13 Тамыз, 2011

Тәртіп қайтсе орнығады?

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Семейде үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында тәртіп бұзушылық 36,6 пайызға артты. Бұл еліміз бойынша төрт облыс көрсеткішін қоса есептегендегіден де артық көрінеді. Сондықтан жағдай дабыл қағарлықтай болып тұр. Оған қоса ұрлық-қарлық та көбейе түскен. Аталған қылмыстың 90 пайызы қаламен жапсарлас «Шығыс» саяжайында орын алған. Мұнда тұратын 25 мың адамның тең жарымына жуығы тіркеуде жоқ. Яғни, саяжай тұрғындарының көбі сайда саны, құмда ізі жоқ адамдар деген сөз. Ал мұндағы полиция болса аталған саяжайда тәртіп орната алмай дәрменсіздік таныту­да. Әйтпесе қаланың екінші жағындағы Бобровка кентінде жағдай мүлде басқаша. Онда жыл басынан бері ешқандай қылмыстық оқиға тіркелмеген. Демек, тәртіп бар жерде қылмысқа жол берілмейді. Сонда «Шығыс» саяжайын бақылай­тын полиция қызметкерлері не бітіреді? Олардың жұмысын кім қадағалайды? Тәртіп демекші, қылмыстың өрши түсуі­не түрлі заңсыздықтар да бірден-бір себеп пе дейміз. Мәселен, Семейде сыра­ха­налар жаңбырдан кейінгі саңырауқұ­лақ­тай қаптап кеткен. Барлық 56 сыраха­на­ның тек екеуінде ғана рұхсат қағазы бар жә­не онда адамдар қауіпсіздігін ойлайтын ешкім жоқ. Әлі күнге дейін жарық­тан­дырылмаған көшелер де қылмыстың өрши түсуіне себепші болуда. Сөйтіп, алғашқы жартыжыл­дықта қала бойынша 149 ұрлық пен 9 кісі тонау дерегіне жол берілген. Соған сәйкес жеңгетайлық та жанданып тұр. Міне, осының бәрі жуырда қалалық әкімдікте өткен ведомствоаралық комис­сия­ның жиынында кеңінен айтылды. Бірақ, қалай десек те, бір жиынмен барлық мәселе шешілді деуге болмас. Яғни, ендігі жерде сөзден іске көшетін кез жетті деп білеміз. Әйтпесе, еліміздің рухани орталығы болып есептелетін Семейді мұндай келеңсіздіктердің ұшпаққа шығара қоймайтыны түсінікті. Сондықтан тәртіп сақшылары өздері де тездетіп қорытынды шығарады деген ойдамыз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.