13 Тамыз, 2011

Тұрар тұрған үй

601 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні Мәскеуде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1931-1934 жылдары тұрған үйге ескерткіш тақта орнату салтанаты болып өтті. Ресей астанасында он бір жыл тұрып, Кеңес өкіметінің басшы­лық органында қызмет еткен қазақ­тың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың есі­мін Мәскеу қаласы тарихында қалдыру оның ұрпақтарының, Қа­зақ­стан жұртшылығының, замана салмағын санада ұстаған күллі зия­­лы қауымның көкейінде жүр­ген өзекті тілектің бірі еді. Кеңес за­манында қол жетпеген бұл ниетті іске асыруға тәуелсіздік дәуі­рін­де жол ашылды. Сөйтіп, Тұрар тұлға­сын асқақтату арқылы Қазақ елінің, ұлтымыздың жақсы аты тағы бір мәрте өзге жұртқа жария етілді. Бұл салтанатты рәсімге Қазақ­стан мен Ресейдің бірқатар белгілі қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар мен жазушылар, Тұ­рар Рысқұловтың жерлестері, туыс­қан­дары мен ұрпақтары, Мәс­кеу­дегі ­қазақ қоғамдық ұйымдары­ның өкілдері, басқа да қазақстан­дықтар мен ресейліктер қатысты. Жерлестерінің қуанышына әрда­йым ортақтасып жүретін Олег Сосковец, Владимир Шумов, Ас­қар Тұралин, Фахр Әбдіхалықов және басқа белгілі азаматтар да айтулы іс-шараның белортасында болды. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Мәскеу қа­ла­сы Мәдениет департаменті бас­шы­сының орынбасары Ольга Гришина, Қазақстан Парламенті Мәжі­лісінің депутаттары Саты­бал­ды Ибрагимов пен Динар Нө­ке­таева, Қазақ Ұлттық Ғылым академия­сы­ның президенті Мұ­рат Жұрынов, М.Әуезов атын­да­ғы Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік универси­теті­нің ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев алқы­зыл лентаны қиған сәтте «Турар Рыскулов (1894-1938) Видный государственный деятель Казахстана и России, Заместитель Пред­­седателя Совнаркома РСФСР жил в этом доме с 1931 по 1934 г.» деген жазуы бар ескерткіш тақта­ның жамылғысы сырғып түсіп, Тұ­рардың тарихи жарияланым­дар­дан көзіміз үйренген танымал фотосуреттері негізінде әзірлен­ген, жағын таянып отырған қола мүсіні жарқ ете қалды. Ел тәуел­сіздігінің мерейлі тойы қарса­ңын­да ашылған, халқымыз көптен күткен ескерткіш тақта лезде алқызыл гүл шоқ­тарына бөленді... Іс-шараға қатысушылар бұдан кейін Қазақстан мен Ресей халық­тары арасындағы достық байла­ныс­тарды одан әрі жетілдіруге елеулі ықпал ететін, Мәскеудің сан ғасырлық мәдени-тарихи ше­жіресінің жаңа парағы болып ашылған Тұрар тақтасының саяси мән-мағынасы мен мазмұнды бо­ла­шағы жайында, оның екі елдің бүгіні мен болашағына қызмет ететіндігі туралы тағылымды ой толғады. Сөз орайында Қазақстан елшісі З.Тұрысбеков жаңа жоба­ның іске асырылуына игі көмек көрсеткен Мәскеу үкіметіне, ескерткіш тақта жобасының авторы – Қазақстан Суретшілер одағы­ның мүшесі Азат Баярлинге шы­на­йы ризашылығын білдірді. Осы ретте Қазақстан елшілі­гі­нің Елбасымыздың тапсыр­ма­сы­мен соңғы жылдары Тұрар Рыс­құловқа Мәскеуде ескерткіш тақ­та орнату мәселесін жан-жақты зерделеп, мұның нақты шешімі табылуы мүмкін бағыттарын іздестіргенін, сөйтіп, халқымыз үшін маңызды елеулі жобаны ой­дағыдай іске асырғанын атап өте кетсек дейміз. Мәскеу үкіметінің 2009 жыл­ғы қаулысына сәйкес мемориал­­дық тақтаны жобалау, әзірлеу жә­не орнату жұмыстарын әдетте өтінім жасаушы тарап өз күшімен жүзеге асырады. Мәселен, ар­на­йы комиссия қарауына шығарыл­ған кезде тақта қойылатын тұлға ту­ра­лы тарихи-өмірбаяндық анық­­та­­ма, оның еңбек сіңіргенін дә­лел­дейтін мұрағат құжаттарының көшірме­лері, тақтаның сұлбасы мен он­дағы мәтіндік жазбалар, осы үйде тұрған мерзімі туралы үй кітабынан алынған көшірме, ескерткіш тақтаны көркемдік-сәу­леттік жағынан жобалау, орнату және салтанатты ашу мәселе­лері­нің техникалық жағынан қам­та­ма­сыз етілетін жұмыстарға тө­лен­ген ақыға берілетін кепілхат сияқты қағаздар талап етіледі. Осы ретте Қазақстан елшілігі Тұрар Рысқұлов тұрған үйді табу және оны құжаттық негізде дә­лел­деу үшін көп еңбек сіңірді деу­ге болады. Мәселен, жұрт­шы­лық Тұрардың Мәскеудегі 1937 жылға дейінгі шаңырағы ретінде Новинский (бұрынғы Чайковский көше­с­і) орамындағы (бульварын­дағы) 25-інші үйді көбірек айта­ды. Бұл туралы елшілік