Еліміздің дәйім әлем назарында тұратындығы көз қуантып, көңіл сүйсінтеді. Жылдың алғашқы жұмыс күнінде бізге Сыртқы істер министрлігінен жолданған мына мақала соның бір айғағы. Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Елшісі қызметін бірнеше жыл жемісті атқарғандығымен ел халқының есінде қалған қайраткер – Джон Ордвей өткен жылдың соңғы айында “Еуропа 2001” журналында жарияланған мақаласында Қазақстанның өз өмірінде алар орны жөнінде ой толғайды.
Жақында ойлап отырсам, газеттер Қазақстан туралы күн сайын дерлік жазып жатады екен. Кейде мақалалар “Астана, Қазақстанның жаңа елордасы” деген сияқты тақырыптармен шығады. Кейде елдің оңтүстік астанасы Алматы туралы жазады. Мұнайдың мол қоры, ЕҚЫҰ-ға төрағалық, адам құқын қорғау, көпэтносты жұртшылық және діни төзімділік – бұл мемлекеттің мәселелерін қозғайтын тақырыптардың толық емес тізбегі осылай болып келеді. Тақырыбы қалай қойылса да, не жайында айтылса да, Қазақстан туралы еске алған мақаланың қай қайсысы да жарқын әсерлер мен естеліктердің тұтас бір легін туындатады, оларды мен қазір де көз алдыма елестетіп отырмын.
Қазақстан – ерекше ел. Бұл елдің жер аумағы Батыс Еуропа аумағына жақындап қалады, ал халқының саны небәрі он бес миллион. Мұнда таулы шыңдар, ағынды өзендер, асау сарқырамалар, мұздықтар мен биік таудағы жайлаулар бар. Мұнда шет-шексіз дала, сонау көкжиекке дейін созылып жататын қырқалар мен жасыл шабындықтар бар. Мұндағы жердің күн көзінен кеуіп, қурап кететіні сондай, қыста кейде суық қырық градусқа дейін жететін, ал жазда, керісінше, қырық градустық аптап ыстық болатын бұл өлкеде тірі жәндік атаулының бәрі бірдей жанын сақтап қала алмайды.
Бұл жерді жаратқан ие көмірсутектің бай кеніштерімен, көмірден алтынға, платинадан уранға дейін бәрін дерлік қамтитын минералдық ресурстармен жарылқаған, кейбіреулер оның өзіндік ауыртпалығы да бар деп санайды. Қазақстан – бидайдың ірі өндірушісі әрі сыртқа шығарушысы. Бір заманда Ұлы Жібек жолы өткен территорияда, батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында орналасқан ел Еуропаны, Азияны, Таяу Шығысты әуе жолдарымен, жер үсті жолдарымен байланыстырып жатыр. Екінші жағынан, таулар мен далалар, Қазақстанның кең байтақ кеңістігі елді басқа елдердің дамыған базарлары мен инфрақұрылымдарынан алыстатып тұрады, бұл арада теңіздер мен мұхиттарға тікелей шығудың мүмкіндігі жоқ екенін айтпай-ақ қояйық.
Қазақстанның ерекшелігі жер бедерінің және табиғат жағдайларының мейлінше сан-қырлылығымен ғана бітпейді. Елдің халқы да сондай санқырлы. Тарихи тағдыр солай қалыптасқандықтан, қазіргі қазақтардың ата-бабалары жақсы жер, малға жайлы жайылым іздеп бүкіл даланы шарлап, көшіп-қонып жүрген.
Бұрынғы көне дәстүрлердің көпшілігі бүгінгі күнге дейін сақталғанымен, елде қазір отырықшы өмір салты орныққан. Халықтың әл-ауқатының өсуі және бүгінгі экономикаға қажеттілік елді мекендер мен қалалардың дамуын талап етті. Көптеген қазақстандықтардың табысы әлі де ауыл шаруашылығына тәуелді болғанымен, бүгінде олар өздерінің аталары мен бабалары туып-өскен жерден тым алысқа кетуге мәжбүр емес.
Қазақстан қалалары адам айтса нанғысыз қарқынмен дамуда. Жаһандық экономикалық дағдарыс Орталық Азияға да әсер етуде, әйтеуір, бері қойғанда бүкіл өңірдің даму қарқыны бәсеңдегені анық.
