Елбасының ұлағатты ұстанымы
Күллі әлем жұртшылығы бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық оқиғалардың куәсі болуда. Еуропаға толассыз ағылған босқындар легі, Сириядағы жүздеген мың адам құрбандығына соқтырған сұрапыл соғыс, Түркияда, Бельгияда, Пәкістан мен басқа мемлекеттерде болып жатқан лаңкестік әрекеттер, Әзербайжан мен Армения арасында қайта өршіген қақтығыс – көзіқарақты, көңілі ояу жамағат мұның бәріне ерекше алаңдаушылықпен қарауда. Ел тізгінін қолына ұстағалы ынтымақ пен бірлікті аузынан тастамай, алдағы қауіп-қатерді көрегендікпен аңғарып жүретін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына соңғы сапары тек Қазақстан жұртының емес, бейбітшіліксүйгіш әлем халықтарының көкірегінде үлкен үміт оятты. Ең алдымен бізді қуантқан жағдай – 2010 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке Қазақстанның тұрақты түрде қатысушы болуы. Бұл – Елбасымыздың осыдан ширек ғасыр бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған батыл қадамына берілген үлкен баға. Кеңес Одағы дәуірінде жабық нүкте саналып келген осынау сынақ алаңының жантүршігерлік зардаптары жайында білуге мүмкіндік еліміз Тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі кезеңде ғана туды. Президентіміз жер-жаһанның 51 елінің мәртебелі тұлғаларының алдында сөйлеген сөзінде ядролық қауіпсіздік саласында әлі шешімі табылмаған мәселелерге назар аударды. Отандастарымыз бұқаралық ақпарат құралдарынан IV саммит жұмысы туралы жан-жақты хабардар болып, сүйікті Отанымыздың тұрақты бейбітшілік үшін күресте өз ұстанымының адалдығына көз жеткізді. Мен де өзге замандастарым тәрізді «Әлем. ХХІ ғасыр» деп аталатын аса маңызды тарихи құжатпен зейін қоя танысып шықтым. Үш басты қағидатты нақты мазмұндаған Елбасы әлемдік қоғамдастық іс-қимылын жүзеге асыруда бес бағытты ұсынады. Нұрсұлтан Әбішұлы ғалымдар есебі бойынша жер өркениеті 15 мыңнан астам соғысты, әр жыл сайын үш соғысты басынан өткергеніне тоқталып, қазіргі көріністерді бүкпесіз ашық баяндаған. Шынында, қазіргі уақытта соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Тарихи құжатта мәлімделгендей, ғылым мен техника шапшаң қарқынмен дамыған бүгінгідей заманда бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайтыны, бола да алмайтыны айқын сипатталды. Өткен жылы Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаған біздің еліміз өз тарихында қаншама қауіп-қатерді бастан кешірді. Жоңғар басқыншыларының қантөгіс жорықтарын айтпағанда, кешегі І және ІІ дүниежүзілік соғыстар біздің ұлтымызға, онымен бір отанда тату-тәтті тірлікпен күн кешкен өзге халықтарға да орны толмас шығындар әкелді. Мен 1942-1945 жылдар арасында Ұлы Отан соғысының шайқастарында болып, 1982 жылы дүниеден озған майдангердің баласымын. Саналы ғұмырын кеңес органдарында қызмет етуге арнаған жарықтық әкем майдан жайлы әңгімеге өте сараң болды. «Ол күндерді енді ешкімнің басына бермесін. Оқ пен оттың ортасында тілегіміз елге, туған жерге аман жету болды. Енді, міне, шаңырағым беркіп, сендерді көрдік. Ұрпақ аман болсын, бір күн де болса тыныш, алаңсыз отырып, қара су ішкенге не жетсін!» дейтін. Ал анам аса көп әңгімеге жоқ еді, оңаша отырғанда 1942 жылы қиырдағы Калинин облысының Мишуково деревнясында (Ресей Федерациясы) жер жастанған інісі Қайсаны, 1941 жылы желтоқсанда хабарсыз кеткен інісі Тәкені қамыға отырып еске алатын. Сонда екеуі де жасы 19-дан енді ғана асқан өрімдей боздақтар екен. «Шіркін-ай, қатарының алды, жанып тұрған от еді, шаңырақ көтермеді, артында ұрпақ қалмады», дейтін. Осылай қаншама шаңырақ ортасына түсті, қаншама адам аңырап, қан жылап қалды десеңізші?! Қиын кезеңдерде өз басындағы ауыртпалықтарды елемей, қолындағы барын өзге ұлттар мен ұлыстардың қамқорсыз қалған отбасыларына ұсынған мейірбан қазақ деген халықтың перзенті ретінде Елбасының батыл ұсыныстарын қолдаймын! Жер бетіндегі соғыс атаулыға тоқтам жасалса екен! Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары АҚТӨБЕМанифест – жаңа пішімде ойлаудың негізі
