• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Шыған

499 рет
көрсетілді

Кәрім Мыңбаевтың қазақ баласына деген бас­ты еңбегі – еліне жер емшегін емдірсем деген қарекеті. Демі үзілген­ше соны жүзеге асырған­дығы. Бүгінде Сібір өзендерін қазақ даласына бұру жөніндегі идея­ны әркімге бір теліп жүрміз. Шынтуайтында, осынау өмірлік мәні бар жоспардың баста­уында Мыңбаев тұрған. Бетпақдала, Байырқұм, Қарақұм, Мойынқұм, Мырзашөл сынды тусырап жатқан жердің тамырына солайша қан жүгіртуге болатынын басқалар білсе қайда қалған!? Осыны қадап айтушы Шерхан Мұртаза! * * * Басқа басқа, мен қашанда Шерағаңның тілеушісі болып жүремін. Өйткені, бүгінгі таңдағы қазақ руханиятының айқайшысы болып қалғаны сол кісі. Шерағаң осыдан жиырма жыл бұрын атой салған. Кәрім Мыңбаевтың 90 жылдығын қазақ болып тойлаймыз ба деп. Кәрім Мыңбаевты тірілтейік деп. Кәрім Мыңбаевтың есімін мәңгі қалдырайық деп. Кәрім аға дүниеден озғанда Бауыржан Момышұлы ауыр қайғыдан жатып қалған екен. Алайда, қазақтың Кәрімдей ұлы көлденең түсіп жатқанда қалайша жата алсын. Барса, ел жылап-сықтағаннан аса алмай отырса керек. Сонда Баукең: – Кәрім жоқтаусыз өтер арыс па еді? Жоқтау айтыңдар! – деп айқай салыпты. Содан булығып отырған жеңгелері аңыратыпты дейді жоқтауды. – Кәрім қайта тірілгендей болды-ау, – деп жайдарланыпты сонда Баукең. Содан бері Кәрім ағаны тағы бір тірілте алмай келеміз... Айтары жоқ, 90 жылдығын тойладық. Туған жері Нұра ауданы болып. Туған елі Қарағанды облысы болып. Өкініштісі, ас ішіп, аяқ босатқаннан әріге бармадық. Ол аз болса Шет ауданындағы ғалым атын иеленген жалғыз совхоз тарап кетті. Бүгінде Қызылтау деп аталады. Кәрім Мыңбаев атында сол шаруашылықта орын тепкен Бетпақдала стансасы бар еді. Ол да қожырап біткен. Айтпақшы, К.Мыңбаевтың 90 жылдығында аудан орталығынан бір көше берілген. Бұрынғы атауы Транспортная болатын. Сол көшеде бес үй бар-тын. Қазір сол бес үйдің өзі қалды ма екен? Кәрім ағаның 100 жылдығы тұсында тағы да Шерағаң айқай салған: – Осы Кәрім Мыңбаевтың 100 жылдық тойы тойлана ма? – деп. Шерағаң күткендей, ол тойымыз туған топырағы Нұрадан бастау алып, Алматы мен Астанада жалғасын табады деп үміттенгенімізбен, Нұра мен нұралықтардың төңірегінен ұзамады. Қарағандыда сол нұралықтар жүрді. Алматыда да сол нұралықтар жүрді. Астанада да сол нұралықтар жүрді. Сол Шерағаң: – Қазіргі Нұра ауданының орталығы Киевка кентін Мыңбаев кенті деп өзгертейік, – деп «Егеменде» атойлаған. Шерағаңның бұл ұсынысын «Орталықтағы» әріптес інілері жалаулатып әкеткен. Киевканың түп-төркіні – Киев. Ал, Киевтің Украина астанасы екендігі белгілі. Сол Киевкаңыз Астанадан 90 шақырым жерде тұр. Шерағаң қалай десек те сұңғыла адам ғой. Тура бір үшінші көзі бар ма дейсің?! Бәрін бір оқпен атып алмақшы болды-ау. Біріншіден, бір бүйірде оқтай қадалған Киевка атауынан құтылатын едік. Екіншіден, дүниеге Кәрім кенті келер еді! Амал қанша, «өлі риза