Мен Алматы және Астана қалаларында төрт жыл бойы дипломатиялық қызметті атқару бақытына ие болдым. Жұрттың көбі білетініндей, Алматы Іле Алатауының баурайында орналасқан, жасыл гүлзарлы, инфрақұрылымы дамыған, саябақтары, ресторандары мен дәмханалары мол, тарихы бай қала. Бұл пікірмен келіспеу қиын. Сонымен бірге, уақыт өте келе қала да өзгеріп барады, оны тау бөктерін өрлей салынған өркешті жекежайларға бір қарағанда-ақ байқайсыз, олар америкалықтар McMansіons дейтінге өте ұқсас. Одан сәл төменіректе офистер, сауда орталықтары және бүкіл Орталық Азиядағы ең зәулім үйлер орналасқан. Қала көшелері қай кезде де көлікке толы, ал ертелі-кештегі жұрт жұмысқа баратын, жұмыстан қайтатын кездегі кептелектер тек түнге қарай азаяды. Казинолардың қаладан шығарылғанына қарамастан, түнгі өмір әлі де бұрынғыдай толыққанды әрі сан түрлі.
Алматыда неше түрлі күтпеген жағдайлар аяқ басқан сайын дерлік кездесіп тұрады. Мысалы, менің үйімнің жанындағы ұйғыр дәмханалары. Казактар тұрғызған ескі ағаш үйлер. Бірде-бір шегесіз орнатылған, өте әсем безендірілген православиелік Святовознесенск соборы. Біздің елшілігімізден онша алыс емес жердегі мұсылман бейіті. Қала сыртындағы үйіміздің алдынан таңертең-кешке сиырлар табыны өтіп жататын. Тоғандар мен арықтар, гүлмен көмкерілген алаңқайлар, қалың тоғайлар сейіл құруға, барбекю дайындауға таптырмайтын жерлер.
2006 жылы біз әйеліміз екеуміз заттарымызды тиеп, итімізді салып алдық та екі күндік сапарға шығып кеттік. Солтүстікке қарай 1200 шақырым жол жүріп Астанаға жеттік, ол қала 1998 жылдан бері Қазақстанның жаңа елордасына айналған еді.
Астананы ауыстыру қыруар қаржы мен көп уақытты қажет етті. Шетелдік дипломатиялық миссиялар Астанаға бірте-бірте ауысты, Америка елшілігі жаңа елордаға қоныс аударғандардың ең соңғысы болған жоқ.
Маған Алматыда жұмыс істеу сондай ұнайтын, мына көшуге де сондай қуандым. Мемлекеттік мекемелердің барлығы Астанаға қоныс тебе бастаған шақта мен Қазақстандағы жұмысымның алғашқы екі жылында әр апта сайын дерлік ол жаққа ұшып барып тұратынмын, сондықтан да қаланы жап-жақсы білетінмін.
19-шы ғасырда негізі қаланған бұл қала талай рет өзгертілген – елорданың архитектурасы сол дәуірлердің бәрінен де хабар береді. Ол кезеңде өмір сүрген көпестер мен саудагерлердің тұрған бірнеше үйлері қазір де сақталып қалған, мысалы, Украина елшілігі – қаладағы ең ескі ғимарат.
Кеңестік кезеңде шағын провинциялық қалашық бірте-бірте өсіп, өзгере бастады. Қаланың ескі бөлігінде 1930-шы жылдарда жұмысшы жатақханалары үлгісімен салынған жатаған үйлер әлі де кездеседі.
1950-ші жылдарда ең елеулі өзгерістер болды, Никита Хрущев тың игеруді бастады, осы арқылы ол солтүстік Қазақстанның бұрын түрен тимеген даласын алып бидай алқабына айналдыруға бел шеше кірісті. Ақмола атауы Целиноград деп өзгертілді. Сол кезде тұрғын үйлердің, әкімшілік ғимараттардың, темір жолдың құрылысы қарқынды жүрді. Ол ғимараттарды бүгінгі Астананың әр жер-әр жерінен әлі де көріп қалуға болады, кейде олар кейін тұрғызылған сәнді үйлердің ара-арасынан қылаң береді. Қаланың тұрғын халқы сол кезде тез өсіп, әртүрлі бола түскен, өйткені, Кеңес өкіметінің шақыруы бойынша мұнда орыстар, украиндар, немістер, басқа да этностардың өкілдері көптеп келген.
