13 Тамыз, 2011

Ұнамды ұсыныс, қызық қиял

513 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде Елбасының ерен еңбегінің арқасында еліміз еңселі асулардан асты. Мемлекет басшысының сындарлы саясатымен демократия­ның даңғыл жолына түскен еліміз экономикалық, мәде­ни, құқықтық, жалпы, қай салада болмасын, халық күткен нәтижеге қол жеткізді. Соның бірі құқық қорғау қызме­тінде ашықтық­тық­ты, жариялылықты жүзеге асыру бола­тын. Бұл қазір нақты іс барысында көрініс тауып отыр. Мәселен, таяуда Көліктегі полиция қызметіне бақылау жасау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Сонда ІІМ Көліктегі ІІД қызмет көрсететін учаскелеріндегі қоғамдық орындарда спиртті ішімдік ішу мәсе­лесін шешудегі ең үздік ұсынысқа ашық байқау жариялады. Сол-ақ екен Қоғамдық кеңестің электронды мекенжайына әр түрлі ұсыныстармен барлығы 32 000 хабарлама келіп түскен. Кеңеске төрағалық етуші ІІМ Көліктегі ІІД  бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Исабеков, шындығында азаматтар тарапынан мұндай көптеген оң пікірлердің айты­латынын күтпеген едік, дейді. Соның ішінде Молоков Вячеслав деген азамат жолаушылар үшін салынған тыйымды бұзу­шыларға айыппұл шаралары енгізілетін амал ұсы­ныпты. Егер жолаушы вагонда алкоголді ішімдік ішсе оған айыппұл балдары тіркелсін, ол одан келесі билет сатып алу кезінде билет құнына есептеліп қосылатын болсын. Яғни, егер сен тәртіпті бұзсаң, сен үшін келесі жол жүрген кезде ол өсіп отырады. Қанша рет тәртіп бұзсаң сонша рет балл са­ны артып отырады және билет құны жоғарылай береді. Осындай шара қолдану жолаушылардың пойызда немесе тік­ұшақта ішімдік ішуге деген ықыластарын азайтады, дейді. Ал Оразбаев Ермек деген азамат алкоголді ішімдікті оңай сатып алатын «вагон-мейрамхана» атауын өзгерту керек дейді. «Вагон-мейрамхана» атауын, мысалы: «вагон-балмұздақ», «вагон-дәмхана» және т.с.с. атауларға өзгерту. Егер олар әр түрлі болса – бұл әр бір пойызға өзіндік ерекшелік береді және ең үздік пойыз құрамы деген сайыс ұйымдастыруға болады. Сол сияқты тағы бір азамат тәртіп бұзушылардың билеттеріне «ішімдік ішіп және лайықсыз мінез-құлық көрсетті» деген мөрді қою қажет, өйткені жолда көп ішетіндер іссапарға шығушылар, демек іссапардан келген соң олар билеттерін өткізуі керек, әлбетте оларға мұндай билетті тапсыру ыңғайсыздық тудырар еді, дейді. Сөйтіп жолаушы­лардың ұсынымдарын сараптай келе көліктің уақытша аялдамасы кезінде алгоголді ішімдікті жолаушылардың сатып алуын төмендету үшін әуе, темір жол вокзалдары маңында алкоголді заттарды сатуға тыйым салу және отырғызу барысында, жолаушыларды міндетті түрде алкотестер құралы арқылы алкоголдік масаңдыққа тексеру керек деген негізгі пікірлер айрықша назарға алынды. Әрине, бұл ұсыныстар әлі талай зерделенеді. Дегенмен халықтың мұндай ұсыныстары бірінші кезекте құқық бұзушылар санын айтарлықтай қысқартады, қоғамдық тәртіпті нық сақтауға мүмкіндік береді және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді, дейді көліктегі сақшылар. Александр ТАСБОЛАТОВ.