Қазақстан 1994 жылы Кеңес Одағынан қалған ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, әлемдегі іргелі мемлекеттерден өз қауіпсіздігі үшін кепілдік алды. Ғаламат арсеналдан өз еркімен құтылу дүниежүзі тарихында кездеспеген құбылыс. Елін-жерін, туған халқын жанындай сүйетін Нұрсұлтан Әбішұлының бұл батыл қадамы әлемдік қоғамдастықта елімізге үлкен бедел әкеліп, өзара сенім орнатты. Әлемдегі өзге де мемлекет басшылары, жекелеген танымал саясаткерлер мен білікті сарапшылар Президентіміздің Қазақ елін құру мен дамытудағы және қалыптасқан әлемдік қарым-қатынас пен тәртіпке жаңа мазмұн беру жолындағы ерен еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Президентінің өз елі үшін ғана емес, барша адамзаттың ертеңіне қатысты алаңдаушылығынан туған ядролық қарусыз өмір сүруге шақыруы жалпы, салиқалы ойлана білетін планета тұрғындары мен көптеген мемлекет басшылары тарапынан қажетті қолдау табуда. Жүйелі пікірлері мен жемісті жұмыстарынан Қазақстан Президентінің даралығы танылады. Бұл мойындалған дүние. Түйткілді әлемдік мәселелер талқыланатын басқосуларда Қазақстан Президенті алғашқылардың қатарында сөз сөйлеп, пікір білдіруге шақырылады. Нұрсұлтан Әбішұлы қай ортада болмасын әмбебеп идея тудыра алады. Әлемдегі аузы дуалы, аса білімдар деген қоғамтанушылар мен сарапшылардың өзі Елбасының тың тұжырымдарын асыға күтетіндерін, Қазақстан басшысының бүгінгі даму үдерістері мен болашақ туралы бағдарларын, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға қатысты байламдарын білгісі келіп тұратыны белгілі. Бұл жолы да солай болды. Сәуірдің алғашқы күні Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте де біздің Президентімізге алғашқылардың бірі болып ойын ортаға салуға мүмкіндік берілді. Өз сөзінде Елбасы әлемді шарпыған өртке тең терроризмге қатысты БҰҰ жұмысын жетілдіру, ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудағы әділеттілікті қалыптастыру, қарусыздану мәселелерін қарастыратын басқосуларды жиі өткізу, МАГАТЭ-нің қызметіне жаңа пәрмен берудің қажеттігі секілді қадау-қадау мәселелерді, әлемдік қауіпсіздікке бастайтын жолдар мен жүйелерді, осы бағыттағы үнқатысулардың пішімін өзгертуді ұсынды. Елбасының «Мен террорлық ұйымға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын» деген ұсынысы тың ойдан туған, ізгі мақсатты көздейтін ұсыныс. Саммиттен кейінгі брифингте әлем халықтарының алдында тұрған басты мәселе қарусыздану екеніне арнайы тоқтала келіп, «...келешекте Еуроодақ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы еркін саудаға жол ашса, бұл бүкіл Еуразия үшін орасан пайда әкелетінін» де атап өтті. Осылайша өзара қырғи-қабақ қарсыласудың емес, әрбір адамның тұрмысын жақсарту жолында саяси-мәдени және экономикалық қалыпты қатынастың жаңа желісін орнату арқылы өркениетті дамудың соны бағытын нұсқады. Саммитте дүниежүзі алаңдап отырған орасан зор қауіптің алдын алудағы біздің Президентіміздің тегеурінді ой-орамдары оның тұлғалық даралығы мен даналығын тағы да танытты. Осы орайда тұтас ұлттың бойындағы асыл қасиет атаулының бір адамның толағайдай тұлғасында жарасымды көрініс табуы оның Елбасы ретіндегі бәсін әлем алдында шырқау биікке көтергені де шындық. Себебі, ұлт та адам сияқты. Егер адам қоғамдық өмірдің жиынтығы болатын болса, «шыр етіп жерге түскен минутынан» соғыс атты сұмдықпен бетпе-бет келген сәбидің санасында оның салқын табы, саналы ғұмырында салдары