• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Жемқорлар пирамидасы

465 рет
көрсетілді

Адамзат тарих сахнасына шыққан ғасырлар үрдісінде ақыл-ойдың теңдесі жоқ талай-талай тамаша үлгілерін жасады. Алайда, өркениет өріне шыққан адамзаттың «тамырына балта шаба алмай» отырған бір кеселі – «сыбайлас жемқорлық» атты індет. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік жемқорлар рейтингінде зерттеу жүргізілген 168 мемлекеттің ішінде Қазақстан 123-ші орынды иеленіпті. Transparency International халықаралық ұйымы өткізген бұл әлемдік мемлекеттер рейтингінде 91 балл жинаған Дания көш бастаса, 8 балл жинаған Сомали жемқорлар тізімінің нүктесін қойыпты. Сонау 2008 жылдың қараша айында Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде үлкен форум өтіп, ұлттық-экономикалық дамуымызға, халықтық болмысымызға қауіп төн­дірген қатерлі індетті жоюдың нақты жолдары айқындалған еді. Сол форумнан кейін іле белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталымен сұхбат өткізіп, енді бұл қатерлі індетке елімізде тос­қауыл қойылатынына кәміл сенген едік. («Егемен Қазақстан», 2008 жыл, 30 желтоқсан). Ақиқатын айтсақ, бұл балалық екен. Содан бергі өткен сегіз жыл ішінде сыбайлас жемқорлық қасіретінің беті қайтпақ түгілі, қазақи кеңістігімізді жегі құрттай жайлап кетті. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда бұл қатерлі індетке шалдықпаған билік тармағы қалмады. «Түйені жүгімен, биені түгімен жұта­тын» әкім-қараларды былай қой­ғанда, бұрынғы Үкімет басшысының өзі 10 жылға түрмеге қамалды. Жоғарыда айтқан сұхбатында Амангелді Айталы ағамыз «Жемқор­лардың да өз пирамидасы бар» деген қағиданы алға тартқан еді. Олигарх кәсіпкер мен салық агентінің арасындағы қарым-қатынас арқылы бұл тұжырымын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп те берген. «Жемқорларды жеңеміз» деген форумның буынан бас айналып жүрген сол кезеңде бұл тұжырымның астарына мән беріп, терең түсіне алмаппыз. «Бақсам бақа екен» демекші, жем­қорлар пирамидасы дегеніміз кейбір ірі шенеуніктердің қызмет ауыстырғанда бірге көшіп жүретін командасы екен. Сөзіміз салмақты болу үшін соңғы жылдары елімізде үлкен қоғамдық пікір туғызған ірі жемқорлық қылмыстық оқиғалардан бір-екі мысалды саралап көрейік. Сот шешімі бойынша, мемлекетке 71 миллиард теңге (2012 жылғы бағамен 500 миллион АҚШ доллары көлемінде) шығын шектірген Атырау облыс әкімдігіндегі қылмыстық топ 35 адамнан құралған. Бүгінгі күнге дейін бұрынғы облыс әкімі Бергей Рысқалиев құрған бұл қылмыстық топтың 22 мүшесі сот шешімімен түрмеге тоғытылды. Басында сыбайлас жемқорлықтың 10 оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот барысында Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-тармағы бо­йынша, лауазымдық қызметін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл шартты мерзімге кесіліп, сот залынан еркіндікке шығарылған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынның ісі бойынша облыс әкімінің орынбасары Арслан Абдықалықов бастаған бірнеше адам жазаға тартылды. Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің сыбайлас жемқорлық оқиғасы бойынша Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бастаған 20 лауа­зымды шенеунік сотталды. Мұндай ұйымдасқан қылмыстық топтардың ірі жемқорлық сыбайластығын соңғы уақыттағы экономикалық қылмыстық сот оқиғаларының барлығынан келтіруге болады. Бұл қылмыстық істерді тексеру барысында басшылармен бірге жауапқа тартылғандардың басым көпшілігі белгілі облысқа немесе мекемеге сол басшымен бірге келген «кадрлар» болып шықты. Ендеше, елімізде ерекше белең алып кеткен әкімдер мен министрлер қызмет ауыстырғанда өздерімен бірге шұбыртып алып жүретін командалық «тәжірибені» немесе бір азаматы атқа мінсе, он туысы соңынан еретін атқос­шы ағайыншылдықты тоқтату керек. Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, басқа елдердің тәжірибесінде оң әсері бар шенеуніктердің командалық тәсілі біздің елімізде көп ретте ашық түрде ұйымдастырылған қылмыстық топтарға, яғни сыбайлас жемқорлықтың пирамидасына айналып жатыр. Тәуелсіз мемлекетіміз төрт аяғын тең баса бастаған тоқсаныншы жылдардың соңынан бері сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеміз. Бұл орайда заң қабыл­даудан да, форум өткізуден де кенде емеспіз. Ендеше, бұл індеттің беті неге қайтпайды? Оның басты себебі, непотизм мен фаворитизмге негізделген қазақи менталитет және жемқорлық қылмысты жазалаудағы әлсіздікте болып отыр. Батыс сарапшыларының пайымдауынша, Қазақстандағы жемқорлық формуласы непотизмге (латынша nepes, nepotis – немере, жиен яғни ағайындық, туыстық-жиеншарлық) және фаворитизмге (сүйікті болу, біреудің ығында жүру және біреуге арқа сүйеу деген ұғымдарды білдіреді) негізделген. Кезінде Карл Маркс қоғам екі жағдайда – бірінші, қылмыс көп, жазалау аз, екінші, жазалау көп, қылмыс жоқ жағдайда ғана азады деген екен. Біздің қоғамымыздағы мектеп қабырғасынан басталып, жоғары мемлекеттік билікке дейін қаулап кеткен жемқорлық қылмыстарды жазалау үрдісіндегі жалпақшешейлік бұл індеттің асқынуына жол ашып отыр. Өткен жылы «Атырау Жарық» АҚ тарататын электр қуатының тарифін өсіру үшін 300 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасы Мұрат Оспановқа сот үкімімен кесілген жаза осындай ойға жетелейді. Сот мемлекеттік айыптаушының М.Оспановты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған жазаның орнына оған 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге айыппұл салып, қылмыскерді сот залынан еркіндікке шығарды. Қазақстандық сот процесуалдық тәжірибесінде алғаш рет кездескен бұл оқиға еріксіз күмәнді ойларға жетеледі. Біріншіден, сот айыпталушының осындай үлкен айыппұл төлей алатын қаржысының бар екендігін қайдан білді? Екіншіден, жалғыз айыпталушы төлей алмайтын мұншалықты көп айыппұл салу арқылы сот оның жақындары мен сыбайластарын қаржы табу жолында жаңа қылмысқа итермелеп отырған жоқ па? Адал жолмен аз уақытта мұндай қаржы табу мүмкін емес. Қалай болғанда да, сот «үкімі» орындалды. Өткен жылдың басында М.Оспанов 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге айыппұл төлеп, «сүттен ақ, судан таза» болып, ақталып шықты. Тура жолдан тайып, ағаттықпен қылмыс жасаған айыпталушыларға жеңілдікпен қарап, кешірім жасауға болатын шығар. Бірақ қоғам игілігіне қол салып, туған мемлекетін тонаған жемқорларға жеңілдік болмауға тиіс. Олар мемлекетті саналы түрде тонау арқылы оның экономикалық іргетасын шайқалтып, тәуелсіз елдің ертеңіне балта шауып отыр. Соңғы төрт-бес жылда миллиондаған қаржыны қымқырып, сыбайлас жемқорлық фактілерімен сотталған ірі лауазым иелерінің көпшілігі жеңіл-желпі жазамен құтылып жатыр. Мәселен, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Е.Арын сот залынан босатылса, 6 жыл қатаң режімге кесілген Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары бір жылдан кейін босап шықты. Ал мемлекетке 1,1 миллиард теңге шығын шектірді деген айып тағылған Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметов әлі күнге дейін еркіндікте жүр. Қалталы қылмыскерлерге сот тарапынан жасалатын мұндай кеңшіліктің сыры неде? «Таяқтың екі басы бар». Күні кеше Қазақстанның миллиардтаған доллар қаржысын «офшор» асырып, еліміздің қаржы жүйесіне жазылмас жара салған Мұхтар Әблязовқа кешірім жасалып, түрмеден шығарылып еді ғой. Арты не болды?.. Жоғарыда айтылған Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметовқа тағылған айып – Шығыс Қазақстан облысында салынған кәсіптік-техникалық оқу орталығының ғимараты қаржы жетпейтіндіктен пай­далануға берілмей қалған. Бөлінген 5 миллиард теңге талан-таражға салынды делінген болатын. Қазір сол «су жаңа» ғимараттар пайдалануға бе­ріл­мегендіктен қирап жатыр. Ал Екібастұз қаласындағы өңіраралық кадр­лар даярлау жөніндегі оқу орталығының 15 бірдей ғимаратының құрылысы 6 жыл бұрын салынып біткен. Бірақ мемлекеттік комиссия қабылдамай, оқу кешені иесіз қалған. Өйткені, 15 ғи­марат түгелдей батпақтың үстіне салынған екен. Қазір қараусыз қалған ғимараттар қаңырап жатыр. Құрылысқа жұмсалған 4,5 миллиард теңге мемлекет қаржысының сұрауы қайда? Қай министр жауап береді? Кейде жемқорлыққа желеу беретін ахуалды Үкіметтің өзі жасап отырады. Билік тізгінін ұстаған лоббистер мемлекеттік ауқымда жемқорлыққа жол ашатын қолайлы саңылаулар жасауға әбден төселіп алған. