13 Тамыз, 2011

Бірлескен медициналық орталық

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оны израильдік фирмалар мен мамандар Петропавл қаласында ашуды көздеп отыр Облыс әкімі Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандық делегацияның Израильге барып, бірқатар мәселелер төңірегінде әріптестік қарым-қатынас орнатып қайтқанын жазған едік. («Іскерлік байланыстарды өрістетеміз десек», 18 маусым) Жуырда өзара уағда­ластыққа орай осы елдің дәрігерлері Қызылжар өңірінде бірнеше күндік жұмыс сапарымен болды. Аймақ бас­шы­сы олармен кездесіп, мұндай екі­жақ­ты байланыстардың тиімділігін атап өтті. Облыста заманауи медици­на­лық құрал-жабдықтар орнатылған кар­диологиялық орталық ашылғалы жү­рек­ке операция жасау қолға алын­ды, деді ол. MVI медицина орталы­ғының бас директоры Наталья Хедват өз кезегінде Қазақстаннан де көп нәр­се үй­ренуге болатынын, Қызылжар өңі­рінде бірлескен медициналық орта­лық ашу ниеттерін, өздерімен бірге кардиохирургия саласының білгір ма­маны Амир Кремерді ала келгенін, жүрек-қан та­мыр­лары ауруына ұшыраған науқас­тарға ота жасамақ ойларын жеткізді. Израильден келген кардиохирургтар Петропавл қаласындағы кардиохирур­гия­лық орталықта болып, жағдаймен жан-жақты танысты. Мекеменің талап­қа сай жабдықталғанына көз жеткізгеннен кейін ота жасауға кірісті. Атағынан ат үркетін Амир Кремер күрделі жүрек ауруларына ота жасаудың нағыз майталман шебері екен. Жергілікті дәрігер­лер­дің көмегіне жүгіне отырып 12 адамға ота жасады. Науқастарды қабылдап, түрлі кеңестер берді. Біз бөлім меңгеру­шісі Игорь Шумаковпен хабарласып, жүрек-қан тамырлары ауруына ұшыраған 20-ға жуық адамның ем-дом қабылдап жатқанын, операция үстеліне жатқызылғандардың бәрі өздерін жақсы сезінетінін білдік. 54 жастағы Овшинов Виктордың жүрек ауруымен сырқат­тан­ғанына біраз болған екен. Шипалы емнен кейінгі көңіл-күйі жақсы көрінеді. Аортакоронарлық операция жасау үлкен біліктілік пен тәжірибені қажет етеді. Оны кардиологиялық орталық­тың бас дәрігері Азамат Мағзұмов та растады. Операциялардың күрделігіне қарамастан, қызылжарлық кардиохирургтар сыннан сүрінбей өткен. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының орындалуы бары­сын­да облыста  аурудың алдын алу, ал­ғашқы медициналық-санитарлық жәр­дем жайы жақсара түскен. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі қарастырылған. Ана және бала өлімін төмендетуге, аса қауіпті ауруларды болдырмауға баса назар аударылған. Жыл өткен сайын денсаулық сақтау жүйесінің материал­дық-техникалық базасы нығайып келеді. Тек биылдың өзінде балалар дене­шынықтыру диспансері, перзентхана үйі, амбулаториялық хирургия орта­лы­ғы құрылды. Тайынша және Жамбыл аудандарында туберкулезге қарсы күрес диспансерлері ашылды. Мұндай нысан құрылысы Ғ.Мүсірепов ауда­нында да аяқталуға жақын. «Ұрпақ қоры» бағдарламасы игерілгелі 1152 сәбиге 279 миллион теңге төленді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.