14 Шілде, 2016

Ортақ консенсус – нәтижелі шешім

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
9049_673_419_95 Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Оған Әзербайжан Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Түрікменстан Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қатысты. Жиынды ашқан Ерлан Ыды­рысов «Каспий бестігі» халық­аралық келісімдерді әзірлеу мен жүйелеу қарқынын үдетуге айрықша ниеттестік танытылып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай пішімдегі кездесу Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған. Сондықтан, осындай сипаттағы жиындардың нәтижесінде ең алдымен, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты конвенцияға қол қойылу көзделмек. «Каспий бестігі» мем­лекет­терінің бесінші саммитіне дайын­­дық жүргізу өте маңызды. Алдағы уақытта бұл отырысты қазақ жерінде өткізу жоспарлануда», деді өз сөзінде сыртқы сая­сат ведомствосының бас­шысы. Жалпы, арнайы жұмыс тобы аясында Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесін реттеу жөніндегі келіссөздер басталғалы 20 жыл­дың бедері болғанын білеміз. Осы кезең аралығында барлық тарап айтар­лықтай жұмыстар атқарып, Каспий теңізінің құқықтық режи­міне қатысты жекелеген түйткілдердің шешілуіне мұрындық болғанға ұқсайды. Ерлан Ыдырысов өз сөзінде жиналғандарға осындай түйіндегі сөзін айтты. «Каспий бестігінің» құқықтық базасы ең бірінші кезекте, Каспий теңізінің қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі ынты­мақ­тастық туралы келісімге негіз­деліп отыр. Атал­ған келісім – негіз­демелік құжат әрі Каспийдегі қауіп­сіздікті қамта­масыз етуде және құқыққа қайшы әре­кеттер­мен күрес бойынша теңіз маңын­дағы мемлекеттердің өзара әре­кет­тестігі үшін құқықтық негіз қалып­тастырушы. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда тараптардың қарау­ында келешектегі ынтымақ­тастықты дамытуға негіз болатын бірқатар маңызды келісімшарт жобалары бар», – деді Е.Ыдырысов. Жалпы, 2002 жылы алғаш рет Ашхабадта өткізілген Каспий саммиті жоғары деңгейдегі бірнеше кездесудің өтуіне ұйытқы болса, Тегеран төрінде ұйымдастырылған екінші саммит Каспий маңы елдері арасындағы Декларацияға қол қойылуға сеп болған. Ол Декларацияда Каспийдің құқық­тық мәртебесіне қатысты бірқатар элементтерді, сондай-ақ, тараптар арасындағы халықаралық қа­­рым-қатынастардың жекеле­ген аспектілерін саяси дең­гейде бекі­туге ықпал етеді. Ал Баку­де өткен саммит бес тарапқа ор­тақ екі маңызды құжат­тың ресім­делгенімен көпшілік­ке аян. Олар: Каспий теңізінің қауіп­сіз­дігіне қатысты ынтымақтастық келі­сімі және «Каспий бестігі» елде­рі президенттерінің Бірлескен мәлім­демесі. Бұған қоса, Әзер­байжан астанасында лидерлер Каспий теңізінен бекірені аулауға мораторий тетігін енгізу, теңіздің биоресурсын қорғау жөнінде келісімге келіп үлгерді. Каспий маңы елдері прези­дент­терінің қатысуымен Астраханьда өткен төртінші саммит барысында қол жеткізілген құжаттың да теңіздің құқықтық мәртебесін нығайтуды көздейтіні жөнінде сала мамандары сол кездің өзінде сендіре айтқан болатын. Осыдан кейін мемлекеттердің сала мамандары түрлі бағытта, мәселен, гидрометеорология, су биоре-с­урстарын тиімді пайдалану, Каспий теңізінде болуы мүмкін төтенше жағдайларды алдын ала ескерту және кедергілердің алдын алу секілді мәселелер бойынша жұмыстарды атқаруды қолға ала бастады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Каспий теңізіне қатысты түйткілдерді шешуде ау­қымды құқықтық база бар және ол әлдеқашан қалыптасқан. Ал ендігі жұмыс үдерісі қалай өрбуі мүмкін? Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, «Кас­пий бестігі» бұл қарқынмен тоқтап қалмақ емес, түрлі саладағы халықаралық келісімдерді дайындау үдерісіндегі шаралар жүйелі түрде жүргізіле бермек. Бұл туралы Сыртқы істер ведомствосының басшысы: «Сөзсіз, біздің күш-жігеріміз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі Конвенция жобасы жөніндегі келіссөзді аяқтауға бағытталмақ. Бұл негізгі заңды құжат. Сондықтан, ол Каспий ма­ңы елдері қарым-қатынасының бола­шақ «архитектурасына» негіз болып қаланбақ, сонымен қатар, атал­ған аймақтағы тұрақтылықты дамы­туды қамтамасыз етпек. Яғни, бүгінгі жиын Каспий маңы мем­­лекеттері басшыларының атал­ған Конвенция жобасына қатысты жұ­мыстарды аяқтау жөнін­де берген тапсырмаларын нәти­желі түр­де орындаумен өзекті бо­лып тұр. Бұл құжатқа Қазақстанда өте­тін бе­сінші саммит бары­сында қол қою көзделуде. Осы орай­да, бар­­лық тарапты өзара тиімді ше­шім­­­дерге қол жеткізу үшін ортақ кон­­сенсусқа келуге шақырамыз», – деді. Сол күні түстен кейін аталған жиынның қорытындысына арнал­ған брифинг өтті. Онда Сырт­қы істер министрі Ерлан Ыдыры­сов Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы конвен­ция жоба­сына, Каспийдегі ынты­мақ­тас­тықтың жеке бағыттары бойынша жұмыстың барысына, Қазақстанда өтуі жоспарланған бесінші Каспий саммитінің дайындығына байланысты өз пікірін жеткізді. «Алдағы уақытта бекітілуі тиіс Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенция – Кас­пий теңізінің, бұл бағыттағы атқарылатын қызметтердің барлық салаларына қатысты заңнамалық негіздемені реттейтін кешенді құжат. Сондықтан, бұған қатысты келіссөздер ұзаққа созылуда. Десек те біз осы Конвенцияның жобасына байланысты жұмыстарды аяқтауға жақындап қалдық», – деді Ерлан Ыдырысов. Сондай-ақ, 2014 жылы Астра­хань қаласында (Ресей) өткен Каспий саммитінің қорытындысы бойынша конвенция жобасының мәтініне қол қоюға көшу туралы шешім қабылданғанын айта келіп «Алдағы уақытта өткелі отыр­ған Астана саммитінің негіз­гі қорытындысында атал­ған Конвенцияға Мемлекет басшылары қол қояды деп күті­луде. Осы аралықта біз Конвенция шең­берінде көптеген мән-маңызы жоғары мәселелерді талқылап, нәтижесінде ортақ келісімге қол жет­кіздік. Дегенмен, құжатта қамты­луы тиіс мәселелер өте күр­де­лі болғандықтан әрі онда Кас­пий маңындағы мемлекеттердің мүдделері қамтылатын көптеген аспектілер қозғалатындықтан бізге әлі де біраз уақыт қажет», – деді министр. Е.Ыдырысовтың сөзіне қара­ғанда, кездесуде Каспий конвен­циясының жобасына байланыс­ты арнайы жұмыс тобы сарапшы­ларының басқосуы алдағы қыр­күйекте Тегеранда, сондай-ақ, қазан айында Ашхабадта өтетіні тура­лы келісілген. Осы арада айта кетейік, 12 шілде күні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлері кеңесіне келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіс­сөздер жүргізді. Тараптар өңірлік өзара дамудың ағымдағы жай-күйін және келешегін, Қа­зақстан мен Ресейдің саяси, сау­да-экономикалық, мәдени-гума­нитарлық салалардағы ынтымақ­тастығын талқылады. «Сіздің сапарыңыз – біздің көш­­басшыларымыздың жүйелі бай­ланыстары негізін құрайтын, екі ел арасында орнаған дәстүрлі үздік қарым-қатынастың тағы да бір көрінісі деп санаймын. Санкт-Пе­тербургте жақында өткен кездесу Қазақстан мен Ресей­­дің эко­­но­микалық ынтымақ­тас­ты­ғының барынша нығая түсуіне жол ашты. Жалпы, біздің байланыс­тары­­мыз бен өзара іс-қимыл­дарымыз бар­лық деңгейде қарқын­ды дамып келеді», – деп атап өтті Е.Ыдырысов. Екі елдің өңірлік интегра­ция­лық аясындағы бірлестіктерде және халықаралық ұйымдарда, соның ішінде 2017-2018 жылдарғы Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Кауіп­сіздік Кеңесіне Қазақстанның мүше­лігіне ерекше көңіл бөлінді. Кездесуде С.Лавров: «Қазақ­станды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтаймыз және алдағы екі жылда бұл алаңда да ты­ғыз әрекеттестік орнатуға дайын­быз», – деді. Жалпы, кездесу дәстүрлі түрде сали­қалы және іскерлік мазмұнда өтіп, Қазақстан-Ресей қарым-қаты­настарының қалыптасқан стратегиялық және одақтастық сипатын тағы да растады. Жолдыбай БАЗАР, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»