• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

«Құстар қайтып барады»

1325 рет
көрсетілді

немесе композиторды қайтпас сапарға шығарып салған ән Биылғы жылдың басында «Хабар» Агенттігі» АҚ тапсырмасымен «Көркем фильм» киностудиясы қазақтың қайталанбас композиторы Нұрғиса Тілендиевтің таланты мен музыкалық туындыларына арналған «Құстар әні» 5 сериялы фильмін көрерменге тарту еткен-ді. Ұлтымыздың музыкалық мә­де­ниетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер 500-ден астам ән жазса да, неге сазгердің бүкіл шығармашылық ғұмырына арналған картина осы әннің атымен аталды? Бұл – кездейсоқтық емес. Композитор қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен. Неге? Бұл да – кездейсоқтық емес. Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып. Зымырайды менің бала кезімдей, Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей. Құстар, құстар сызылтып ән салады, Сол әнімен тербетеді даланы. Ал, адамдар күліп бастап өмірін, Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады. Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе, Тамаша әнмен келіп еді көктемде. Өскен жерге сыймай кетіп барады, Туған жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады. Ғаламат қылқалам шеберінің қолынан шыққан сурет сияқты көз алдыңда көлбеңдейтін осы бір әнде бүкіл тіршілік біткеннің тағдыры жатқан жоқ па? Адамның мұңы, қайғысы мен қуанышы аралас басы бүтін ноталардан мін тап­пассың. Толайым талант тудырған бұл ән қалай өмірге келген? Табиғат та түлейді. Көктемнің күтіп тұрған жазы бар болса, адамдар да өз өмірінің күзінен қашып құтыла алмас. Құстар да қақаған қыстың алда екенін қанаттарының мұңды суылымен меңзеп, алыс-алыс жылы жақтарға қарай ұзақ сапар шегеді. Жыл құстарының қыстаудан кейін өз ұяларын қалай табатындығының сыр-себебін әлі ешкім ашып айта алмайды. Ал өз ұясына қайтпай қалатындары қаншама? Адамның сол құстардан айырмашылығы бар ма? Тәңірдің де, табиғаттың да алдында тіршілік біткен дәрменсіз. «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүл­кілдеп, өлең айтып жатады», деп Қанабек Байсейітов айтатынын­дай, ұлы композитор осынау құ­былысты «Құстар қайтып барады» әніне сыйғызды. Сонымен, 1965 жылы ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­с­ту­диясында музыкалық бағ­дарламалардың бас редакторы қыз­метін атқарған екен. Ол кезде еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар. Бірде жұмыстан шығып, кө­ңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көр­ген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас», деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім» – деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып бе­реді. Саябақтағы оқиға сазгер жү­ре­гінде қалып, көңіліне тигені сон­шалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі. Кейін Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай «Құстар қайтып барады» әні халық назарына ұсы­нылады. Бұл әннің алғашқы орындау­шысы – Қазақстанның халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы әннің арқасында олардың есімдері елге кеңінен таралды. Бар халық осынау ғажайып әннің әлдиіне бөленді. «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие болды. Саз­гердің жүрегінен шыққан әуенді сы­рын бұзбастан тек шебер орын­даушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіп­жа­нов сияқты саз өне­рінің майтал­мандары шыр­қады. Нұрғиса Тілендиев көзі тірі­сінде өз кон­­­церттерінің бар­лығын осы ән­­мен аяқтайды екен. Өзі шы­ғар­­ған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған. Жоғарыда атап өткендей, композитор қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қай­тып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен. Әйгілі композитордың музыкалық мұраларының жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет те бар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.