Қарасора шөбі қаптаған атақты Шу алқабын бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Көлемі екі миллион гектарды қамтитын Шу алқабының 140 мың гектарға жуық жерінде жыл сайын қарасора (кендір) шөбі гүлдеп, қаптап өседі. Жамбыл облысындағы ауданның шатқалдары мен сай-саласын, құмды өңірлеріне дейін түгелдей жайлаған, жаман атымен аты шыққан қарасорамен күрес, әсіресе еліміздегі тәртіп сақшыларынан үлкен қажыр-қайратты талап етуде. Бұл пікірді Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы, генерал-майор Анатолий Выборов та жоққа шығармайды. Шу алқабындағы есірткі дайындаушылармен және есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы жыл сайын жүйелі түрде ауқымды деңгейдегі «Кендір» операциясы жүргізіледі.
– Әлемдегі көптеген елдер сияқты Қазақстан үшін де есірткінің заңсыз айналымы бүгінгі таңдағы ең басты проблемалардың біріне айналуда. Астанада жақында ғана өткен ШЫҰ-ның оныншы саммитінде Мемлекет басшылары ШЫҰ-ның 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясына және оны жүзеге асыру бағдарламасына қол қойғаны белгілі. Енді сыртқы шекара арқылы есірткі трафигінің өтуіне жол бермеу үшін онымен күрес ықпалдылығын арттыру қажет. Қазақстан есірткі тасымалымен күресте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, алдыңғы шептен көрінуде. Мәселен, алыс және жақын шетелдерге шығарылатын есірткі және есірткі заттарының тоқсан пайызы өзімізде құрықталып, ұсталуда. Шу алқабында өсетін қарасорадан дайындалатын есірткі барлық бағыттарға тарайтындығы белгілі, – дейді Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы, генерал-майор Анатолий Выборнов өз ойын ортаға салып.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытындағы ықпалды іс-шаралардың арасында республикада жыл сайын жүйелі түрде өткізілетін «Кендір» операциясының алатын орны зор. Республикада жыл сайын маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін өткізілетін кең ауқымды операцияның басты мақсаты – есірткі саудасына маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың, қауымдастықтардың қылмыстық әрекеттерін дер кезінде анықтау және жолын кесу бойынша мақсатты іс-шараларды іске асыру болып табылады. Бұл операция жаздың алғашқы айынан бастап, қоңыр күздің қара суығы басталып, шөп сарғайып қурағанға дейін жалғасады.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы Анатолий Выборовтың айтуынша, қазіргі кезеңде ІІМ, Кеден комитеті мен ҚР БҚК-тің шекара қызметіне – біздің елімізге оңтүстік аймақ арқылы өтетін ауғандық героин трафигі мен басқа да есірткілердің жолын кесуде үлкен жауапкершілік жүктелуде. Сондықтан да атағы жер жарған Шу алқабында алты стационарлық бекет қойылып, жол бойындағы автокөліктердің қозғалысы да қатаң бақылауға алынуда. «Кендір-2011» операциясының алғашқы жиырма күнінде-ақ үш тоннаға жуық марихуана заңсыз айналымнан алынды. Мұнымен қоса, Жамбыл облысының ІІД «Дельта-Долина» аймақаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жабайы қарасора өсетін жерлерді және есірткіні дайындау фактілерін анықтау мақсатында апта сайын «АН-2» ұшағымен және «МИ-2» тікұшағымен Шу алқабын жіті бақылауда. Комитет басшысы бұл өңірде жыл сайын 20-30 тоннаға жуық марихуана алынатындығын да хабарлады.
Қарасора туралы түсінігі жоқ адам оның қандай шөп екендігін бірден анықтап, танып-білмеуі де әбден мүмкін. Шу алқабында сай-сайды жайлап, шоғырланып, қаптап өсетін, ұзындығы адам бойына жуықтайтын, сап-сары гүлдері күнмен шағылысқан қарасораны осы саланың «білгірлері», яғни «есірткі саудасымен» айналысушылар ғана көзін жұмып тұрып таба алады. Олардың көпшілігі бұл алқапқа жаз шыға еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс және жақын шетелдерден қарасора, яғни кендір өсімдігінен есірткі дайындау үшін ат сабылтып келетіндігі айтпаса да түсінікті. Күннің аптап ыстығында, айналада өлі тыныштық орнаған, ұшы-қиыры жоқ кең алқапта басқа өсімдіктерге қарағанда тек қарасора ғана өзінің қою жасыл түсін сақтап қалыпты.
Аспан жерге түскендей аптап ыстықта да асқан төзімділік танытып, жап-жасыл өңін өзгертпеген қарасора шөбінің тек есірткі дайындау үшін ғана жаратылмағандығы айдай ақиқат. Бұл шөпті пайдалана білген адамға оның берері де, пайдасы да орасан. Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған кезеңде, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Шу алқабында жабайы қарасора шөбінен мықты кендір жіп және сапасы жоғары әрі бағасы да өте қымбат кендір майын дайындайтын одақтық деңгейдегі ірі зауыттар болған. Бір кездердегі алып Одақтың керегесі ыдырап, құлағаннан кейін кендірден халыққа арналған пайдалы өнім өндіретін өндіріс орны да өз жұмысын амалсыздан тоқтатқан еді. Әрине, Кеңес Одағының теңізшілерін, алып кемелерін кендірден жасалған арқанмен қамтамасыз еткен зауыттың істен шығуы өкінішті. Бүгінде сол өндірісті қайтадан қалпына келтірсе оның республика үшін, біздің бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін пайдасы көл-көсір болатындығы сөзсіз. Себебі, қарасора өсімдігі жайлаған жерді мүлдем құртып жіберу ойластырылып, қаншама рет өртелсе де оның жойылатын түрі жоқ екендігіне көптің көзі анық жетті.