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде қоғамымызға пайдасы шамалы, керісінше, орындалуына көп қаржы жұмсалатын ірі жобалар жиі жасалады. Оның астарында да ірі жемқорлық жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын аса үлкен көлемде пара алды деген айып тағылып, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының президенті Ғабдуллатиф Мырзақұлов тұтқындалды. Ол «Астана» ұлттық ғарыш орталығының Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің (ҒАҚСК) құрылысын салуға байланысты өткізілген конкурста «Құлагер» ҚК» ЖШС-нің мүддесіне бүйрегі бұрып, осы ЖШС басшысынан 272 мың доллар және 75 миллион 300 мың теңге пара алған көрінеді. Қазақстан мен Францияның EADS Astrium компаниясы бірлесе отырып жүзеге асыруға тиіс ғарыштық ірі жоба – ҒАҚСК-ның жалпы құны 34,9 млрд. теңгені құрайды. Оның 27,1 млрд. теңгесі Қазақстанның үлесіне тисе, қалған 7,8 млрд. теңгесі француздар тарапынан салынатын инвестиция болмақ. Бұл кешеннің құрылысы 2008 жылы басталып, 2013 жылы аяқталуға тиіс болатын. Түрлі кемшіліктерге байланысты 2013 жылы бұл құрылыстың іргетасы ғана қаланды. Осыған орай құрылысты аяқтау мерзімі 2017 жылға дейін ұзартылды. «Сақалды құрылыс» созылып, бөлінген қаржы «құмға сіңген судай» ағуда. Содан бері еліміздің беделі үшін ауадай қажет ірі жобаның жүзеге асуына тікелей жауапты Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы да ауысып үлгерді. Қыруар қаржының сұрауы қайда? Әл­де «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтыладының» кері ме?.. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары төңірегінде қордаланған былықты тексеруге күні бүгінге дейін ешқандай құзырлы органның тісі батар емес. «Жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай» көптігінен көз сүрі­нетін бағдарламалардан қарапайым адамдар түгілі, білікті мамандар да жаңылатын болды. Мәселен, «2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы, 2012 жылы басталған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы, «Жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы, «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы Жол» бағдарла­ма­сы шеңберіндегі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы» және басқалар болып жалғаса береді. Аты басқа болғанымен бұл бағ­дарламалар­дың заты бір. Барлығы да мемлекеттік бюджет қаржысымен салынып, аз қамтамасыз етілген әлеу­меттік топтар мен жас отбасыларына ипотекалық несиеге немесе жалға берілетін қол жетімді тұрғын үй құрылысы болып табылады. Мәселен, «2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы бойынша пәтер алу кезегіне кіргізіліп, әлі күнге дейін пәтер ала алмай жүрген жас отбасылар жетерлік. Ендеше, бір бағдарламаны толық аяқтамай жатып, екінші бағдар­ламаны бастап кететіндей не күн туды? Бұл арада тұрған керемет құпия да жоқ. Құрылысқа мол қаржы алу үшін жаңа бағдарламаларды туындата беру керек. Міне, тағы да 2015 жылдан бастап «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы күшіне енді. Осыған байланысты «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының күші жойылды. 2020 жылға дейін қолжетімді пәтер алып қалармын деген мыңдаған жанның үміті үзілді. Ал жаңа бағдарлама ойлап тапқан шенеуніктерге, «жымқыру» үшін мол ақша түсті. «Айтпаса сөздің атасы өледі» де­мекші, егемен еліміздің имиджі үшін атқарылған ірі халықаралық жобалар да жемқорлық қылмыстан сырт қала алмай отыр. Мәселен, мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған қаржысын жұмсап, жоғары деңгейде өткізген 2011 жылғы Азиада ойындарының арты абыройсыз аяқталды. «2011 жылғы VII Азиялық ойындарды өткізуді ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ басқармасының бұрынғы бастығы Айдар Мусин 800 миллион теңге қаржыны талан-таражға салды деген айыппен сотталды. Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделінің жемісі, Мем­лекет басшысы «Ұлттық жоба» деп атап көрсеткен ЭКСПО-2017 көр­­месіне дайындық барысында да келеңсіз жағдайға тап болдық. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бұрынғы басшылары жауапқа тартылды. Әлі тергеу шаралары аяқталған жоқ. Алай­да, бұл шектен шыққан сыбайлас жем­қорлықтың қазақстандықтар үлкен үміт артқан халықаралық ірі жобаға көлеңке түсіргені анық. Тағы бір ойланатын жәй, соңғы жылдары үлкенді-кішілі мемлекеттік органдардың басшылары құрылыс салуға құмар болып кетті. Қаржы тап­шылығы­нан қордаланған әлеуметтік мәселелерді сырып қойып, құрылыс салуға бюджеттен миллиардтаған теңге бөлгізеді. Бір қарағанда игілікті іс болып көрінетін бұл астарлы мәселенің ұңғыл-шұңғылына үңілуді алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. Біздің елімізде аса бір ушығып бара жатқан жемқорлықтың жасырын жүйесі – непотизм, яғни қызмет бабында туыстық, рушылдық, жершілдік байланыстармен өсу. Әрине, әкімнің немесе министрдің баласы жоғары қызмет атқармасын деген талап жоқ. Бірақ «бесіктен белі шықпай жатып», жиырмадан жаңа асқан жігітті әкім етіп тағайындау ұят қой.  Ақтөбе облысында үй-ішімен бір салада бір-біріне бағынышты басшы болғандар да кездесті. Мұндай мысалдар аз емес. Әкімдіктерде, министр­ліктерде, ұлттық компанияларда кім­дердің балалары отырғанынан-ақ бетке ұрып тұр. Елімізде непотизмнің ашық түрде жаппай қолданысқа енгізілген бұл жүйесінің астарында үлкен қатер жатыр. Сыбайлас жемқорлықты қаулатып отырған непотизм мен фаворитизмді біз заңнан тыс құбылыс ретінде қабылдай бастадық. «Қанына тартпағанның қары сынсын» қағидасын кландық, ағайындық және командалық топтың ұранына айналдырып, жемқорлардың қазақи пирамидаларына ашық жол бердік. Бұл өте қауіпті. Кландық, командалық негізде ұйымдасқан бұл «жемқорлар пирамидасына» негізінен бір рудың, бір өңірдің сенімді адамдары топтасады. Олар енді бедел, байлық, билік бөлісінде екінші таптың мүддесіне қарсы шығады. Сөйтіп, «жемқорлар пирамидасы» азғантай қазақты ала тайдай бүлдіріп, трайбализм трагедиясына ұрындырады. Сондықтан командалық топтасуға, кландық үстемдікке шұғыл тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» пар­тиясының ХV съезінде «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын. Осыған байланыс­ты қабылданған Бағдарламаның басты міндеті – Қазақстанда маңызды үш элементтен тұратын жүйені құру еді. Ол – біріншіден, азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет, екіншіден, экономикалық дамудың қозғаушы күші, азаматтық қоғамның тірегі ре­тін­­дегі мықты бизнес, үшіншіден, жауапкершілікті азаматтық қоғам. Міне, басшымыздан бастап қосшымызға дейін ендігі жұмыла атқаратын міндеттер осы. Әйтпесе, қазақстандық қоғамды жұқпалы індеттей жайлаған жемқорлық жарға жығады. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, бүгінде адамзат алдында тұрған жаһандық ең ірі үш қатер бар екен. Соның бірі – байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, яғни теңсіздік ең қауіпті шегіне жеткен көрінеді. Бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан алдыңғы топтағы елдер қатарында. Өткен жолы «Көрпеге қарап көсілу» атты мақаламызда («Егемен Қазақстан» 20.01.2016ж.) қазақстандық банк басшыларының жалақысы ай сайын 11-15 млн. теңгеден айналатынын айтқан едік. Әрине, жекеменшік банк (қалай жекешеленгені басқа әңгіме) топ-менеджері болған соң басқа мамандардан 2-3 есе, тіпті, 5 есе артық жалақы алсын. Бірақ 100 есе емес қой! Әлеуметтік әділетсіздік белең алған ортада жемқорлықтың суда жүзген балықтай болатыны тағы анық. Ал әлеуметтік теңсіздік әрқашан текетіреске бастайды. Ендеше, жабайы капитализмнің жалына жармасып, жарбаңдай бермей, ұлттық құндылықтарымызды тірілтіп, әлеуметтік әділеттік пен адамгершілік тәрбиенің бастауларына бұрылатын уақыт жетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».