сау ете түседі. Ал 1936 жылдың екінші жартысында немесе 1937 жылы басталған үшінші редакциясы «Түнек кінәзі» деген атаумен қолға алынады. Осының соңғы жылында автор бір күні жазып жатқан кітабының титулын бірінші рет «Шебер және Маргарита» деп өзгертеді. Осылайша 1928-1937 жылдардың аралығында жүрген таңдауларға соңғы нүкте қойылады. 1938 жылдың мамыр-маусымында романның толық мәтіні алғаш рет баспахана гранкасында бастырылып шығады. Жазушы оны өзі өмірден өткенге дейін дерлік уақыт түзетумен болады. 1939 жылы романның соңына маңызды өзгертулер енгізіліп, эпилогы жазылып бітеді. Бұдан кейін қатты ауырып, төсек тартып жатқан Булгаков әйелі Елена Сергеевнаға мәтіннің түзетулерін ауызша айтып отырады. Жазушы бұл жұмысты тек 1940 жылғы 13 ақпанда ғана тоқтатады. Әлбетте, осыдан соң бір айға жетер-жетпес уақытта өмірден өтіп кеткен жазушы кітабының баспа жүзінен шыққанын көре алмады. Роман тіпті бұдан кейін де көп жылдарға дейін қалың оқырманға белгісіз болып жатты. Ол бірінші рет 1966 жылы тек «Москва» журналында ғана жарияланды. Осынау ұлы туындының өз оқырманына дейін жетуі романның ең соңғы редакциялық нұсқасын көздің қарашығындай сақтап келген жазушының жары Елена Сергеевнаның арқасында ғана мүмкін болды.

Енді «Жаман пәтерге» қайта келейік. Мәскеу көпесі үшін сол кездегі модерн стилімен арнайы салынған үйдің басқа тұрғындары да осал адамдар болмаған. Мәскеуде меценат ретінде танылған Илья Давыдович Пигит өзі салған үйге белгілі суретшілердің, артистердің және дәрігерлердің келіп қоныстануларына жағдай жасаған. Тап осы үйде 1910 жылы белгілі суретші П. П. Кончаловский тұрған. Оған тағы бір танымал суретші досы, атақты В. И. Суриков жиі келіп тұрған. Кончаловский осы ғимараттағы №29 пәтерді мекен еткен. Ал оның шеберханасы осындағы №40 пәтерге орналасқан. Орыстың әйгілі ақыны Сергей Есенин мен Америка бишісі Айседора Дункан тап сол жерде танысқан. Мұнда тағы Василий Качалов, Всеволод Мейерхольд, Александр Таиров, Андрей Белый, Алиса Коонен, Федор Сологуб, Анатолий Луначарский секілді сол заманның маңдайалды тұлғалары келіп тұрушы еді. Олардың бастары қосылған кездері алуан түрлі әңгімелер мен өсек-аяңдарға да кезек беріліп кететін. Драматург Булгаков «Зойканың пәтері» деген пьесасында тап сол жерде айтылған ойларды пайдаланады. Революциядан кейін Пигиттің табыс үйі жұмысшы-коммуналардың бірінші мекендерінің біріне айналады. Осындағы процестерді Булгаков «№13 үй, Эльпит-Рабкоммуна» деген әңгімесі мен «Иттің жүрегі» атты романының желілеріне кіргізеді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Михаил Булгаковтың творчествосы қалың көпшілікке кеңінен танымал болған жоқ. Оның «Турбиндердің күндері», «Зойканың пәтері» деп аталатын пьесаларының өзін санаулы театралдар ғана білетін еді. Жазушы жоғарыда айтылған романы «Москва» журналында жарық көргеннен кейін ғана кеңінен таныла бастады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін энтузиаст-зерттеушілер «Шебер мен Маргарита» романының негізгі оқиғалары өткен Үлкен Садовая көшесіндегі №50 пәтерді тауып алды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары, бұл үй әлі М. Булгаковтың музйі болмай тұрған кезде, жазушы талантына табынушы жастар осы үйдің тепкішегін нағыз галереяға айналдырып жіберді. Осы жерде қаламгерге алғыс сезімін білдірген дәйектемелер пайда болды. Тіпті романнан үзінділер мен иллюстрациялар ілініп тұрды. Осы мемориалдық тақта туралы журналистер білгеннен кейін ол туралы әртүрлі хабарлар жазыла бастады. Айталық, «Известия» газетінде сол бойда шағын заметка жарық көрді. Сол жарияланымға жергілікті билік бірден назар аударып, мұнда ілініп қойылған барлық суреттер мен жазуларды жойып, тепкішекті бояп тастады. Жазушы М. Булгаковқа құрмет көрсету тек 1990-жылдары ғана қолға алынды. Оны Булгаков қоры бастандырды. Ал 2007 жылы Мәскеу үкіметінің шешімімен №50 «Жаман пәтерде» М. Булгаковтың музей-үйі ашылды. Онда қазір Булгаковтың жиендері Е. А. Земская мен В. М. Светлаева сыйлаған, сондай-ақ Булгаков қорының президенті В. Ф. Дименко тарту еткен экспонаттар жинақталған. Музейде «Булгаков үйі» деп аталатын театр да жұмыс істейді. Ол музей-үйге жапсарлас орналасқан. Айтқандай, 3 сәуір күні осы «Булгаков үйі» әдеби салонының жетекшісі Андрей Коровиннің туған күні болып өтті. Оның құрған театры жөнінде де айтылар сөз көп. Дегенмен, оны келесі бір кезектерге қалдыра тұрайық.