Ауқымды деңгейдегі іс-шарада қомақты көмексіз, ықпалды қолдаусыз жұмыстың алға баспайтындығы айтпаса да түсінікті. Сала басшыларының тұжырымдауынша, елімізде есірткі саудасын құрықтау, қылмыскерлерге тосқауыл қоюдағы ықпалды әдістердің бірі – Жамбыл облысының басты магистраліндегі бақылау бекеттерінің санымен қоса, жұмыстың да сапасын арттыру.
– Шу ауданындағы арнаулы операцияның тек алғашқы айында үш жүзге жуық қылмыс анықталып, тіркеуге алынды. Негізгі күре жолдан ондаған километр қашықтықта орналасқан, онымен қоса ауыз суы немесе электр қуаты жоқ, тіпті ұялы байланысы да жоқ, бірақ қарасора шөбі қаптаған жерге жеңіл автокөлікпен, анығырақ айтқанда, джиппен, мотоциклмен, атпен ғана жетуге болады. Астында көлігі жоқтар болса жаяу-жалпылап жетеді. Шу есірткілері негізінен Ресейге тасымалданып, содан соң Еуропаға жеткізіледі. Арнаулы операцияға қатысушылардың түптеп келгенде көздеген мақсаты – есірткі трафигінің арналарын жабу, есірткіні өткізу фактілерінің жолын кесу болып отыр,– дейді полиция полковнигі Шопырхан Жапабаев.
Сала басшылары есірткі бизнесімен күресте соңғы үлгідегі техникалық жабдық – инспекциялық бақылау кешені жұмысының жоғары деңгейі төңірегінде де сөз қозғады. Шу ауданының Төле би селосынан шығар жерде орналасқан бұл ғажайып техника бір тәулікте 40 жүк машинасын тексеруден өткізді. Инспекциялық бақылау кешенінде орнатылған рентген аппараты арқылы көлікке тиелген жүкті ғана емес, сондай-ақ оның арасындағы тығылған заттарды да анықтап, көруге әбден болады. Инспекциялық бақылау кешенінің қызметкері Сергей Коробовскийдің айтуынша, есірткі саудасымен айналысушылардың қулық-сұмдығы, амал-айласы да көп. Олар есірткіні пияздың, капустаның немесе картоптың арасына жасырады. Бірақ, соңғы озық үлгідегі техниканың нәтижесінде бұл бағыттағы қылмыс шұғыл түрде әшкереленуде.
Жаңадан құрылған Кеден одағы аясында Қазақстанға әріптестері алдында Ресей аумағына және Еуропа елдеріне есірткі жібермеу, яғни оның жолын жабу бағытында қосымша жауапкершілік те жүктеліп отырғандығы сөзсіз. Бұл орайда еліміздегі шекаралық және кедендік органдардың, әсіресе оңтүстік бөлімшелердің материалдық-техникалық жағынан жоғары деңгейде жабдықталуы өз нәтижесін беруде. Бұл, әсіресе есірткі қылмысына, сондай-ақ есірткіні шекарадан жасырын өткізуге қылмыстық санкцияны қатайтуға тікелей қатысты. Сонымен қатар, елімізде өткен жылы есірткі тұтынушылар санының сегіз пайызға төмендеуінің маңызы зор. Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша республика денсаулық сақтау органдарының есебінде 49195 адам тұрады. Олар негізінен алғанда психотроптық және уытты заттарды қолданатындар. Қынжыларлығы, мұндай сырқаттар арасында 3962 әйел және кәмелет жасқа толмаған 2714 жасөспірім бар.
Жабайы қарасораның мекені – Шу алқабы орналасқан Жамбыл облысының негізгі магистралді тас жолдарында қосымша бекеттер ашылып, жергілікті автомобиль жолдары мен құмды аймақтар жұмылғыш топтармен күзетілуі, әрине құптарлық жәйт. Оған қоса, арнаулы жасақталған операцияны өткізу кезінде әскерилердің кәсіби шеберлігі мен іскерлігінің артуы және арнайы дайындалған қызметтік-іздестіру иттерінің кеңінен пайдаланылудағы көмегі айтарлықтай екендігі ақиқат. Сонымен, есірткі бизнесіне қарсы күресте кеңінен қолданылатын алуан түрлі әдістер мен тәсілдер уақыт өткен сайын одан әрі жетілдіріліп, оның тиімділігі де арта түсуде. Дегенмен, көп қырлы әрі өте күрделі мәселе – нашақорлықты түп тамырымен жою әзірге оңайға түспей отыр.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы – Шу – Алматы.