Алайда, қала өміріндегі ең түбегейлі өзгерістер астананы Алматыдан Целиноградқа (1992 жылдан бері қала қайтадан Ақмола атанған) ауыстырумен, атын Астана деп өзгертумен байланысты болды. Одан бері қаланың халқы бірнеше есе өсті, үкімет мекемелерінің жаңа ғимараттарын, офистер мен тұрғын үйлерді күні-түні, шаршамай-талмай салған құрылысшылар осы жаққа ағылды.
Астана Есілдің арғы жағына қарай өсіп кетті, енді өзен қаланы ескі және жаңа бөлікке бөлетін болды. Жаңа қала негізінен ұзыннан-ұзақ созылған орталық ось немесе Вашингтондағы Ұлттық Молл (орталық бөлігі) қағидатын еске салатын саяжол бойынша салынды. Саяжолдың орталығында “Бәйтерек” деген тамаша мұнара бар, ол қаланың жаңа символы әрі құс ұшатын биіктен астананың өзін де, сонау көкжиекке дейін созылып жататын даланы да тамашалауға мүмкіндік береді.
Айтқандай, мен Астанада өте суық екенін әлі еске салған жоқпын ғой деймін? Шынында да, қала әлемдегі ең суық астана атағына Ұлан-Батор мен Оттавамен қатар таласа алады. Менің Астанада қаңтар айында сезінген ең суық температурам – Цельсий бойынша 43 градус аяз. Елордада қыста мұз қалашықтар тұрғызады, оның қабырғалары, әртүрлі конструкциялары мен мүсіндері мұз кесектерінен қаланған. Көшедегі мұзойнақтар, оның бірі “Бәйтеректің” жанында, мұз боп қатқан өзен үстінде сырғанау тұрғындарға сондай ұнайды. Одан кейін көктем келеді, алайда қыстың ұзаққа созылуы да мүмкін – менде бір фотография бар, онда биіктігі бір метрлік күртік қар бейнеленген, ал сурет сәуірде түсірілген еді! Әйтсе де, Астананың жазы ыстық әрі әдемі. Парктер мен саябақтар сан түрлі әсем гүлдерге оранады. Базарлардың сөрелері қызанақтардан, қиярлардан, басқа да жеміс-жидектерден, көкөністерден қайысып тұрады.
Астана, Чикаго сияқты, жер өтінде тұрған қала екенін айта кету керек. Қатты желден қыста күн өте суық, аязды болатыны рас, бірақ астана тұрғындарына ғажайып таза ауаны жеткізіп тұратын да сол жел. Алматыда жел таза ауаны тауларға қарай айдайды, содан барып қаладағы ауа бұлыңғырланып кетеді. Астана да, Алматы сияқты, қаланы жылыту, электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін көмірді пайдаланғанымен, мұндағы жел ауаны айдап әкетеді де, қала тұрғындары қашанда таза ауамен дем алады.
Кеңес одағы тарағалы бергі жиырма жылға жуық уақыттың ішінде Қазақстан реформаларын жалғастырып, жаңа, осы заманғы мемлекет құру ісіндегі жаңғыртуларын жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттің экономикалық құрылымын және халықтың менталитетін өзгерту оңай міндет емес. Тегі, бұл міндет те жүзеге асатын сияқты.
Өкінішке орай, елдің коммунистік кезеңдегі өткен белесінің қалдырған тыртықтары әлі жазылған жоқ. Оның бір дәлелі – Семей полигоны, мен сонда барып, кеңестік ядролық қарудың алғашқы жарылысы болған жерді көрдім, сол сынақтардың радиациясы қазір де жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсер етуде.
Осындай проблемалардың тағы бірі Арал теңізіне қатысты, ол жерде алып ауқымды экологиялық апат орын алған, бір кезде толқыны тулаған өңірде қазір кеуіп, кеберсіген жер жатыр. Әйтсе де, бұл мәселеде де үміт жоқ емес, өйткені Қазақстан Бүкіләлемдік банкпен бірлесе отырып, тым болмаса теңіздің солтүстік жақ беткейін құтқарып, қалпына келтіру жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Арал толған сайын балық та қайтып келуде, мұндағы тұрғылықты халықтың негізгі бөлігі балық аулаумен күн көріп келген.
Артық айқайсыз-ақ атқарылып жатқан ірі іс – Арал теңізінің қайта жандануының бейнелік мәні бар, бұл іс елеулі ілгерілеу мен Қазақстанның жарқын болашағына деген негізді үмітті айқын көрсетеді.
Джон ОРДВЕЙ, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі.