13 Тамыз, 2011

Естеліктер не дейді?!

1316 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Танымал тұлғалар туралы ел арасында неше түрлі әңгімелер айтылады. Осылардың аңызы қайсы, ақиқаты қайсы, көбінесе айы­рып болмайсың. Содан шындыққа көз жеткізу үшін сол тұлғаларды көргендердің естеліктеріне жүгінесің. Дауылпаз ақынымыз Қасым Аманжолов жөнінде де ел арасында біраз әңгіме бар. Таяуда Қазақ радиосын тың­дап оты­­рып, ақиқат әңгімеге жолықтық деп ой­лай­мыз. Онда әдебиетіміз бен мәде­ниетімізде үлкен із қалдырған өнер иелері ақынның жа­ры Сақыпжамал апай туралы сөздерін сабақ­та­­ды. Радионың «Алтын қоры­нан» алынған бұл «Жыр жазамын жүрегім­нен» хабарын дик­­то­фон­ға жазып алып, кейін қағазға тү­сіру­ді жөн көрдік. Соның сәті енді түсіп отыр десем, Мәриям Хакімжанова апамыз былай депті: «Мен Қасымды 1932 жылы, февраль айы – қысты күні көрдім. Ол былай болған еді. Әс­кер күніне Казполкке барып, концерт қоя­тын болдық. Бірнеше күндей дайын­дал­дық. Мерзімді күніміз жақындағанда жауап­ты да­йындыққа жиналдық. Бір кезде бастығымыз Иса ағай келді. Қасында Шәрбат және орта бойлы, ашаң жүзді балаң жігіт бар. «Мына бала менің жақын інім. Жаңа көріне бастаған жас ақын. «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді. Беталысы жаман емес. Мен кісі та­ны­сам, ақыл тісі балғадай ақын болайын деп-ақ тұр. Тірі болсаңдар, келешекте көрерсіңдер.Біздің қолға алынып жатқан кешімізде ақындар жағы аздау ғой. Мен, Мәриям, Тәшібай – үшеуміз-ақ қой. Тым болмаса төр­теу болайық деп осы Қасым Аманжо­лов­ты әдейі ала келдік», – деді Иса ағай. Мен Қасымды екінші рет 1936 жылдың жа­зында, Алматы қаласында көрдім. 1938 жы­лы Жамбыл атамыздың ақындық өнеріне 75 жыл толған тойы болды. Осы мерекеге Қа­сым «Жамбыл тойына» деп арналатын әй­гілі поэмасын жазды. Сол тойда Орта Азия мен Қазақстан ақындары бас қосқан шаршы топ­тың алдында оқып берді. Қасымның өз шы­ғар­масын өзі оқы­ғанға не жетсін! Жинал­ған ха­лық таң­дайын қағып, тамсанып-ақ қалған еді. 1939 жылы мен Жазушылар одағында «Халық ақындары» бөлімін басқардым. Қа­сым «Социалистік Қазақстан» газетінде қыз­мет істеді. Ол кезде халық ақындары болсын, жас ақындарымыз болсын – автор­лардың қатысуыменен еңбектеріңе «читка» өткізе­тін­біз. Сол жерде айтатын пікірлерімізді айта­тын­быз. Сондай жиындарға Қа­сым­ды жиі шақыратын едік. Ол оқылған шығарманың жақсысын – жақсы деп, на­шарын – нашар деп былқылдатпай турасын айтар еді...» Ал енді Қасым Аманжоловтың жары Сақыпжамал апайды тыңдап көрелік: «1946 жылы соғыстан кейін шықтым мен Қасекеңе. Қасекең сонда Городская 69 деген үйде тұратын ағасымен бірге. Ахметжан деген жалғыз ағасы болды ол кісінің. Ол кісінің 2 бөлмелі үйі болды. Кіш­кентай бір қараңғы бөлмеде аға бар (он­да Дариға жоқ), Қасым үшеуіміз тұр­дық. Үйімізде жалғыз ғана төсегіміз бар, темір пеш жағатын едік. Сонда Қасе­кеңнің жазатын, үстел қоятын, қонақ қабы­л­дайтын да жеріміз жоқ. Құйттай ғана қара шабаданымыз болатын. Сол қара шаба­дан­ның үстіне қойып Қасекең өлең жазатын. Ол кезде Қасекең Лермонтов­тың «Мас­кара­дын» аударды, «Полтаваны», «Қыс­қы кеш­терді» аударды, көп нәрсені аударды. Сол құйт­тай үйде тұрып, бірталай жұмыс істеді. Өзі соғыстан келген беті. Ол кісі өлең жазғанда ылғи ойланып жү­ре­тін. Өлең жазуды түнгі сағат 12-де бастай­тын. Кешке жақын маған самаурын қойғы­за­тын. Онда самаурын ғой, газ жоқ. Самау­рын­ды қайнатамын, жайнатып дастарқан жасап қоямын... Гармонь, домбыра, скрипка сияқ­ты инструменттерде ойнайтын еді. Түнде бастап, сағат 3-тің кезінде біраз жазып тастап, мені оятатын. «Сәпен тұр, біраз бітіріп тастадым, сен қарап жіберші», – дейтін... Өлеңдерінің бәрін жатқа білетін, содан шығар қағаздардың бәрін жыртып тас­тай­тын. Сонда маған айтатын: «Менің өлеңім­ді бүкіл СССР біледі, халқым да жатқа біледі, солардан жинап аласың», – дейтін. Мен: «Қойшы, қайдағын айтпай» дейтінмін. Сол айтқандай, өлеңінің көбін жұрт­тан жинап алдық, үйдегісін шығарттық». Енді ақын Қалижан Бекхожиннің «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты естелігіне құлақ түрелік: «1937 жылдың күзі болса керек. Мен ҚазПИ-дің үшінші курсында оқимын. Біз­дің жатақ үйіміз бұл кезде қазіргі Төлебаев көше­сінің бұрышында, жұпыны бір үйде болатын. Сол тұста студенттер мейлінше көңілді болу­шы едік. Мен өзіммен сабақтас оншақты қыз­бен адал дос, шын сырлас та болып кеттім. Дә­йім таңертең сол ақжар­қын қыздармен мәз-мереке сөйлесіп инс­титутқа қарай жүріп бара жатсақ, ал­дымыздан ылғи кесе-көлденеңдеп орта бойлы бір жігіт өтеді. Күзге лайық үстінде сұрғылт плащы бар, басына былғары картуз киген сол жігіт өзінше тәкаппар пішінде. Сірә, бізді көз қиығымен байқаса да, көр­­мегенсіп қызда­ры­ма да, маған да қара­май, ая­ғын шірене баса­ды. Жайшы­лық­та байсал­ды Ғайни деген қыз әлгінің күн сайын алды­мыз­дан кес-кестеп өтетінін ерсі көрді ме: «Қа­ли­­жан, мынау кім өзі?», – деп сұрады бір кү­ні. Басқа бір жігітті білгісі келіп таңырқай қал­­са, еркек біткеннің жақтырмайтын әдеті ғой, мен де сәл іркіліп қалдым. Әйтсе де қыз кө­ңілін қалдыр­май­тын басым: «Осы жігіт, сі­рә газеттерге өлең жазып жүрген әлгі Қасым Аманжолов деген болу керек. «Лениншіл жас» ре­дак­циясында қызмет істейді, білем», – дедім. Сол жылғы күздің жаңбырлы кешінің бірінде, қасымда белгілі Абдолла Жұмағалиев атты жас ақын досым бар, Октябрь көше­сін­дегі бір асханада сұхбаттасып отыр едік... Әрқашан сенгіш Абдолла бір сәтте бұйра шаш­ты басын артына бұрып, шеткі терезе ал­дында шылым шегіп отырған біреуге қо­лын бұлғады. Бізді алыстан бақылап отырса керек, ол басын тік ұстап, қайқия басып біз­дің столға келді