Интернет-телевизия біздің өркениетті өкшелеп-ақ келеді. Бүгінгі интернеттің ісіне, яғни не көріп, нені сатып алатынымызға енді онлайн-ТВ (сандық телевизия) тікелей әсер ететін болады. Мультэкрандық технологияның орнына алуан түрлі иілгіш смартфондар мен смартбуктер келеді, ал одан сәл кейін голографикалық көріністердің дәуірі салтанат құрмақ.
Сарапшылар дамыған елдер онлайн ТВ-ға біздің ғасырымыздың екінші онжылдығында түгел көшеді деген болжам айтады. Бұл дегеніңіз жаңа технология қазіргі жерсеріктік, эфирлік және кабельді телевизияға қарсы тегеурінді бәсекелес болады деген сөз.
Елімізде интернет-телевизияны тұңғыш құрып, бүгінгі күнде жемісті жұмыс істеп жатқан қарағандылық журналист Ботагөз Омарованы әңгімеге тартқандағы мақсатымыз да БАҚ саласындағы осы жаңалықтардың жай-жапсарына қаныға түсуден туындаған еді.
– Онлайн-телевизияның мақсат-мүддесі туралы, тыныс-тірлігі жайында тарқата айтып берсеңіз...
– Қоғамдық интернет-телевизияның шығармашылық тобының әрбір таңы міндетті түрде бес минуттық лездемеден басталады. Жұмысымызға сыни тұрғыдан қарауға дағдыланғанбыз. Эфирге көр-жерді тықпаламаймыз.
Жалпы, біздің күнделікті жұмыс үдерісіміз былайша түзіледі: қандай да бір сюжет дайын болған соң оны өзіміздің сайт пен ютубқа жүктейміз. Онан кейін танымал деген әлеуметтік желілердің бәріне саламыз.
Біздің жаңалықтарды әлеуметтік желілерді пайдаланушылар ғана емес, жетекші ақпараттық агенттіктер де пайдаланса екен дейміз. Шын мәнісінде, біз интернеттің қазақстандықтардың өміріне түпкілікті енгенін біле тұра дәл осындай батыл әрі тәуекелге толы қадамға бардық.
– Сіздерге қандай қаржы көздері қолдау көрсетіп отыр? Жалпы, интернет-телеарнаның редакция құрамы туралы айта кетсеңіз...
– Біз мемлекеттен де, қандай да бір олигархтардан да көк тиын алмаймыз. Қазір жарнама, фильмдер түсіре бастадық. Бірақ, әзірге оларды өзіміздің сайтымызға салған жоқпыз. Біз қоғамдық интернет-телевизияны ақпараттық қоқысқа толтырғымыз келмейді. Сондықтан, жаңалықтарымыз соншалықты көп емес, есесіне олардың сапасы біз ұялмай ұсынатын деңгейде деп ойлаймын. Бәсекенің заманында шама-шарқымызша тер төгіп жүрміз. Әрине, оңай емес. Бірақ біз өзіміздің ісімізден ләззат аламыз.
Біздің штат алты адамнан тұрады. Екі оператор, екі тілші, мультфильм суретшісі және мен.
– Бүгінгі күнде Қарағанды онлайн-телевизиясы облыс көлемінде танымалдыққа ие бола бастады. Көбінесе қоғамдағы өткір мәселелерді көрсетіп, ащы шындықты айтады. Осы тұрғыдан келгенде қандай да бір қысымшылықты сезесіздер ме?
– Қысым деген баршылық, оны жасыруға болмайды. Әлбетте, оны бізді жақтыра қоймайтын адамдар жасап отыр деген жорамалдан басқа ештеңе айта алмаймын. Жақында біз Қарағандыда бюджеттің 2 млрд. теңгесіне салынған Достық үйі туралы сыни материал жасадық. Шынын айтқанда, біздің қалада соңғы екі жылда бірде-бір балабақша салынбады, сонымен қатар облыстық аурухана 60 жылдық тарихында жөндеу дегенді атымен көрмеген еді. Осы жайттарды тілге тиек ете отырып инфографика жасап, журналистік зерттеу жүргіздік. Міне, содан бастап қорқытып-үркіткен телефон қоңыраулары түсе бастады, бәзбіреулер билік туралы жаман сөз айтпа деген сыңайдағы ескертулер жасады. Тіпті, әлдекімдер менің машинам мен үйімнің қайдан келгенін зерттеп, сұрастыра бастады. Мен ондайларға «Несиелер аман болсын!», деп күле жауап беремін.
Дегенмен, қазіргі таңда билік орындарымен әріптестік негізде қарым-қатынас түзе бастадық. Егер біздің тарапымыздан сын айтылса, оның шын болатынына кепілдік бере аламын.
Ерекше тоқтала кеткім келетіні, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды көретіндердің саны кеміп барады. Осы жайт менің қабырғама қатты батады. Мәселен, Қарағанды өңірінде қазақ тілді журналистиканың қолдау көрмей отырғаны қынжылтады. Біздің тілшілер қазақ тілін білмейтіндерді аяусыз сынап жүр. Бұл – дұрыс. Ана тіліміз аман тұрғанда, ұлт ретінде біз де асқақ бола бермекпіз.
– Онлайн-телевизияның болашағына ой жүгіртіп, болжам айта аласыз ба? БАҚ-тың бұл түрі біздегі телеарналарға қаншалықты бәсекелес бола алады?
– Біз дәстүрлі БАҚ-тарға бәсекелес емеспіз, біз интернетте жұмыс істейміз. Біздің жаңалықтарды көптеген адамдар өзара бөлісіп жүр, материалдарымызды басқа БАҚ-тар да пайдалана бастады. Мұның өзі біз үшін көрсеткіш. Сонан соң, біз соңғы кездері қазақстандықтардың жағымды жаңалықтарды сағына бастағанын байқадық. Мысалы, біздің жуырда жасаған дәрігерлер туралы хабарымыздың көрсетілімі күн сайын артып келеді. Біздің болашақтағы мақсатымыз – сенімді серіктестер тауып, Қазақстан бойынша тілшілік торап құру. Кәсіби құрал-жабдықтар алып, штатты көбейтуді армандаймыз.
Біздің жоба әлеуметтік бағдарға ие. Еліміздің басты байлығы пайдалы қазбалар мен ақша емес, адамдар екенін бар даусымызбен айтқымыз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