Қарағанды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше жағдайда атап өтті. Әдеттегіндей, мерекені мейлінше қыздырған мекен қаладағы орталық саябақ болды. Онда этномәдени бірлестіктердің «Бірлік шаңырағы» атты ХХІІ облыстық фестивалі өтті. Аталмыш шарада бір шаңырақ астындағы бір атаның баласындай әр түрлі ұлттар мен ұлыстар көрермендер алдында өз өнерлерін көрсетіп, еліміздегі татулық пен тұрақтылықты дәріптеді. Өңіріміздің әр аудан қалаларынан қатысқан 28 этномәдени бірлестіктердің 500-ге тарта өнерпаздары мерекенің мәйегіне айналды.
Айтулы мерекеге арнайы ат шалдырған аймақ басшысы Ерлан Қошанов жиылған жұртты мерекемен құттықтады.
«Еліміз жүйелі жаңғыру, қоғамдық жаңару жолына түсті. Кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ассамблея сессиясы өтті. Мемлекет басшысы сол сессияда бірлік – байлығымыз, тұрақтылық – тұғырымыз, жаңғыру – жарқын жолымыз екенін атап өтті. Мықты, табысты, рухани бай мемлекетті тек бейбітшілік пен келісімде ғана құруға болады», деді әкім.
Жалпы бұл күні шаңырақтағы шаттық шартарапқа жайылып, шараны өткізушілер қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі ойын-сауық ұйымдастырады. Мұнда әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың ән-биінен бөлек, басқа да мəдени шаралар, көрмелер мен спорт жарыстары өткізілді.
Сондай-ақ, бұған дейін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында этномәдени бірлестіктердің басшыларымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездескен болатын. Достық үйінде елімізді рухани жаңғырту, бірлік пен ұлтаралық келісім туралы сөз қозғалды.
Шара барысында облыс әкімі аймақтың 24 этномәдени бірлестіктеріне 700 мың теңге мөлшерінде сыйақы табыстады.
Өз кезегінде іс-шараға ұйытқы болған Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев та ұлттық тіл мен дәстүрді дәріптеп, жоғарыдағы фестивальдің биік деңгейде өтуіне ат салысқан қатысушыларды дипломдармен және сертификаттармен марапаттады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»