Қазақстан • 02 Мамыр, 2017

Елдіктің өлшемі – рухани байлық

1771 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

​Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – біздің эко­но­микалық, әлеуметтік, сая­си ба­ғыттар бойынша да­муы­­мыз­дағы аса қажетті стра­т­е­гиялық бағдарлама. Өйт­ке­ні, мұ­найымыз да, табиғи бай­лығымыз да, алтынымыз да қанша мол болғанымен, не­гіз­гі байлық бола алмайды.

Елдіктің өлшемі – рухани байлық

Негізгі бай­лық – адам капиталы, рухани байлық. Ру­хани тұрғыдан неғұрлым бай болсақ, тұ­рақтылық та, достық та, бірін-бірі түсіну де өздігінен болады. Адам капиталы жоғары болған сайын, озық технологияларды өзімізде-ақ өндіріп, материалды байлыққа қол жеткізуге болады. 

Мұнайшы ретінде айтар болсам, мәселен, біз жер астындағы өзіміз тапқан мұнайдың елу пайызын ғана ала аламыз. 1 баррель 159 литр болса, сол 159 литрді алу үшін орта есеппен 30-35 доллар жұмсап, ары кетсе елу дол­ларға сатамыз. Яғни, шаш етек­тен пайдаға кенелу қиын. Ал егер біз­де адам капиталы жоғары болса, заман талабына сай қажетті ілім-білімді иге­ріп, жаңа технологиялар жасау-

ды шебер меңгере білсек, сол мұнайдың ба­­ғасын 35 доллардан бес долларға тү­сі­ріп жіберсе де, мұртымызды балта шаба қоймасы анық.  

Тағы бір мысал келтіре кетейін. Қазір дүниежүзі бойынша қоршаған орта ластанып кетті, Жер бетіндегі климат біршама өзгерген. Ауа температурасының көтері­ле бастағаны байқалуда. Мысалы, Алматы – әлемдегі үстінен 22 өзен ке­сіп өтетін жалғыз шаһар. Әлбетте, ол өзенд­ер болмаса қаланың сәні де болмай­ды. Бірақ сол өзендер өз бастауын алатын Алатаудың биік шыңдарындағы мұздықтар соңғы елу жылдың ішінде елу пайызға еріп кеткен екен. Келешекте бұлай жалғаса берер болса, елу жылдан кейін Алматының табиғаты адам шо­шыр­лық күйге түсуі мүмкін ғой.  

Міне, қазіргі ғаламдану кезеңінде кез келген салада туындап жатқан осындай мәселелердің шешімін табуда Елбасы айқындап берген дәл осы стратегиялық даму бағдарламамызды бағыт-бағдар етіп ұстануға тиіспіз.  Біздің жастарымыз, біздің азаматтарымыз ақыл жағынан да, ой жағынан да ешкімнен кем емес. Тек алға мақсат қоя білу керек. Елбасымыз бізді рухани байлыққа жетелейтін даңғыл жолға салып, сол  мақсатты да айқындап берді. Тек жастар бойында алдымен материалды байлыққа деген қызығушылық емес, рухани мәдениетке, білімге деген қызығушылық болса екен дейсің. 

Белгілі бір мемлекеттің атын ауызға алғанда, алдымен сол мемлекеттің рухани байлығы еске түседі ғой. Мысалы, Англия десе менің есіме Шекспир, Франция десе Бальзак, Наполеон сияқты тұлғалар еске түседі. Біздің Қазақстан жайлы сөз қозғалғанда, алдымен ел ішіндегі ұлттар арасындағы тұрақтылықтың тұтқасы бола білген көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев, мәңгілік мұра қалдырған Абай, Шоқан, Мұхтар, Қаныш сынды тұлғалар ауызға алынады.

Демек, елдің елдігі оның жер астын­дағы байлығымен емес, рухани бай­лы­ғымен өлшенеді. Ал рухани байлық – ру­хани тәрбиеден, рухани тәрбие адам ка­питалынан басталады. Меніңше, сол ру­хани тәрбиені балабақшадан бастау керек. Сондықтан, Елбасының рухани жаңғыруға бағытталған бағдарламасын ең алдымен балабақшаға енгізген жөн. Себебі, рухани байлық патриотизмге негізделуі тиіс.    

Біз осы күнге дейін технологиялардың көбісін Батыстан аламыз. Технологияға қатысты кез келген тың жаңалықты Еуропадан үйреніп жатамыз. Неге? Еуропа қызығын көріп, қаңсық еткен дүние бізге таңсық болып келіп жатады. Бірақ біз неге сондай болмаймыз? Неге олар бізден үйренбейді?  

Ғалым ретінде менің Еуропаға жолым түсіп тұрады. Біздің кейбір жобалар Еуропаға сараптамаға жіберіліп жатады. Ондайда сол еуропалықтар «Еуропада бұл технология, бұл жоба туралы неге ешкім білмейді?» деп бізге таңданады. Демек, бізде де мықты ғалымдар, мықты технология жасап шығаруға қабілетті білім бар, тек қажетті мезгілінде қажетті қолдауға ие болу жағы жеткіліксіз деген сөз. Оны біз жар салып айтпаймыз. Ол үшін  ғылымның, ғылым жолына түскен ғалымның құрмет-қадірін көтеру керек. Бұл да адам капиталының сапасын арттыра түсуге септігін тигізбек.

Елбасының рухани жаңғыруға ба­ғыт­­талған бағдарламасын толықтай жү­­­зеге асыра алсақ, осы аталған мә­се­­ле­лердің бәрі де өз шешімін табар еді.  Қан­­дай да бір қажетті технологияны өзіміз дайындап, өзімізге енгізіп, со­дан соң ғана бүкіл әлемге танытатын қа­бі­лет-қарымымызды шыңдайтын у­а­қыт жет­ті. Бұл даму жолындағы бізд­ің бас­ты шам­шырағымыз – Елбасы ұсын­ған стра­те­гиялық бағдарлама. Осы бағ­дар­ла­маны жу­ық арада жүзеге асыра алсақ, еліміз әлем­дегі озық отыз емес, озық жиырма мемлекеттің қатарына еніп кетеріне се­ні­мім кәміл.

Нәдір Нәдіров, 

Қазақстандағы Күрдтер қауымдастығының жетекшісі,

академик

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026