де, орындыққа отырмастан маған бір қарады да, мені арқасымен көле­гей­леп, Абдолламен сөйлесе кетті. Мен бұл қыңыр жігіттің кім екенін, әрине, іштей біліп тұр­мын. Сонда да: «Әй, жолдас, ту сыртың­ды беріп, қырындамай дұрыс отырмайсың ба?! Және темекіңнің түтінін менің мұрныма ұйытқытпай әрі жібер», – дедім тұрысын жақтырмаған пішінде. «Ә, мұнда сіз бар екенсіз ғой», – деді ол маған жалт бұрылып. Кенет Абдолла бұл жайсыздықты сезе қалды да: «Қалеке, танымайсың ба? – Бұл ақын Қасым Аманжолов қой деді де мені нұсқап – Қали­жан Бекхожин, танысыңдар», – деді. Қасым екеуіміз ресми адамдарша қол алы­сып та­ныстық та, аздан кейін бұрыннан бері дос адамдай сұхбаттасып кеттік. Қасым Абдолла­ны Орал қаласында әскери қызметте жүрген кезінде, одан кейін редакцияда газет жұмы­сы­мен айналыса бастаған шағынан біледі екен. Біраз тіл табысу ұласқаннан кейін мен Қа­сымға: «Жаңа қисая тұрып, маған қыр көр­сет­кенің қай қылығың?», – деп қалдым. Қа­сым да іркілген жоқ, ішіңе түйіп жүр екен, ай­тып салды: «Ал өзің ше? «Лениншіл жас» ре­дакциясына күн сайын келесің де Жұм­а­ға­лимен ғана шүйіркілесіп сөйлесесің, маған сен де жауырыныңды беріп тұрасың. Жұма­ға­ли­ды ертіп кетесің, маған неге амандас­пай­сың? Ол ол ма, күн сайын таңертең паркте жеті қыздың ортасында масайрап өтесің, өзіңнен басқа жігіт бар деп ойламайсың-ау, ішім күйіп жүр еді» – деп жайраңдап күле сөйледі. Сол күні біз ұзақ сырластық. Поэзия туралы, өзімен тұстас ақындардың өлеңдері туралы, қыздар жайында қызыға, құлшына әңгімелестік. Сол түні үйі алысырақ бол­ған­дықтан, Қасым менің жатақханама қон­ды. Демалыс күні еді, таңертең Қасым төсектің бас жағында тұрған домбыраны қолына алып, «Қарғам-ау» әнін шерте бастады. Мен бұл әнді бала кезімнен шешемнен, апа- ағаларымнан естіп өскенмін. Әсіресе, атақты керекулік Майра құйқылжытып шырқаған «Қарғам-ау» менің жүрегімді шымырлатып, дәйім көкірегімде тұратын. Ардагер ақынның асыл бейнесі менің әр­қа­шан есімде. Ақын досым, тұрғыласым Қа­сым жайында есімде сақталған қызық жайт­тар аз емес. Жиындарда, Мәскеуде өт­кен съез­­дер­де, онкүндік сапарларда Қасым ерекше көзге түскен ақындардың бірі болды. Ал екеуі­міздің оңаша сапарлары­мыз, әсіресе Пав­ло­дар, Баян­ауылға жасаған 1939 жылғы саяха­ты­мыз өзге­ше қызық бір хикая. Баян­ның кербез тауының бауырында ауылдың қыз-келін­шек­терін жи­нас­тырып алтыбақан құрғаны­мыз, ақсүйек ой­нағаны­мыз, Қасым­ның тебіреніп ән салғаны, тағы­сын тағылар бәрі де есімде». Жоғарыдағы радиохабарда Қасым Аманжоловтың шығармашылығына тамаша баға берген ақын Сырбай Мәуленов пен Қасымның өлеңдеріне ән жазған композитор Ғазиза Жұбанованың пікірлері берілген. Осы пікірлерді де қағазға түсіріп, Қасым жайлы естеліктер кітабына қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Аманғали ҚАЛЖАНОВ. Қарағанды облысы.