қалары сөзсіз. «Мың өліп, мың тірілген» дана халқымыз соғыстың зардабын көп тартқаны белгілі. Сондықтан да Елбасымыздың саяси ұстанымында бейбітсүйгіштік байлам басты мәнге ие. Ол ядролық қарудан бас тарту арқылы барша қазақстандықтардың дос көңілін бүкіл дүниежүзіне ұдайы паш етіп келеді. Тағдыршешті алқалы басқосуларда жаппай қырып-жоятын қарусыз өмір сүруге бейімделу қажеттігі мен оның артықшылықтары жайында ұдайы ұтымды ұсыныстарын ашық білдіреді. Тарихи тұрғыдан алғанда аз уақыттың ішінде қазақстандық даму моделін орнатып, өз елі ішінде бірлікті қамтамасыз ете алған Елбасымыз әлем халқына жаңаша ойлауды, мүлде жаңа пішімде үнқатысуды, халықаралық күрмеулі мәселелерді тең құқықтық дәрежеде әділ де ашық қарастыруды ұсынды. Ол Президенттің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде айқын көрініс тапқан. Халықаралық мазмұнға ие осы құжатта Елбасымыз бейбіт өмір сүруге үндейтін байыпты бастама көтерді. «Ілулі тұрған мылтықтың күндердің күні бір атылатыны» сияқты, ядролық қарудан адамзатқа әйтеуір бір күнде зауал келетіні ескертілді. Және бұл қауіптің дәл қазіргі таңда қасіретке айналуы әбден мүмкін екеніне әлем халқының назары ерекше аударылды. Сонымен бірге, манифесте әскери-өнеркәсіптік кешендер әлеуетінің айрықша артып отырғаны, ал оны тежеу мақсатында әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік үшін Жаһандық коалициясын қарсы қою осынау тығырықтан шығар бірден-бір жол ретінде ұсынылды. Қазір әлемдегі танымал саясаттанушылар Таяу Шығыстағы террорлық ұйымдардың әуелі Орталық Азияға, содан кейін Қазақстанға өту қаупі барын жасырмайды. Бұл қауіп Қазақстан басшысының заңды алаңдаушылығын туғызып отыр. Манифест – осындай орасан зор апаттың алдын алуға шақырған игілікті бастама, бейбітсүйгіш елдің берік байламы. Құжатта адамзат өркениетінің алдағы уақыттағы ең басты міндеті де атап көрсетілген. Ол – соғыс атаулының тамырына балта шабу. Болашақта «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» қағидатын өмірге ендіру басты бағдар ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын жаппай қырып-жоятын қару шығаруға бақылау орнату үшін БҰҰ-да Тіркеу реестрін құру жөнінде тың бастама көтерілді. Бұған қоса, манифесте елдің қарқынды да сатылы дамуын белгілеп берген «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы секілді әлемдік қоғамдастықтың іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін қамтамасыз ететін 5 бағыт нақты айқындалған. Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі ұлттық лидерлердің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін және бір екшеген, ядролық қарусыз өмір сүруге шақырған саяси маңызы өте салмақты құжат болып табылады. Бұған қоса, манифест – Қазақстан басшысының әлемдік аренада жүргізіп келген бейбітсүйгіш саясатының жүйелі жалғасы. Ол сонысымен де өміршең. Елбасымыз өз манифесін жариялау арқылы әлемге жаңаша ойлаудың үлгісін белгілеп берді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, қазіргі таңда әлемдегі құндылықтар жүйесін жаңаша түзу бірінші кезектегі тарихи мәнді, саяси аса маңызды мәселе болып отыр. Нұрлыбек МЫҢЖАС, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі ҚызылордаТыныштық – ел дамуының кепілі
