Қазақстан • 02 Мамыр, 2017

Үнқатысу арқауы – маңызды мәселелер

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Открытый диалог» жобасы шеңберінде өткен аптадағы ең көп талқыланған мәселелерге түсініктеме берді. Ведомство басшысы Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның сапалық құрамына ерекше назар аударды.

Үнқатысу арқауы – маңызды мәселелер

«Комиссия құрамында шенеу­ніктердің көп болуына әкім­дердің қосылуы себеп. Өйткені, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырумен нақ осы әкімдер айналысуы тиіс. Әрине, бұл жерде Ұлттық комиссия үшін ұсыныстар енгізетін жұмыс топтары құрылды, ал жұмыс топтарының құ­рамы нақты тақырыпқа сәй­кес анықталатын болады. Жұмыс топтарының құ­ра­мына халықтың бұдан да көп бөлігі, яғни түрлі жіктер өкілдері енетініне сенімім зор. Әділбек Рыскелдіұлы (Президент Әкімшілігінің Басшысы – ред.) әр жұмыс тобының немен айналысатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді», деді Д.Абаев.

Бұған дейін қай жұмыс тобын кімнің басқаратыны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Д.Абаев хабар барысында, сонымен қатар, терроризм үшін азаматтықтан айыр­у мәселесіне әзірше нүкте қойылмағанын атап көрсетті. Ел Үкіметі терроризм үшін азаматтықтан айы­ру туралы түзетуді мақұл­дады. Алайда, Ақпарат жә­не коммуникация­лар мини­с­трінің пікірінше, бұл мәсе­леге нүкте қоюға әлі ерте.

«Бұл мәселе әлі белсенді зерттелу үстінде. Заңды қабылдау барысында барлық пікірдің ескерілетіні анық. Аса маңызды мәселе – бүгінде терроризм бүкіл әлем бойынша кең тарап отыр, оның түрлері де өсе түсу­де. Бірақ оған қарсы күрестің нақты тетігі әлі табыл­ған жоқ. Әлем елдері қандай да бір деңгейде оның жолын іздеп жатыр. Швейцарияда терроршыларды азаматтықтан айыру туралы мәселе бірнеше мәрте көтерілді. Әлемнің көптеген елінде бұл мәселені белгілі бір деңгейде талқылаулар жүріп жатыр», деді «Ха­бар» телеарнасындағы үнқа­тысуда ведомство басшысы.

Д.Абаевтың сөзіне қар­а­ғанда, заңның бұл нор­масы шетелдерде со­ғысып жүрген адамдарға бағытталған. «Біз шетелде жауын­герлік машық алған адамдардың Қазақстанға келіп, еліміз үшін қатер төндіргенін қала­маймыз. Бұл мәселе әлі де талқыланады. Егжей-тегжейлі түсіндірулерді біз әлі Парламентте еститін боламыз», деді министр өзінің сөзінде.

Қазақстан тұрғыны Әсел Базарбаева Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ХХV сессиясы бары­сында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің діни сектадан басын қалай арашалап алғаны туралы айтып бер­ді. Бойжеткеннің сөзі министр Д.Абаев­қа да айтарлықтай әсер еткен.

«Мемлекет басшысының қатысуымен ҚХА-ның ке­зекті сессиясы өтті. Онда өте тартымды сөздер айтылды. Айтылған әрбір оқиғадан жеке деректі фильм түсіруге болады. Мен Әсел Базар­баеваның сөзінің әсерінен әлі айыға алар емеспін. Ол – деструктивті діни ағымның құрбаны, радикализм бұ­ғауынан қашып құтылып, дәстүрлі дінге қайта оралып отыр. Оның мұндай шешім қабылдауына ата-анасынан бас тартуын талап етулері себеп болған. Бұл халқымыздың отбасы дәстүрі күшті екенін көрсетеді»,  деді «Открытый диалог» бағдарламасында ведомство басшысы.



Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026