болмай, тірі байымайды» сол бір сәтті қо­лы­мыздан сусып кете барды. Киевкадан шығады. Мұнда Киевкадан басқа «Киевский» деп аталатын шаруашылық та бар. Әдепкі шаруа­шы­­лық­тардың бірі. Алып бара жатқан еш­теңесі жоқ. Киевка құрыған­да Қазақияның жағыра­пия­лық картасында ол да қалмайтын еді-ау деп ойлайсың бұл күнде. Хош, сонымен Нұра жерінде Кәрім тойы бас­талып кеткен... Осында Ивановка деген шаруашылық бар. Тарихи атауы Мыңбай ауылы. Ивановкамыз заманында миллионер шаруашылықтар қатарында болған. Бес мың гектар суармалы жері, жиырма бес мың гектар егістігі, қырық мың гектар жайылымдығы бар. Қазір де жығасы жығыла қоймаған шаруашылықтарымыз­дың бірі. Кәрім Мыңбаевтың есімімен қатысты бұрынғы Бетпақдала тәжірибе стансасы тараған. Содан қалған, басқасы да бар ғылыми-зерттеу институттары Алматыда қалды. Байлаулы аттай күн кешіп жатқан жайы бар. Соларға керек кеңістік нақ осы Ивановкада, байырғы Мыңбай ауылында жатыр. Тәжірибе стансасына осы жерден қолайлы жер жоқ деп білеміз. Жер жетеді. Естуімізше, іргесінде жатқан Амантау мен Балықтыкөлде бірен-саран үй қалған. Жылқы ма, қой ма, мал азығы ма – бәрі осы Нұраның құйқалы жерінде. Жайылымдық жерді солайша алыс­тан іздеп керегі жоқ. Құрып кеткен Бетпақдала стансасын осы жерге қайтып орнықтырсақ, тақиямызға тар келмес еді-ау деп ойлайсың. Жағырапиялық картада Ивановка атауы тұрғанымен, нұралықтар ол ауылды әлі күнге Мыңбай ауылы дейді. Алайда... Сол күндері нұралықтар Кәрім ағаның емес, аталмыш ауылдың жүз жылдығын тойлаймыз деп шабылсын. Абырой болғанда қолына қалам ұстаған біраз пақырлар араласып, жарым жолдан тоқтады. Дегенмен, айтып отырған ауылдың атауын Кәрім Мыңбаев атындағы ауыл деп өзгертті. Заңды түрде... Қазақ баласының түсінбеген жері осы еді. Алғашқыда Мыңбай ауылын ресім­деген шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, шынымен-ақ Мыңбай ауылын Кәрім Мыңбаев атындағы ауыл деп өзгертіпті. Не деген надан едік?!. Кәрімдей ұл туғызған Мыңбайды кім осал көріп жүр? Енді, міне, Кәрім ағаның 110 жылдығы келе жатыр. Шерағаң да атой салар... Оған дейін... Мыңбай бабамыздың тарихи Мыңбай ауылы атауын қайтарып берейік. Мыңбай ауылын жағырапиялық кар­тадан өшірердей қазақ баласына жазық­тығын естімедік. Ертең Кәрім аға тіріліп келгендей болса не дейміз?!. * * * Бабамыз ұранбәйгесіне қатысатын тұлпарларын шыған деген. Кәрім Мың­баев сол топтағы адам! Өкініштісі, Қоты­раш-тағдырдың шоқпары орта жолда алып түсті... Кәрім Мыңбаев сол ұранбәйгесін бізге тастап кетті. Ал біздер әлі ұланбәйгеден шыға алмай жүрміз. Кәрім ағаның жүз жылдық мерейто­йында Киевкадағы орталық көшенің атауын аудардық. Әкесі Мыңбайды аттан түсіріп, өзін атқа мінгіздік. Енді, міне, асыл ағаның жүз он жылдық мерейтойы келіп қалды. Мыңбай әкемізді қайтып атына мін­гізерміз. Алайда, Кәрім ағаның да жаяу жүретін бала еместігін қазақ баласы білсе керек-ті. Төрехан МАЙБАС, жазушы. ҚАРАҒАНДЫ.