Тұсаукесерге арнайы қатысқан Алматы қалалық сот төрағасы Ақжан Ештай үздік университетте аталмыш аудиторияның ашылуы аса маңызды жаңалық екенін атап өтті. Ендігі күні сабақ уақытында студенттер арнайы жабдықталған сот отырысы залында тәжірибе жинақтай алады.
ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Байділдиновтың пікірінше, оқу аудиториясы студенттердің сот ісін жүргізу жұмысына қатысып, оның маңыздылығын түсінуге, алып отырған білім сапасын одан әрі арттыруға септігін тигізеді. Сот органдарының қызметкерлері, прокуратура, адвокатура, медиатор және басқа да тәжірибелі мамандар сот отырысының оқу залында тәжірибе сабақтарын жүргізетін болады.
Ректорат залында өткен студенттермен кездесуді ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева ашып, «Ұлт Жоспарын» іске асыру аясында университетке келіп, сот жүйесін реформаландыру жайлы студенттерге арнайы дәріс оқығаны үшін Алматы қалалық сот төрағасы Ақжан Жайлауханұлына алғысын білдіре келе, заңгер студенттердің жаңа аудиторияда теориялық білімдерін шыңдап, соттың риторикалық дағдыларын үйренетіндігін тілге тиек етті.
Ақжан Ештай студенттер мен ұстаздарға дәріс оқу барысында екінші институционалдық реформа аясында сот жүйесіне бекітілген 10 арнаулы қадамның орындалуы, жаңа заңнама шарттары бойынша үш сатылы сот жүйесі туралы, Сот төрелігі академиясының пайда болуы, алқабилер сот институты қызметінінің шеңберін кеңейту жайына тоқталды. Сонымен қатар, студенттерге арнап сот қызметі және заңнамалық өзгертулер мен толықтырулар туралы бейнероликтер көрсетілді.
Кездесуге қатысқан Алматы қалалық сотының аппеляциялық сот коллегиясының азаматтық істер жөніндегі төрағасы Бақыт Мәлік-тегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» жоспарында белгіленген тапсырмалар мен міндеттеріне сәйкес жаңадан қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларына тоқталды. Ол Кодекс құқықтық тұрғыда әлеуметтік қайшылықтар мен қоғамдық келісімді сақтап қалуға бағытталғандығын атап өтті.
Кездесу соңында қонақтар студенттердің сан түрлі сауалдарына жауап беріп, «Қазақстанның сот реформасы: Кеше. Бүгін. Ертең» атты кітапты сыйға тартты.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