Ресей Фе­дер­а­циясының көптеген мекемелеріне сұрау салған еді. Бірақ нақ­ты қолға ұстайтын құжат табылмады. Дегенмен, «бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, РФ Мемлекеттік мұрағатының жауап хатында 1927-1930 жылдары шыққан «Вся Москва» деп аталатын анықтама­лық жинақта Тұрар Рысқұловтың Мәскеудегі мекенжайы «Мясницкая көшесі 24/27» деген бір ауыз сөз айтылған екен. Кейін онда тіркелгенін дәлелдейтін мұрағат­тық құжат жоқ екені хабарланды. Жоғарыда сөз болған «Вся Москва» жинағы – 1894 жылдан 1917 жылға дейін, бұдан соң 1923 жыл­дан 1937 жылға дейін шыға­рыл­ған Мәскеудің мекенжайлық және анықтамалық басылымы бол­ған­ды­қ­тан елшілік деректі осы жинақ төңірегінен тереңдете іздеуді ұй­ғар­ды. Алайда, аталмыш анықта­ма­лық Мәскеу құжатханаларынан табыла қоймады. Петербургтегі Ре­сей Ұлттық кітапханасының қо­рына үміт артылды. Сөйтіп, өткен жылғы тамыз айында Нева жаға­сын­дағы қалаға ресми хат жа­зыл­ды. Бұған Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы да жұмылдырылды. Көп ұзамай, елшілікке Ресей Ұлттық кітапханасы бас директорының халықаралық қызмет жөніндегі орынбасары И.Л.Линден қол қойған және құжаттар көшірмесі қоса тіркелген хат келіп түсті. Онда былай деп жазылған: «1927-1937 жылдар ішіндегі Мәскеу қаласы телефон желісі абоненттерінің тізімін» тексеру барысында Т.Р.Рысқұловтың есімі көрсетілген төмендегі үш мекенжай анықталды: 1) Мясницкий көшесі, 24/27-үй (1927-1929 жыл­да­ры); 2) Покровский бульвары, 14-үй, 5-пәтер (1931-1934 жыл­дары); 3) Новинский бульвары, 25-үй (1934-1937 жылдары)». Болашақ ескерткіш тақта осы үйлердің біріне қойылуға тиіс еді. Ең алдымен үш үйдің де сақтал­ғаны, бұзылмай, қиратылмай, уақыт белестерінен аман өтіп келе жатқаны белгілі болды. Мысалы, Тұрар 1934-1937 жыл­дары тұрған, отызыншы жылдары «Наркомфин үйі» деп аталған Новинский бульварындағы екі қабат­ты оқшау үй (особняк) әлі мызғы­май тұр. Тарихи деректер бұл үйдің 1812 жылғы соғыс өртінен аман қалғанын, шежірелі аңызы бар ғи­марат екенін айтады. Зерттеушілер бұл үйді орыстың атақты әншісі Федор Иванович Шаляпиннің есімімен байланыстырады. Ол осы үйде тұрған, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде үйінен госпиталь ашып, солдаттар алдында ән шыр­қаған деседі. Үйді 1918 жылы мемлекет өз қарамағына алып, басқа тұрғындарды орналастырады. 1922 жылы Шаляпин шетелге кетіп, 1938 жылы Францияда қайтыс бо­ла­ды. Шаляпиннің есімін Отанына оралтудың алғашқы қадамы ретінде 1978 жылы осы екі қабатты оқшау үй атақты әншінің болашақ мұра­жайы болып белгіленеді. 1988 жы­лы аталған үй орыстың ұлы әншісі Федор Иванович Шаляпин­нің мұ­ражай-усадьбасы болып ашылды. Мәскеу үкіметінің қаулы­сы­мен бекітілген ережеге сәйкес мән-мақ­саты бар мұндай ғимараттарға ескерткіш тақта орнатылмайды. Демек, Тұрарға арнап бұл үйге бір белгі орнатуға қолданыстағы заң мүмкіндік бермейді. Ал Мясницкий көшесіндегі 24/27-үй – Тұрар­дың мәскеулік өмірінің алғашқы жылдарында тұрған мекені. Алайда, ол көп үйдің ортасына орна­лас­қан, кең көшеге қарап тұрған тұсы жоқ. Сондықтан тақта орна­ты­ла қалған жағдайдың өзінде, ол екінің бірінің көзіне түсе қоймайды. Елшілік осы жайларды сал­мақ­тап, салыстыра келіп, ескерткіш тақтаны Покровский бульва­рын­дағы 14-үйге орнатқан жөн деген ұйғарымға келді. Бұл үй халық көп жүретін кең көшенің бойында ор­на­ласқан. Елшілік өтінімін Мәскеу үкіметі жанындағы арнаулы комиссияда қалалық мәдениет департа­менті­нің басшысы С.И.Худяковтың төрағалық етуімен 2010 жылғы 2 желтоқсанда қаралды. Комиссия Тұрар Рысқұловтың мемлекеттік қызметке сіңірген еңбегін ескере отырып, оған ескерткіш тақта орнату жөніндегі елшіліктің ұсынысын бірауыздан мақұлдады. Айтулы іс-шара М.Әуезов атын­­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас­та­ма­шы бо­луы­мен «Тұрар Рыс­құлов­­тың мемлекеттік, қоғамдық-саяси және ғы­лы­ми-ағартушылық қызме­ті» деген тақырыптағы дөң­гелек үстелге ұлас­ты. Оның жұ­мы­сына бірқатар дипломатия­лық корпус өкілдері, қазақстандық және ресейлік таны­мал зерттеуші ғалымдар қатысты. Қасиетті Ораза айының он бірінші күніне сәйкес келген осы­нау игілікті іс қазақстан­дық­тар­дың Тұрар Рысқұловтың әруа­ғы­на арнап ас беруімен жалғасты.