Әлемде аумалы-төкпелі ахуал қалыптасып отырғанына алаңдаушылық танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде мұның бірнеше себебі барына тоқталды. Біріншіден, ең басты себеп ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отырғанына назар аудартты. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы әлем елдерінде ядролық қаруды дамытуға ұмтылыс байқалатынын астарлап жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әлемдегі халықтың қолында 1 миллиардтан астам атыс қаруы барын еске сала отырып, сол қарудың шүріппесі күн сайын басылып, әлемде мыңдаған адамның ажал құшуына себеп болып жатқанын тілге тиек етті. Осылармен қатар, қазір әскери қауіп те бүкіләлемдік қасіретке айналатындай сипатқа ие екеніне көңіл бөлгізді. Халықаралық қатынаста жанжал тұтанатындай болса, әскери қақтығыстардың географиялық ауқымы кеңейіп, әлем тарихындағы соғыстар Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегінен асып түсуі ғажап еместігін ескергені де Елбасының көрегендігінен дей аламыз. Елбасы адамзаттың бейбіт өміріне қауіп-қатер төндіріп отырған осындай себептерді ашып айтып, халықаралық терроризмнің қаһарына да тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы бір бұл емес, ылғи да халықаралық басқосуларда жаһандық жаппай қырып-жоятын соғыс қаупін болдырмауға қарсы бастамаларын ортаға салады. Елбасы адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарламасын жасау керектігін айтып, алдағы он жылда барлық кикілжіңдер мен соғыстарды тоқтату жалпыға ортақ міндет екенін ескертті. Иә, Елбасымыз айтқандай, соғыссыз әлем адамзаттың барлық салада дамуының кепілі екені шындық. Ал, бейбітшілікке, бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, Қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста да, Елбасымыздың және елдің бетке ұстар азаматтарының қажырлы, табанды еңбегінің арқасында біз осы асыл қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны әлемге паш ете білдік. Мәселен, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Семей ядролық полигонын жабу еліміздің өмірінде ғана емес, әлемдегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Ядролық қару пайда болғалы ешбір ел ядролық полигонды өз еркімен жауып көрмеген болатын. Біздің еліміздің дүниежүзінде бірінші болып ядролық полигонды жабу жөніндегі осы қадамына БҰҰ мен дүниежүзілік қоғамдастық үлкен баға берді. Дәл сол тұстан бастап әлем Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін тани бастады. Сол бейбітшілікке ұмтылған болмысымызбен, тыныштықты сүйгіш қасиетімізбен әлемді ынтымақты да тату-тәтті өмір сүруге шақырғанымыз бізге, елін сүйген Елбасына әбден лайықты іс, парасатты бастама екені сөзсіз. Ғани САДЫРБАЕВ, Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры ТАРАЗҚолдауға лайық сөз
...1952 жылы Орда ауданы тарағанда ауданда 61 мың халық болған, олардың дені облысымыздың Фурманов, Тайпақ, Чапаев аудандарына, Шымкент облысына күштеп көшірілген. Әрі ауданымыздың 945 мың гектар жері әскери сынақ полигонына берілген. Батысымызда «Капустин Яр», оңтүстігінде «Азғыр» полигондары орналасқан. Еліміз бойынша полигоннан ең көп зардап шеккен біздің ауданымыз екені де көпке мәлім. Қазір өңірімізде 16 жасқа дейінгі 67 туа біткен мүгедек бала бар. Бұл аз қасірет емес... Сондай-ақ, «Жамантау» деп аталатын сынақ полигонынан 2 мың гектар жер қазіргі күні біздерге қайтарылып берілгені үлкен қуанышты жағдай. Себебі, «Жамантаудың» қиыршық тастары Орал-Сайқын тасжолына төселсе, облыс орталығына қатынас біркелкі жақсара түсетіні белгілі. Біздің бүгінгі айтпағымыз, барша бөкейордалықтар Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтонда ядролық қарудан әлемнің ада болуы жөніндегі сөйлеген сөзін зор қуанышпен «алақайлап» қостаймыз. Күллі әлемнің бейбітшілікте өмір сүруіне не жетсін?! «Анасын бала, баласын ана жоқтамасын мәңгілік» деп өлең шумақтарын өмірлік жырлап жүру ең үлкен бақыт емес пе?! Полигонның зардабын бір кісідей сезінген біздің жерлестеріміз мұндай игі бастаманы қай кезде де алғашқылар қатарында қолдайтыны да сондықтан. Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясы Бөкейордасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Батыс Қазақстан облысы